Skip to content
Home » Лұттың Нышан-Белгісі

Лұттың Нышан-Белгісі

  • by

Тауратта Лұт Ыбырайым пайғамбардың (ғ.с.) немере інісі ретінде сипатталады. Ол өмір сүру үшін ауыр күнәға батқан қаланы таңдады. Бірақ Алла оның осы таңдауын бүкіл адамзатқа арналған бір нышан-белгіге айналдырды. Бұл қандай нышан-белгі? Бұл сұраққа жауап беру үшін осы оқиғадағы барлық кейіпкерлерге мұқият қарауымыз керек. Құран мен Тауратта жазылған бұл оқиғаны оқу үшін осында басыңыз.

Таурат пен Құранда бұл оқиғаға қатысқан үш түрлі топтағы адамдар мен Алланың хабаршылары – періштелер туралы айтылады. Енді әрқайсысына жеке тоқталайық.

Содом тұрғындары

Бұл қала тұрғындары азғындықтың шегіне жеткен еді. Олар Лұтқа келген қонақтарға (шындығында періштелер, бірақ оларды адамдар деп ойлаған) топтық зорлық-зомбылық жасауға бел байлаған болатын. Олардың күнәсі соншалықты ауыр еді, Алла бүкіл қаланы құрту туралы шешім қабылдады. Бұл үкім Адам пайғамбарға берілген бұрынғы ескертуге ұқсас болатын. Алла Адамға күнәнің жазасы — өлім екенін айтқан. Басқа жазалар (мысалы, дүрелеу немесе түрмеге қамау) жеткіліксіз еді. Алла Адам атаға:

«Жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! Себебі одан жесең, сол күні өлесің»

Жаратылыстың басталуы 2:17

деген болатын.

Дәл осы сияқты, Содом тұрғындары да күнәлары үшін өлім жазасына кесілді. Алла бүкіл қаланы аспаннан түскен отпен жойып жібермек болды. Бұл кейін Інжілде берілген қағидамен үйлеседі:

«Күнәнің беретіні — өлім»

— Римдіктерге 6:23


Лұттың күйеу балалары

Нұх пайғамбар оқиғасында Алла бүкіл жер бетін судың астына алып, барлық зұлымдықты жойды. Бұл да Адам пайғамбардың нышан-белгісімен үйлеседі — үкімнің мәні сол: өлім. Құран мен Тауратта жазылғандай, сол кездегі адамзат түгел азғындаған болатын. Содом тұрғындары да сондай дәрежеде азғын еді. Мұндай мәтіндерді оқығанда, «Мен ондай емеспін ғой. Аллаға сенемін, жақсы істер жасаймын, сондай жаман күнәлар істеген емеспін» деген ой туындауы мүмкін. Бірақ бұл мені Алланың үкімінен аман сақтап қала ма?

Осы жерде Лұттың күйеу балаларының нышан-белгісі біз үшін үлкен ескерту. Олар Содом тұрғындары сияқты азғындыққа бармаса да, ескертуге құлақ аспады. Тауратта олардың Лұтты «қалжыңдап тұр» деп ойлағаны жазылған. Бірақ соңында олар да сол қаланың тұрғындарымен бірге жойылды. Яғни, олардың күнәсі — ескертуді елемеу болды. Ал бұл — оларды азғындармен теңестірді. Бұл нышан-белгі бізге арналған: Құдайдың ескертулерін елемеу — қандай да бір белгілі ауыр күнәдан кем емес. Бұл ескертулер тек бұзақыларға емес, бәрімізге арналған.

Лұттың әйелі

Лұттың әйелі — біз үшін тағы бір зор нышан-белгі. Құран мен Тауратта оның да басқа Содом тұрғындарымен бірге жойылғаны жазылған. Ол пайғамбардың әйелі болса да, бұл ерекше мәртебесі оны аман алып қала алмады. Ол Содом тұрғындары сияқты азғындық жасамағанымен, бұл да жеткіліксіз болды. Періштелер оларға былай деген:

«Үй ішіңмен түннің бір бөлігінде дереу жөнел. Жолдастарыңнан ешқайсысы артына қарамасын, жұбайыңнан басқасы құтқарылады»

— Һуд сүресі 11:81

«Қаладан шыққан соң, арттарыңа қарамаңдар, жазықтың еш жерінде аялдамаңдар!»

— Жаратылыстың басталуы 19:17

Алайда Тауратта былай деп жазылған:

«Бірақ Лұттың әйелі артына қарады — сол сәтте ол тұз бағанасына айналды»

— Жаратылыстың басталуы 19:26

Бұл «артына қарау» нақты нені білдіретіні анық айтылмаған. Бірақ ол Алланың бұйрығына сәл ғана немқұрайлық танытып, «осындай кішкентай нәрсе үшін жазаға тартылмаспын» деп ойлаған болуы мүмкін. Алайда оның бұл «кішкентай» әрекеті — артына қарауы — Содом тұрғындарының ауыр күнәларымен бірдей жазаға алып келді: өлім.

Бұл — біз үшін өте маңызды нышан-белгі. Ол бізге Алланың әділ үкімі алдында ешқандай күнә — «кішкентай» болса да — елеусіз қалмайтынын ескертеді. Лұттың әйелі бізді осындай жалған сенім мен салғырттық ойлардан сақтандырады.

Лұт, Алла Тағала және елші-періштелер

Адам ата туралы нышан-белгіде көргеніміздей, Алла Тағала үкім шығарумен қатар рақымдылық та сыйлайды. Адам атаға үкім кескенде, Жаратушы оған теріден киім берді. Нұхтың кезінде бүкіл жер жүзін топан сумен жойса да, Алла рақымдылықпен кеме сыйлады. Дәл сол сияқты, Лұттың оқиғасында да — Алланың үкімімен қатар рақымы бірге жүр.

Тауратта былай деп жазылған:

«Лұт әлі де кідіріп тұрғанда, ер адамдар (періштелер) оны, әйелін және екі қызын қолдарынан жетектеп қаладан шығарып жіберді. Себебі Жаратқан Ие оларға рақым көрсеткен еді.»

— Жаратылыстың басталуы 19:16

Бұл жолдардан нені байқаймыз? Бұрынғы нышан-белгілердегідей, Алла рақымдылықты бәріне бір жолмен ұсынды — періштелермен бірге қаладан шығу арқылы. Алла қаланың ішінде, мысалы, отқа төзімді бір пана тұрғызып, басқа балама жол ұсынған жоқ. Рақымға ие болу үшін тек осы бір жолмен — ескертуге құлақ асып, қала сыртындағы құтқарылуға ілесу керек болды.

Бұл рақымдылық Лұт пен оның отбасына берілді, бірақ бұл Лұттың күнәсіз болғанын білдірмейді. Құран мен Тауратта Лұттың зорлық жасаушы еркектерге өз қыздарын ұсынуға дайын болғаны жазылған — бұл игі іс деп есептелмейді. Тауратта сондай-ақ Лұт періштелердің ескертуіне қарамастан «кідіріп тұрды» деп айтылады. Соған қарамастан, Алла рақым көрсетіп, оларды қолдарынан жетектеп алып шықты.

Бұл біз үшін нышан-белгі: Алла Тағала рақымдылығын біздің лайықты болуымызға қарап емес, Өз еркімен ұсынады. Бізге тек сол рақымға жауап беріп, қабылдау ғана керек — Лұт секілді. Ал Лұттың күйеу балалары бұл рақымдылықты қабылдамады, яғни олар қаладан шықпау арқылы Алланың мейірімінен бас тартты.

Тауратта Алла Тағала Лұтқа рақымын Ыбырайым (ғ.с.) пайғамбардың дұғасына бола көрсеткені жазылған (Жаратылыстың басталуы 18–19 тарауларын қараңыз). Одан кейін Тауратта Алланың Ыбырайымға берген уәдесі жазылады:

«Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттар ақ батама бөленеді. Себебі сен Менің сөзімді тыңдадың.»
— Жаратылыстың басталуы 22:18

Бұл уәде бәрімізге де қатысты. Қай елде, қандай тілде өмір сүрсек те, қандай дінді ұстансақ та, біз «жер бетіндегі барлық ұлттардың» бір мүшесіміз. Егер Алла Тағала Ыбырайым пайғамбардың дұғасы арқылы Лұтқа — күнәсіз болмаса да — рақым көрсетсе, онда Ыбырайым арқылы берілген уәде бізге — барлық халықтарға — одан да үлкен рақым келетінін білдіреді.

Осы оймен енді Ыбырайымның нышан-белгісіне тоқталайық.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *