Skip to content
Home » Інжіл бұрмаланған ба? Хадистер не дейді?

Інжіл бұрмаланған ба? Хадистер не дейді?

  • by

Біз Құранның Таурат, Забур және Інжіл кітаптарының бұрмаланбағанын растайтынын көрдік. Құран Мұхамбет пайғамбардың (ғ.с.) заманында, шамамен 600 жылы, Інжілді ұстанушылар Алланың Сөзін әлі де қолдарында ұстағанын анық айтады. Бұл – сол уақытқа дейін Інжіл еш өзгеріске ұшырамаған деген сөз.

Құран Інжілдің:

  1. Алланың сөзі екенін;
  2. Алланың сөздерін ешкім өзгерте алмайтынын айқын мәлімдейді.

Егер бұл екеуі рас болса, онда Киелі кітаптың (Таурат, Забур және Інжіл) мәтіндері бұрмалануы мүмкін емес.

Мұхамбет пайғамбар (ғ.с.) және Киелі кітап

Енді хадистер мен сүннет бұл тақырып жайлы не айтатынын қарастырайық. Төменде келтірілген хадистер Мұхамбет пайғамбардың (ғ.с.) заманында Таурат пен Інжілдің қолданылғанын айқын көрсетеді.

«Содан кейін Қадиша онымен бірге немере ағасы Вараканы ертіп келді… Ол джахилия заманында мәсіхшілікке өткен және Алланың қалауымен Інжілден қажет үзінділерді иврит әріптерімен жазып жүретін».

Сахих әл-Бухари, 1-том, 1-кітап, №3

Абу Хурайра айтқан: «Жазба иелері Тауратты иврит тілінде оқып, мұсылмандарға арабша түсіндіретін. Сонда Алланың елшісі: “Жазба иелеріне не сенбеңдер, не өтірікке шығармаңдар, тек былай деңдер: “Біз Аллаға және түсірілгеннің бәріне иман келтірдік” деді.

Сахих әл-Бухари, 9-том, 93-кітап, №632

Яһудилер Алланың елшісіне (ғ.с.) келіп, өздерінің арасында бір ер мен әйел зина жасағанын айтты. Пайғамбар (ғ.с.): “Тауратта бұл жайлы қандай үкім бар?” – деп сұрады. Олар: “Біз қылмысты жариялап, дүре соғамыз” – деді. Абдулла ибн Салам: “Жоқ, сендер жалған айттыңдар; Тауратта таспен ату (раджм) үкімі бар” – деді. Сонда олар Тауратты ашқанда, расында Раджм аяты жазулы болды. Олар: “Мұхамбет (ғ.с.) шын айтты, Тауратта Раджм үкімі бар екен” – деді.

Сахих әл-Бухари, 4-том, 56-кітап, №832

Абдулла ибн Омар риуаят еткен: «Бір топ яһуди Алланың елшісін (ғ.с.) Қағбаға шақырып: “Әбілқасым, бір ер кісі әйелмен зина жасады, соған үкім шығар” – деді. Олар оған отыру үшін жастық төседі. Ол жастыққа отырып: “Тауратты әкеліңдер” – деді. Кітапты әкелгенде, жастықты алып, Тауратты астына қойып: “Мен саған және сені түсірген Затқа иман келтірдім” – деді.

Абу Дәуіт Сунан, 38-кітап, №4434

Абу Хурайра айтқан: “Алланың елшісі (ғ.с.): «Күн шыққан ең жақсы күн – жұма. Сол күні Адам жаратылды…» – деді. Ка’б: “Бұл күн жылына бір рет болады” – деді. Мен: “Жоқ, әр жұма сайын болады” – дедім. Сонда Ка’б Тауратты оқып шығып: “Алланың елшісі шын айтты” – деді.

Абу Дәуіт Сунан, 3-кітап, №1041

Бұл даусыз хадистер Мұхамбет пайғамбардың (ғ.с.) өз дәуірінде Киелі кітапқа деген құрметін анық көрсетеді. Бірінші хадис оның пайғамбарлық қызметі басталған кезде Інжілдің бар және қолжетімді болғанын дәлелдейді. Екінші хадис мұсылмандықтың алғашқы кезеңінде еврейлердің Тауратты иврит тілінде оқып, оны араб тілінде түсіндіргенін көрсетеді. Мұхамбет пайғамбар (ғ.с.) Таурат мәтінін теріске шығармаған, бірақ оның арабша түсіндірмесіне бейтарап ұстанымда болған.

