Skip to content
Home » Киелі кітаптың дәлдігін тексерудегі мәтіндік сын әдісі

Киелі кітаптың дәлдігін тексерудегі мәтіндік сын әдісі

  • by

«Киелі кітапқа сенудің мәні бар ма өзі? Ол тым ерте замандарда жазылған, талай өзгеріске, түзету мен аудармаға ұшырады. Түпнұсқасы мүлде жоғалып кеткен шығар». Осындай пікірлерді мен жиі естимін, әсіресе Киелі кітапты құрайтын Таурат, Забур және Інжіл Шариф жайында.

Шын мәнінде, бізге жеткен Киелі кітап мәтінінің дұрыстығына қатысты сұрақ өте маңызды. Себебі ол шамамен 2000 жыл бұрын жазылған. Ал сол мыңдаған жылдар бойында баспа машиналары, көшірме құрылғылары немесе баспаханалар болмаған. Сондықтан оның мәтіні ұрпақтан ұрпаққа тек қолмен көшіріліп отырған. Уақыт өте кейбір тілдер жойылып, жаңалары пайда болды, ал патшалықтар мен билік жүйелері де ауысып отырды. Ең бастысы – түпнұсқа қолжазбалар бүгінгі күнге жеткен жоқ. Ендеше қазіргі біз оқып жүрген Киелі кітап, алғаш жазылған күйінде сақталған деп сенуге бола ма? Шіркеу басшылары немесе діни қызметкерлер өз мүдделеріне орай мәтінді өзгертіп жібермеді ме? Бұл сұрақтарға тек діни сеніммен емес, ғылыми әдіспен де жауап беруге болады. Сол үшін арнайы бір сала бар – ол мәтіндік сын ғылымы. Бұл мақалада біз дәл осы әдіс арқылы Киелі кітаптың қаншалықты дәл жеткенін қарастырамыз.

Мәтіндік сынның негізгі қағидалары

Киелі кітаптың (әл-Кітаптың) бізге жеткен мәтінінің шынайылығын тексеруде «мәтіндік сын» деп аталатын ғылыми әдіс қолданылады. Бұл – көне қолжазбалар мен шығармаларды зерттейтін ғылыми сала. Мәтіндік сын тек Киелі кітапқа ғана емес, кез келген көне жазбаға — грек, рим, парсы, қытай, араб немесе түркі деректеріне де — қолдануға болатын әмбебап тәсіл.

1-қағида: Көшірме мен түпнұсқа арасындағы уақыт аралығы

Мәтіндік сынның бірінші қағидасы — түпнұсқа мен бізге жеткен ең көне көшірме арасындағы уақыт аралығын анықтау. Бұл аралық неғұрлым қысқа болса, мәтіннің бұрмаланбай жеткеніне деген сенім де соғұрлым жоғары.nМысал ретінде б.з.д. 500 жылы жазылған бір құжатты алайық. Түпнұсқа мәтін табиғи жолмен жойылмай тұрып, көшірмесі жасалады (1-көшірме). Арнайы үйретілген жазушылар — хатшылар — бұл іспен кәсіби түрде айналысқан. Біраз уақыт өткен соң, 1-көшірмеден тағы бір көшірме жасалады (2-көшірме), одан кейін тағы бір (3-көшірме). Сол көшірмелердің бірі, айталық 500 жылы біздің дәуірімізде (б.з. 500 ж.) сақталып, бүгінге жеткен делік. Бірақ б.з.д. 500 жыл мен б.з. 500 жылдың арасындағы 1000 жыл ішінде бізде басқа көшірмелер болмаса, онда бұл аралық — мәтіндік белгісіздік кезеңі деп аталады. Сол уақытта қандай қателіктер кеткенін біз біле алмаймыз, себебі салыстыратын басқа нұсқалар жоқ.

2-қағида: Қолда бар көшірмелер саны

Мәтіндік сынның екінші қағидасы — бүгінгі таңда қанша көшірме бар екенін анықтау. Қолымызда тек бір ғана көшірме болса, оның қателігін байқау мүмкін емес. Ал егер бірнеше көшірме болса, біз оларды бір-бірімен салыстырып, қай мәтін дұрыс, ал қайсысы қате екенін анықтай аламыз. Мысалы, төмендегі суретте көрсетілгендей, екі қолжазбаның бірінде сөз «есім» деп, екіншісінде «месім» деп жазылса, зерттеушілер басқа көшірмелерді де салыстырып, қай нұсқа дұрыс екенін анықтай алады.

Түпнұсқада автор «қол» деп жазды ма, әлде «жол» деп жазды ма? Көшірме жасағанда бір жерде қате кеткен. Негізгі мәселе – қолда бар екі көне көшірменің қайсысы дұрыс, ал қайсысында қате кеткенін қалай анықтаймыз? Бар-жоғы екі ғана нұсқа болғанда шындықты ажырату қиын.

Ал егер бізде осы құжаттың тағы екі көшірмесі болса ше? Төмендегі суретке назар аударыңыз.

Бұл жағдайда қай нұсқада қате кеткенін анықтау әлдеқайда жеңіл. Бірдей қателік төрт көшірменің үшеуінде қайталануы мүмкін емес. Сондықтан жалғыз өзгеше тұрған №2-ші көшірмеде қате кеткені анық. Демек, автор бастапқыда «жол» емес, «қол» деп жазған.

Осы қарапайым мысал мәтіндік сынның екінші қағидасын көрсетеді: қолжазба саны неғұрлым көп болса, көшіру кезінде кеткен қателерді анықтау соғұрлым оңай, бұл түпнұсқа мазмұнын дәлірек қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Тарихи кітаптардың мәтіндік сыны

Жоғарыда біз көне мәтіндердің дұрыстығын анықтауға көмектесетін екі қағиданы қарастырдық:

  1. Түпнұсқа жазылған уақыт пен бізге жеткен ең ерте көшірме арасындағы уақыт аралығы;
  2. Қазіргі таңда сақталған қолжазба көшірмелерінің саны.

Бұл екі қағида тек Киелі кітапқа ғана емес, кез келген көне тарихи мәтінге де қолданылады. Мысал ретінде төмендегі кестеге назар аударайық: (1):

АвторЖазылған жылыЕң көне көшірмеУақыт аралығы (жыл)Қолда бар көшірмелер саны
Цезарьб.з.д. 50 ж.б.з. 900 ж.95010
Платонб.з.д. 350 ж.б.з. 900 ж.12507
Аристотель*б.з.д. 300 ж.б.з. 1100 ж.14005
Фукидидб.з.д. 400 ж.б.з. 900 ж.13008
Геродотб.з.д. 400 ж.б.з. 900 ж.13008
Софоклб.з.д. 400 ж.б.з. 1000 ж.1400100
Тацитб.з. 100 ж.б.з. 1100 ж.100020
Плинийб.з. 100 ж.б.з. 850 ж.7507

Ежелгі дәуір жазушыларының сенімді деп танылған қолжазбалары

McDowell, J. Evidence That Demands a Verdict, 1979, 42–48-беттер.

Бұл авторлар — көне замандардағы негізгі классикалық жазушылар, олардың еңбектері қазіргі өркениеттің қалыптасуына тікелей ықпал еткен. Алайда, олардың жазбалары бізге орта есеппен небәрі 10–100 көшірме арқылы жеткен. Сонымен қатар, түпнұсқалар мен ең көне сақталған көшірмелердің арасын, көбінесе, шамамен 1000 жыл бөліп тұр. Бұл мәліметтер біз үшін бірқатар «бақылау мысалдары» іспетті — себебі бұл еңбектер адамзат тарихы мен философиясының негізін құрайды. Сондықтан оларды әлемдегі академиялық қауымдастықтар сенімді деп танып, зерттеп, білім беру барысында қолданады.

Киелі кітапқа арналған мәтіндік сын

Төмендегі кестеде Киелі кітаптың Жаңа Келісім (Інжіл Шариф) бөлімінің қолжазбалары жоғарыда сипатталған мәтіндік сын әдістері арқылы салыстырылады. Бұл салыстыру түпнұсқа жазылған уақыт пен бүгінгі күнге жеткен ең көне көшірменің аралық уақытын, сондай-ақ сақталған көшірмелердің санын көрсетеді. (2)

АтауыЖазылған жылыЕң көне көшірмеУақыт аралығы (жыл)
Джон Райландтың қолжазбасыб.з. 90 ж.б.з.130 ж.40
Бодмердің папирусыб.з. 90 ж.б.з.150-200 ж.110
Честер Биттидің папирустары б.з. 60 ж.б.з. *80 ж.20
Ватикан кодексіб.з. 60-90 ж.б.з. 325 ж.265
Синай кодексіб.з. 60-90 ж.б.з. 350 ж.290

Жаңа Келісім қолжазбаларына қатысты мәтіндік деректер

Comfort, P.W. The Origin of the Bible, 1992, 193-бет.

Бұл кесте – қазіргі қолда бар Жаңа Келісім қолжазбаларының тек кейбірін ғана шолып өтетін қысқаша шолу. Жаңа Келісімге тиесілі қолжазбалар саны соншалықты көп, оларды бір ғана кестеде толық қамту мүмкін емес.

Киелі кітапты мәтіндік сын арқылы қорытындылау

Жаңа Келісімге тиесілі қолжазбалардың саны соншалықты көп, оларды бір кестеге сыйғызу мүмкін емес. Бұл тақырыпты ұзақ жылдар бойы зерттеген бір ғалым былай дейді (3):

«Бүгінгі таңда Жаңа Келісімнің үзінділері кездесетін 24 000-нан астам қолжазба көшірмесі бар. Ешбір көне мәтін мұндай көлем мен танымалдыққа жақындай алмайды. Мысалы, екінші орында тұрған Гомердің Илиадасы 643 көшірмемен ғана сақталған».

Британ мұражайының жетекші маманы да бұл туралы былай деген (4):

«Ғалымдар грек және рим авторларының санаулы қолжазбаларына сүйеніп, оларды түпнұсқаға өте жақын деп қабылдайды… ал Жаңа Келісімнің көшірмелерін мыңдап санауға болады».

Менде Жаңа Келісімнің көне қолжазбалары туралы бір кітап бар. Ол келесідей сөздермен басталады:

«Бұл жинақта біздің заманымыздың II ғасырынан бастап IV ғасырдың басына дейін (шамамен 100–300 жж.) жазылған Жаңа Келісімге қатысты 69 көне қолжазбаның транскрипциясы берілген. Бұл мәтіндер Жаңа Келісім мазмұнының үштен екісін қамтиды» (5).

Жоғарыда айтылғандай, Жаңа Келісімнің көптеген қолжазбалары түпнұсқадан кейін шамамен 100 жыл ішінде пайда болған. Бұл – тарихи өлшеммен алғанда өте қысқа уақыт аралығы.

Бұл жайт ерекше маңызды, өйткені бұл қолжазбалар Рим императоры Константин билікке келмей тұрып (шамамен б.з. 325 жылы), яғни жиі айыпталатын Католик шіркеуінің ықпалы орнамай тұрып жазылған. Киелі кітап мәтінін өзгертті деп айтылатын тараптар – дәл осы Константин мен Католик қауымы. Бірақ бізде бұл сөздерді тексерудің ғылыми жолы бар: Константиннен бұрын жазылған қолжазбалар мен кейінгі дәуірдегі мәтіндерді салыстыра аламыз.

Нәтиже қандай? Б.з. 200 жылдары жазылған қолжазбалардағы мәтіндер мен б.з. 1200 жылдарындағы қолжазбалар бірдей. Бұл – Константин де, Католик қауымы да Киелі кітаптың мәтінін өзгерте алмағанын көрсетеді. Бұл діни сенім емес – бұл мәтіндік сын арқылы дәлелденген ғылыми факт.

Мұның қандай қорытындысы бар? Мәтіндік сынның екі өлшемі бойынша (түпнұсқа мен алғашқы қолжазбаның аралығы және сақталған көшірмелердің саны) Жаңа Келісім көне кезден жеткен кез келген тарихи еңбекке қарағанда әлдеқайда сенімді. Бұл туралы бір зерттеуші келесідей тұжырым жасаған (6):

«Егер біреу Жаңа Келісімнің мәтіндеріне сенімсіздікпен қараса, онда ол барлық көне классикалық еңбектерді де сенімсіз деп қабылдауы керек. Себебі олардың ешқайсысы Жаңа Келісім сияқты жан-жақты, мұқият әрі ғылыми тексеруден өтпеген».

Бұл жерде автор бізге қисынды, әділетті өлшем ұстануға шақырады. Егер біз Геродоттың еңбегін (түпнұсқадан кейін 1300 жылдан соң сақталған, небары 8 көшірмесі бар) тарихи шындық деп мойындасақ, онда түпнұсқадан кейін небәрі 100 жылдан соң жазылып, 24 000-нан астам көшірмесі сақталған Жаңа Келісім мәтіндерін де сенімді деп қабылдауымыз керек. Әйтпесе, бұл – ішкі қайшылық, дәйексіздік болмақ.

Киелі кітап мәтіндері ғасырлар бойы өзгермей жеткен. Мысалы, бірде-бір ортағасырлық монах Иса Мәсіхтің кереметтеріне қатысты өз тарапынан ештеңе қоса алмаған. Неге? Себебі бізде оның өмірі мен ілімдері туралы жазылған мәтіндер ортағасырлық дәуірден әлдеқайда бұрын жазылған, әрі сол мәтіндер дәл сол кереметтерді баяндап тұр.

Төмендегі суретте Жаңа Келісім қолжазбаларының жазылу уақыты мен таралу хронологиясы көрсетілген:

Қорытынды

Қысқаша айтқанда, Киелі кітаптың бізге дейін жеткен көне қолжазбалары уақыттың ағымы мен мәсіхші билік иелерінің ықпалына қарамастан, бастапқы түпнұсқа мәтіндерін бұрмаламай жеткізді. Бүгінгі таңда қолымыздағы Киелі кітап – ежелгі авторлар жазып қалдырған түпнұсқаға дәл сәйкес келеді деп сеніммен айта аламыз. Бұл тұжырым тек діни сенімге емес, мәтіндік сын деп аталатын ғылыми әдіс арқылы дәлелденіп отыр. 


Пайдаланылған әдебиеттер

  1. McDowell, J. Evidence That Demands a Verdict. 1979, бет 42–48.
  2. Comfort, P.W. The Origin of the Bible. 1992, бет 193.
  3. McDowell, J. Evidence That Demands a Verdict. 1979, бет 40.
  4. Kenyon, F.G. (Британ мұражайының бұрынғы директоры) Our Bible and the Ancient Manuscripts. 1941, бет 23.
  5. Comfort, P.W. The Text of the Earliest New Testament Greek Manuscripts. 2001, бет 17.
  6. Montgomery. History and Christianity. 1971, бет 29.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *