Skip to content

онымен сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ асып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған күллі өсиеттерін сақтап орындайтын болсаңдар, Ол сендерді жер бетіндегі барлық халықтардан жоғары қояды.
Иә, Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарын тыңдайтын болсаңдар, мына жарылқаулардың барлығы сендерге қонып, сендердікі болады:
Қалада да, далада да жарылқаулы боласыңдар.
Сендердің ұл-қыздарың, жерлеріңнің өнімдері, малдарыңның төлдері: табындағы бұзауларың мен отардағы қозы-лақтарың жарылқаулы болады.
Өнім жинайтын себеттерің мен қамыр ашытатын ыдыстарың да жарылқанады.
Келіп-кету жолдарың да жарылқаулы болады.
Жауларың сендерге қарсы көтерілсе, Жаратқан Ие оларды көз алдарыңда тізе бүктіреді. Олар сендерге қарсы бір жолмен аттанса, жеті жолмен кері қашады.
Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе беріп жатқан елінде сендерді жарылқап, қамбаларыңа және қолға алған барлық іс-әрекеттеріңе ақ батасын жаудырады.
Егер де Құдайларың Жаратқан Иенің өсиеттерін сақтап, Оның тура жолымен жүретін болсаңдар, онда Жаратқан Ие ант еткеніндей, сендерді Өзіне бағышталған қасиетті халқы етіп бекітеді.
10 Сонда жер бетіндегі күллі халықтар Жаратқан Иенің атымен аталғандарыңды көріп, сендерді қастерлеп, сендерден қаймығатын болады.
11 Жаратқан Ие ата-бабаларыңа сендерге табыстауға ант еткен елінде әр түрлі игіліктерді молынан сыйламақ: сендердің ұл-қыздарыңа, малдарыңның төлдеріне, жеріңнің өніміне Ол ағыл-тегіл молшылық дарытады.
12 Жаратқан Ие Өзінің «игілікті қазынасын», яғни «аспанның қақпаларын», ашып, еліңе мезгілінде жаңбыр жаудырып, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. Сендер көп халықтарға қарыз беріп, өздерің ешқайсысынан қарыз алмайсыңдар.
13 Егер де Құдай Иелеріңнің өсиеттеріне құлақ асып, оларды сақтап орындайтын болсаңдар, онда Жаратқан Ие сендерді көштің аяғы емес, басы етеді. Сендер төменде емес, тек жоғарыда жүретін боласыңдар.
14 Сонымен, мен бүгін сендерге тапсырған өсиеттердің ешқайсысынан да не оңға, не солға бұрылмаңдар, әрі жалған тәңірлердің жолына түсіп, оларға құлшылық етпеңдер!
15 Алайда егер сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған Оның өсиеттері мен ережелерін сақтап орындамасаңдар, онда төмендегі барлық қарғыстарға ұшырайсыңдар:
16 Қалада да, далада да қарғыс атқан боласыңдар.
17 Өнім жинайтын себеттерің мен қамыр ашытатын ыдыстарыңды қарғыс атады.
18 Сендердің ұл-қыздарыңды, жерлеріңнің өнімдерін, малдарыңның төлдерін: табындағы бұзауларың мен отардағы қозы-лақтарыңды қарғыс атады.
19 Келіп-кету жолдарыңа да қарғыс тиеді.
20 Сендер Өзінен бас тартып, зұлымдық жасағандықтан кенеттен құрып, жоқ болып кеткенше Жаратқан Ие сендердің қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді қарғысқа, абыржу мен табыссыздыққа ұшыратады.
21 Сендер қазір кіріп, иемденгелі тұрған елден құрып кеткенше Жаратқан Ие сендерге індет жұқтырады.
22 Жаратқан Ие сендерге өкпе ауруын жібереді, содан денелеріңнің ыстығы көтеріліп, қабына ауырасыңдар. Сонымен қатар, Ол сендерге аптап ыстық пен қуаңшылық жолдап, егістіктерің қурап, ал қурамағаны көгеріп-шіріп, өсімдік татынан да құрып кетпек. Сендер әбден жойылып бітпейінше осы апаттар арттарыңнан қалмайтын болады.
23 Төбелеріңдегі аспан қолаға айналғандай, жаңбыр жаумайды, ал астарыңдағы жер темірдей қатайып, кеуіп қалады.
24 Сендер жоқ болып құрып кеткенше Жаратқан Ие жерлеріңе аспаннан жаңбыр емес, шаң-тозаң жаудыратын болады.
25 Жаратқан Ие сендерді жауларыңа жеңілдіреді. Оларға қарсы бір жолмен аттансаңдар, жеті жолмен кері қашатын боласыңдар. Жер бетіндегі барлық патшалықтар үшін қорқынышты көрініске айналасыңдар.
26 Сендердің мәйіттерің аспандағы жыртқыш құстар мен жердегі аңдарға жем болады, оларды үркітіп жіберетін ешкім болмайды.
27 Жаратқан Ие сендерге мысырлық шиқандарды: іріңді жара, қатерлі ісік, қышыма-қотырды жаппай жұқтырып, солардан жазыла алмайсыңдар.
28 Сонымен қатар Жаратқан Ие сендерді ақыл-естеріңнен айырып, соқыр қылып, абыржытатын болады.
29 Соқырдың қараңғыда сипалағанындай, сендер тал түсте сипаланып қаласыңдар. Не істесеңдер де, істерің оңға баспайды. Ұдайы зорлық-зомбылық көріп, тоналасыңдар. Ал өздеріңді құтқаратын ешкім де болмайды.
30 Құда түсіріп, айттырып қойған қалыңдықтарыңды бөтен біреулер алып, олармен жақындасады. Салған үйлеріңде өздерің тұра алмайсыңдар, отырғызған жүзімдіктеріңнің жемісін ешқашан жемейсіңдер.
31 Жауларың мүйізді ірі қараларыңды көз алдарыңда сойып алып, сендерге бір түйір ет те татқызбайды. Есектеріңді айдап әкетіп, қайтарып бермейді, қой-ешкілерің де жауларыңның қолына беріледі. Ал оларды құтқарып, қайтарып беретін ешкім де болмайды.
32 Ұл-қыздарың бөтен халыққа құлдыққа түсіп, қарсы тұруға әлдерің жетпейді. Қайтып келе ме деп, күн сайын қарай-қарай көздерің талады.
33 Сендер бұрын білмеген жат жұрттық халық жерлеріңнің өнімін жеп, еткен еңбектеріңнің пайдасын көреді. Сендер өмір бойы қаналып, жәбір көретін боласыңдар.
34 Осының бәрін өз көздеріңмен көргенде ақыл-естеріңнен айырыласыңдар.
35 Жаратқан Ие тізелерің мен сандарыңа жаман алапес жұқтырып, ол басыңнан аяғыңа дейін тұла бойларыңа қаптап кетіп, содан сауыға алмайсыңдар.
36 Жаратқан Ие өздеріңді де, билік жүргізуге өздерің таңдап алған патшаны да не сендер, не ата-бабаларың бұрын білмеген халықтың арасына айдатып жібереді. Сол жерде жалған тәңірлердің ағаштан, тастан жасалған мүсіндеріне құлшылық ететін боласыңдар.
37 Жаратқан Ие сендерді бөтен халықтардың арасына айдатып жібергенде, олардың бәрі кешкен азаптарыңды көріп, шошынады. Сендерді мазаққа айналдырып, келекелейтін болады.
38 Егістіктеріңе мол тұқым сепсеңдер де, шегіртке жайпап кететіндіктен өнімдерің аз болмақ.
39 Жүзімдіктер отырғызып, өңдеп баптасаңдар да, құрт жалмап қоймайтындықтан олардан жиналатын жүзім болмай, шырынын іше алмайсыңдар.
40 Бүкіл елдеріңде зәйтүн ағаштары өсіп тұрса да, жемісінің бәрі мерзімінен бұрын түсіп қалатындықтан, қолданатын зәйтүн майларың болмайды.
41 Ұл-қыздарың туып-өскенмен, олар тұтқынға түскендіктен қастарыңда тұрмайды.
42 Құжынап ұшып келген шегірткелер ағаштарыңды да, егістіктеріңнің өнімін де жалмап кетеді.
43 Араларыңда тұратын жат жұрттықтардың жағдайы жоғарылап, сендер төмендей бересіңдер.
44 Олар сендерге қарыз бере алып, өздерің оларға ешқандай қарыз бере алмайсыңдар. Олар көштің басы, сендер аяғы боласыңдар.
45 Сендер Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, Оның өсиеттері мен ережелерін сақтап орындамағандарыңа бола осы қарғыстардың бәрі бастарыңа түсіп, арттарыңнан қалмай қояды. Олар сендерді түбінде құртпай тынбайды.
46 Осы апаттар сендерге және кейінгі ұрпақтарыңа Жаратқан Иенің қарғысы тигенінің белгісі болады.
47 Өйткені сендер бар игіліктерге кенелген кездеріңде Құдайларың Жаратқан Иеге шат жүрекпен мойынсұнып, қуана қызмет етіп жүрмедіңдер.
48 Сондықтан енді арып-ашып, шөлдеп, жалаңаш жүріп, қай нәрсеге де тарығып, Жаратқан Ие сендерге қарсы аттандырған жауларыңа қызмет ететін боласыңдар. Ол сендерді құртып жібергенше мойындарыңа құлдықтың «темір қамытын» салып қояды.
49 Жаратқан Ие сендерге қарсы алыстан, тіпті жердің шетінен бір халықты төменге шүйілген бүркіттей аттандырып келтіреді. Сол халық сендер түсінбейтін бөтен тілде сөйлеп,
50 айбарлы болып көрінеді. Олар кәріге құрмет, кішіге мейірім көрсетпейді.
51 Сол халық сендерді құртып болғанша малдарыңның төлдерін, егістіктеріңнің өнімін жеп қояды да, астықтарыңды, жүзім шырындарың мен зәйтүн майларыңды, бұзауларың мен тоқтыларыңды түгел сендерден тартып ала береді. Осылайша сендер ойран боласыңдар.
52 Дұшпандарың елдегі барлық қалаларыңды қоршап алып, олардағы сендер сенім артқан зәулім қамалдарыңды қиратады. Сонда жау Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстаған еліндегі барлық қалаларыңды қоршап алып, сендерді қыспақтайтын болады.
53 Жауларың қалаларыңды қоршап, қыспаққа алғанда сендер шексіз азап шеккендіктен, тіпті өздеріңнің туған балаларыңды, иә, Құдайларың Жаратқан Ие сендерге сыйлаған ұл-қыздарыңның етін жейтін боласыңдар!
54 Араларыңдағы ең нәзік жанды, сезімтал деген адамның өзі де енді бауырынан, отасқан әйелінен, тірі қалған балаларынан қызғанып,
55 олардың ешқайсысына да өзі жеп отырған баласының етінен бір түйір де бермейді. Себебі жау барлық қалаларыңды жан-жақтан қоршап, бастарыңа ауыр азап тудырғандықтан одан басқа жейтін еш нәрселерің болмайды.
56 Араларыңдағы ең нәзік жанды, сезімтал, талғампаздығы мен ақсаусақтығы сондай, аяғын жерге тигізбей жүріп келген әйел енді отасқан сүйікті күйеуінен, туған ұл-қызынан қызғанып,
57 жаңа туған нәрестесі мен баланың жолдасын кейін жеу үшін тығып қояды. Себебі жау барлық қалаларыңды жан-жақтан қоршап, бастарыңа ауыр азап тудырғандықтан одан басқа жейтін еш нәрселерің болмайды.
58 Сонымен, егер сендер осы кітапта жазылған Таурат заңының барлық ережелерін сақтап орындамасаңдар, әрі Құдай Иелеріңнің ұлы да айбынды атына мойынсұнып, Оны құрметтемесеңдер,
59 онда Жаратқан Ие сендерді және кейінгі ұрпақтарыңды сұрапыл азаптарға ұшыратып, ұзаққа созылатын ауыр індеттерді, қорқынышты да созылмалы ауру-сырқауларды жібереді.
60 Осылай Ол сендер Мысырда жүргенде қатты қорқатын індеттердің бәрін де жібереді. Солар сендерге ұзақ уақытқа жабысады.
61 Бұларға қоса, Жаратқан Ие осы Таурат заңы кітабында айтылмаған басқа да көптеген ауру-сырқаулар мен індеттерді сендер әбден құрып біткенше жіберіп отырады.
62 Бір кезде сендердің сандарың аспандағы жұлдыздай көп болғанмен, сендерден азғана адамдарың тірі қалатын болады, себебі Құдайларың Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспадыңдар.
63 Бұрын Жаратқан Ие сендерге жақсылық жасауды, сандарыңды көбейтуді қалай ұнатқан болса, енді Ол сендерді құртып, жоқ қылуды да солай ұнататын болады. Осылай сендер қазір кіріп, иемденгелі тұрған елдеріңнен түпкілікті аластатыласыңдар.
64 Сонымен қатар, Жаратқан Ие сендерді барлық халықтардың арасына шашыратып, жер бетінің бір шетінен келесі шетіне дейін бытыратып жібереді. Сол жерлерде сендер өздерің де, ата-бабаларың да еш білмеген бөгде тәңірлерге: ағаштан, тастан жасалған тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар.
65 Сендерге сол халықтардың арасында да тыныштық болмайды. Аяқтарың дамыл таппай ел кезетін боласыңдар. Жаратқан Ие сендерге дірілдеп үрейленген жүрек, көз жасын төгіп, көруден қалған көз және үміті үзіліп торыққан көңіл береді.
66 Өмірлерің қыл үстінде тұрып, күні-түні елегізіп қорқатын боласыңдар, амандықтарыңа сенімдерің болмайды.
67 Айналаларыңда болып жатқан нәрселерді көріп, жүректеріңді қорқыныш жайлап, таңертең: «Тезірек кеш батса екен!», ал кеште: «Тезірек таң атса екен!» деп тілейтін боласыңдар.
68 Мен сендерге: «Енді бұдан былай бұл жолды ешқашан да қайтып көрмейсіңдер!» деген едім, бірақ Жаратқан Ие сендерді кемемен дәл сол жаққа: Мысыр еліне қайтадан жібереді. Сол жерде дұшпандарыңа құл не күң ретінде сатылмақ болсаңдар да, сендерді сатып алатын ешкім болмайды.

ұлар Жаратқан Иенің (Өзінің атынан) Мұсаға Моаб елінде Исраилдің руларымен жасатқан Келісімінің шарттары. Осы Келісімді Жаратқан Ие (Синай түбегіндегі) Хориб тауында жасаған Келісімге қоса жасауды бұйырды.
Мұса бүкіл Исраил халқын шақырып алып, оларға былай деді: «Мысыр елінде Жаратқан Иенің перғауынға, оның барлық нөкерлері мен бүкіл еліне істегендерін түгел көрдіңдер.
Жаратқан Иенің соларды өткізген алапат сынақтарын, Оның құдіретті істер жасап, Өзінің шынайы Құдай екендігін дәлелдейтін кереметтерін көздеріңмен көргенсіңдер.
Сонда да Жаратқан Ие сендерге осы күнге дейін (Өзінің еркін) ұғатын ақыл-сана, (шындығын) көретін көз, (айтқандарын) тыңдайтын құлақ сыйлаған емес.
Қырық жыл бойы сендерді иен далада бастап жүрдім. Сонда киім-кешектерің де, аяқкиімдерің де тозып қалған емес.
Сендердің жейтін нандарың, ішетін жүзім шырыны мен ашытылған сусындарың болмай, (Оның Өзі сендерді тамақтандырды). Осылайша сендер Оның Құдайларың Жаратқан Ие екенін біле алдыңдар.
Осы жерге келген кезімізде Хешебонның патшасы Сихон мен Башанның патшасы Ог бізбен айқасқа шықты. Бірақ біз оларды жеңіп,
жерлерін иемденіп, Рубен, Ғад руларына және Манаса руының жартысына мұралық меншікке бердік.
Енді осы Келісімнің шарттарын орындап сақтаңдар, сонда күллі іс-әрекеттеріңде табысты боласыңдар.
10 Бүгін бәрің де Құдайларың Жаратқан Иенің алдында тұрсыңдар: рубасыларың, ақсақалдарың және басқарушыларыңмен бірге Исраилдің басқа да барлық адамдары,
11 бала-шағаларың, әйелдерің және қоныстарыңда өздеріңмен бірге тұрып, сендерге отын жарып, су таситын жат жұрттықтар.
12 Сендер Құдайларың Жаратқан Иемен Келісім жасау үшін осы жерде тұрсыңдар. Жаратқан Ие оны бүгін сендермен жасап, антпен бекітеді.
13 Өзі сендерге уәде беріп, ежелде ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа ант еткендей, сендердің (сиынатын жалғыз) Құдайларың болу үшін, Ол бүгін сендерді Өзінің меншікті халқы етіп бекітпек.
14 Мен антпен бекітілген осы Келісімді сендер үшін ғана емес,
15 бүгін осында бізбен бірге Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында тұрып жатқандар әрі қазір арамызда жоқ, болашақта келер ұрпақтарың үшін де жасап отырмын.
16 Себебі сендер Мысырда қалай өмір сүргенімізді де, сол елден шығып, жау ұлттардың жерімен өтіп, осы жерге қалай жеткенімізді де білесіңдер.
17 Олар ағаш, тас, күміс және алтыннан жасап алған, Құдайға әбден жек көрінішті тәңір мүсіндерін көрдіңдер.
18 Араларыңда ешқашан бірде-бір еркек не әйел, әулет не ру Құдайымыз Жаратқан Иеден бас тартып, өзге халықтардың жалған тәңірлеріне құлшылық етуге бет бұрмасын! Ондай әрекет көктеп, қаулап өсіп, ащы да улы жеміс беретін тамырға ұқсап, бақытсыздық пен апат әкелмек.
19 Яғни, осы қарғыспен байланған анттың сөздерін естігенде іштей мақтанып, «Өз жүрегімнің қалауымен жүрсем де, аман-есен боламын» деп ойлайтын ешкім де болмасын! Өйткені мұнысы сулы да, сусыз да өлкелерге бірдей апат әкелер еді.
20 Жаратқан Ие мұндай зұлым адамды ешқашан да кешірмейді. Қайта, Оны сол кезде-ақ ашу кернеп, лаулаған қаһары сондай күнәкардың басына төгіледі. Осы кітапта жазылған қарғыстардың бәрі де оған тиіп, Жаратқан Ие оның атын аспан астындағылардың тізімінен өшіріп тастайды.
21 Осы Таурат кітабында жазылған Келісімде белгіленген барлық қарғыстарға сәйкес, Жаратқан Ие сондай күнәкарларды Исраилдің күллі руларының ішінен аластатып, апат-кеселдерді дәл солардың бастарына төгіп, құртады.
22 Сендердің ұл-қыздарың мен олардың болашақ ұрпақтары және алыс елдерден келген жат жұрттықтар елдеріңнің қаңырап бос тұрғанын, әрі Жаратқан Иенің сендерге ауру-індет жіберіп, қалжырап болдырғандарыңды көргенде былай дейтін болады:
23 «Жаратқан Ие Содом, Ғомора, Адма және Себоим қалаларына қаһарын төгіп, құртып жіберген кездегідей, бүкіл елді өрт жайлап, күкірт пен тұз басады. Жерге еш нәрсе себілмейді де, еш нәрсе көктеп, өсіп шықпайды да».
24 Соны көріп, күллі халықтар да: «Жаратқан Ие неліктен осы елге мұны істеді екен? Неден оған қаһарын соншама төкті?» — деп сұрайтын болады.
25 Сонда оларға мына жауап беріледі: «Бұл елдің адамдары өз ата-бабалары сиынған Құдай — Жаратқан Иенің Келісімінен бас тартты. Ол өздерін Мысырдан құтқарып алып шыққан кезінде сол Келісімді олармен жасаған болатын.
26 Алайда олар өз беттерімен кетіп, бұрын танып-білмеген және Жаратқан Ие өздеріне белгілемеген (жалған) тәңірлерге бас ұрып, құлшылық ете бастады.
27 Сондықтан да Жаратқан Иенің қаһары осы елге қарсы лаулап, Ол Таурат кітабында жазылған қарғыстардың бәрін олардың бастарына түсірді.
28 Осылайша қатты ашуланып, қаһарын төге наразыланған Жаратқан Ие оларды туған елдерінен түп-тамырымен жұлып алып, бөтен елге лақтырып тастады. Күні бүгінге дейін олар сол жақта».
29 Ашылмаған құпиялар Құдай Иеміздікі. Ал ашылғандары бізге және ұрпақтарымызға арналған. Сондықтан да біз осы Таурат заңының күллі ережелерін мәңгі бақи жүзеге асыруымыз керек.

олашақта Мен сендерге айтып берген барлық баталар мен қарғыстар бастарыңа түсіп, Құдайларың Жаратқан Ие сендерді бытыратып шашып жіберген түрлі жат халықтардың арасында тұрып жатсаңдар, осы нұсқауларымды естеріңе алыңдар!
Егер сендер және балаларың Құдайларың Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиеттерге сай Оған шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен мойынсұнсаңдар,
онда Құдай Иеміз сендерді құлдықтан қайтарып алып, аяп-мүсіркейді. Ол сендерді Өзі шашыратып жіберген халықтардың арасынан қайтадан жинап алмақ.
Тіпті жердің қиыр шеттеріне аластатылған болсаңдар да, Құдай Иеміз сендерді сол жақтан да жинап,
ата-бабаларың иемденген елге қайтарып алып келеді. Содан осы елге тағы да ие боласыңдар. Құдай Ие сендерді ата-бабаларыңнан да асқан дәулетті әрі сансыз көп етеді.
Сендер Құдайларың Жаратқан Иені шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен сүйіп, қайтадан елдеріңде өмір сүре алуларың үшін Ол сендердің және ұрпақтарыңның жүректеріңді жаңартып, күнәдан тазартатын болады.
Сонда Құдайларың Жаратқан Ие сол қарғыстардың бәрін сендерді жек көріп, қудалаған жауларыңның бастарына түсіреді.
Сендер қайтадан Жаратқан Иеге құлақ салып, мен бүгін өздеріңе беріп отырған өсиеттерінің бәрін орындайсыңдар.
Содан Құдай Ие қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді молынан жарылқап, сендерге көп бала, сансыз мал, ағыл-тегіл өнім сыйлайды. Жаратқан Ие ата-бабаларыңа істегеніндей, сендерге де қайтадан игілік сыйлап, сонысына қуанатын болады.
10 Егер сендер Құдайларың Жаратқан Иеге мойынсұнып, осы Таурат заңы кітабында жазылған Оның өсиеттері мен ережелеріне бағынып, шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен Оған қайтадан бет бұрсаңдар, осылай болады.
11 Мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиет сендер үшін тым қиын әрі алыс нәрсе емес.
12 «Оны орындауымыз үшін кім көкке көтеріледі де, оны жерге алып келіп, бізге жариялайды?» деп сұрайтындай, бұл өсиет тек көкте емес.
13 Немесе: «Оны орындауымыз үшін кім теңізді кесіп өтіп, оны алып келіп, бізге жариялайды?» деп сұрайтындай, осы өсиет тек теңіздің ар жағында да емес.
14 Жоқ, бұл сөз саған өте жақын, ол ауызыңда және жүрегіңде. Сондықтан оны орындай аласың.
15 Бері қараңдар! Мен бүгін өмір мен игілікке және өлім мен қырғынға (апаратын екі жолды өздерің таңдап алуларың үшін) алдарыңа қойып отырмын.
16 Сендерге бүгін Құдайларың Жаратқан Иені сүйіп, Оның жолдарымен жүріп, өсиеттерін, ережелерін және шешімдерін орындауды тапсырамын. Егер осылай істесеңдер, қазір кіріп, иемденгелі жатқан елде Құдай Иеміз сендерді жарылқап, осылайша аман-есен өмір сүріп, өсіп-өнетін боласыңдар.
17 Бірақ егер жүректерің басқа жаққа бұрылып, осы нұсқауларыма құлақ салмай, шындық жолдан азғырылып, бөгде тәңірлерге иіліп құлшылық етсеңдер,
18 мен бүгін сендерге құритындарыңды ескертемін. Онда иемдену үшін Иордан өзенінен өтіп, кіріп жатқан осы елде ұзақ өмір сүрмейсіңдер.
19 Мен бүгін сендерге қарсы көк пен жерді айғақ болуға шақырып отырмын: таңдап алуларың үшін өмір не өлім, жарылқау не қарғыс әкелетін жолдарды алдарыңа жайып салдым. Ендеше өмірді таңдап алсаңдар ғой! Осылай өздерің де, ұрпақтарың да аман-есен өмір сүріп,
20 Құдайларың Жаратқан Иені сүйсеңдер, Оның дауысына құлақ салып, Онымен тығыз байланыста тұрсаңдар, шіркін! Себебі шынайы өмірлерің осы. Сонда Жаратқан Ие ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа антпен уәде еткен елінде өздеріңді ұзақ уақыт мекендететін болады.

ұдан кейін Мұса бүкіл Исраил халқына тағы мына сөздерді айтты:
— Жасым енді жүз жиырмаға келді, бұдан былай сендерді жетелеп бастай алмаймын. Жаратқан Ие маған: «Сен Иордан өзенінің арғы жағына өтпейсің», — деген болатын.
Сендерді сол өзеннен бастап өткізетін Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі. Ол алдарыңдағы жау халықтардың бәрін қырып, сендер осы елді иемденетін боласыңдар. Жаратқан Иенің айтқанындай, Ешуа да сендерді бастап өзеннен өтеді.
Аморлықтардың патшалары Сихон мен Огты өздерінің елдерімен бірге құртып жібергені сияқты, Жаратқан Ие өзеннің арғы жағындағы халықтарға да солай істейді.
Жаратқан Ие оларды қолдарыңа тапсырады, ал сендер мен өздеріңе табыс еткен бұйрықтардың бәрін оларға орындауға тиіссіңдер.
Қайратты да батыл болыңдар, жауларыңнан еш үрейленіп қорықпаңдар! Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады. Ол сендерді ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды.
Бұдан кейін Мұса Ешуаны шақырып алып, бүкіл Исраил халқының алдында оған былай деді: «Қайратты да батыл бол! Себебі сен осы халықты ертіп Жаратқан Ие оларға сыйлауға ата-бабаларына уәде еткен елге кіресің. Сол елді оларға мұралық меншікке үлестіріп беруге тиіссің.
Жаратқан Иенің Өзі алдыңда жүріп саған жар болады. Ол сені ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды. Еш нәрседен уайымдап, қорқушы болма!»
Сонымен Мұса (пайғамбар) осы Таурат заңын жазып қойды. Оны Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүретін леуілік діни қызметкерлерге және Исраилдің күллі рубасыларына тапсырып,
10 оларға былай деп өсиет етті: — Әр жеті жылдың соңындағы қарыздар кешірілетін жылғы Күркелер мейрамы кезінде
11 бүкіл Исраил халқы Құдай Иеміз таңдап алған жерде Оның алдына жиналсын. Сол кезде осы Таурат заңын бүкіл жамағатқа дауыстап оқып беріңдер!
12 Олар Таурат заңын тыңдап, үйреніп, Құдай Иемізді терең қастерлеп, Таураттың барлық ережелерін сақтап орындаулары керек. Бүкіл халықты жинауға тиіссіңдер. Еркек не әйел болсын, балалар не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар болсын, бәрі де келуге міндетті.
13 Сендер Иордан өзенінен өтіп, кірген соң иемденетін елді мекендеген барлық кездеріңде осы Таурат заңын білмей өскен ұрпақтарың да оны тыңдап, Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеуді үйренулері қажет.
14 Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: «Біліп қой, бұ дүниеден өтетін уақытың таяп қалды. Ешуаны шақырып алып, екеуің кездесу шатырында тұрыңдар. Мен оған сол жерде нұсқауларымды тапсырамын». — Сонымен Мұса мен Ешуа кездесу шатырының алдына келді.
15 Жаратқан Ие бағана тәрізді бұлт ішінде кездесу шатырында пайда болды. Бұлт шатырдың кіреберісінің үстінде тұрды.
16 Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: «Міне, сенің көз жұмып, ата-бабаларыңа аттанатын уақытың жетті. Ал содан кейін бұл халық кіргелі тұрған елде азғындыққа салынып, сол елдің бөгде тәңірлерінің жолына түсетін болады. Осылай халық Менен бас тартып, олармен жасаған Келісімімді бұзады.
17 Сонда қаһарым оларға жалындай лаулап, Мен олардан бас тартып, бет-жүзімді жасырамын. Олар қырғынға ұшырап, бастарына көптеген бақытсыздықтар мен ауыртпалықтар түседі. Сол күндері халық: «Осы бақытсыздықтардың басымызға түскені Құдайымыздың бізбен бірге жүріп, жар болмағандығынан емес пе?» деп сұрайтын болады.
18 Ал Мен олардың бөгде тәңірлерге бұрылып, істеген барлық әділетсіз іс-әрекеттері үшін олардан бет-жүзімді шүбәсіз жасырамын.
19 Сонымен Исраил халқына қарсы Менің айғағым болу үшін мына жырды жазып қойып, оларға үйретіп, ән салғыз.
20 Себебі Мен оларды ата-бабаларына уәде еткен, ағы мен балы ағыл-тегіл елге бастап апарғаннан кейін олар ішіп-жеп тойынып, семіріп, бөгде тәңірлерге бет бұрып, құлшылық ететін болады. Сонда олар Менен бас тартып, өздерімен жасаған Келісімімді бұзады.
21 Уақыты келіп, көптеген бақытсыздықтар мен ауыртпалықтар бастарына түскен кезде осы жыр оларға қарсы айғақ болады. Себебі бұл жыр ұрпақтарының аузынан түспейтін болады. Мен оларды антпен уәде еткен елге кіргізбей тұрып-ақ, олардың қазіргі ой-ниеттерін жақсы білемін».
22 Сол күні-ақ Мұса осы жырды жазып алып, Исраил халқына үйретті.
23 Мұнан кейін Жаратқан Ие Нұн ұлы Ешуаға бұйрық беріп былай деді: «Қайратты да батыл бол! Өйткені исраилдіктерді Мен оларға антпен уәде еткен елге бастап алып кіресің. Мен Өзім сенімен бірге жүріп жар боламын».
24 Мұса осы Таурат заңының күллі сөздерін бір кітапқа жазып бітіргенде,
25 Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүретін леуіліктерге былай деп бұйырды:
26 «Мына Таурат заңының кітабын алып, Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығының бір жағына салыңдар. Ол халыққа қарсы айғақ болып сол жерде қалсын».
27 Сендердің қандай бас көтергіш, тоңмойын қыңыр халық екендеріңді білемін. Мен әлі де тірі болып, қастарыңда жүрсем де, сендер Жаратқан Иеге бағынбай келесіңдер. Ендеше мен өлгеннен кейін одан бетер болмай ма?!
28 Барлық рубасыларың мен басқарушыларыңды маған жинап алып келіңдер! Осы сөздерімді дауыстап айтып беріп, көк пен жерді оларға қарсы айғақ болуға шақырамын.
29 Мен өлгеннен кейін сендердің азғындыққа салынып, мен өздеріңе бұйырған жолдан тайып кететіндеріңді білемін. Сондықтан болашақта бастарыңа бақытсыздық түседі. Себебі Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, өз қолдарыңмен жасап алған тәңірсымақтарыңмен Оның ашуын туғызасыңдар».
30 Содан кейін Мұса бүкіл Исраил халқының алдында төмендегі жырды басынан аяғына дейін айтып берді.