Келесі екі хадис Пайғамбардың (ғ.с.) құқықтық шешімдерінде Тауратты пайдаланғанын баяндайды — сол кездегі қалпында. Ал соңғы хадис Мұхамбет пайғамбардың (ғ.с.) адамның жаратылған күні жайлы айтқанын Таураттағы мәлімет арқылы тексеруге болатындығын көрсетеді. Оның бұл мәтінді нақтылау үшін пайдалануы Таураттың шынайы әрі сенімді дереккөзі болғанын дәлелдейді.

Бұл хадистердің ешқайсысында Киелі кітаптың бұрмаланғаны немесе өзгертілгені жөнінде ешқандай ишара жоқ.

Інжілдің (Жаңа келісім) ең көне қолжазбалары

Менің қолымда Інжілдің (Жаңа келісімнің) ең көне грек қолжазбалары туралы жазылған ғылыми еңбек бар. Оның кіріспесінде былай делінген:

«Бұл кітапта Жаңа келісімнің 69 көне қолжазбасының көшірмелері берілген… Олар 2-ші ғасырдың басынан бастап 4-ші ғасырдың басына дейінгі кезеңге жатады (шамамен б.з. 100–300 жж.) және Жаңа келісім мәтінінің шамамен үштен екі бөлігін қамтиды».

Comfort, P.W. “The Text of the Earliest New Testament Greek Manuscripts”, бет 17, 2001.

Бұл қолжазбалардың маңыздылығы — олардың Рим императоры Константин (шамамен б.з. 325 ж.) билікке келмей тұрып-ақ бар болғанын дәлелдеуі. Егер Константин Киелі кітап мәтінін өзгерткен болса, біз оның билігінен бұрынғы және кейінгі қолжазбаларды салыстырып, айырмашылықтарды анықтайтын едік. Бірақ ондай еш айырмашылық жоқ.

Сол сияқты, мыңдаған басқа Киелі кітап қолжазбалары Мұхамбет пайғамбардың (ғ.с.) дәуіріне дейін жазылып, біздің қолымызға әлемнің түкпір-түкпірінен жеткен. Мұхамбет пайғамбар (ғ.с.) б.з. 600 жылдары сол кездегі Киелі кітапты ақиқат мәтін ретінде пайдаланған. Бүгінде бізде пайғамбарға дейін бірнеше ғасыр бұрын жазылған сол мәтіндердің көшірмелері бар — және олар қазіргі қолданылып жүрген Киелі кітаппен бірдей. Бұл — Киелі кітаптың бұрмаланбағанының мызғымас дәлелі.

Кейбіреулер Мәсіхшілер Киелі кітапты өзгерткен деп есептейді, бірақ бұл пікір қисынға келмейді. Жер бетіндегі әртүрлі елдердегі христиандардың барлығы бірдей келісіп, бір уақытта мәтінді өзгертуі мүмкін емес. Егер, мысалы, Араб түбегіндегі біреулер мәтінді бұзса, Сирия мен Еуропадағы христиандардың қолжазбаларымен бірден айырмашылықтар байқалар еді. Бірақ ондай айырмашылықтар жоқ. Барлық қолжазбалар уақыт пен кеңістікке қарамастан бірдей болып келген.

Құран мен хадистер б.з. 600 жылдары Інжілдің және басқа кітаптардың түпнұсқасы бар екенін растайды. Ал бүгінгі қолданыстағы Киелі кітап сол бұрынғы мәтіндерге негізделген. Сондықтан қазіргі Киелі кітаптың бұрмалануы мүмкін емес.

Таурат пен Забурдың ең көне қолжазбалары

Таурат пен Забурдың ең көне көшірмелері одан да ертерек жазылған. 1948 жылы Өлі теңіздің маңынан табылған және «Өлі теңіз орамалары» деп аталған ежелгі жазбалар Таурат пен Забурдың толық мәтіндерін қамтиды. Бұл жазбалар б.з.д. 200–100 жылдар аралығында жазылған. Демек, олар Иса Мәсіх (ғ.с.) пен Мұхамбет пайғамбардың (ғ.с.) өмірінен бұрын болған. Екі пайғамбар да бұл кітаптарды өз заманында пайдаланған әрі мойындаған. Осы себепті, олардың қолданған кітаптары да өзгеріске ұшырамаған деуге толық негіз бар.

Киелі кітаптың шынайылығын ғылыми тұрғыда дәлелдейтін талдау да осы мақалада қарастырылған.

Мұхамбет пайғамбардың (ғ.с.) хадистердегі куәлігі, Киелі кітаптың бұрмаланбағанын растайтын Құран аяттарымен толық сәйкес келеді. 

Ежелгі заманнан бері бізге дейінгі Киелі кітап қолжазбалары 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *