Skip to content
Home » Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы айтылған қарғыстың шегі бар ма?

Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы айтылған қарғыстың шегі бар ма?

  • by

Исраил халқының тарихынан 70 жылы олардың Уәде етілген жерден қуылып, жер жүзіне тарыдай шашылғанын білеміз. Шамамен екі мың жыл бойы исраилдіктер өз жерлерінен жырақта, бөтен елдерде өмір сүріп келді. Олар қай елде тұрмасын, қуғын-сүргінге жиі ұшырап отырды. Бұл әсіресе христиандық Еуропада қатты байқалды. Испаниядан бастап Ресейдегі погромдарға дейін — исраилдіктер көбіне өте ауыр жағдайда өмір сүрді. Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы алдын ала айтылған қарғыстар дәл орындалды:

«Сендерге сол халықтардың арасында да тыныштық болмайды. Аяқтарың дамыл таппай ел кезетін боласыңдар. Жаратқан Ие сендерге дірілдеп үрейленген жүрек, көз жасын төгіп, көруден қалған көз және үміті үзіліп торыққан көңіл береді».

Заңды қайталау 28:65

Төмендегі уақыт сызбасында Киелі кітап дәуірінен бастап, осыдан 2000 жыл бойғы исраил халқының тарихы көрсетілген. Бұл ұзақ уақыт аралығы қызыл жолақпен белгіленген.

 

Мұса пайғамбар (ғ.с.) заманынан бастап бүгінгі күнге дейінгі еврей халқының тарихи хронологиясы

Тарихи уақыт сызбасынан исраил халқының екі үлкен қудалау кезеңін бастан кешіргенін көруге болады. Алғашқы қудалау б.з.д. 600–550 жылдар аралығында ғана жалғасқанымен, екінші қудалау әлдеқайда ұзаққа созылып, шамамен 2000 жылға дейін жалғасты.

Еврей халқы өз мәдени бірегейлігін сақтап қалды

Исраил халқы мыңдаған жылдар бойы жер бетіне тарыдай шашылып, ешбір тұрақты мекені болмағанына қарамастан, өз мәдениеті мен рухани болмысын жоғалтпай сақтап қалуы – таңғаларлық жайт. Қуғын-сүргін мен азаптаулар олардың санының артуына да мүмкіндік бермеді. Дегенмен, олар діни сенімі мен тілі, салт-дәстүрі арқылы ұлт ретінде жойылып кетпеді. Бұл – шынымен де ерекше жағдай.

Мұса пайғамбар (ғ.с.) уәде етілген жер туралы айтқанда, сол өңірде тұрған халықтарды атап өткен болатын:

«Сондықтан Мен халқымды мысырлықтардың қолынан азат ету үшін көктен түстім. Оларды Мысырдан алып шығып, қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер қоныстанған елге бастап алып барамын».

Мысырдан шығу 3:8

Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы Бата мен Қарғыстың уәде етілген сәтінен бастап: 

«Құдай Иеңдер сендерді сол елге кіргізіп, оны иемденуге жол ашқанда, сендердің алдарыңнан мына ұлттарды қуып шығарады: хеттіктер, гергестіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер».

Заңды қайталау 7:1

Осы аталған халықтардың арасынан бүгінгі күнге дейін өз жерін, мәдениетін немесе тілін сақтап қалған бірде-бір ұлт бар ма? Жоқ, олардың бәрі баяғыда тарих сахнасынан жоғалып кеткен. Мысалы, гергестіктер туралы тек көне жазбалардан ғана білеміз. Уақыт өте келе, қуатты Бабыл, Парсы, Грек және Рим империялары бұл халықтарды жаулап алып, оларды сіңіріп жіберді. Мен өзім Канадада тұрамын. Қазіргі күнде бұл елге әлемнің түкпір-түкпірінен иммигранттар келіп, тұрақтап жатыр. Менің отбасым да Швециядан Канадаға қоныс аударған. Өте жас кезімде көшіп келдім. Алайда ұлым швед тілінде сөйлемейді. Ағам мен әпкемнің балалары да солай. Бірнеше буыннан кейін біздің швед болмысымыз Канада мәдениетінің ішінде еріп, жоғалып бара жатыр. Бұл тек менің отбасымда емес, Қытай, Жапония, Корея, Иран, Африка немесе Еуропадан келген барлық иммигранттарда кездесетін құбылыс — екі-үш ұрпақтан кейін ұлттық болмыс жойылады. 

