Киелі кітап (Таурат, Забур және Інжіл) бізге дейін өзгеріске түспей, бұрмаланбай жеткенін Құран Кәрім мен Сүннеттің растағанын бұрын көрдік (бұл жайлы мына жерде және мына жерде айтылған). Бірақ бір сұрақ ашық күйінде қалып отыр: Құран түскеннен кейін Киелі кітап қажетсіз болып қалды ма? Басқаша айтқанда, Құран оны алмастырды ма? Осы сұраққа Құранның өзі не дейді?
“(Мұхаммед Ғ.С.) саған шындықпен Құранды түсірдік: ол алдында түскен кітаптарды растаушы әрі оларды қорғаушы. Ендеше, Алла саған жіберген аянмен адамдар арасында үкім бер. Өзіңе келген ақиқатты тәрк етіп, олардың қалауына ерме! Біз әрқайсыңа бір жол мен бағдарлама бердік. Егер Алла қаласа, барлығыңды бір үмбет етер еді. Бірақ Ол сендерге берген нәрселерінде сендерді сынағысы келеді. Ендеше, игілікке ұмтылыңдар. Бәріңнің қайтар жерлерің — Алланың құзыры. Ол сендердің таласқандарыңның ақиқатын айтып береді.”
— Мәида 5:48
“Құраннан бұрын Мұсаның кітабы жолбасшы және рақым ретінде түскен еді. Бұл кітап (Құран) — әділетсіздерді ескерту және жақсылық істейтіндерді қуанту үшін араб тілінде түсірілген растаушы кітап.”
— Ахқаф 46:12
“Бұл Құран — қалалардың анасы Меккеліктерді және оның маңындағыларды ескертуші ретінде түсірілген, өзінен бұрынғыны растаушы берекелі кітап. Ақыретке сенетіндер бұған сенеді әрі олар намаздарына ықтиятты.”
— Әнғам 6:92
“(Мұхаммед Ғ.С.) саған уахи еткеніміз — хақ. Ол — алдында түскенді растаушы. Расында, Алла — құлдарынан хабардар, көруші.”
— Фатыр 35:31
Осы аяттардың бәрі Киелі кітаптың бұрынғы ілімдерін ешкім өзгертпеген және бұрмаламағанын растап отыр. Басқадай айтқанда сенушілер бұрынғы аяндардан бас тартып, тек жаңа түскендерді қолдансын деген сөз жоқ. Керісінше сенушілер жаңа ашылғандарды зерттеп оқығандары сияқты бұрынғы ілімдерді де ұстануға тиіс деп жазылған.
Осы жайлы яғни, алдында түскендер мен жаңа түскен ілімдер арасында ешқандай айырмашылық жоқ екенін растайтын аяттар бар. Міне соның екеуі:
Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді .
Бақара 2:285
Және оларға былай де: «Біз Аллаға, бізге түсірілген Құранға, сондай-ақ Ыбырайым, Ысмайыл, Ысхақ, Яғқұп (Ғ.С.) пен оның ұрпақтарына, Мұса мен Ғисаға (Ғ.С.), әрі Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген аяндарға иман келтірдік. Біз олардың ешқайсысын бір-бірінен айырмаймыз. Бәріне де сенеміз және тек Аллаға бойұсынушылармыз» (Бақара 2:136).
Бірінші аятта пайғамбарлар арасында ешқандай айырмашылық жасалмауы керектігі айтылған — олардың бәрі бірдей құрметке лайық. Екінші аятта сол сияқты, әртүрлі пайғамбарларға түскен аяндардың арасында да айырмашылық жоқ екені атап өтілген — сенушілер олардың бәрін бірдей қабылдауы тиіс. Яғни бұл жерде бұрынғы аяндар кейінгісіне ауыстырылды немесе енді қажетсіз деген ешқандай мәлімдеме жоқ. Мұндай идеяны аяттар қолдамайды.
Бұл қағида Иса Мәсіхтің (ғ.с.) үйреткен ілімдерімен де толық сәйкес келеді. Ол ешқашан Таурат пен Забур ескірді немесе жарамсыз деп айтқан емес. Керісінше, олардың маңыздылығы арта түсетінін үйретті. Інжілде Иса Мәсіхтің Мұса пайғамбардың (ғ.с.) жазған Тауратына деген терең құрметі айқын көрінеді:
«Мені Таурат заңы мен пайғамбарлар жазбаларын жою үшін келді деп ойламаңдар. Мен оларды жою үшін емес, қайта, толық орындалуы үшін келдім. Сендерге шын айтамын: аспан мен жер жойылып кетпейінше, Таурат заңынан бірде-бір әріп, тіпті бір кішкентай сызық та жойылмайды — бәрі де жүзеге асады. Сондықтан кімде-кім сол өсиеттердің тіпті ең кішкентайын бұзып, өзгелерді де соған үйретсе, Құдай Патшалығында ең кішісі аталады. Ал оларды орындап, өзгелерді де соған үйреткендер Құдай Патшалығында үлкен деп аталады. Сендерге айтамын: егер әділдіктерің дін мұғалімдері мен парызшылдардан артық болмаса, Құдай Патшалығына кіре алмайсыңдар!»
Матай 5:17-20
Сондай-ақ Ол өз ілімдерін дұрыс түсіну үшін алдымен Таурат пен Забурды терең зерттеу қажет екенін де айқындап айтты. Ол шәкірттеріне:
«Оларға Мұса мен барлық пайғамбарлардан бастап, Киелі жазбалардың бәрінде Өзі туралы айтылғандарды түсіндіріп берді».
— Лұқа 24:27
«Сендермен бірге жүрген кезімде өздеріңе айтқаным — Мұсаның Таурат кітабында, пайғамбарлардың жазбаларында және Забурда Мен туралы жазылғанның бәрі орындалуы тиіс болатын», — деді.
— Лұқа 24:44
Иса Мәсіх (ғ.с.) бұрынғы аяндарды жоққа шығарған жоқ. Керісінше, Оның ілімі сол бұрын түскен Таурат пен Забурға негізделген болатын. Сондықтан біз де Оның үлгісімен жүріп, Інжілді дұрыс түсіну үшін алдымен Таурат пен Забурдан бастағанымыз жөн — өйткені олар осы ілімге негіз қалаушы болып табылады.