Skip to content
Home » Қызметшінің нышан-белгісі

Қызметшінің нышан-белгісі

  • by

Алдындағы мақалада, біз Даниял пайғамбардың (ғ.с.) сөзіне сәйкес, Мәсіхтің «өлімге кесілетіні» туралы айттық. Енді Забурды зерттеудің соңына келіп қалдық, бірақ әлі де бірнеше маңызды мәліметті қарастыруымыз керек.

Уақыт сызбасында Ишая пайғамбардың (ғ.с.) өмір сүрген жылының басқа пайғамбарларға қатысты орналасу тәртібі 

Ишая пайғамбардың (ғ.с.) өмір сүрген уақыты басқа пайғамбарлармен салыстырмалы түрде (уақыт сызбасында) көрсетілген.

Ишая пайғамбар (ғ.с.) Мәсіхтің келуін «Өскін» бейнесі арқылы болжаған болатын. Сонымен қатар ол «Құдайдың Қызметшісі» деп аталатын бір ерекше тұлғаның келетіні туралы да пайғамбарлық жазды. Ол бұл Қызметшіге арнап ұзақ үзінді арнаған. Бұл Қызметші кім? Ол не істеуге тиіс? Ишаяның (ғ.с.) осы пайғамбарлығын толығырақ қарастырайық. Төменде үзіндіні толық келтіріп, ара-арасында түсініктеме қосамыз.

Ишая (ғ.с.) кітабынан: Қызметшінің келуі жайлы пайғамбарлық (Ишая 52:13 – 53:12)

(Тәңір Ие былай дейді:)
«Қараңдар, Менің Қызметшім даналықпен әрекет етеді. Ол көтеріліп, дәрежесі жоғарылап, аса даңқты болады.
Көптеген адамдар Оны көріп қатты таңғалды – Оның түр-әлпеті адам бейнесінен айырылып, сырт келбеті де адамға ұқсамай қалды.
Солай бола тұра, Ол көптеген халықтарды таң қалдырады;
Патшалар Оның алдында ауыздарын жауып қалады.
Өйткені олар бұрын еш естімеген нәрселерді көреді,
ешқашан білмегендерін енді түсінеді.»

Ишая 52:13-15


Біз Һарон пайғамбардың (ғ.с.) исраил халқы үшін құрбандық шалғанда, малдың қанын халыққа бүркіп отырғанын көреміз. Бұл әрекет арқылы халықтың күнәлары жабылды деп есептелетін, яғни олар жазадан босатылды. Ишая пайғамбар (ғ.с.) жазғандай, Қызметші де көптеген халықтарды қайран қалдырады. Демек, Һарон (ғ.с.) қалай күнәларды бүрку арқылы жапқан болса, бұл Қызметші де солайша көптеген халықтардың күнәларын жауып, оларды ақтайды.

Қызметші туралы «ол көптеген халықтарды қайран қалдырады» деп айтылған. Бұл оның тек яһудилер үшін ғана емес, барлық халықтар үшін келетінін білдіреді. Бұл Ибраһим пайғамбарға (ғ.с.) берілген уәдеге меңзейді: Жаратқан Ие оның ұрпағы арқылы «барлық ұлттарға» батасын төгетінін айтқан (1-ші және 3-ші Нышан-белгілерде көрсетілгендей). Бірақ сол миссиясы оны қатты азапқа ұшыратады. Қызметшінің келбеті адам танымастай бұзылады. Бұл не себептен болатыны нақты түсіндірілмейді, бірақ бір күні барлық халықтар оны көріп, түсінеді.

«Біздің жеткізген хабарымызға кім сенді? Жаратқан Иенің құдіретті күші кімге көрінді?
Қызметші Ол (Құдай) алдында жас өркендей, құрғақ жерден өскен тамырдай пайда болды. Оның көз тартар сұлулығы да, бізді баурайтындай келбеті де болған жоқ.
Адамдар оны менсінбеді, ол жалғыз қалды. Қасіретке толы өмір сүрді, азапты бастан кешті. Адамдар одан бет бұрып, жиіркенгендей болды. Біз де оған еш мән бермедік.»

Ишая 53:1-3

Бізге әлі де түсініксіз бір себеппен, көптеген халықтарды күнәларынан тазартуға келген Қызметші өзі ауыр азап шегіп, қорлық көреді және адамдарға жиркенішті болады.   

«Шынында да, Құдайдың Қызметшісі біздің қасіреттерімізді Өзі көтерді, ауруларымызды Өзі арқалады.
Біз болсақ, Оның соққыға жығылып, азап шеккенін Құдайдың жазасы деп ойладық.
Алайда Ол біздің бүлігіміз үшін түйрелді, біздің әділетсіздігіміз үшін жаншылды.
Бізге тыныштық пен амандық сыйлаған жаза Оған түсті.
Оның жаралары арқылы біз сауығып кеттік.»

Ишая 53:4-5

Қызметші тек ауруымызды ғана емес, күнәмізді де мойнына алды. Ол соққыға жығылды, қорлық көрді, біз болсақ мұны Құдайдың жазасы деп қабылдадық. Бірақ шын мәнінде, Ол біз үшін азап шекті – біздің күнәларымыздың құны ретінде. Оның жаралары – бізге рухани шипа.

«Біз барлығымыз, адасқан қойлардай, әркім өз жолымен жүрдік.
Алайда Жаратқан Ие бәріміздің күнәмізді Өз Қызметшісінің мойнына артты.»

Ишая 53:6

«Шөл нышан-белгісінде» біз адамдар шын шөлдерін Құдай арқылы басудың орнына, тесік құдықтарға – яғни пайдасыз нәрселерге – жүгінетінімізді айтқан едік. Біз бәріміз де адастық, әркім өз бетімен жүрген. Бұл жол – күнә жолы, әділетсіздік жолы.

«Ол зорлық-зомбылық көріп, қорлық шекті,
Бірақ аузын ашпады.
Оны тоқтыдай сойылуға алып кетті.
Қырқылып жатқан қой үнсіз болғандай,
Ол да тіс жарып ештеңе демеді.»

Ишая 53:7

Әбіл, Нұх, Ыбырайым, Мұса және Һарон (ғ.с.) пайғамбарлар Құдайға құрбандық шалу үшін тоқты шалатын. Бірақ бұл Қызметші – өзі сол құрбан болатын тоқтының бейнесін иеленді. Жазықсыз бола тұра, өзі шалынып жатқанда да үн қатпады.

«Оны зұлымдықпен ұстады, соттап алып кетті.
Бірақ оның замандастарынан кім ойланыпты:
Ол менің халқымның күнәсі үшін жазаланып,
Тірілер елінен кесіліп тасталды деп?»

Ишая 53:8

Қызметші «тірілердің арасынан аластатылды». Даниял (ғ.с.) «Мәсіх өлімге кесіледі» дегенде, дәл осыны меңзеген жоқ па екен? Назар аударыңыз: Даниял пайғамбар (ғ.с.) қолданған тіркес осы жерде тура қайталанады! «Тірілердің арасынан аластатылды» деген – өлім жазасына кесілді дегенмен тең емес пе?

«Оның моласы қылмыскерлермен бірге белгіленді,
Бірақ мәйіті бай адамның қабіріне қойылды.
Себебі Ол ешқандай зорлық жасамады,
Аузынан бір де бір жалған сөз шыққан жоқ.»

Ишая 53:9

«Оған мола дайындалды» делінген. Демек, бұл Қызметші шын мәнінде өлуі тиіс болады. Бірақ ол жазықсыз – ешқандай күнә істемеген, аузынан бірде-бір жалған сөз шықпаған.

«Алайда Жаратқан Иенің еркімен Ол азапқа салынып,
Қиыншылық шегіп өлтірілді.
Егер Ол жанын күнә үшін құрбан етсе,
Өз ұрпағын көреді,
Ғұмыры ұзарады,
Және Жаратқан Иенің еркі
Оның қолымен орындалады.»

Ишая 53:10

Қызметшінің осылайша өлімге душар болуы – кездейсоқ немесе қайғылы оқиға емес. Бұл Жаратқан Иенің еркімен орын алған. Ол Өз жанын күнә үшін құрбан етіп береді. Бұл – Һарон (ғ.с.) арқылы орындалатын күнә құрбандығы секілді, бірақ бұл жолы Қызметшінің Өзі сол құрбандықтың иесі болады.

«Әділ Қызметшім жан азабының нәтижесін көріп, соған риза болады.
Өз таным-білімі арқылы көптеген адамдарды ақтап шығады,
Себебі ол олардың күнәларын өз мойнына алады.»

Ишая 53:11

Қызметші туралы бастапқы пайғамбарлық сөздер қорқынышты және қайғылы сипатта басталса да, соңына қарай олар үмітке толы, жігер беретін әрі жеңіске жеткен бейнеге айналады. Қатты қасірет шеккеннен кейін, Қызметші «өмір нұрын» көреді – яғни, өлімнен кейін тіріледі! Ол өз жанының азабына риза болады, себебі ол құрбандығы арқылы «көпшілікті ақтайды».

«Ақтау» — әділдік сыйлау дегенмен тең. Мұса пайғамбардың (ғ.с.) заңында әділдікке жету үшін барлық өсиеттерді ұдайы сақтау керек еді. Бірақ біз Ыбырайым (ғ.с.) туралы 2-ші нышан-белгіде көрдік: ол сенімі арқылы әділ деп есептелді. Дәл осылай, бұл Қызметші де «көпшілікті» ақтап, оларға әділдік сыйлайды. Бұл – бізге өмір бойы жетіспей келген, шын мәнінде мұқтаж болып жүрген әділдік емес пе?

«Сондықтан Мен оған ұлы мұра бөліп беремін,
Ол күштілермен олжаны бөліседі.
Себебі Ол өз жанын өлімге қиып,
Қылмыскерлердің қатарына саналды.
Көпшіліктің күнәсін өз мойнына алды,
Және күнәкарлардың кешірімі үшін ара түсті.»

Ишая 53:12

Қызметші өз жанын өлімге ерікті түрде қиғаны үшін, оған «ұлылар арасынан мұра» ұсынылды. Ол қылмыскерлермен бірге өлтірілді — зұлым, күнәкарлар санатына жатқызылды. Бірақ дәл осы Қызметші бүгінде біз сияқты күнәкарлардың арашашысы, шапағатшысы болып отыр. Арашашы дегеніміз – екі тарап арасын татуластырушы. Бұл екі тарап — Тәңір Ие мен күнәкар адамзат. Яғни, Қызметші Алла Тағаланың алдында біздің құқымызды қорғауға лайық екендігін дәлелдеді!

Енді сұрақ туындайды: Бұл Қызметші кім? Бұл пайғамбарлықтар қалай орындалмақ? Ол шынымен де түрлі ұлттардың атынан Алла алдында ара түсіп, мүддесін қорғай ма? Забурдағы пайғамбарлықтар осымен аяқталады. Енді біз соңғы уәде – Інжіл Шарифті зерттеуге көшеміз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *