Адам ата мен Хауа анадан (ғ.с.) бастап, Қабыл мен Абыл (ғ.с.) туралы оқиғалардан кейінгі келесі маңызды пайғамбар — Нұх (ғ.с.). Ол Адам атадан шамамен 1600 жыл өткен соң өмір сүрген. Батыстағы көптеген адамдар Нұх пайғамбар (ғ.с.) мен топан су туралы оқиғаға сенбейді. Бірақ жер бетінің көп бөлігін шөгінді жыныстар жауып жатыр — бұл су тасқыны кезіндегі лай мен шөгінділерден пайда болған қабаттар. Яғни, бізде бұл топан суға қатысты нақты геологиялық дәлелдер бар. Алайда Нұхтың (ғ.с.) бізге арналған нышан-белгісі не? Бұл туралы Таурат пен Құрандағы Нұх оқиғасын мына жерден оқи аласыз.
Рақымдылықты танып біле аламыз ба?
Мен Батыстағы адамдармен Алланың үкімі туралы сөйлескенде, олар жиі былай дейді:
«Мен үкім жайлы көп уайымдамаймын, өйткені Алла өте мейірімді. Ол мені шынымен жазаламайды деп ойлаймын».
Ал Нұхтың (ғ.с.) оқиғасы осы ойдың қате екенін терең түсінуге себеп болды. Иә, Алла мейірімді. Ол өзгермейді. Яғни Нұхтың заманында да мейірімді болды. Бірақ соған қарамастан, Алла бүкіл адамзатты (Нұх және оның отбасынан басқа) жойды.
Құранда Нұх сүресінде былай делінген:
«Күнәларының кесірінен олар суға батырылды да, артынан Отқа тасталды. Олар үшін Алладан басқа ешбір көмекші табылмады.»
— Нұх сүресі 71:25
Сонда Оның рақымдылығы қайда болды? Ол — кемеде еді. Құран былай дейді:
«Біз (Алла) оны және онымен бірге болғандарды кемеде құтқардық.»
— Ағраф сүресі 7:64
Алла Өзінің пайғамбары Нұх (ғ.с.) арқылы рақымдылықпен кеме ұсынды. Бұл кеме — кез келген адам үшін ашық болды. Кімде-кім кірсе — рақым мен қауіпсіздік табар еді. Бірақ адамдардың көпшілігі Нұхтың (ғ.с.) ескертуіне сенбей, оны мазақ етті. Егер олар кемеге кіргенде, Жазадан аман қалар еді.
Тек сену жеткілікті ме?
Құранда Нұхтың бір ұлы Аллаға және болашақ үкімге сенгені айтылады. Ол тауға шығып құтылуға тырысты — яғни ол Алланың үкіміне сенген. Бірақ мәселе — ол сенімін мойынсұнумен байланыстырмады. Ол өз бетінше жол тауып құтылғысы келді. Сонда Нұх оған:
«Бүгін Алланың әмірінен ешкім аман қалмайды, тек кімге Алла рақым етсе ғана!»
— Һуд сүресі 11:43
Бұл ұлға Алланың рақымдылығы қажет болды. Оның тауға шығу әрекеті пайдасыз еді. Ақыры, ол да мазақ еткендер сияқты суға батып өлді. Егер ол да кемеге кіргенде, тірі қалар еді. Осыдан біз бір нәрсені түсінеміз: тек сену жеткіліксіз.
Рақымға бөлену үшін Алланың дайындаған жолына — Оның рақымына бойсұну керек.
Кеме — Нұхтың нышан-белгісі
Нұх пайғамбардың (ғ.с.) бізге қалдырған нышаны — кеме. Бұл — Алланың үкімі туралы ескерту ғана емес, сонымен бірге құтқарылу жолы. Кемені Нұх бәрінің көз алдында салды. Ол — ашық түрде рақым мен үкімнің белгісі болды. Бірақ бұл рақымдылық тек Алла дайындаған жолмен ғана мүмкін еді.
Неге Нұх Алланың рақымын алды? Себебі Тауратта бірнеше рет:
«Нұх Жаратқан Иенің барлық бұйрықтарын орындады»
— деп жазылған.
Көбіміз тек өзіміз түсінген немесе өзімізге ұнаған нәрсені орындаймыз. Ал Нұх (ғ.с.) — бәрін орындады. Ол: «Мен басқа істерде жақсымын, сондықтан кемені салмай-ақ қояйын» деп ойламады. Ол не түсінді, не ыңғайлы көрінді, соны ғана емес, Алла бұйырғанның бәрін істеді. Бұл — біз үшін үлкен үлгі.
Құтқарылуға арналған есік
Тауратта айтылғандай, Нұх, оның отбасы және жануарлар кемеге кірген соң:
«Сонда Жаратқан Ие есікті жапты»
— Жаратылыстың басталуы 7:16
Кемедегі жалғыз есікті Алла өзі жапты. Үкім келген кезде сырттағы адамдар қанша есікті қағып жалынса да, оны ашу Нұхтың қолында болмады. Бірақ іште болғандар үшін бұл — үлкен қауіпсіздік болды. Жел де, толқын да Алланың есігін аша алмайды. Олар Оның қамқорлығында еді.
Алла өзгермейтін болғандықтан, бұл бізге де қатысты. Барлық пайғамбарлар тағы бір үкімнің келетінін ескертеді. Бірақ Нұхтың нышаны бізге былай дейді: Алла үкіммен бірге рақым да ұсынады. Бірақ Ол дайындаған жалғыз есікті (құтқарылу жолын) іздеңдер.
Пайғамбарлардың құрбандығы
Тауратта айтылғандай, Нұх (ғ.с.):
«Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалды. Ол үшін таза жануарлар мен құстардан алып, құрбандық үстелінде өртеп шалды.»
— Жаратылыстың басталуы 8:20
Бұл Адам ата мен Хауа ана және Қабыл/Абылдан (ғ.с.) басталған құрбандық үлгісінің жалғасы. Тағы да бір рет, жануардың өлімі мен қаны арқылы пайғамбар Аллаға сиынды. Тауратта айтылғандай, осы құрбандықтан кейін:
«Алла Нұх пен оның ұлдарын жарылқады»,
Жаратылыстың басталуы 9:1,8
және «Нұхпен Келісім жасады» — яғни енді бүкіл адамзатты топанмен жазаламаймын деді.
Нұхтың құрбандығы — оның құлшылығында маңызды рөл атқарды. Бұл бізге нышан ретінде берілді. Ендігі кезекте біз Лұт пайғамбардың (ғ.с.) нышан-белгісімен танысамыз.