Skip to content

Матай 21:23 – 23:39

A Question about Jesus’ Authority

23 Содан соң Иса ғибадатханаға кірді. Жұртқа тағылым беріп жатқан Оның қасына елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары жақындап: — Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Сізге мұндай билікті кім берді? — деген сауал қойды.
24 Исаның жауабы мынау болды: — Мен де сіздерге бір сұрақ қояйын. Соған жауап берсеңіздер, онда бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтып беремін.
25 Жақияның орындаған шомылдыру рәсімі қайдан болып еді: көктің еркімен бе, әлде адамның еркімен бе? Олар өзара пікірлесіп: «Егер «көктің еркімен» десек, Ол бізден: «Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?» деп сұрайды.
26 Ал «адам еркімен» десек, халықтың наразылығына ұшыраймыз деп қаймығамыз. Барлығы Жақияның пайғамбар болғанына сенеді ғой», — десті.
27 Сондықтан олар Исаға: — Оны білмейміз, — деп жауап берді. Иса: — Олай болса, Мен де бұл істерді қандай билікпен істеп жүргенімді айтпаймын, — деп кесіп айтты.
28 — Ал мына оқиғаға қалай қарайсыздар: Бір адамның екі ұлы болыпты. Ол біреуіне келіп: «Ұлым, бүгін жүзімдікке барып, жұмыс істеші», — деп тапсырғанда,
29 баласы: «Барғым келмейді», — деп жауап қайырады. Дегенмен кейінірек онысына өкініп, жұмысқа барады.
30 Әкесі екіншісіне келіп те дәл солай дейді. Бұл: «Жарайды, әке, барамын», — деп жауап берсе де, бармай қояды.
31 Осы екеуінің қайсысы әкесінің еркін орындады? — деп сұрады Иса. Ел басшылары: — Біріншісі, — деп жауап бергенде, Ол былай деді: — Ендеше сіздерге шындығын айтайын: Құдай Патшалығына сіздерден бұрын (теріс жолдан қайтқан) салықшылар мен азғын әйелдер кірмек!
32 Себебі Жақия әділдік жолын көрсетуге келгенде оған сенбедіңіздер. Бірақ салықшылар мен азғын әйелдер оған сенім артты. Ал сіздер тіпті мұны көргеннен кейін де теріс жолдан қайтпадыңыздар, әрі оған сенбедіңіздер!
33 Тағы бір астарлы әңгімені тыңдаңыздар: бір қожайын жүзім бағын отырғызады. Оны дуалмен қоршап қояды, әрі жүзім шырынын сығып алуға арналған шұңқыр қазып жасап, күзет мұнарасын да салады. Кейін бағын жүзімшілерге жалға тапсырып, өзі басқа жаққа сапарға аттанады.
34 Жеміс піскен мезгілде бақтың иесі өнімінен өзіне тиісті үлесін алу үшін қызметшілерін жұмсайды.
35 Бірақ жүзімшілер қызметшілерді ұстап алады: біреуін ұрып-соғып, өзгесін өлтіріп, тағы біреуін таспен атқылайды.
36 Қожайын бұрынғыдан да көбірек қызметшілерін жібереді. Бірақ әлгілер оларға да алдындағыдай істейді.
37 Ақыр соңында қожайын: «Менің ұлымнан қаймығар» — деп ойлап, оларға өз ұлын жұмсайды.
38 Бірақ жүзімшілер ұлын көргенде өзара: «Бұл — мұрагер ғой! Кәне, жүріңдер, оны өлтіріп, мұрасына ие болайық!» — деседі.
39 Оны ұстап алып, бақ сыртына алып шығып, өлтіріп тастайды.
40 Енді жүзімдіктің иесі келгенде, осы жүзімшілерге не істемек? —
41 Тыңдап тұрғандар Исаға: — Ол зұлымдарды азаптап өлтіріп, бағын басқаларға тапсырмақ. Солар мерзімі жеткенде оған тиісті өнімін беретін болады, — деп жауап берді.
42 Сонда Иса былай деді: — Киелі жазбадан мынаны ешқашан оқымап па едіңіздер: «Құрылысшылар менсінбеген Тас енді үйдің басты іргетасына айналды! Жаратқанның Өзі соны істеді, көз алдымызда бұл керемет болды!»
43 Сондықтан да сіздерге айтамын: Құдай өз Патшалығын сіздерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады.
44 Ал әлгі Тасқа сүрініп құлаған әркім талқандалады, әрі осы Тас үстіне құлағандар жаншылып қалады!
45 Астарлы әңгімелерін тыңдаған басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаның өздері туралы айтқанын ұғып,
46 Оны тұтқындамақ болды. Алайда Исаны пайғамбар деп қадір тұтқан халықтан қорқып, соған батылдары бармады.

са халыққа астарлы әңгімелер арқылы тәлім беруін жалғастырды. Оларға былай деді:
«Құдай Патшалығындағы жағдайды мынаумен салыстыруға болады: бір патша баласының үйлену тойын өткізуге дайындалыпты.
Содан ол шақырған кісілерін алып келуге қызметшілерін жібереді. Алайда сол адамдардың келгілері келмейді.
Патша басқа қызметшілерін жұмсап: — Шақырылғандарға айтыңдар, мен қонақасымды әзірлеп қойдым, өгіздер мен бордақыланған торпақтар сойылып, бәрі дайын тұр. Тойға келе беріңдер! — дегізеді.
Бірақ олар шақыруды елемей, біреуі егіндік жеріне, біреуі саудасына кетіп қалады.
Тағы басқалары қызметшілерін ұстап алып, қорлап, өлтіріп тастайды.
Мұны естіген патша қаһарланып, әскерін жұмсап, әлгі кісі өлтірушілердің көздерін құртып, олардың қаласын өртеп жібереді.
Содан кейін қызметшілеріне: — Той дайын, ал шақырылғандар оған лайықсыз болып шықты.
Енді жол тораптарына барып, кімді кездестірсеңдер, соларды тойға шақырып, алып келіңдер! — деген жарлық береді.
10 Жан-жаққа аттанған қызметкерлер кімді кездестірмесін — жаманын да, жақсысын да бәрін жинап алып келеді. Той болған үй адамдарға лық толады.
11 Патша келгендерді көруге кіргенде, тойға сай киім кимеген біреуді көріп,
12 одан: — Достым, мұнда той киімінсіз қалайша кірдің? — деп сұрайды. Ол үндемейді.
13 Патша нөкерлеріне: — Мынаның аяқ-қолын байлап, сыртқа, қара түнекке лақтырыңдар! — деп бұйырады. — Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.
14 Себебі шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз».
15 Парызшылдар сол жерден кетіп, Исаны өз сөзінен ұстаудың жолын іздеп ақылдасты.
16 Оған Иродтың жақтастарымен бірге өз шәкірттерін жіберіп, мынадай қитұрқы сұрақты қойғызды: — Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретіп, біреуге жағыну ниетінен аулақсыз, ешкімнің де бет-жүзіне қарамайсыз.
17 Енді бізге айтыңызшы, қалай ойлайсыз, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па? —
18 Олардың арам ойларын білген Иса: — Екі жүзділер, Мені азғырып сынамақсыңдар, ә?
19 Маған салыққа төлейтін бір күміс теңгені көрсетіңдерші! — деді. Олар Оған бір күміс теңге әкеліп берді.
20 Иса: — Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады.
21 Олар: — Рим патшасынікі, — деп жауап берді. Сонда Иса: — Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деп тұжырымдады.
22 Мұны естіген олар таңданып, Исаның қасынан кетіп қалды.
23 Саддукейлер өлімнен қайта тірілу жоқ дейтін. Сондықтан саддукейлер ұйымының кейбір мүшелері сол күні Исаға келіп, мына сұрақты қойды:
24 — Ұстаз, Мұса пайғамбар бізге (Тауратта) мынадай бұйрық берген: Егер үйленген біреу артынан бала қалдырмай өлсе, онда жесіріне ағасы не інісі үйленіп, марқұм бауыры үшін ұрпақ қалдырсын!
25 Арамызда жеті ағайынды жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, соңынан бала қалдырмай өлді. Жесіріне екіншісі әмеңгер болып үйленді.
26 Ал мұнымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен де дәл осы сияқты болды.
27 Ақыры бәрінің соңынан әйел де көз жұмды.
28 Ендеше, қиямет күні қайта тірілгенде әйел осы жетеудің қайсысынікі болады? Ол солардың бәрінің де әйелі болған еді ғой! —
29 Бірақ Иса былай жауап қайырды: — Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер!
30 Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды. (Сол жағынан) олар көктегі Құдайдың періштелері іспетті болады.
31 Ал өлгендердің қайта тірілуі жайында Құдайдың (Тауратта):
32 «Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» дегенін оқымап па едіңдер? Демек, Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы!
33 Мұны естіген халық Исаның тәліміне таңғалды.
34 Исаның саддукейлерді үндетпей қойғанын естігенде, парызшылдар бас қосып жиналды.
35 Кейін олардың біреуі, Таурат заңын үйретуші ғұлама, Исаның ұстанған ілімін сынамақшы болып Оған мына сұрақты қойды:
36 — Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы? — Иса:
37 — «Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!»
38 Бұл — ең ұлы да басты өсиет.
39 Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: «Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!»
40 Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген, — деді.
41 Қасына жиналған парызшылдарға Иса:
42 — Мәсіх туралы не ойлайсыздар, Ол кімнің Ұрпағы болады? — деген сұрақ қойды. Олар: — Дәуіттің Ұрпағы! — деді.
43 Сонда Иса: — Ендеше неліктен Дәуіт Киелі Рухтың жетелеуімен Мәсіхті «Ием» деп атады? Ол:
44 «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда», — деген ғой.
45 Сонымен, Дәуіт (пайғамбар) Мәсіхті «Ием» деп атаса, қалайша Ол «Дәуіттің Ұрпағы» ғана болады? — деп сұрады.
46 Ешқайсысы Исаға жауап беріп, бір сөз де айта алмады. Бұдан кейін тағы басқа сұрақтар қоюға ешкімнің де батылы бармады.

одан кейін Иса жиналған көпшілікке және Өзінің шәкірттеріне былай деді:
— Дін мұғалімдері мен парызшылдар Мұса пайғамбардың орнын басты.
Сондықтан олардың айтқандарын түгелдей орындаңдар, бірақ істегендеріндей істемеңдер! Себебі сол айтқандарын олардың өздері іс жүзінде орындамайды.
Олар ыңғайсыз, тым ауыр борыштарды халықтың мойнына байлап артып қояды. Бірақ өздері соларды көтеру үшін саусақтарының ұшын да қимылдатпайды.
Олар барлық діни жоралғыларды жұрттың көзіне түсу үшін ғана орындайды. Маңдайлары мен қолдарына байлайтын, Таурат аяттары жазылған қайыс қалталардың көлемін үлкейтіп, шапандарының шашақтарын ұзартады.
Қонақасыларда төрге жайғасуды әрі мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды жақсы көреді.
Базарларда жұрттың өздеріне сәлем беріп құрмет көрсетіп, «ұстаз» деп атағандарын қатты ұнатады.
Алайда сендер «ұстаз» деп аталмаңдар! Ұстаздарың Біреу-ақ, ал сендердің бәрің өзара бауырлассыңдар.
Жер бетіндегі ешкімге «әке» деген рухани атақ бермеңдер! Бірден-бір рухани Әкелерің көкте ғой.
10 Өздеріңді «тәлімгер» деп те ешкімге ататпаңдар! Тәлімгерлерің Біреу-ақ, Ол — Мәсіх.
11 Араларыңдағы ең ұлыларың бәріңе де қызмет ете берсін!
12 Себебі өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады.
13 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! (Халық үшін) Құдайдың Патшалығын халықтан жауып құлыптап қоясыңдар: өздерің де кірмейсіңдер, кіргісі келгендерге де жол бермейсіңдер!
14 (Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Жесір әйелдердің үй-жайын ішіп-жеп тауысып, әдейі көзге түсу үшін ұзақ мінажат етіп жүрсіңдер. Сол үшін де бәрінен бетер қатаң жазаланатын боласыңдар-ау!)
15 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Бір-ақ адамды болса да дінге кіргізу үшін жиһан кезіп, су кешесіңдер. Ал кіргізген соң оны өздеріңнен екі есе бетер теріс жолға салып, тозаққа түсетін қыласыңдар!
16 Көр соқыр жетекшілер, сендер қасіретке қаласыңдар! Себебі былай деп үйретесіңдер: «Біреу киелі үйдің атымен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер киелі үйдегі алтынмен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті».
17 Ей, соқыр да надандар-ай! Не артық, алтын ба немесе алтынды қасиетті ететін киелі үй ме?
18 Сендер тағы: «Кім құрбандық үстелімен ант етсе, сол мұнысын орындауға міндетті емес. Ал егер ол соның үстіндегі құрбандықпен ант етсе, онда ол сол антын орындауға міндетті» дейсіңдер.
19 Ей, соқырлар-ай! Қайсысы артық: құрбандық па, әлде соны қасиетті қылатын құрбандық үстелі ме?
20 Ендеше, құрбандық үстелімен ант еткен сол үстелмен және оның үстіндегілердің бәрімен де ант береді ғой.
21 Сол сияқты, киелі үйдің атымен ант еткен, киелі үймен және онда тұратын Жаратқан Иенің атымен де ант береді.
22 Сондай-ақ, көктің атымен ант еткен, Құдайдың тағымен және тақ үстінде отырған Оның Өзінің атымен де ант береді.
23 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті (бақшадан жиналған) жалбыз, аскөк, зире сияқты майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің құнының да оннан бір бөлігін садақаға бересіңдер. Бірақ та Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмей келесіңдер. Біріншісін істеп, екіншісін де қалдырмағандарың дұрыс болар еді.
24 «Масаны сүзіп тастап, түйені жұтып қоятын» соқыр жетекшілер-ай!
25 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсімін орындай бересіңдер. Бірақ олардың іші алдамшылықпен әрі ашкөздікпен тартып алған тағамдарыңа толы.
26 Соқыр парызшылдар! Сыртының да таза болуы үшін, алдымен ыдыс-аяқтың ішін тазартыңдар!
27 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Әктелген молаларға ұқсайсыңдар: олар сыртынан әдемі болып көрінеді, бірақ іштері өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы.
28 Солар сияқты сендер де сырттарыңнан әділ болып көрінгенмен іштерің екіжүзділік пен күнәға лық толы!
29 Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Пайғамбарларға әдемілеп мазар салып, әділдердің ескерткіштерін әшекейлеп безендіресіңдер.
30 Және: «Біздер ата-бабаларымыздың заманында өмір сүрген болсақ, олар сияқты пайғамбарлардың қанын төкпеген болар едік» дейсіңдер.
31 Сол арқылы сендер пайғамбарларды өлтіргендердің үрім-бұтағы екендеріңді мойындап, өздеріңе қарсы куәлік келтіресіңдер.
32 Осылайша ата-бабаларыңның жауыздық істерінің мөлшерін толықтыра түсесіңдер!
33 Ей, жыландар, улы жыланның ұрпағы! Сендер сотталып, тозаққа түсуден қалай құтылмақсыңдар?
34 Сол үшін де тыңдап алыңдар: Мен сендерге Құдайдың хабарын жеткізушілерді, дана адамдарды және киелі жазбаларды үйретуші ғұламаларды жіберемін. Бірақ сендер солардың біреулерінің көздерін құртып, кейбіреулерін айқышқа шегелетіп өлтіріп, тағы басқаларын мәжілісханаларыңда дүрелеп сабап, қаладан қалаға қудалайтын боласыңдар.
35 Сол үшін де кінәсіз Әбілден бастап, өздерің киелі үй мен құрбандық үстелінің арасында өлтірген Барақияхтың ұрпағы Зәкәрияға дейін жер бетінде төгілген күллі әділдердің қандарының құны сендердің мойындарыңа жүктелетін болады!
36 Сендерге шындығын айтамын: мұның барлығы да осы ұрпақтың мойнына жүктеледі!
37 Ей, Иерусалим қаласы, пайғамбарлардың көзін құртып, Құдай саған жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым. Бірақ сендер одан бас тарттыңдар!
38 Сондықтан үйлерің қаңырап, бос қалдырылады.
39 Сендерге шындығын айтайын: бұдан былай, «Жаратқанның атынан келе жатқан (Патша) жарылқанған!» деп шақырған уақыттарыңа дейін, Мені қайтып көрмейсіңдер.