Біз бәрімізге Алла Тағаладан не қажет? Жауаптар көп, бірақ Адам пайғамбардың нышан-белгісі бізге ең басты қажеттілігіміз — әділдік екенін еске салады. Бұған дәлел ретінде Адам ұрпағына арналған мына аятты келтіреміз:
“Ей, Адам баласы! Біз сендерге ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сән ретінде киім түсірдік. Ал ең жақсы киім — тақуалық киімі. Бұл — Алланың белгілерінен, мүмкін олар үгіт алар”
Ағраф сүресі 7:26
Әділдік деген не?
Тауратта Алла туралы былай делінген:
“Мен Жаратқан Иенің ұлылығын жар саламын. Ол — Құдіретті Құдай! Оның істері мінсіз, жолдары әділетті. Ол — сенімді Құдай, әділетсіздік жасамайды, әділ әрі тура.”
Заңды қайталау 32:4
Бұл — Алланың Таураттағы әділдік бейнесі. Әділдік — мінсіз болу деген сөз. Яғни, барлық істері әділетті, ешқашан қателеспейді, еш жамандық жасамайды — бұл шынайы әділдік. Ал Алла мінсіз болғандықтан, Оның жанында болу үшін бізге де әділдік қажет.
Жәннатқа кіру үшін әділдік қажет
Дәуіт пайғамбардың Забур кітабында былай делінген:
“Уа, Жаратқан Ие! Сенің киелі үйіңде кім тұра алады? Сенің қасиетті тауыңда кім өмір сүреді?
Ол — мінсіз жүріп, әділ істер жасайтын, жүрегімен шындықты айтатын адам. Ол ешкімге жала жаппайды, көршісіне зиян келтірмейді, арам адамдардан жиреніп, Жаратқан Иеден қорқатындарды құрметтейді,
берген антына берік болып, зиян шексе де оны бұзбайды, кедейге өсімсіз қарыз береді, кінәсізге қарсы пара алмайды.”
Забур 15:1–5
Бұл аяттарда Алланың «қасиетті тауы» — Жәннат деп түсіндіріледі. Онда кім бола алады? — әділ және мінсіз адам ғана. Сондықтан бізге әділдік қажет.
Ыбырайым пайғамбар әділдікті қалай алды?
Құранда Ыбырайым пайғамбар жайлы былай делінген:
“Шынында, Ыбырайым да оның жолын ұстанған еді.”
Саффат сүресі 37:83
Ал Тауратта:
“Ыбырайым Жаратқан Иеге сенді, сонда Ол оны әділ деп есептеді.”
Жаратылыстың басталуы 15:6
Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) және әділдікке ие болу жолы
Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) әділдікті еңбегімен тапқан жоқ — ол ақталған еді. Бұл екеуінің айырмашылығы өте маңызды. Егер адам бір нәрсені еңбегімен алса, бұл – марапат немесе еңбек ақы деген сөз. Яғни сен оған лайықсың. Ал ақталу — бұл сыйлық: оны сен еңбек етіп тапқан жоқсың, ол саған жай ғана берілді.
Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) Алланың бар екеніне кәміл сенді. Ол үнемі мінәжат етті, Алланы қастерлеп өмір сүрді және мұқтаждарға көмектесті (мысалы, немере інісі Лұтқа дұға етіп, көмектескені). Бұл істері маңызды, бірақ Таурат оны әділ деп санаған себебі — ол Алланың уәдесіне сенді.
Бұл біз жиі ойлайтын “әділдікке қалай жетеміз?” деген түсінікке кереғар. Көбі әділдікке жетудің екі жолы бар деп ойлайды:
- Тек Аллаға сену;
- Немесе игі діни істер (ораза, мінәжат, садақа) арқылы табуға тырысу.
Бірақ Ыбырайымның жолы басқаша болды — ол жай ғана Алланың уәдесіне сенді.
Қарапайым, бірақ оңай емес сенім
Алланың: “Сенің ұлың болады” деген уәдесіне сену – бір жағынан өте қарапайым, бірақ екінші жағынан — қиын.
Неге? Себебі уәде берілген кезде Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) 75 жаста еді, ал әйелі Сара екеуі кәріліктен бала сүю мүмкіндігінен айырылған болатын. Жылдар өте берді, бірақ уәде орындалмады. Мүмкін, сол кезде Ыбырайым:
“Алла неге әлі бала бермеді? Ол істей алатын еді ғой”
— деп ойлаған болар.
Ол сенді, бірақ сенімі күдікпен күресті. Ол Алланың уәдесіне үміт артты, бірақ оны толық түсіне алмады. Осылайша, оның сенімі кереметке сену арқылы нығайды.
Сенім – белсенді әрі шыдамды күтуді талап етеді
Бұл уәденің орындалуы үшін Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) ұзақ уақыт бойы белсенді әрі сабырлы түрде күтті. Ол шатырда өмір сүріп, жат елде көп жылдарын өткізді. Бәрін тастап, туған елі — Месопотамияға (қазіргі Ирак) қайтып кетуіне де болушы еді. Онда оның туыстары мен бауырлары өмір сүріп жатқан. Бірақ ол сенімінен қайтпады.
Алланың уәдесін күту — оның өмірлік мақсатына айналды. Қауіпсіздік, жайлылық, тұрмыс – бәрі екінші орынға ысырылды. Уәдеге деген сенімі — Аллаға деген сүйіспеншілігі мен сенімінің нақты дәлелі болды.
Бұл сенім жай ғана “ақылмен келісу” емес еді. Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) бүкіл өмірін, абыройын, қауіпсіздігін, қазіргі әрекетін және болашаққа үмітін осы уәдеге арнады. Ол белсенді түрде Алланың уәдесін күтіп, мойынсұнды.
Екінші нышан-белгінің бізге берер сабағы
Осы екінші нышан-белгі арқылы біз көреміз: Ыбырайым (ғ.с.) Алланың уәдесіне — ұл сыйлайтынына сенді, және осы сенімі арқылы әділдікке ие болды.
Ол үлкен мойынсұнушылық пен кішіпейілділік танытты. Ол кері қайтып, өз дінін ғана ұстанып жүре беруі де мүмкін еді. Бірақ уәдеге сенбеген жағдайда, ол дінге берік болғанымен, әділдікке ие болмас еді.
Құранда айтылғандай:
“Тақуалық киімі – ең жақсысы”.
Ағраф сүресі 7:26
Бұл — Ыбырайым пайғамбардың жолы. Біз осылайша көп нәрсені үйренеміз: Бейішке кіру үшін қажет әділдік — еңбектің емес, сыйдың нәтижесі.
Ал егер ол сый болса, оның құнын біреу төлеуі керек. Бұл сыйдың құнын кім өтейді? Келесі, үшінші нышан-белгіде біз осы сұраққа жауап іздейміз.