Skip to content

кесі Ысқақ кезінде жат жұрттық болып өмір сүрген Қанахан елінде енді Жақып та тұрып жатты.
Жақыптың үрім-бұтағының шежіресі мынау: Он жеті жасар Жүсіп әкесінің әйелдері Балха мен Зилпадан туған ағаларымен бірге оның ұсақ малдарын бағысып жүрді. Бозбала бауырларының жаман іс-әрекеттері туралы жұрттың айтқандарын әкесіне жеткізетін.
Исраил өзінің барлық басқа ұлдарынан гөрі Жүсіпті жақсы көрді, себебі ол оның қартайған шағында дүниеге келген еді. Әкесі оған әдемілеп өрнектелген, түрлі түсті ұзын шапан тіккізіп берді.
Әкелерінің оны өздерінен артық көретінін сезген ағалары Жүсіпті жаратпай, енді онымен жылы сөйлесе алмады.
Бір күні Жүсіп түс көріп, оны ағаларына айтып берді. Содан кейін олар Жүсіпке бұрынғыдан бетер теріс қарады.
Ағаларына айтқаны былай еді: — Менің көрген түсімді тыңдаңдаршы:
Міне, бәріміз далада егін жинап, бау байлап жүр екенбіз. Кенет менің бауым тік тұра қалды. Ал сендердің бауларың менікін қоршап, оған иіліп тағзым етті! —
Ағалары оған: — Сен немене, бізге патшалық құрғың келе ме? Бізге билік жүргізбексің бе? — деп, оны көрген түсі мен айтқан сөзіне бола тіптен ұнатпай кетті.
Жүсіп екінші рет түс көріп, оны да ағаларына айтып: — Тыңдаңдаршы, мен тағы да түс көрдім. Міне, ғажап, бұл жолы маған күн мен ай, аспандағы он бір жұлдыз иіліп тағзым етті! — деді.
10 Ол бұл түсін әкесі мен ағаларына айтқанда, әкесі оған: — Сенің көргенің қандай түс? Біз, ата-анаң, туған бауырларың алдыңа келіп, тағзым етпекпіз бе? — деп зекіп тастады.
11 Ағалары Жүсіпке қызғанышпен қарады, бірақ әкесі оның айтқанын көңіліне түйіп алды.
12 Бірде ағайындылар әкелерінің ұсақ малдарын жаюға Сихемнің төңірегіне кеткен болатын.
13 Сонда Исраил Жүсіпке: — Ағаларыңның малды Сихемнің маңайында бағып жүргенін білесің ғой. Бар, мен сені соларға жіберейін, — деді. Жүсіп оған: — Жарайды, мен дайынмын, — деп жауап берді. Әкесі:
14 — Барып, ағаларыңның хал-жағдайын, малдың күйін көріп қайт, — деп, баласын Хеброн аңғарынан Сихемге жіберді. Жүсіп дала кезіп жүргенде
15 оны бір адам көріп: — Не іздеп жүрсің? — деп сұрады.
16 Жүсіп: — Мен бауырларымды іздеп жүрмін. Олардың қай жерде мал бағып жүргенін білмейсіз бе? — деді.
17 Сол кісі оған: — Олар бұл жерден кетіп қалды. Дотанға барайық дегенін құлағым шалды, — деп жауап қайтарды. Бауырларының артынан жүріп отырып, Жүсіп оларға Дотанның маңында жолықты.
18 Ол ағаларына жақындамай жатып-ақ, Жүсіпті алыстан көрген бетте олар оны өлтірмекші болып,
19 бір-біріне: «Қараңдар, түс көргіш келе жатыр!
20 Жүріңдер, оны өлтіріп, құдыққа лақтыра салайық. Жыртқышқа жем болыпты дерміз. Сонда оның түстерінің не болып шыққанын көрерміз», — десті.
21 Рубен осыны естігенде Жүсіпті бауырларынан құтқармақшы болып: «Оны өлтірмейік!
22 Қан төкпеңдер! Оны айдаладағы құдыққа тастаңдар, бірақ қол жұмсамаңдар!» — деді. Осылай Рубен оны бауырларынан құтқарып, әкесіне қайтармақшы болды.
23 Жүсіп ағаларының қасына келгенде олар оның киіп жүрген ұзын, әдемі шапанын шешіп алып,
24 өзін құдыққа тастай салды. Құдық бос, суы жоқ болатын.
25 Мұнан кейін ағалары тамақтану үшін жерге жайғасты. Сол кезде төңіректеріне көз тастап, Ғилақад маңынан келе жатқан ысмағұлдық саудагерлер керуенін көрді. Мысырға бет алып бара жатқан олар түйелеріне иісмай жасайтын құнды шайыр, май дәрі және мүр деген хош иісті зат тиеп алған еді.
26 Сонда Яһуда аға-інілеріне: «Бауырымыздың қанын төгіп, оның өлгенін жасырғаннан бізге не түседі?
27 Жүріңдер, оны ана саудагерлерге сатып жіберейік. Қандас бауырымыз ғой, оған қол жұмсамай-ақ қояйық!» — деп ұсыныс жасады. Аға-інілері бұған келісті.
28 Мадияндық саудагерлер қастарынан өте бергенде ағалары Жүсіпті құдықтан шығарып алып, жиырма мысқал күміске сатып жіберді. Олар Жүсіпті Мысырға алып кетті.
29 (Сол кезде олармен бірге болмаған) Рубен құдыққа қайта оралғанда Жүсіп ішінде болмай шықты. Қатты күйзелген Рубен көйлегінің өңірін айыра жыртып,
30 бауырларына қайтып келді де: «Бала жоқ, енді мен қайда барсам екен?!» — деп налыды.
31 Ал ағайындылар Жүсіптің шапанын алып, бір текені сойды да, шапанды соның қанына бояды.
32 Шапанды әкесіне жіберіп: — Біз мұны даладан тауып алдық. Анықтап қараңыз: бұл ұлыңыздың шапаны емес пе екен? — деді.
33 Әкесі шапанды танып тұрып: — Бұл — ұлымның шапаны! Ол жыртқышқа жем болыпты-ау! Иә, шынымен-ақ Жүсіпті жыртқыш аң жарып тастапты! — деп еңіреп жіберді.
34 Жақып көйлегінің өңірін айыра жыртып, азалы киім киіп алды. Содан ұзақ уақыт бойы ұлын жоқтап аза тұтты.
35 Қасына ұл-қыздары келіп, әкелерін жұбатпақшы болды. Бірақ ол: «Мен о дүниеге ұлымның қасына аттанғанша қайғырып өтемін», — деп жұбанбады. Әкесі ұлын осылайша зар жылап жоқтай берді.
36 Осы екі арада мадияндық саудагерлер Жүсіпті Мысырға алып барып, перғауынның сарайындағы Потифар есімді уәзіріне сатып жіберді. Ол патшаның бас қорғаушысы болатын.

л Жүсіп болса, ысмағұлдық саудагерлер оны Мысырға апарған еді. Сол жерде Потифар есімді мысырлық уәзір Жүсіпті олардан сатып алды. Потифар перғауынның бас қорғаушысы болатын.
Жаратқан Ие жар болғандықтан, Жүсіптің қай нәрседен де жолы бола кететін. Осылай ол мысырлық қожайынының сарайында тұрып қалды.
Қожайыны Жаратқан Иенің Жүсіпке жар болып, оның қолы тиген заттың бәрінің орайын келтіріп отырғанына көз жеткізіп,
оған мейірімін түсірді. Уәзір Жүсіпті жеке қызметшісі қылып, сарайын басқартып, өзіндегі барлық дүние-мүлікті де оның жауапкершілігіне тапсырды.
Қожайыны Жүсіпке сарайын, барлық дүние-мүлкін сеніп тапсырғаннан бері Жаратқан Ие оның өзін де, үйіндегі және даладағы барлық иелігін де Жүсіпке бола жарылқап, батасын қондырды.
Сол себептен Потифар өзіндегінің бәрін де Жүсіпке сеніп тапсырып, тек күнделікті жейтін тамағының ғана қамын ойлады. Ал Жүсіп дене бітімі келісті, келбетті жігіт еді.
Күндердің күнінде қожайынының әйелінің көзі Жүсіпке түсіп: — Жүр, бірге болайық, — деп еліктіреді.
Бірақ Жүсіп одан бас тартып: — Қараңыз, қожайыным өз сарайындағы барлық істі маған сеніп тапсырып, еш нәрсемен айналыспайды.
Бұл үйдегі малайлардың ешқайсысы менен жоғары емес. Қожайыным өзіңізден басқа ештеңені де билігімнен айырған жоқ. Ал сіз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?! — дейді.
10 Әйел күн сайын қайта-қайта мазалап, сөз салса да, Жүсіп ешқашан айтқанына көніп, не жақындасқан, не бірге болған емес.
11 Алайда бір күні Жүсіп жұмысын атқарып жүріп, үйге кірсе, басқа ешбір ер адам жоқ екен.
12 Сонда әлгі әйел оның шапанының етегінен ұстай алып: «Жүр, бірге болайық», — деп бұйырады. Бірақ Жүсіп шапанын тастай сала, сыртқа қаша жөнеледі.
13 Жүсіптің шапанын тастай, үйден тұра қашқанын көргенде,
14 қожайынының әйелі үй қызметшілерін шақырып: «Қараңдаршы, мына көшпендіні бізді мазақтасын деп алып келіпті! Ол үйге кіріп, мені зорламақшы болды! Бірақ мен қатты айқайладым.
15 Ол айқайымды естісімен шапанын қасыма тастай сала, қаша жөнелді», — деп байбалам салады.
16 Күйеуі үйге келгенше, әйел шапанды қасына қояды.
17 Күйеуіне де сол әңгімені айтып беріп: «Сенің бізге алып келген көшпенді құлың мені мазақ етпекші болды!
18 Бірақ мен шу көтеріп, айқайлағанда шапанын қасыма тастай сала, тұра қашты», — дейді.
19 Қожайыны әйелінің «Сенің құлың маған осыны істеді» деген сөзін естігенде, қатты ашуланды.
20 Ол Жүсіпті ұстап алып, патшаның тұтқындары қамалған түрмеге жапқызып тастайды.
21 Алайда Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оған шапағатын төгіп, түрме бастығының мейіріміне кезіктірді.
22 Осылай түрме бастығы онда отырған барлық тұтқындарды Жүсіптің қарамағына тапсырып, бүкіл жұмыс оның басқаруымен атқарылатын болды.
23 Жүсіпке тапсырған істің ешқайсысына да бастық көңіл бөлмеді. Себебі Жаратқан Ие Жүсіпке жар болып, оның істеген әрбір ісін оңынан келтіріп отырды.

іраз уақыт өткенде сарайдағы бас шарапшы және бас наубайшы өздерінің қожайыны — Мысырдың патшасының алдында кінәлі болып қалды.
Содан перғауын осы екі уәзіріне қатты ашуланып,
оларды бас қорғаушысы басқаратын түрмеге отырғызды. Мұнда Жүсіп те отырған болатын.
Бас қорғаушы екеуін Жүсіптің қарамағына тапсырып, ол соларға қызмет етті. Шарапшы мен наубайшы түрмеде біраз күн өткізген соң,
екеуі де бір түнде түс көрді. Әр түстің өзіндік мағынасы бар болатын.
Келесі күні таңертең оларға кірген Жүсіп екеуінің жабырқау екенін байқап:
— Бүгін неге мұңайып отырсыздар? — деп сұрайды.
— Біз екеуіміз де түс көрдік, бірақ оны бізге жорып беретін ешкім жоқ, — дейді олар. Жүсіп: — Түс жору Құдайдың ісі емес пе? Маған айтып беріңіздер, — дегенде,
бас шарапшы оған түсін әңгімелеп береді: — Түсімде бір жүзім бұтасын көрдім.
10 Бұтаның үш сабағы бар екен. Көгере бастасымен гүлдеп, жүзім пісіп те үлгеріпті.
11 Қолымда перғауынның шарап ішетін тостағаны бар екен. Сонда мен жүзімді алып, сығып, шырынын тостағанға ағызып, перғауынның қолына беріппін. —
12 Жүсіп оған: — Түстің жоруы былай: үш жүзім сабағы үш күнді білдіреді.
13 Үш күннің ішінде перғауын басыңызды жоғары көтеріп, сізді қайтадан орныңызға қояды. Оған бұрынғысынша шарап ұсынатын боласыз.
14 Ал ісіңіз оңғарылған шақта мені ұмытпай, перғауынға мен туралы айта көріңізші! Мені түрмеден босаттырып, жақсылық жасасаңыз екен.
15 Себебі мені көшпенділердің елінен ұрлап алып келген болатын. Бұл жерде де түрмеге түсетіндей ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, — дейді.
16 Жүсіптің түсті жақсы жорығанын көріп, бас наубайшы да түсін айтып береді: — Мен түсімде басыма үш себет көтеріп жүріппін.
17 Ең үстіңгі себеттің ішінде перғауынға арнап пісірілген тағамдар бар екен. Бірақ оларды басымдағы себеттің ішінен құстар шоқып жеп жатты. —
18 Сонда Жүсіп: — Бұның жоруы мынау: үш себет үш күнді білдіреді.
19 Үш күннің ішінде перғауын сіздің басыңызды көтеріп, дарға асып қояды. Құстар етіңізді шоқып жейтін болады, — деп түсіндіреді.
20 Үш күн өткен соң перғауынның туған күні болып, ол күллі нөкерлеріне той жасады. Сонда патша бас шарапшысы мен бас наубайшысын түрмеден шығарып алдыртып, нөкерлерінің алдында
21 бас шарапшыны бұрынғысынша шарап құйып беру үшін қайтадан орнына қойды,
22 ал бас наубайшыны дарға асқызды. Бәрі де дәл Жүсіп алдын ала айтқандай болды.
23 Алайда бас шарапшы Жүсіптің тілегін есіне алмай, ұмытып кетті.

рада екі жыл өткенде перғауын түс көреді. Түсінде ол Ніл жағалауында тұр екен.
Судан жеті семіз, күйлі сиыр шықты да, қамыс-құрақ ішінде жайылып жүрді.
Мұнан кейін олардан басқа, сұрықсыз, арық тағы жеті сиыр судан шығып, жағада тұрған сиырлардың қасына келді.
Сұрықсыз, арық сиырлар жеті семіз, күйлі сиырды жеп қойды. Сол кезде перғауын оянып кетеді.
Перғауын тағы да ұйықтап кетіп, қайтадан түс көреді. Түсінде бір сабақтан әдемі, толық піскен жеті масақ өсіп тұр екен.
Ал солардан кейін жеті сидиған арық масақ та өсіп тұрды. Оларды шығыстан соғып тұрған ыстық жел күйдіріп жіберген болатын.
Жеті сидиған арық масақ әдемі, толып піскен жеті масақты жұтып қойды. Ал перғауын ұйқысынан оянып кетіп, бұның түс екенін біледі.
Ертеңінде ол жанын қоярға жер таппай, Мысырдың барлық балгерлері мен білімпаздарын алдыртып, көрген түстерін айтып берді. Алайда олардың ешқайсысы да патшаның түстерін жорып бере алмады.
Сонда бас шарапшы тұрып, перғауынға былай деді: — Бүгін мен өзім жасаған кінәні есіме түсіріп тұрмын.
10 Бірде перғауын өзінің құлдары — бас наубайшы мен маған ашуланып, бізді бас қорғаушының қарамағындағы түрмеге қаматты.
11 Бір күні екеуіміз де түнде түс көріп шықтық, әр түстің өзіндік жоруы бар екен.
12 Бізбен бірге бас қорғаушының қызметшісі — бір жас көшпенді жігіт отырды. Оған түсімізді айтып, ол әрқайсымызға жорып берді.
13 Кейін оқиға дәл ол жорығандай болды: мен қайтадан орныма тұрып, екінші адам дарға асылды.
14 Сонда перғауын кісі жіберіп, Жүсіпті тез арада түрмеден босатып алғызды. Жүсіп сақал-мұртын алдырып, киімдерін ауыстырған соң, перғауынның алдына келді.
15 Перғауын Жүсіпке: — Мен түс көрдім, бірақ оны ешкім де жори алмай отыр. Сен туралы түс жори аласың деп естідім, — деді.
16 Жүсіп перғауынға: — Тақсыр, түс жори алатын мен емес. Перғауынның игілігі үшін жоруын Құдай бермек, — деді.
17 Сонда патша Жүсіпке түсін айтып берді: — Мен түсімде Нілдің жағасында тұр екенмін.
18 Сол кезде судан жеті семіз, күйлі сиыр шығып, қамыс-құрақ ішінде жайылып жүрді.
19 Кейінірек мен олардан басқа, еті сүйегіне жабысып қалған, сұрықсыз, арық тағы жеті сиырдың судан шығып келе жатқанын көрдім. Бүкіл Мысыр елінде осындай ұсқынсыз малдарды көрген емеспін.
20 Әлгі арық, сұрықсыз жеті сиыр бірінші көрінген жеті семіз сиырды жеп қойды.
21 Бірақ олар семіз сиырларды жеп қойса да, бұрынғысынша сұрықсыз, арық күйлерінде қала берді. Сол жерде мен оянып кеттім.
22 Мен қайтадан түс көрдім. Түсімде бір сабақтан әдемі, толып піскен жеті масақ өсіп тұр екен.
23 Солардан кейін қатып-семіп қалған, сидиған арық тағы да жеті масақ өсіпті. Оларды шығыстан соғып тұрған ыстық жел күйдіріп жіберген болатын.
24 Сидиған арық жеті масақ әдемі, толып піскен жеті масақты жұтып қойды. Мен көрген түстерімді сәуегейлерге айтып беріп едім, бірақ олардың ешқайсысы да дұрыстап жорып бере алмады, — деді.
25 Жүсіп перғауынға былай деп жауап қатты: — Перғауынның екі түсінің де мағынасы біреу. Құдай перғауынға не болатынын көрсетті.
26 Жеті әдемі сиыр мен жеті әдемі масақ жеті жылды білдіреді. Бұл екеуі де — бір түс.
27 Олардың артынан келген жеті арық, сұрықсыз сиыр және шығыстан соққан желден кеуіп қалған жеті масақ жеті жылдық ашаршылыққа меңзейді.
28 Мен жаңа айтқандай, Құдай осы түстер арқылы келешекте не болатынын перғауынға білдіріп тұр:
29 бүкіл Мысырда жеті жыл бойы молшылық болады.
30 Содан соң молшылықты ұмыттыратын жеті жылдық қуаңшылық келіп, елді құртып жібереді.
31 Сонда бұл жерде болған молшылық ешкімнің есінде қалмай, елді өте ауыр ашаршылық жайламақ.
32 Перғауынның түсті екі рет көруі Құдайдың Өзі шешіп қойған бұл істі жуырда жүзеге асыратынын білдіреді.
33 Енді перғауын бір ақылды, данышпан адамды таңдап алып, Мысыр елін басқаруды оның қолына тапсыра көрсін,
34 сонымен қатар арнайы салықшылар тағайындап, егіннің бестен бір бөлігін жинап алдыртсын.
35 Осы қызметкерлер болашақтағы молшылықтың астығын жинап, қалаларда перғауынның қарамағындағы қоймаларда азық қоры ретінде сақтаудың қамын жасаулары керек.
36 Бұл астық Мысыр елін жайлайтын жеті жылдық жұт кезінде халықты аштан өлуден сақтайтын қор болады.
37 Бұл ұсыныс перғауынға да, оның барлық уәзірлеріне де ұнап қалды.
38 Перғауын оларға: «Біз Құдай Рухына кенелген тап осы адамдай біреуді таба аламыз ба?» — деп,
39 Жүсіпке қарап: «Мұның бәрін саған Құдай білдіріп тұр екен! Өзің сияқты ақылгөй, дана ешкім де жоқ.
40 Бұдан былай менің сарайымды қарамағыңа аласың, бүкіл халқым сенің айтқаныңмен жүруге тиіс. Мен патшалық тағыма байланысты ғана сенен жоғары боламын.
41 Міне, мен сені бүкіл Мысыр елінің әміршісі етіп тағайындаймын», — деген шешімін айтты.
42 Перғауын қолынан өзінің мөрі бекітілген сақинасын шешіп алып, Жүсіптің саусағына кигізді. Оған ақ бәтестен киімдер кигізіп, мойнына алтын алқа салып,
43 оны өзінің екінші пәуескесіне отырғызды. Жүсіп жақындаған кезде атқосшылары жұртқа: «Жол беріңдер! Иіліңдер!» — деп айқайлайтын болды. Осылайша перғауын Жүсіпті бүкіл Мысыр елін басқаратын бас уәзірі етіп тағайындап,
44 оған: «Ел патшасы перғауын менмін. Ал сенің келісіміңсіз бүкіл Мысырда ешкім де іс-әрекет жасамайтын болады», — деп міндетін табыс етті.
45 Жүсіпке Сафнат-Панеах деген ат қойып, оған әйелдікке Он қаласындағы діни қызметкер Потифердің қызы Асенетті алып берді. Жүсіп Мысырдың әміршісі болып патшаға қызметке тұрғанда отыз жаста еді. Ол перғауынның қасынан кетіп, бүкіл Мысыр елін аралауға кірісті.
47 Жеті жылғы молшылық кезінде елде өнім ағыл-тегіл мол болды.
48 Жүсіп сол жылдары Мысырда өсіп-өніп шыққан барлық дәнді дақылдарды қалаларға жіберді. Әр қалада сол маңнан жиналған өнімді сақтап қойды.
49 Осылай Жүсіп астықтан құм түйіршіктеріндей мол етіп азық қорын жасап алды. Мұның көптігі сонша, санаса сан жетпейтін еді.
50 Сол кезде, елді ашаршылық әлі де жайламай тұрғанда, әйелі Асенет Жүсіпке екі ұл туып берді.
51 Жүсіп тұңғышына Манаса («Ұмыту») деген ат қойды. Себебі ол: «Құдай менің барлық уайымымды, әке-шешемнің үйінен алыстап кеткенімді ұмыттырды», — деді.
52 Екінші ұлын Ефрем («Өнімді») деп атап, «Құдай мені бұрын жапа шеккен елде өнімді қылды», — деді.
53 Сонымен Мысыр еліне молшылық әкелген жеті жыл аяқталды.
54 Содан кейін, Жүсіп алдын ала айтқандай, жеті жылдық жұт та жетті. Барлық елдерге ашаршылық жайылды, бірақ бүкіл Мысыр жерінде азық қоры сақтаулы болатын.
55 Мысырлықтар аштық көре бастағанда перғауынға нан беруін сұрап жалбарынды. Перғауын оларға: «Жүсіпке барыңдар! Ол не айтса, соны істеңдер!» — деп әмір етті.
56 Бүкіл елде ашаршылық үдей түскенде Жүсіп қоймаларды ашып, мысырлықтарға астық сата бастады.
57 Айналадағы барлық басқа мемлекеттерден де адамдар азық сатып алу үшін Жүсіпке келді, өйткені бүкіл өлкені ғаламат ашаршылық жайлап алған еді.

ол кезде Жүсіптің әкесі Жақып Мысырда астықтың бар екенін естіп, ұлдарына: «Неге бір-біріңе қарап отырсыңдар?
Мысырда нан бар деп естідім. Аштан өліп қалмауымыз үшін сол жаққа барып, астық сатып алыңдар!» — деп тапсырды.
Осылай Жүсіптің он ағасы азық алып келуге Мысырға қарай бет алды.
Ал Жақып Жүсіптің бірге туған інісі Буняминді жолда бір пәлеге ұшырап қалар деп қауіптеніп, ағаларымен бірге жібермей қойды.
Сонымен Жақыптың он ұлы Мысырға жетті. Олармен бірге азық сатып алу үшін басқа адамдар да келген еді. Өйткені аштық Қанахан елін де қамтыған болатын.
Ал Жүсіп Мысырдың әміршісі болып, бүкіл халыққа астық сатуды басқаратын. Сондықтан ағалары оның алдына келіп, жерге дейін иіліп тағзым етті.
Жүсіп оларды көрісімен-ақ танығанмен, бөтен адамның сыңайын танытып, олармен қатал сөйлесті: — Сендер қайдан келдіңдер? — Біз астық сатып алу үшін Қанахан елінен келдік, — деді олар.
Жүсіп ағаларын таныса да, олар оны таныған жоқ.
Баяғыда олар туралы көрген түстері есіне түскен Жүсіп: — Сендер тыңшысыңдар! Біздің шекараның әлсіз жерлерін іздеп табу үшін келдіңдер! — деп дүрсе қоя берді. Олар:
10 — Жо-жоқ, уа, тақсыр иеміз. Алдыңыздағы құлдарыңыз осында тек астық сатып алу үшін ғана келдік.
11 Біз барлығымыз бір адамның ұлдарымыз, тыңшы емес, адал адамдармыз, — деді.
12 — Жоқ, сендер елге қай тұсынан шабуылдауға болатынын біліп алу үшін келдіңдер!
13 — Тақсыр ие, біз он екі ағайынды болғанбыз. Қанаханда тұратын бір адамның ұлдарымыз. Ең кішіміз әкеміздің қасында қалды, ал бір бауырымыз қайтыс болған. —
14 Жүсіп оларға: — Шынында да сендер дәл мен айтқандай тыңшысыңдар!
15 Перғауынның атымен ант етемін, енді сендер сыналмақсыңдар! Үйде қалған ең кіші інілерің де келмейінше бұл жерден ешқайда кетпейсіңдер.
16 Кенже бауырларыңды алып келуге араларыңнан біреуіңді жіберіңдер, ал басқаларың қамауға алынасыңдар. Осылайша сөздерің шын ба, жоқ па, соны тексереміз. Егер өтірік болып шықса, онда тыңшы екендерің айдай анық болады, — деді.
17 Содан оларды үш күнге қаматып қойды.
18 Үшінші күні Жүсіп оларға тіл қатып: — Мен Құдайды қастерлейтін адаммын. Енді мынаны істеңдер, сонда аман қаласыңдар:
19 егер расында адал болсаңдар, бауырларыңның біреуін түрмеде қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар.
20 Ал кейін кенже інілеріңді әкелуге тиістісіңдер! Сонда сөздеріңнің шындығына көзім жетіп, сендер ажалдан құтыласыңдар, — деді. Олар солай істеуге келісті.
21 Ағайындылар бір-біріне: «Шынында біз бұл жазаға ініміз Жүсіпке бола ұшырап отырмыз. Оның жапа шегіп, жан даусымен бізге жалынғанын көрсек те, құлақ салмадық. Сондықтан да осы бақытсыздық басымызға төніп тұр», — десті.
22 Рубен інілеріне: «Балаға қол жұмсап күнә жасамаңдар деп сендерге айтпап па едім? Алайда мені тыңдамадыңдар. Енді міне, оның төгілген қаны үшін есеп беретін уақыт жетті», — деді.
23 Олар осы айтқандарын Жүсіптің түсініп қойғанын білген жоқ, себебі ол ағаларымен тілмаш арқылы сөйлескен болатын.
24 Жүсіп бұрылып кетіп, көзіне жас алды. Содан ол қастарына қайта оралып, олармен тағы да сөйлесті. Кейін ағайындылардың ішінен Шимонды тұтқындатып, олардың көзінше байлатты.
25 Қызметшілеріне ағайындылардың қаптарын астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген күмістерін қаптың аузына салуға, жол азығын да беруге бұйырды. Барлығы да Жүсіп айтқандай іске асты.
26 Ағалары қаптарын есектеріне артып, жолға шықты.
27 Олар түнеуге аялдаған кезде біреуі есегіне жем беру үшін қабының аузын ашып, төлеген күмісінің сонда жатқанын көрді.
28 Таңғалған ол бауырларына: «Ақшам өзіме қайтарылыпты! Ол, міне, қаптың бетінде жатыр!» — деді. Бәрінің жүректері суылдап, бір-біріне үрейлене қарап: «Құдай бізге не істеді?» — десті.
29 Қанаханға, әкелері Жақыпқа қайтып келген соң, олар оған көрген-білгендерін түгелдей баяндап берді:
30 — Сол елдің әміршісі бізге еліне кірген тыңшылар ретінде қарап, өте қатал сөйлесті.
31 Біз оған: «Тыңшы емес, адал адамдармыз!
32 Бір кісінің балалары, он екі ағайындымыз. Бір бауырымыздан айырылғанбыз, ал кенжеміз әкеміздің қасында Қанаханда қалды», — дедік.
33 Бірақ сол кісі — елдің әміршісі бізге: «Мен сендердің адал екендіктеріңе былай көз жеткіземін: бауырларыңның біреуін қасымда қалдырып, басқаларың ашығып жатқан отбасыларыңа астық алып барыңдар.
34 Алайда маған кенже інілеріңді әкелуге тиіссіңдер! Содан сендердің тыңшы емес, адал адам екендіктеріңе көз жеткізіп, осында қалдырған бауырларыңды қайтарып беремін. Сонда бұл елде еркін жүре алатын боласыңдар», — деп бұйырды.
35 Бұдан кейін ағайындылар қаптарын босатып жатып, әрқайсысы төлеген күмістерін тауып алды. Мұны көргенде өздері де, әкелері де зәрелері ұшып қорқып кетті.
36 Жақып: — Сендер мені балаларымсыз қалдырып отырсыңдар: Жүсіптен айырылдым, Шимоннан да айырылдым, енді Буняминді де алып кетпексіңдер! Апаттың бәрі басыма төніп тұр! — деп қапаланды.
37 Сонда Рубен әкесіне: — Егер мен Буняминді қайтарып әкелмесем, онда менің екі ұлымның көзін құртуыңызға болады. Маған сеніңіз, оны қайтып алып келемін, — деді.
38 Бірақ Жақып былай деп шешті: — Ол ұлым сендермен бірге бармайды! Ағасы өлген соң Рахиладан туған ұлдардан жалғыз сол қалды. Жолшыбай бір пәлеге ұшыраса, сендер мені қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалымнан бұрын көрге тығасыңдар!

лді әлі де ашаршылық қысып тұрған болатын.
Мысырдан әкелінген астық таусылғанда, Жақып ұлдарына: — Тағы да барып, біраз астық сатып алыңдар! — деп бұйырды.
Ал Яһуда әкесіне былай деп жауап қатты: — Әлгі адам: «Қастарыңда інілерің болмаса, көзіме көрінбеңдер!» деп бізге мықтап ескертті.
Сіз інімізді бірге жіберсеңіз, астық әкелуге барамыз.
Ал оны жібермесеңіз, бара алмаймыз. Өйткені ол адам бізге: «Қастарыңда інілерің болмаса, көзіме көрінбеңдер!» деп тыйым салған еді ғой. —
Сонда әкесі: — Неліктен сендер сол адамға: «Тағы бір ініміз бар» деп айтып маған зұлымдық жасадыңдар? — деп ренішін білдірді.
Олар: — Сол адам өзіміз және туысқандарымыз туралы: «Әкелерің тірі ме, тағы бір інілерің бар ма?» деп егжей-тегжейлі сұрады ғой. Біз тек оның сұрақтарына жауап бердік. Оның: «Інілеріңді алып келіңдер» дейтінін қайдан білейік? — деп түсіндірді.
Ал Яһуда әкесінен: — Сіз де, біз де, балаларымыз да аштан өлмеуіміз үшін ұлды менімен бірге жіберіңіз.
Мен жас жігіттің қауіпсіздігіне басыммен жауап беремін, оны менің қолымнан қайтарып алатын боласыз. Егер мен ұлыңызды қайтып әкеле алмай, көзіңізге көрінетін болсам, онда мен сіздің алдыңызда өмір бойы кінәлі болып өтейін.
10 Уақытты осылайша соза бермегенде біз Мысыр жаққа ендігі екі рет барып келген болар едік, — деп өтінді.
11 Ақырында Исраил ұлдарына тіл қатып былай деп шешті: — Егер қажет болса, мейлі, былай істеңдер: елде шығатын ең жақсы өнімдерден сәлемдеме жасап, сол адамға аздап май дәрі, бал, иісмай жасайтын шайыр, хош иісті мүр және жаңғақ, бадам дәндерін апарып беріңдер!
12 Сонымен қатар астық үшін төленетін күмісті де екі есе көп етіп алыңдар! Қаптарыңның аузында қайтып әкелген ақшаны қайтарып берулерің керек. Мүмкін, олар қателескен шығар.
13 Кенже інілеріңді ертіп алып, әлгі адамға тағы да барыңдар.
14 Құдіреті шексіз Құдай оны мейірімділікке кенелтіп, бауырларың Шимон мен Буняминді қайтарып бергізсін. Ал егер маған баласыз қалу бұйырылса, солай-ақ болсын, — деп қосты.
15 Жақыптың ұлдары әзірленген сәлемдемелерді, екі есе күмісті және Буняминді қоса алып, Мысырға барып, Жүсіптің алдына келді.
16 Ол ағаларының қасынан Буняминді көріп, үй басқарушысына: «Мына адамдарды менің үйіме алып бар! Мал сойғызып, тамақ әзірлет! Бұл кісілер бүгін менімен бірге түстенсін», — деп тапсырды.
17 Үй басқарушысы айтқанды екі етпей, оларды Жүсіптің сарайына апарды.
18 Олар бұған зәрелері ұша қорқып: «Бізді өткен жолғы қаптарымызға қайтадан салып жіберілген ақшалардың кесірінен осында алып бара жатыр. Сол үшін де әлгі адам бізге тиісіп күш көрсетіп, есектерімізді тартып алып, өзімізді құлдарына айналдырмақшы», — деп шошынды.
19 Олар Жүсіптің үй басқарушысына барып, оған сарайдың кіреберісінде тіл қатып былай деді:
20 — Мырза, бізге құлақ сала көріңіз. Өткен жолы да астық алу үшін келіп кеткенбіз.
21 Түнгі аялдамаға тоқтап, қаптарымызды ашып қарасақ, міне қызық, әрқайсымыздың төлеген күллі күмісіміз қаптың аузында жатыр екен! Соны өз қолымызбен қайтадан әкеліп отырмыз.
22 Енді тағы да астық сатып алу үшін қосымша ақша алып келдік. Ал сол күні ақшамызды қаптарымыздың аузына кімнің салып қойғанын мүлде білмейміз.
23 Үй басқарушысы оларға: — Қорықпаңдар, жандарың тыныштықта болсын! Өздерің және әкелерің сиынатын Құдай қаптарыңа қазына-байлық сыйлапты. Сендердің ақшаларың қолыма түсті ғой, — деді де, оларға Шимонды алып келді.
24 Үй басқарушысы жігіттерді Жүсіптің сарайына кіргізіп, аяқтарын жуатын су әкелдіріп, есектеріне жем бергізді.
25 Жігіттер Жүсіптің түсте келуіне сәлемдемелерін даярлап қойды, себебі өздерінің сол жерде онымен бірге түстенетіндері туралы естіген болатын.
26 Ақырында Жүсіп үйге келді. Олар қолдарындағы сыйлықтарын алып келіп, оның алдында жерге дейін иіліп тағзым етті.
27 Жүсіп олармен амандасып: — Кәрі әкелеріңнің халі қалай? Маған ол туралы айтып едіңдер ғой. Оның көзі тірі ме? — деп сұрады.
28 Олар: — Құрметті тақсыр ие, әкеміздің халі жақсы, тірі, — деп жауап берді де, ізет көрсете тағы да иіліп тағзым етті.
29 Жүсіп жан-жағына қарағанда, өзінің шешесінен туған інісі Буняминді көріп: — Сендердің маған айтқан кенже інілерің осы ма? Құдай саған рақымын түсірсін, балам! — деді.
30 Туған інісін көргенде, Жүсіптің оған деген сүйіспеншілігі лап етті. Оның басқа ештеңе айтуға шамасы келмей, сол жерден шыға жөнелді. Көзіне жас толып кеткен ол өз бөлмесіне барып, жылап алды.
31 Сонан соң өзін-өзі қолға алып, бетін жуып, сыртқа шықты да, қызметшілеріне тамақ әкелуге бұйырды.
32 Қызметшілер Жүсіпке, ағаларына және бірге тамақтанатын мысырлықтарға бөлек-бөлек дастарқан жайды. Себебі мысырлықтар көшпенділермен бірге тамақтанбайтын. Олар солай етсек, арамданып қалармыз деп сенетін.
33 Ағайындылар жасына қарай үлкенінен бастап кішісіне дейін Жүсіпке қарама-қарсы отырғызылды. Олар бұған қатты таңғалды.
34 Жүсіптің дастарқанынан олардың алдына тамақ таратылған кезде Буняминнің табағына басқаларға қарағанда бес есе артық тамақ түсті. Бәрі Жүсіппен бірге тойғандарынша ішіп-жеп, көңілді отырды.

ейін Жүсіп үй басқарушысына мынадай тапсырма берді: «Жігіттердің қаптарын көтере алғандарынша астыққа толтырып, әрқайсысының төлеген ақшасын қабының аузына сал!
Ал кенжелерінің қабының аузына ақшасымен бірге менің күміс тостағанымды да салып қой!» Үй басқарушысы Жүсіптің айтқанын орындады.
Ертеңіне жарық түсе ағайындылар есектеріне астық артып алып, жолға шықты.
Олар қаладан ұзап шықпай жатып, Жүсіп үй басқарушысына былай деп бұйырды: — Тұр, аналардың артынан қу! Қуып жеткен кезде оларға мынаны айт: «Неге сендер жақсылыққа жамандықпен жауап қайтарып,
күміс тостағанды ұрлап кеттіңдер? Бұдан қожайыным ішеді ғой. Мұны ол жаман ырымға жорып отыр. Сендер зұлымдық жасадыңдар!»
Үй басқарушысы оларды қуып жетіп, осы сөздерді айтып берді.
Олар оған жауап қайтарып: — Мырзамыз мұндай сөздерді неге айтады? Алдыңыздағы құлдарыңыз ондай қылықты істеуден мүлдем аулақ жүреміз!
Біз тіпті қаптың ішінен тапқан ақшаны да Қанахан елінен сізге қайтып алып келдік қой. Қалай біз қожайыныңыздың үйінен күміс не алтынды ұрламақпыз?
Күміс тостаған қайсымыздан табылса, сол өлім құшсын, ал біз бәріміз қожайынымыздың құлына айналайық, — деді.
10 Үй басқарушысы сонда: — Жарайды, айтқандарың болсын! Тостаған кімнен табылса, сол менің құлым болады! Ал қалғандарың бос боласыңдар, — деп шешті.
11 Олар тездетіп қаптарын жерге түсірді де, әркім өз қабының аузын ашты.
12 Үй басқарушысы үлкенінен бастап кішісіне дейін бәрінің қаптарын тінтіп шықты. Сонда тостаған Буняминнің қабынан табылды.
13 Қатты қапаланған олар көйлектерінің өңірін айыра жыртты. Есектеріне жүктерін артып, қалаға қайта оралды.
14 Яһуда бауырларымен Жүсіптің сарайына келіп жеткенде ол әлі сонда еді. Жігіттер оның алдына жығылып тағзым етті.
15 Жүсіп оларға: — Сендер не істедіңдер? Мен сияқты адамның осындай жайттарды сөз жоқ болжай алатынын білмеп пе едіңдер? — деп тіл қатты.
16 Яһуда: — Тақсыр иемізге не айта аламыз? Енді біз не дейміз, кінәсіз екенімізді қалайша дәлелдейміз? Құдай кінәмізді әшкереледі. Біз де, тостағанды алған адам да бұдан былай тақсыр иеміздің құлдары боламыз, — деп жауап берді.
17 Жүсіп: — Мен олай істеуден аулақпын! Тостаған кімнен табылса, сол ғана менің құлым болады. Ал қалғандарың тыныштықпен әкелеріңе жүре беріңдер! — деп шешті.
18 Сонда Яһуда тұрып, Жүсіпке былай деді: — Уа, тақсыр ием, маған бір ауыз сөз айтуға рұқсат етсеңіз екен. Сіз перғауынға пара-пар болсаңыз да, осы пендеңіздің сөйлеп тұрғанына ашулана көрмеңіз.
19 Тақсыр ием, сіз: «Әкелерің немесе інілерің бар ма?» деп сұраған едіңіз ғой.
20 Сонда біз иемізге: «Әкеміз бар, ол кәрі. Оның қартайған шағында туған кенже баласы бар. Соның бірге туған ағасы өлді, енді бұл — шешесінен қалған жалғыз ұл. Сондықтан әкеміз оны қатты жақсы көреді» деп жауап бердік.
21 Сонда сіз осы құлдарыңызға: «Оны көргім келеді, маған алып келіңдер!» деп әмір еттіңіз.
22 Ием, біз өзіңізге: «Жас жігіт әкесін жалғыз қалдырып кете алмайды. Егер ол қасынан кетсе, әкесі өліп қалады» дедік.
23 Ал сіз: «Кенже інілерің сендерге еріп келмесе, менің көзіме қайтадан көрінбеңдер!» деп бұйырдыңыз.
24 Содан біз сіздің құлыңыз — өз әкемізге қайта оралғанда оған тақсыр иеміздің бұйырғандарын жеткіздік.
25 Кейінірек әкеміз бізге: «Тағы да барып, аздап астық сатып алып келіңдер!» дегенде
26 біз: «Олай бара алмаймыз. Егер кенже ініміз бірге жүрсе, барамыз. Онсыз сол адамның көзіне көріне алмаймыз» дедік.
27 Сонда әкеміз бізге былай деді: «Сендер әйелім Рахиланың маған екі-ақ ұл туып бергенін білесіңдер.
28 Олардың біреуі қасымнан кетіп, жоқ болды. Жыртқыш аң жарып тастаған шығар деймін, өйткені күні бүгінге дейін оны қайтып көрген емеспін.
29 Енді сендер менен тағы мына ұлымды алып кетіп, ол да жолшыбай пәлеге ұшыраса, онда мені қайғыға батырып, ақ шашты басымды ажалынан бұрын көрге тығатын боласыңдар!»
30 Сондықтан егер мен сіздің құлыңыз — өз әкеме қайта оралғанда қасымда оның жанындай жақсы көретін баласы жоқ болып шықса,
31 онда ол мұны көріп, сол жерде өледі. Осылай біз ақ шашты әкемізді қайғыға батырып, ажалынан бұрын көрге кіргіземіз.
32 Уа, тақсыр ием, мен жас жігіттің қауіпсіздігіне басыммен жауап беремін деп әкеме уәде беріп: «Егер мен оны сізге қайта алып келмесем, онда сіздің алдыңызда өмір бойы кінәлі болып өтейін» деген болатынмын.
33 Сондықтан бұл жігіттің орнына мені құлдыққа алып қалып, оны ағаларымен бірге жібере көріңіз!
34 Жас жігіт қасымда болмаса, не бетіммен әкеме барамын? Әкемнің басына түскен бақытсыздығын көрмесем екен! — деп жалынды Яһуда.

онда Жүсіп айналасында тұрған қызметшілерінің алдында өзін ұстай алмай, оларға: «Бәрің де кетіңдер қасымнан!» — деп айқайлап жіберді. Жүсіп бауырларына өзінің кім екенін айтқанда қасында бөтен ешкім де қалмады.
Оның дауыстап жылағаны соншалықты, соны сырттағы мысырлықтар да естіп, бұл туралы хабар перғауынның сарайына да жетті.
Жүсіп бауырларына қарап: — Мен Жүсіппін ғой! Әкем шынында да әлі күнге дейін тірі ме? — деп сұрады. Бірақ олар оның алдында қатты абыржып қалғандықтан жауап бере алмады.
Жүсіп оларға: — Маған жақындаңдар! — деп, олар қасына келгенде мынаны айтты: — Мен сендер Мысырға сатып жіберген Жүсіппін!
Ал енді, ештеңені уайымдамаңдар, мені осында сатып жібердік деп өздеріңді кінәламаңдар! Өйткені Құдайдың Өзі мені осы жерге өмірлеріңді сақтап қалу үшін сендерден бұрын жіберді.
Елді аштық жайлағалы екі жыл өтті, енді келесі бес жыл бойы да жер өңделіп, астық егілмейді.
Ұрпақтарыңның жер бетіндегі өмірін жалғастыру үшін сендерді ұлы іспен құтқарып, аман-есен қалдыру үшін Құдай мені мұнда өздеріңнен бұрын жіберді.
Осылайша сендер емес, Құдай мені бұл жерге жіберді! Ол мені перғауынға әке іспетті бас кеңесші қылып тағайындап, сарайына қожайын, бүкіл Мысыр еліне билеуші етіп қойды.
Енді сендер тезірек әкеме жетіп, оған мына сөздерімді жеткізіңдер: «Ұлыңыз Жүсіп сізге былай деп сәлем жолдайды: Құдай мені бүкіл Мысыр елінің әміршісі етіп қойды. Көп кешікпей көшіп келіп,
10 Гөшен аймағына қоныстаныңыз. Сонда балаларыңыз, немерелеріңіз, ірілі-ұсақты малдарыңыз және бар дүние-мүлкіңізбен бірге менің қасымда тұрыңыз.
11 Сізге сол жерде қарайласпақпын, өйткені аштық әлі де бес жылға созылады. Егер олай етпесеңіз өзіңіз, үй ішіңіз және барлық адамдарыңыз жоқшылыққа ұшырайсыздар».
12 Міне, өздерің де, інім Бунямин де өз көздеріңмен көріп тұрсыңдар: сендермен сөйлесіп тұрған мен Жүсіппін!
13 Әкеме мені мұнда қалай қадірлейтіні және өздерің көріп, білген басқа нәрселер туралы да айтып беріңдер! Тезірек барып, әкемді осында жеткізіңдер! — деді де,
14 бірге туған інісі Буняминді мойнынан құшақтап егіле жылады, ол да құшақтап жылай берді.
15 Жүсіп барлық ағаларының да беттерінен сүйіп, құшақтап жылады. Бұдан кейін ағалары онымен сөйлесе бастады.
16 Жүсіптің бауырлары келіпті деген хабар сарайға жеткенде, перғауын мен оның нөкерлері бұған қуанып қалды.
17 Патша Жүсіпке: — Сен бауырларыңа мынаны айт: «Есектеріңе астық артып алып, Қанахан еліне тартыңдар.
18 Сонан соң әкелерің мен отбасыларыңды алып, маған келіңдер. Сендерге жердің өнімін жеу үшін Мысыр елінің ең жақсы бөлігін беремін».
19 Оларға міндетті түрде тағы да былай де: «Әйелдеріңе, балаларыңа арнап Мысырдан күймелер ала кетіп, әкелеріңді өз жұртымен осы жерге көшіріп әкеліңдер.
20 Ол жақтағы дүние-мүліктеріңді ойлап уайымдамаңдар, өйткені Мысырдың ең жақсысы сендердікі болады», — деді.
21 Исраилдің ұлдары солай істеді. Перғауынның тапсырмасы бойынша Жүсіп оларға күймелер және жол азық берді.
22 Әрқайсысына бір-бірден шапан жауып, Буняминге үш жүз мысқал күміс және бес әдемі шапан сыйлады.
23 Ал әкесіне арнап он есекке артып, Мысырдың ең жақсы заттарын, тағы он ұрғашы есекке тиеп, астық, нан, жол азық жіберді.
24 Жүсіп ағаларымен қоштасып, сапарға шығарып салды. Кетерінде оларға: «Жолда бір-біріңмен ұрсыспаңдар!» — деп ескертті.
25 Олар Мысырдан шығып, Қанахан еліне әкелері Жақыпқа келгенде,
26 оған: «Жүсіп тірі екен! Ол — бүкіл Мысырдың әміршісі!» — деген хабарды жеткізді. Ал ұлдарының айтқандарына сенетіндей Жақыптың жүрегі бүлк етпеді.
27 Олардан Жүсіптің сөздерінің бәрін естіп, оның жіберген күймелерін көргеннен кейін ғана Жақып (Исраил) рухтанып:
28 «Көзім жетті: ұлым Жүсіп әлі тірі екен. Мен сонда барып, оны өлмей тұрғанымда көріп қалайын!» — деп шешті.

онымен Исраил өзінің қасындағы барлық жұртын мал-мүліктерімен ертіп алып, жолға шықты. Ол Бер-Шебаға келгенде әкесі Ысқақ сиынған Құдайға арнап құрбандық жасады.
Сонда Құдай оған түнде аян беріп: — Жақып! Жақып! — деп шақырды. Ол: — Тыңдап тұрмын, — деп жауап қатты.
— Мен Құдаймын, әкең мойынсұнған Тәңірмін. Мысырға көшіп барудан қорықпа, сенен сол жерде бір үлкен халық өрбітіп таратамын.
Мен саған Мысырда да жар болып, сендерді қайтадан Қанахан еліне Өзім алып келемін. Қайтыс болғанда көзіңді жұмғызатын Жүсіп болады, — деді.
Осылай Жақып Бер-Шебадан жолға шықты. Ұлдары оның өзін де, олардың балалары мен әйелдерін де перғауын жіберген күймелерге отырғызды.
Жақып пен оның үрім-бұтағы — ұлдары мен немере ұлдары, қыздары мен немере қыздары барлығы да Қанахан елінде жинап алған малдары мен дүние-мүліктерін алып, Мысырға көшіп барды.
Мысырға көшіп барған Исраилдің (яғни Жақыптың) ұлдарының аттары төмендегідей: Жақыптың тұңғыш ұлының аты Рубен.
Рубеннің ұлдары: Ханох, Паллу, Хесрон, Қарми.
10 Шимонның ұлдары: Емуел, Ямин, Яхин, Сохар, Саул; Саул қанахандық әйелден туған.
11 Леуінің ұлдары: Герсон, Қахат, Мерари.
12 Яһуданың ұлдары: Ер, Онан, Шелах, Парес, Зарах. Ер мен Онан Қанахан жерінде қайтыс болды. Парестің ұлдары: Хесрон, Хамул.
13 Исашардың ұлдары: Тола, Пуа, Ишоб, Шимрон.
14 Забулонның ұлдарының аттары: Серед, Елон, Яхлел.
15 Бұлар Лияның Жақыпқа солтүстік Месопотамияда туып берген ұлдары. Дина есімді қыздары да сол жерде дүниеге келді. Барлығын қосқанда Жақып пен Лиядан тарағандар отыз үш ұрпақ болды.
16 Ғадтың ұлдары: Сифион, Хаги, Шуни, Езбон, Ери, Ароди, Арели.
17 Аширдің ұлдары: Имна, Ишуах, Ишуи, Бериях, ал қызы: Серах. Берияхтың ұлдары: Хебер мен Малхиел.
18 Бұлар Лабанның қызы Лияға күтуші күң ретінде берген Зилпаның ұлдары; Зилпадан Жақыптың он алты ұрпағы тарады.
19 Жақыптың әйелі Рахиланың ұлдарының аттары: Жүсіп пен Бунямин.
20 Мысырда Жүсіптің Манаса мен Ефрем есімді ұлдары дүниеге келді. Бұларды Он қаласындағы діни қызметкер Потифердің қызы Асенет туды.
21 Буняминнің ұлдары: Бела, Бехер, Ашбел, Гера, Нағыман, Ехи, Рош, Мупім, Хупим, Ард.
22 Бұлар Рахиланың Жақыпқа туып берген ұлдары мен олардан тарағандар — барлығы он төрт ұрпақ.
23 Данның ұлының аты: Хушим.
24 Нафталимның ұлдары: Яхсиел, Гуни, Есер және Шилем.
25 Бұлар Лабан өзінің қызы Рахилаға күтуші күңі ретінде берген Балханың ұлдары; Балхадан Жақыптың жеті ұрпағы тарады.
26 Жақыпқа еріп Мысырға көшіп барған ұрпақтары, келіндерін қоспағанда, алпыс алты жан еді.
27 Жүсіптің Мысырда туған ұлдары екеу. Осылайша Жақыптың Мысырға көшіп келген бүкіл үрім-бұтағының жалпы саны өзін қосқанда жетпіс болды.
28 Гөшендегі қоныстарын көрсету үшін Жақып Жүсіпке алдын ала Яһуданы жіберді. Осылайша көш Гөшен аймағына жетіп,
29 Жүсіп те күймесін жегіп, әкесі Исраилді қарсы алу үшін Гөшенге қарай беттеді. Әкесін көргенде оны мойнынан құшақтап тұрып ұзақ жылады.
30 Исраил Жүсіпке: «Енді мен өлсем де болады, сенің тірі екеніңе көзім жетті», — деді.
31 Ақырында Жүсіп бауырларына және әкесінің үйіндегі адамдарға былай деді: — Мен перғауынға барып, мынаны айтпақпын: «Қанахан елінен маған бауырларым және әкемнің үй іші көшіп келді.
32 Олар бақташылар, сондықтан ірілі-ұсақты малдары мен дүние-мүліктерінің бәрін өздерімен бірге ала келді».
33 Егер перғауын сендерді өзіне шақырып, кәсіптерің туралы сұрай қалса,
34 сендер: «Уа, тақсыр ие, біз ата-бабаларымыз сияқты бала кезімізден бері мал бағушылармыз» деп жауап беріңдер. Сонда ол сендерге Гөшен аймағында қалуға рұқсат береді. Өйткені мысырлықтар үшін ұсақ мал бағушылар жиренішті, — деді.

үсіп перғауынға барып, былай деп мәлімдеді: «Әкем мен бауырларым ірілі-ұсақты малдарымен, бар дүние-мүлкімен Қанахан елінен көшіп келді. Қазір олар Гөшен аймағында».
Жүсіп ертіп апарған бес бауырын перғауынға таныстырды.
Патша оның бауырларынан: — Немен айналысасыңдар? — деп сұрады. Олар: — Уа, тақсыр ие, біз ата-бабаларымыздай қой-ешкі бағамыз.
Бұл жерге жат жұрттық болып тұруға келіп жатырмыз. Қанаханда аштық қатты үдеп кеткендіктен малдарымызға жайылатын өріс қалмады. Сол себепті Гөшенде тұрып қалуымызға рұқсат бере көріңіз, — деп жауап берді.
Перғауын Жүсіпке былай деп бұйырды: — Әкең, бауырларың саған келіп жатыр.
Мысыр елі сендер үшін ашық. Әкең мен бауырларыңды елдің ең жақсы жеріне қоныстандыр: олар Гөшен аймағын мекендесін! Араларында кәсібіне ерекше ұқыпты адамдардың бар екенін білсең, соларды менің малдарымның үстінен қарайтын аға бақташылар етіп тағайында!
Мұнан соң Жүсіп әкесін ертіп келіп, перғауынға таныстырды. Жақып онымен амандасқан соң,
перғауын: — Сіз нешедесіз? — деп сұрады.
Ол: — Мен жүз отыз жыл жат жұрттық болып өмір сүріп келемін. Өмірімнің жылдары әрі аз, әрі азапқа толы болды. Олар аталарымның бөтен елде көшіп-қонып жүріп жасаған жылдарынан әлдеқайда аз, — деп жауап қатты.
10 Содан Жақып перғауынға батасын беріп, қасынан шығып кетті.
11 Сонымен Жүсіп әкесі мен аға-інілерін Мысырға қоныстандырып, перғауын айтқан Рамсес қаласының төңірегіндегі ең жақсы жерді олардың меншігі етіп пайдалануға берді.
12 Жүсіп әкесін, бауырларын, әкесінің үй ішін түгелімен әр отбасының қажетіне қарай астықпен де қамтамасыз етті.
13 Барлық елде астық қалмады. Жұттың өте қатты болғаны сондай, Мысыр мен Қанахан елдері аштықтан құрып кете жаздады.
14 Содан олардың тұрғындары астық сатып алу үшін қолындағы бар ақшаларын Жүсіпке өткізді. Ол бұл қаржыларды жинап, перғауынның сарайына апарды.
15 Мысыр мен Қанахандағы жұрттың ақшасы сарқылғанда, мысырлықтар түгелдей Жүсіпке келіп: — Бізге астық бере көріңіз. Біз неге сіздің көз алдыңызда аштан қырылмақпыз? Ал ақшамыз таусылды, — деп өтінді.
16 Жүсіп оларға: — Ақшаларың таусылса, малдарыңды әкеліңдер. Мен оларды астыққа айырбастап беремін, — деді.
17 Сонда олар малдарын айдап келіп, Жүсіп оларға жылқыларының, ірілі-ұсақты малдары мен есектерінің орнына астық берді. Сол жылы оларды барлық малдарының есебінен астықпен қамтамасыз етті.
18 Олар Жүсіпке келесі жылы да келіп, былай деп өтініш жасады: — Уа, тақсыр, біз ақшамыздың біткенін ғана емес, сонымен қатар малымыздың да иеміздікі болғанын ашық мойындаймыз. Бізде иемізге ұсынатын жеке басымыз бен жерімізден басқа түк те қалмады.
19 Неге сіздің көз алдыңызда өзіміз де, жеріміз де құрып кетуге тиіспіз? Бізді және егіндіктерімізді астыққа сатып алыңыз, осылай перғауынның меншігіне айналамыз. Бізді өлмей, тірі жүрсін, жеріміз қаңырап бос қалмасын десеңіз, тұқым бере көріңіз.
20 Содан Жүсіп Мысырдың бүкіл егіндік жерін перғауынға сатып алды. Аштық қысқан мысырлықтардың әрқайсысы егіндігін сатып, жер перғауынның меншігіне көшті.
21 Осылай Жүсіп Мысырдың о шеті мен бұ шетіндегі халқын түгел құлға айналдырды.
22 Жүсіп тек діни қызметкерлердің жерлерін ғана сатып алмады. Олар перғауыннан үздіксіз алып тұрған жалақыларымен күнелткендіктен, жерлерін сатуға мәжбүр болмады.
23 Жүсіп халыққа: — Сонымен мен бүгін өздеріңді, сондай-ақ егістік жерлеріңді де перғауын үшін сатып алдым. Енді сендерге жерге себетін тұқым үлестіремін.
24 Бұдан былай сендер түскен өнімнің бестен бірін перғауынға салық ретінде беруге тиіссіңдер. Қалған төрт бөлігі себілетін тұқым әрі отбасыларыңның жейтін тамағы ретінде өздеріңде қалсын, — деп жариялады.
25 Сонда халық: — Сіз өмірімізді сақтап қалдыңыз. Бізге қожайынымыздың рақымы түссе екен дейміз. Енді перғауынның басыбайлы қызметшілері боламыз, — деп мақұлдады.
26 Осылайша Жүсіп мысырлықтар үшін жинаған өнімдерінің бестен бірін перғауынға беруді заңға айналдырды. Бұл заң күні бүгінге дейін күшінде. Тек діни қызметкерлердің жерлері ғана перғауынның меншігіне кірмей қалды.
27 Исраилдіктер Мысырдағы Гөшен аймағына көшіп келіп, орнығып алған соң, өсіп-өніп, қатты көбейді.
28 Жақып Мысыр елінде он жеті жыл тұрып, жасы жүз қырық жетіге жетті.
29 Ажалы жақындағанда ол баласы Жүсіпті шақыртып алып, оған былай деді: — Маған жақсылық жасағың келсе, қолыңды жамбасымның астына қойып тұрып мынадай уәде бер: сен менің сүйегімді Мысырда қалдырмайсың. Маған деген сүйіспеншілігің мен адалдығыңның белгісі сол болсын.
30 Мен ата-бабаларымның қасына аттанғаннан кейін сүйегімді Мысырдан әкетіп, олар жатқан қабірге апарып қоярсың! — Жүсіп: — Айтқаныңызды орындаймын, — деп сөз берді.
31 Жақып: — Маған антыңды бер! — деген соң Жүсіп оған ант берді. Сонда Исраил таяғының басына сүйеніп тұрып Құдайға ғибадат етті.