Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.), кейде Ыбрам деп те аталады. Бір Құдайға сенетін үш монотеистік дін — иудаизм, мәсіхшілік және ислам — оны киелі үлгі ретінде құрметтейді. Қазіргі арабтар мен еврейлер өздерінің түп-тамырын Ыбырайым, Ысқақ және Ысмағұл пайғамбарлардан таратады деп есептейді. Ол кейінгі пайғамбарлықтардың іргетасы болған нышан-белгілер арқылы пайғамбарлар қатарында да ерекше орын алады. Пайғамбарлар арасында осындай маңызды орын иелену үшін, ол қандай уәде алды, не істеді және бұл нені білдіреді? Осы сұрақтарға жауап іздеу өте маңызды. Ыбырайым пайғамбарға (ғ.с.) қатысты нышан-белгілерді бірнеше бөлімге бөліп қарастырайық. Құран мен Тауратта жазылған алғашқы нышан-белгімен танысу үшін осы жерді басыңыз.
Осы аяттан біз Ыбырайым пайғамбардың (ғ.с.) көптеген халықтардың атасы болатынын көреміз. Кейін бұл халықтар “Ұлы Патшалықты” иеленуі керек. Алайда көптеген халықтардың әкесі болу үшін, алдымен оның кем дегенде бір ұлы болуы қажет. Сондай-ақ ол халықтар өмір сүретін жер — мекен де керек. Онсыз “Ұлы Патшалық” мүмкін емес.
Ыбырайым пайғамбарға (ғ.с.) берілген уәде
Таураттың Жаратылыстың басталуы 12:1–7 аяттарында Алланың Ыбырайымға (ғ.с.) “халықтар” мен “Ұлы Патшалық” жайлы уәделерін қалай жүзеге асырмақ болғаны сипатталады. Бұл — болашақтың негізі болатын уәде. Енді сол уәдеге мұқият көз жүгіртейік. Алла Ыбырайымға былай дейді:
«Мен сенен үлкен халықты таратамын,
Сені жарылқаймын әрі атыңды шығарамын.
Сен басқаларға бата болатын боласың.
Саған бата бергендерді Мен жарылқаймын,
Ал сені қарғағандарды қарғаймын.
Жер бетіндегі барлық халықтар сен арқылы бата алады.»
Ыбырайымның Ұлылығы
Мен өмір сүріп жатқан Батыс елдерінде көп адамдар Құдайға күмәнмен қарайды. Олар: «Алла шынымен Өзін Тауратта ашты ма?» — деген сұрақтар қояды. Ал біз бұл сұрақты ішінара тексеруге болатын уәде арқылы қарастыра аламыз. Алла Ыбырайым пайғамбарға (ғ.с.) «атыңды шығарамын» деп уәде берді. Бүгінгі XXI ғасырда Ыбырайым (Аврам, Ибрахим) — адамзат тарихындағы ең танымал есімдердің бірі. Арабтар мен еврейлер әлі күнге дейін өз шежіресін одан таратады деп есептейді. Тіпті 2020 жылғы Таяу Шығыс бейбітшілік жоспары – Авраам келісімі – оның есімімен аталды. Бұл уәде сөзбе-сөз, тарихи тұрғыдан да орындалғанын көреміз.
Бізде Таураттың ең көне көшірмелері — Өлі теңіз орамалары, б.з.д. 200–100 жылдарына тиесілі. Бұл дегеніміз, Ыбырайым есімі еврейлерден басқа ешкімге танымал болмай тұрған кезде-ақ, бұл уәде жазбаша түрде бар болған. Яғни бұл уәде жай ғана кейін жазыла салмаған — оның орындалғанына тарихтың өзі куә.
Сондықтан бұл алғашқы уәде — тіпті сенбейтін адам үшін де — нақты орындалған. Бұл бізге Алланың келесі уәделерінің де орындалатынына сенім береді. Талқылауды жалғастырайық.
Бәрімізге берілген бата
Бұл жерде Алланың Ыбырайымға (ғ.с.) берген «ұлы халық» пен «бата» уәделері тағы да көрініс табады. Бірақ осы уәденің ішінде ерекше назар аударатын тағы бір нәрсе бар: бата тек Ыбырайымның өзіне ғана емес, өзгелерге де арналды. «Сен арқылы барлық халықтар бата алады» деп жазылған. Бұл — сіз бен бізге тікелей қатысты. Себебі ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына, тұрған жеріне немесе тіліне қарамастан, біз де сол «барлық халықтың» бір мүшесіміз. Демек, бұл уәде – бүгінгі тірі әрбір адамға арналған!
Біз адамдар бір-бірімізбен дініміздің, тіліміздің, ұлтымыздың айырмашылығына бола жиі келісе алмай жатамыз. Бірақ бұл айырмашылықтар Құдайдың уәделерінің орындалуына еш кедергі бола алмайды. Қалай? Қашан? Қандай бата? Бізге осы уәдені түсіне алатын кілт керек.
Ыбырайым бұл уәдені алған кезде, ол Алланы тыңдады:
«Сондықтан Ыбырам Жаратқан Иенің айтуымен жолға шықты»
(Жаратылыстың басталуы 12:4)

Уәде етілген жерге жету үшін оның сапары қанша уақытқа созылды? Төмендегі картадан оның жолын көруге болады. Ол бастапқыда Ур қаласында (қазіргі Ирактың оңтүстігі) өмір сүрді, кейін Харанға (қазіргі Ирактың солтүстігі) көшті. Сол жерден Қанахан еліне, яғни сол замандағы Уәде етілген жерге сапар шекті. Бұл өте ұзақ жол болатын. Ол түйе, есек немесе жылқымен жүрген болса керек, сондықтан сапар айларға созылған. Ыбырайым өркениеттің ордасы болған туған мекені Месопотамияны, жақындарын, қауіпсіз өмірін тастап, бөтен әрі белгісіз жерге аттанды. Ал бұл кезде оның жасы 75-те еді!
Құрбандық және Құлшылық
Тауратта Ыбырайым Қанахан еліне жеткен кезде былай делінген:
«Ыбырам сол жерде өзіне аян берген Жаратқан Иеге арнап құрбандық ұсынатын орын тұрғызды»
(Жаратылыстың басталуы 12:7)
Құрбандық шалу – Қабыл және Нұх пайғабар (ғ.с.) пайғамбарлардан бастап келе жатқан ғибадат дәстүрі. Ыбырайым да солар сияқты Аллаға құрбандық шалды. Бұл – пайғамбарлардың Аллаға құлшылық етуінің бір жолы.
Ыбырайымның Мойынсұнушылығы
Қартайған шағына қарамастан, Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) Жаратқан Иеге толықтай мойынсұнды. Ол барын тастап, белгісіз болашаққа бет алды. Алланың: «Сен арқылы барлық халықтарға бата беремін» деген уәдесіне сеніп, өз өмірін сол уәдеге арнады. Міне, сондықтан да Ыбырайым біз үшін өте маңызды тұлға.
Бірақ бұл оның барлық нышан-белгілерінің соңы емес. Келесі мақалада біз Ыбырайым пайғамбардың (ғ.с.) Екінші нышан-белгісін қарастырамыз.