Сондықтан исраил халқының жағдайы — шынымен де ерекше құбылыс. Олар сан жағынан көп болмаса да (бар болғаны 15 миллиондай), 2000 жыл бойы жат жұртта өмір сүріп, қудалауға ұшыраса да, дінін, тілін, мәдениеті мен ұлттық бірегейлігін жоғалтқан жоқ.

Қазіргі еврей геноциді – Холокост

Осы кезеңде исраил халқы тарихтағы ең ауыр қуғын-сүргінге ұшырады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Гитлер басқаратын нацистік Германия еврейлерді Еуропадан жойып жіберуді мақсат етті. Арнайы құрылған газ камералары мен лагерлерде оларды жүйелі түрде қырып-жоюға тырысты. Бұл зұлматта ол мақсатына жете жаздады. Алайда нацистік Германия жеңіліс тауып, еврей халқының бір бөлігі аман қалды.

Израилдің заманауи жаңғыруы

1948 жылы еврей халқы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен қазіргі Израиль мемлекетін құрды. Ең таңқаларлығы – осынша жылдар бойы елсіз, қуғын-сүргін көрсе де, олар өздерін «еврейміз» деп тануды тоқтатпады.

Мұса пайғамбар (ғ.с.) шамамен 3500 жыл бұрын айтқан уәде орындалу үшін, бұл халық ұлт ретінде сақталып қалуы тиіс еді. Қаншама ғасыр бойы қуғын көрсе де, исраилдіктер жоғалып кеткен жоқ.

“…онда Құдай Иеміз сендерді құлдықтан қайтарып алып, аямпаздық танытады. Ол сендерді шашырап кеткен халықтардың арасынан қайта жинайды. Тіпті жердің ең қиыр шетіне қуылған болсаңдар да, Құдай Ие сендерді сол жақтан да жинап алып, ата-бабаларың иемденген елге қайтарады. Сендер сол елге қайта ие болып, ата-бабаларыңнан да дәулетті, әрі сан жағынан көп боласыңдар.”

Заңды қайталау 30:3-4

Бұл – Жаратқан Иенің Өз сөзін орындайтынының айқын дәлелі. Израиль мемлекетінің құрылуы – барлық жағынан таңғаларлық оқиға. Өйткені ол жан-жақтан келген қарсылықтарға қарамастан жүзеге асты. 1948, 1956 және 1967 жылдары аймақтағы бірнеше елдер Израильмен соғыс ашты. Израиль шағын мемлекет болса да, кейде бір мезетте бес мемлекетпен соғысып, тек аман қалумен шектелмей, керісінше, жер аумағын да ұлғайтты. 1967 жылғы соғыста олар арғы бабалары Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) салған Иерусалим қаласын қайтарып алды.

Құдай неге Исраил халқының жаңаруына жол берді?

Бүгінгі күнге дейін бұл оқиғалар әлемде қызу пікірталас тудырып келеді. Жер бетіне бытырап кеткен, мыңдаған жыл қуғын көрген халықтың еліне қайта оралуы, қайтадан біртұтас ұлтқа айналуы – адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс. Мүмкін, осыны оқып отырған сіз де ашу мен түсінбеушілікке бой алдырған боларсыз. Расында, қазіргі еврейлердің көпшілігі – діндар емес, зайырлы немесе атеист адамдар. Олардың бәрі дұрыс деп айту да мүмкін емес. Бірақ шын мәнінде біз көріп отырған нәрсе – Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы айтылған қарғыстың және кейіннен айтылған уәделердің орындалып жатқаны. Бұл неге бұлай болды? Бұл не білдіреді? Егер олар әлі де Мәсіхті мойындамаса, бұл уәделер неге жүзеге асты? Бұл – өте маңызды сұрақтар. Жауаптарын Таурат пен Забур жазбаларынан табуға болады. Егер жазылғандар сізге ауыр, тіпті ызалы сезім тудырса – қорытынды шешім қабылдамай, әуелі пайғамбарлардың жазбаларына көз жүгіртейік. Олар бұл сөздерді тек өздері үшін емес – біз үшін де жазып қалдырды. Себебі осының бәрі, тек еврей халқына ғана емес, бүкіл адамзатқа қатысты Алланың сотына алып келеді. Сондықтан пайғамбарлардың не айтқанын тыңдайық – сол арқылы біз өз бағамызды әділетпен бере аламыз. Ендігі талқылауды еврейлердің Мәсіхті неге қабылдамағаны жайлы Забур жазбаларынан бастайық.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *