Skip to content
Home » Өлімнен бірінші тірілу: Барлық адамдарға арналған өмір сыйы

Өлімнен бірінші тірілу: Барлық адамдарға арналған өмір сыйы

  • by

Рад сүресінде, әдеттегідей, сенбеушілер тарапынан сенушілерге арналған мін тағу оқиғасы айтылған. 

Құранда былай делінеді:

«Егер таңданғың келсе, олардың: “Біз бір кезде топыраққа айналамыз, сонда қайтадан тірілеміз бе?” – деген сөздеріне таңдан. Міне, осылар — Раббыларына қарсы шыққандар. Олардың мойындарында шынжыр болады, және олар тозақ тұрғындары болады. Олар онда мәңгі қалады.»
— Рад сүресі, 13:5

Тағы бір аятта олар:

«Оған (Пайғамбарға) Раббыңнан бір мұғжиза неге келмейді?» – дейді. Ақиқатында, сен тек ескертушісің. Әр қауымның өз жолбасшысы бар.»
Рад сүресі, 13:7

Бұл сын екі түрлі бағытта келеді. Рад сүресінің 5-аятында сенбеушілер өлімнен кейін қайта тірілу мүмкін бе деген сұрақ қояды — бірақ бұл сұрақ дұрыс қойылмаған. Олар: «Бұған дейін мұндай ешқашан болмаған, демек, болашақта да болуы мүмкін емес» деген логикаға сүйенеді. Содан соң олар: «Егер бұл шын болса, неге нақты бір мұғжиза немесе айқын белгі берілмейді?» — деп талап етеді. Басқаша айтқанда: дәлел көрсет! — деген сөздері.

Фурқан сүресінде де сенбеушілер осыған ұқсас сұрақ қояды. 

Құранда былай делінеді:

«Расында, олар (Меккелік кәпірлер) апатқа ұшыраған елді мекеннің қасынан өтті. Олар оны көрмеді ме? Жоқ, олар қайта тірілуге сенбейді.
Ал сені (Мұхаммед ғ.с.) көрсе-ақ: “Осы ма Алланың Елшісі?” – деп келемеж етеді.»

Фурқан сүресі, 25:40–41

Оларда болашақтағы қайта тірілу алдында және пайғамбар алдында да қорқыныш жоқ. Олар қайта тірілуді көрсетуді талап етеді. 

Фурқан сүресінде Құдайдың сенбеушілерге деген көзқарасы да нақты беріледі:

«Сонда да олар Алладан өзге, ештеңе жаратпайтын, керісінше өздері жаратылған,
өздеріне де пайда не зиян келтіруге қауқарсыз,
тіпті өлтіруге де, тірілтуге де, қайта тірілтуге де шамасы келмейтін нәрселерді тәңір тұтып алды.»

Фурқан сүресі, 25:3

Бұл жерде Құран адамдардың өздеріне жалған тәңірлер жасап алатынын баяндайды.
Ал енді сұрақ туындайды: Жалған тәңірді шынайы Құдайдан қалай ажыратуға болады?
Аятта осы сұрақтың нақты жауабы беріледі: Жалған тәңірдің өлтіруге де, тірілтуге де, өлімнен кейін қайта тірілтуге де күші жоқ. Сондықтан шынайы Құдайды жалған тәңірден өлімнің үстінен иелік ету қабілетіне қарап тануға болады.

Сенбеушілердің Құдай мен Оның Елшісінен қайта тірілуді дәлелдеуді талап етуі,
және Алланың оларға жалған тәңірлерге табынбау туралы ескертуі —
екеуі де бір ғана мәселеге келіп тіреледі:
өлімнен кейінгі қайта тірілу.

Біреуді өлімнен қайта тірілту үшін ерекше билік пен күш қажет. Ыбырайым, Мұса, Дәуіт және Мұхаммед (ғ.с.) секілді ұлы пайғамбарлардың өздері де ешбір адамды өлімнен қайта тірілткен емес. Сондай-ақ, тарихтағы ең дана адамдар — Сократ, Энштейн, Ньютон және Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) —
өлімнің үстінен ешқандай билік жүргізе алған жоқ. Тарихтағы ұлы империялар — Грек, Рим, Византия, Омейядтар, Аббасидтер, Мәмүліктер мен Осман империясы — барлық саяси және әскери күшіне қарамастан, өлімді жеңе алмады. Өлімнен қайта тірілу — адамзат алдындағы ең ұлы сынақ. Және дәл осы сынақты Иса Мәсіхке (ғ.с.) еңсеру үлесі бұйырды.

Жексенбі күні таңертең Иса Мәсіх (ғ.с.) өлімді жеңіп шықты. Бұл жеңіс — тек Оның жеке жеңісі емес, барша адамзат үшін үміт пен жеңіс. Енді біз күнәлі ойлар мен жаман қылықтардың құлы емеспіз. Құранда, Фәләқ сүресінде, бізді рухани және түнек күштерінен қорғау туралы былай делінеді:

«Таңның Раббына сиынамын,
Жаратқан нәрселердің кесірінен,
Қараңғылық басқан түннің кесірінен…»

Фәләқ сүресі, 113:1–3

Бұл таң – Иса Мәсіх (ғ.с.) айқышқа керілгенге дейін жүздеген жыл бұрын Тәуратта жазылған алғашқы өнім мейрамының символикалық белгісімен үндес екенін көреміз. Сол таңның Билеушісі – Алла Тағала – бізді өлімнің түнегінен құтқарды.

Иса Мәсіх (ғ.с.) және Таурат діни мейрамдары

Осы соңғы аптада Иса Мәсіхтің (ғ.с.) әрбір күнде жасаған әрекеттерін егжей-тегжейлі талдап шықтық. Аптаның соңында Иса Мәсіх (ғ.с.) айқышқа шегеленіп өлтірілді, ол киелі күннің бір боп саналатын, яһудилердің құтқарылу мейрамы күні орын алды. Одан кейінгі сенбі күні, ол қабірде тыныштықта болды. Ол киелі аптаның жетінші күні, яғни демалыс күні (саббат) еді. Мұндай сенбі күні Тауратта Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы өте ерте кезден бастап арнайы бекітілген. Енді сол үзіндіге назар аударайық:

Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: Исраил халқына мынаны айт: Мен белгілеген мейрамдар төмендегідей. Оларды Маған, Жаратқан Иеге бағышталған қасиетті жиналыс күндері деп жариялаңдар! Аптаның алты күнінде жұмыс істеуге болады, ал жетінші күн — тынығу және қасиетті жиналыс күні. Бұл күні ешқандай жұмыс атқармаңдар! Қай жерде тұрсаңдар да, бұл күн — Жаратқан Иеге бағышталған демалыс күні. Ал демалыс күнінен бөлек, Жаратқан Ие белгілеген жыл сайынғы қасиетті мейрамдар да бар. Оларды да белгіленген уақыттарында жариялап, атап өтулерің қажет Жаратқан Иеге бағышталған Құтқарылу мейрамын бірінші айдың он төртінші күні, күн батқаннан кейін бастаңдар.

Леуіліктер 23:1–5

Осы оқиғалардан 1500 жыл бұрын белгіленген екі қасиетті мейрамның Иса Мәсіхтің (ғ.с.) айқышқа шегеленген күнімен және қабірде тынығу күнімен таңғаларлықтай дәл сәйкес келуі — жай кездейсоқтық емес. Уақыт сызбасына көз жүгіртсеңіз, мұның жай ғана сәйкестік емес екенін байқайсыз. Неліктен бәрі дәл солай орын алды? Бұл сұрақтың жауабы — бәрімізге тікелей қатысты. Тіпті біз күн сайын бір-бірімізге айтатын қарапайым сәлемдесудің өзімен де байланысты.

Иса Мәсіхтің (ғ.с.) айқышқа шегеленіп өлген күні — Құтқарылу мейрамында құрбандыққа шалынатын тоқтымен дәл сәйкес келеді (аптаның 6-шы күні). Одан кейінгі күні, яғни Оның қабірде тыныштықта болған уақыты, Тәуратта белгіленген сенбілік тынығу күнімен дәл келеді (аптаның 7-ші күні).

Иса Мәсіхтің (ғ.с.) өмірінің соңғы аптасында болған оқиғалар мен Тәураттағы қасиетті мейрамдар арасындағы мағыналық үндестік — шынымен де таңғаларлық. Жоғарыда келтірілген үзіндіде тек алғашқы екі мейрам ғана аталып өтті. Ал келесі діни мейрам — «Алғашқы өнім мейрамы» деп аталады. Бұл мейрам жайында Тәуратта оны қалай атап өту керектігі туралы нақты нұсқаулар берілген.

«Сендер өздерің тұратын елге кіріп, егін жинай бастағанда, алғашқы өнімнен шыққан бірінші бауды діни қызметкерге алып келіңдер. Жаратқан Ие оны қабыл алуы үшін, діни қызметкер сол бауды сенбілік демалыс күнінен кейінгі күні Оның алдында тербеп ұсынсын. Осы тарту Құдайыңның алдында ұсынылатын күнге дейін — сендер ешқандай нан, қуырылған немесе жаңа піскен арпаны жемеңдер! Бұл ереже барлық ұрпаққа, сендердің барлық мекендеріңде тұрақты түрде орындалуы керек».

Леуліктер 23:9–11, 14

Құтқарылу мейрамынан кейін, сенбіден соң басталатын үшінші діни мейрам — Алғашқы өнім мейрамы тойланады. Жыл сайын дәл осы күні бас діни қызметкер киелі орынға шығып, Тәңірдің алдына алғашқы өнімнің бауларын ұсынатын. Бұл — қыстың өлімін артқа тастап, жаңа өмірдің басталуын бейнелейтін символикалық рәсім еді. Халық молшылықта өмір сүрсін деп, бұл дәстүр жыл сайын қайталанып отырған.  

Дәл осы мейрам күні — Нисан айының 16-күні, яғни Иса Мәсіх (ғ.с.) сенбі күні қабірде тынығып,
жексенбі күні өлімнен қайта тірілген күнімен дәл сәйкес келді
.Бұл — жаңа аптаның бірінші күні еді. Інжілде жазылғандай, дәл сол сәтте, діни қызметкер алғашқы өнімнің бауларын Құдайға арнап ұсынған кезде, таңғаларлық оқиға орын алды.

Иса Мәсіх (ғ.с.) өлімнен қайта тірілді

Жексенбі күні таң сәріде, әйелдер өздері дайындаған хош иісті майларын алып,
басқа әйелдермен бірге Иса Мәсіхтің (ғ.с.) қабіріне барды. Олар барған кезде үңгірдің аузына қойылған алып тас домалатылып, шетке қойылғанын көрді. Қабірге кіргенде, олар Иеміз Исаның денесін таба алмады! Бұл оқиғаға аң-таң болып тұрған сәтте, киімдері найзағайдай жарқыраған екі адам кенет жанынан пайда болып, қастарында тұра қалды. Әйелдер қорқып, жерге қарап тұрып қалғанда, әлгі екі періште: «Тіріні өлілер арасынан неге іздеп тұрсыңдар? Ол мұнда жоқ — қайта тірілді! Ғалилеяда жүрген кезінде өзі сендерге не дегенін есіңе түсіріңдер: Адам Ұлы күнәкарлардың қолына беріліп, айқышқа шегеленіп өлтірілуі керек, бірақ үшінші күні қайта тірілуі тиіс екенін ол алдын ала айтқан еді ғой!» — деді. Сол кезде әйелдер Исаның айтқан сөздерін есіне түсірді.
Олар дереу қабірден қайтып келіп, бұл оқиғаны он бір елшіге және басқа шәкірттерге түгел жеткізді. Бұл хабарды жеткізгендер — мағдалалық Мәриям, Жоханна, Жақыптың анасы Мәриям, және оларға ерген басқа әйелдер болды. Алайда елшілер бұл әңгімені бос сөз деп қабылдап, алғашында сенген жоқ. Бірақ Петір орнынан ұшып тұрып, қабірге жүгіріп барды. Қабірдің ішіне еңкейіп қарағанда, тек жерде жатқан кебін ғана көрді. Ол бұл оқиғаға таңғалып, үнсіз қайтып оралды.

Еммаусқа барар жолдағы ғажайып кездесу

Дәл сол күні шәкірттердің екеуі Иерусалимнен шамамен он бір шақырым жердегі Еммаус деген ауылға бара жатып, болған оқиғалар жайлы әңгімелесіп келе жатты. Олар өзара сөйлесіп, пікір алмасып бара жатқанда, Иса Мәсіх (ғ.с.) Өзі оларға жақындап, бірге жүре бастады. Бірақ олар Оны тани алмады. Сендер не туралы әңгімелесіп, мұнша қайғыланып келе жатырсыңдар? — деп сұрады Иса. Екеуі тұнжырап тұрып қалды. Солардың бірі, Клеопа есімді адам: Сіз Иерусалимге келіп, бұл күндері болған оқиғалардан хабарсыз қалған жалғыз адам шығарсыз? — деді. Қандай оқиғалар? — деп сұрады Иса. Олар жауап берді: Назареттік Иса туралы айтып тұрмыз. Ол Құдай алдында да, халық алдында да сөзімен де, ісімен де құдіретті пайғамбар болды. Бірақ біздің бас діни қызметкерлер мен рубасыларымыз Оны өлім жазасына беріп, айқышқа шегелетіп өлтіртті. Біз Оның Исраилді азат етуші деп үміттенген едік. Осы оқиғалардың болғанына бүгін үшінші күн. Арамыздағы кейбір әйелдер таңертең қабірге барып, Исаның денесін таба алмағандарын айтты. Олар қайта келіп, періштелерді көргендерін, әрі періштелердің: «Ол тірі!» дегенін жеткізді. Содан соң кейбір ер адамдар барып, қабірдің бос екенін көріпті, бірақ Исаның өзін көрмеген. Сонда Иса оларға: Ей, ақылдары кеш оянғандар-ай! Пайғамбарлардың алдын ала айтқандарына неге сенбейсіңдер?
Мәсіх өз ұлылығына жетпес бұрын осындай азап шекпей ме еді? — деді. Сосын Ол Мұса мен барлық пайғамбарлардың жазбаларына сүйеніп, Киелі жазбалардағы Өз жайлы айтылғандарды түсіндіріп берді. Олар барған ауылға жақындағанда, Иса әрі қарай жүре беретіндей сыңай танытты.
Бірақ екеуі: Біздің қасымызда бола көріңіз. Кеш батып бара жатыр, — деп қадала өтінді. Сонда Иса олардың үйіне кіріп, бірге қалды. Дастархан басына отырған кезде, Иса нан алып, шүкірлік етіп, оны үзіп берді. Сол сәтте олардың көздері ашылып, Оны таныды. Бірақ Иса бірден көздерінен ғайып болды. Олар бір-біріне: Ол бізге жол бойы Киелі жазбаларды түсіндіріп тұрғанда, жүрегіміз ерекше жалындап кеткен жоқ па еді?! — деді. Сол сәтте олар орнынан тұрып, Иерусалимге қайта оралды.
Онда олар он бір елшіні және басқа сенушілерді кездестірді. Олар: Иеміз шынымен қайта тірілді! Ол Шимонға көрінді! — деді. Ал әлгі екі шәкірт жолда не болғанын және нанды үзіп берген сәтте Иеміз Исаны қалай танығандарын айтып берді.

Иерусалимдегі үлкен топпен кездесу

Екі шәкірт осыны айтып тұрған сәтте, Мәсіх Иса (ғ.с.) Өзі жиналғандардың ортасына келіп тұра қалды да, оларға: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп батасын берді. Шәкірттері қатты абыржып, қорқып кетті, олар елес көріп тұрмыз деп ойлады. Бірақ Иеміз: «Неліктен абыржып тұрсыңдар? Көңілдеріңде неге сондай күмән туды? Қол-аяғыма қараңдар: бұл — Менің Өзім. Маған қол тигізіп, денемнің шынайы екеніне көз жеткізіңдер! Елестің еті мен сүйегі болмайды ғой», — деді де, оларға Өзінің қол-аяғын көрсетті. Шәкірттері қуаныштан әлі де сенбей, таңырқап тұрған кезде, Мәсіх: «Жейтін бір нәрселерің бар ма?» — деп сұрады. Олар қуырылған балықтан бір үзім берді. Иса оны алып, көздерінше жеді.

Мәсіхтің шәкірттеріне Ұлы аманат және уәде беріп, көкке көтеріліп кетуі

Содан кейін Мәсіх Иса: «Сендермен бірге жүрген кезімде өздеріңе айтқан сөздерім мынау болатын: Мұсаның Таурат кітабында, Пайғамбарлардың жазбаларында және Забурда Мен туралы жазылғандардың бәрі орындалуға тиіс, — деп, Киелі жазбаларды түсінуге олардың саналарын оятты. Тағы сөзін жалғастырып: — Былай деп жазылған ғой: Мәсіх азап шегіп өліп, үшінші күні қайта тірілуге тиіс. Оның атынан Иерусалимнен бастап барлық ұлттарға да теріс жолдан қайтқан адамдардың күнәларын Құдай кешіреді деген Ізгі хабарды жариялау да қажет. Сендер осы жайттарды өз көздеріңмен көрген куәгерлерсіңдер. Міне, Мен Әкем уәде еткен Киелі Рухын сендерге жіберемін. Ол көктен түсіп, сендерді Өзінің құдіретіне бөлегенше  Иерусалимде болыңдар!» — деді.

Лұқа 24:1-48

Иса Мәсіхтің (ғ.с.) жеңісі

«Алғашқы өнім мейрамы» күні Иса Мәсіх (ғ.с.) ұлы жеңіске жетті. Оның не достары, не жаулары – өлімнен қайта тірілу немесе өлімді жеңудің не екенін көз алдына елестете алмаған болар. Інжілде былай делінеді: 

Бұл жүзеге асып, құритын нәрселер мәңгілік нәрселермен алмасқан шақта Пайғамбарлар жазбаларындағы мынадай уәделер орындалады: Өлім жеңіліп, біржола жоқ болады. Өлім, қайда сенің жеңісің? О дүние, қайда улы тісің? Өлім тудыратын «улы тіс» — күнә, ал күнә өз күшін заңнан алады .

1-ші Қорынтықтар 15:54-56

Бұл жеңіс тек пайғамбардың өзіне ғана арналмаған. Бұл — барша адамзатқа арналған ортақ жеңіс. Бұл оқиға Алғашқы өнім мейрамы кезінде символикалық түрде орын алды. Үзіндіде былай делінеді: 

«Алайда өлгендердің алғашғысы ретінде Мәсіх өлімнен қайта тірілді! Бір адам арқылы өлім дүниеге келді, сол сияқты бір Адам арқылы өлгендер қайта тіріледі. Яғни Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс болғанындай, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі де тіріледі. Барлығы өз кезегімен: алғашқысы ретінде Мәсіх тірілді. Ал кейін, Ол қайтып келгенде, Оның қарамағындағы адамдар да тіріледі. Мұнан соң бәрі аяқталады: Мәсіх қарсы тұратын күллі билік пен күш атаулыны жойып жіберіп, өз Патшалығын Құдай Әкесіне тапсырады. Құдай «барлық жауларын Оның табанының астына салып бергенше», Мәсіх билік жүргізуге тиіс. Жойылатын соңғы жау — өлім.

––1-ші Қорынтықтар15:20-26

Біз де өлімнен қайта тірілуге ортақтаса алатынымызға көзімізді жеткізу үшін, Иса Мәсіх (ғ.с.) дәл сол — Алғашқы өнім мейрамы тойланып жатқан күні — өлімнен қайта тірілді. Бұл мейрам — жаңа өмірдің басталуын білдіреді. Көктемнің соңғы күнінде үлкен орақтың алдында алғаш пісіп жетілген дәндер жиналғандай, Иса Мәсіх те (ғ.с.) өлімнен бірінші болып қайта тірілген. Інжілде айтылғандай, Оған қатысатындардың бәрі де сол қайта тірілуге ортақ болады.Таурат пен Құран жер бетіне өлімнің Адам ата арқылы келді дейді. Ал Інжілде дәл сол сияқты алғашқы өлімнен қайта тірілудің Иса Мәсіх (ғ.с.) арқылы басталғаны баяндалады. Ол жаңа өмірге қайта тірілудің алғашқысы және біз бәріміз соған қатысуға шақырылғанбыз. 

Құтқарылу мейрамы: жексенбі күнгі қайта тірілу мейрамы

Бүгінде Иса Мәсіхтің (ғ.с.) өлімнен қайта тірілген күні Құтқарылу мейрамы ретінде аталып өтеді. Аптаның жетінші күні — жексенбі, Оның қайта тірілген күні ретінде қабылданады. Алайда бұл атаулар кейінгі кезеңдерде қалыптасқан. Біз қай терминді қолдансақ та, бастысы ол емес. Ең маңыздысы — Иса Мәсіхтің (ғ.с.) Мұса пайғамбар (ғ.с.) дәуірінде бекітілген Алғашқы өнім мейрамы кезінде қайта тірілгені. Бұл — ғасырлар бұрын белгіленген қасиетті күнмен дәл сәйкес келген оқиға. Және осының біздің өмірімізге де тікелей қатысы бар — ең маңыздысы да осы.

Уақыт сызбасында сол жексенбі күні болған оқиға көрсетілген. 

 Иса Мәсіх (ғ.с.) алғашқы өнім мейрамы күні өлімнен қайта тіріліп, жаңа өмір әкелді және сол өмірді барлық адамзатқа сый ретінде ұсынды.

Ұлы жұма туралы сұраққа жауап 

Жоғарыда келтіргеннің бәрі ұлы жұма күні туралы сұраққа жауап береді. Інжілде былай делінген: 

Бірақ біз Иса Мәсіхтің азапты өлім шеккені арқылы Патша ретінде ғаламат салтанат пен құрметке бөленгенін көреміз. Ол біраз уақыт періштелерден төмен етіліп, Құдайдың рақымының арқасында күллі адамзат үшін жанын қиды .

Еврейлерге 2:9

Иса (ғ.с.) ұлы жұма күні өлімнің дәмін татты, ол оны біз үшін істеді.  Сол жұма ұлы деп аталады, өйткені сол күні сіз бен бізге арналған тамаша керемет нәрсе жасалды. Пайғамбар алғашқы өнім мейрамы күні өлімнен қайта тірілді ол сол арқылы барлық адамға өмір сыйлады. 

Құранға сәйкес Иса Мәсіхтің (ғ.с.) өлімнен қайта тірілуі

Құранда бұл оқиға Інжілдегідей егжей-тегжейлі баяндалмайды, дегенмен Иса Мәсіхтің қайта тірілуі туралы үш жерінде айтылады. Мәриям сүресінде былай делінген: 

“Маған туған күнімде де, өлер күнімде де, және қайта тіріліп, тұрғызылатын күнім де де амандық болады.”

–– Мәриям 19:33

Інжіл де Иса Мәсіхтің (ғ.с.) туылғаны, өлгені және өлімнен қайта тірілгені туралы баяндайды. Иса Мәсіхтің (ғ.с.) өлімнен қайта тірілуі – жаңа өмірдің «алғашқы өнімі» сондықтан пайғамбарға үміт артқан сіз бен бізге де сол өмір сый ретінде ұсынылады. Өлімнен қайта тірілген Иса Мәсіх (ғ.с.) келесі күні шәкірттерін кездестіргенде оларға былай сәлемдесті: 

Сол жексенбі күнінің кешінде Исаның шәкірттері жиналып, яһуди басшыларынан қорыққаннан есіктерді бекітіп алған еді. Кенеттен кіріп келген Иса орталарына тұра қалып: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» — деп сәлем берді. Осыны айтқаннан кейін Иса оларға екі қолы мен бүйірін көрсетті. Шәкірттері Иелерін көріп қатты қуанды. Иса оларға тағы да: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын! Әкем Мені бұл дүниеге қалай жіберсе, Мен де сендерді адамдарға солай жіберемін», — деді. Осылай дегеннен кейін Иса шәкірттерінің бетіне демін үрлеп: «Киелі Рухты қабыл алыңдар!» — деді.

Әдетте мұсылмандар бір-бірімен «Ассалаумағалейкум» деп амандасады — бұл сөзді біз күн сайын қолданамыз. Ал Иса Мәсіх (ғ.с.) дәл осы амандасуды өзінің қайта тірілуімен байланыстырып, сол сәтте шәкірттеріне және барлық сенушілерге амандық пен тыныштық тіледі. Сондықтан біз де күн сайын осы сөзбен амандасқанда, уәде етілген ұлы сыйлықты — бәрімізге берілген Киелі Рухты және Иса Мәсіхтің (ғ.с.) қайта тірілу арқылы сыйлаған жаңа өмірін еске түсіргеніміз дұрыс.

Жохан 20:19-22

Иса Мәсіхтің (ғ.с.) қайта тірілгені туралы ойлар

Өлімнен қайта тірілгеннен кейін Иса Мәсіх (ғ.с.) бірнеше күн бойы өзінің шәкірттері мен соңынан ерушілеріне көрініп жүрді. Бұл оқиғалар жайлы Інжілде егжей-тегжейлі жазылған — оларды осы жерден қарауға болады. Айта кететін жайт: шәкірттері Иса қайта тірілді дегенді алғаш естігенде, оны жай ғана бос сөзге балады — яғни бұл оларға шындық емес, мүмкін емес нәрсе сияқты көрінді.

Лұқа. 24:10

Пайғамбар оларға көп нәрсені түсіндіруге мәжбүр болды: Ол Мұса мен барлық басқа пайғамбарлардан бастап, Киелі жазбалардың бәрінде Өзі туралы айтылғандарды түсіндіріп берді. 

Лұқа 24:27

Содан кейін Мәсіх Иса былай деді: «Сендермен бірге жүрген кезімде өздеріңе айтқан сөздерім осы болатын: Мұсаның Таурат кітабында, Пайғамбарлардың жазбаларында және Забурда Мен туралы жазылғандардың бәрі орындалуға тиіс».

Лұқа 24:44

Құдайдың осы жоспары бізді өлімнен өмірге бастайтын тура жол екеніне көзіміз анық жете ме? Болашақты тек Құдай ғана біледі. Сондықтан осы оқиғалардан жүздеген жыл бұрын Таурат пен Забурда пайғамбарлар арқылы бізге алдын ала хабарлар жазылып қалдырылған. Сол нышан-белгілердің бәрі Иса Мәсіхтің (ғ.с.) өмірінде толық орындалды — бұл біз толық үмітпен және сеніммен өмір сүре алуымыз үшін жасалды.

Осылайша сіз өзіңіз үйренген осы ілімнің берік негізіне әбден көз жеткізе аласыз

Лұқа 1:4

Иса Мәсіхтің (ғ.с.) өлімнен қайта тірілуінің маңыздылығына үмітпен және сеніммен қарауымыз үшін мына төрт сілтеме көмектеседі:  

  1. Осы мақала Тауратта Мұса пайғамбардың (ғ.с.) Иса Мәсіхке (ғ.с.) қатысты нышан-белгісі туралы жазылғандарға арналған.
  2. Бұл мақала пайғамбарлар мен Забур жырларындағы нышан-белгілерге арналған. Осы екі мақала «Мәсіхтің өліп, үшінші күні қайта тірілетіні» жайлы Киелі жазбалар куәлік еткен уәделердің шын мәнінде орындалған-орындалмағанын қарастырады. 
  3. Бұл мақала Иса Мәсіхтің (ғ.с.) бізге өлімнен қайта тірілу сыйын қалай ұсынатынын және оны қалай қабылдай алатынымызды түсіндіреді.
  4. Бұл мақала Иса Мәсіхтің (ғ.с.) айқышқа керілуіне қатысты Құрандағы көзқараста туындаған түсініспеушілікті талдайды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *