Skip to content
Home » Пайғамбар Ыса әл-Мәсіх (ғ.с.) «жоғалған» сатқынды құтқарды

Пайғамбар Ыса әл-Мәсіх (ғ.с.) «жоғалған» сатқынды құтқарды

  • by

Шура сүресінде (42 – «Кеңес») былай делінеді:

«Міне, осындай игілікті Алла иман келтіріп, ізгі амал жасаған құлдарына сүйінші етеді. Айт: “Мен сендерден ешқандай сыйлық сұрамаймын, тек туыстарға деген сүйіспеншіліктен басқа”. Ал кімде-кім бір жақсылық істесе, Біз оған игілігін арттырамыз. Шын мәнінде, Алла өте Кешірімшіл, құлдарының қызметін бағалаушы».

Шура 42:23

«Сондай-ақ Ол иман етіп, ізгі амал істегендердің тілектерін қабыл етеді, әрі оларға нығметін арттырады. Ал кәпірлерге ауыр азап бар».

Шура 42:26

Әл-Қасас сүресінде (28 – «Әңгімелер») былай делінеді:

«Ал кімде-кім бұл өмірде тәубе етіп, иман келтіріп, ізгі амал жасаса, солардың құтылушылардан болуға үміті бар».

Қасас 28:67

Ал егер біз «әділ істер» және «жақсылықтар» жасамасақ не болады? Мұса пайғамбар (ғ.с.) жазған заң бойынша, толық мойынсұнуды талап етеді. Кімде-кім сол заңды бұзса, «Шура» және «Қасас» сүрелеріндегі аяттарда айтылғандай, ауыр азапқа душар болады. Иса Мәсіх (ғ.с.) ізгі хабары осы аяттарды бұлжытпай орындай алмай жүрген жандарға арналған. Жеткілікті түрде жақсылық жасай алып жүрсіз бе? Егер жоқ болса, онда Інжілдегі Иса Мәсіхтің (ғ.с.) ешбір жақсылық істемеген, тіпті өз халқына опасыздық жасаған адаммен кездескен оқиғасын оқып көріңіз.

Елазарды өлімнен қайта тірілткен Иса Мәсіх (ғ.с.) осы әлемге келген міндетін түсіндіріп – өлімді жеңді. Енді өзінің негізгі ісін іске асыру үшін Иерусалимге өрледі. Ол жолда Иерихон (қазіргі Палестина жеріндегі Иордан өзенінің жағасында орналасқан) арқылы жүрді. Оның көптеген кереметтерін көрген және уағыздарын естіген халық алдынан шығып, оны қарсы алды. Сол халықтың арасында елдің бәрі жек көретін, Зақай атты әділетсіз бай кісі болды. Ол рим басқыншыларына қызмет етіп, халықтан салық жинайтын. Бірақ жинаған салықтың үстінен қосып алып, айырмасын өз қалтасына басып жүрді. Сондықтан, яһудилер оны сатқын санады. Өз халқына опасыздық жасап, римдіктердің қол астында байып жүргені үшін Зақайды жұрт өте қатты жек көрді.. 

Зақай тапал бойлы болғандықтан қаптаған халық арасынан Иса Мәсіх (ғ.с.) көрмей қалам ба деп қорықты. Сонымен бірге оны ешкім өткізе қоймайтынын да жақсы білді. Інжілде осы адамның Мәсіхпен кездескені туралы былай жазады: 

 Иса Иерихонға кіргеннен кейін қаланың ішімен өтіп бара жатты. Сол жерде Зақай есімді кісі бар еді. Ол салық жинаушылардың бастығы әрі бай адам болатын. Зақай Исаның қандай екенін көргісі-ақ келіп еді. Бірақ қаумалаған халық көрсетпеді, себебі ол аласа бойлы болатын. Зақай Исаны көру үшін алға жүгіріп барып, бір тұт ағашына шығып алды. Өйткені Иса сол жолмен өтуге тиіс еді. Сол жерге келгенде Иса ағашта отырған Зақайға қарап: — Зақай, тез төмен түс! Бүгін Мен сенің үйіңде болуым керек, — деді. Ол тез төмен түсіп, Исаны қуана қарсы алды. Мұны көріп тұрған жұрттың бәрі: «Мынау күнәкардың үйіне қонаққа барды!» — деп күңкілдесе бастады. Ал Зақай орнынан тұрып, Иемізге: — Мырза, мал-мүлкімнің жартысын кәріп-қасерлерге үлестіріп бермекпін. Егер біреуді алдап, ақысын жеген болсам, оны төрт есе артығымен қайтаратын боламын, — деді. Сонда Иса: — Бүгін осы үй іші құтқарылды! Бұл адам шын мәнінде Ыбырайым атаның ұрпағынан. Өйткені Мен тура жолдан адасып кеткендерді іздеп, құтқаруға келдім,  — деп жауап берді .

Лұқа 19:1-10

Пайғамбардың істегені жұртқа ұнамады. Ол қалайша батылы жетіп, Зақайдың үйіне қонаққа барды? Зақай өте жаман адам еді, оны жұрт жақсы білетін. Бірақ Зақай өзінің күнәлі екенін мойындады. Көпшілігіміз күнәларымызды жасыруға тырысамыз немесе оны жоққа шығарып, «ол соншалықты ауыр емес» деп ойлаймыз. Зақай олай істемеді – ол өз әрекетінің дұрыс еместігін мойындады. Және Исаға (ғ.с.) бір қадам жасағанда, Пайғамбардың жылы қабылдауы жұртты таңғалдырды.

Иса Мәсіх (ғ.с.) Зақайдың күнәсіне өкінгенін қалайды, ол сол қателіктерінен бас тартып, Мәсіхтен көмек сұрауы үшін өзіне бет бұрсын деп тіледі. Зақай күнәларын мойындап, Мәсіх оны кешіріп, «құтқарылды» деп жариялады.

Ал біз не істейміз? Зақайға қарағанда біз сондай ауыр күнә жасамаған шығармыз. Сондықтан, «солай жаман емес екенбіз» деп, Адам ата секілді Құдайдан күнәмізді жасырып, немесе аз күнә деп ойлаймыз ба? Көп жақсы істеріміз арқылы жаман әрекеттерімізді теңестіреміз деп үміттенеміз. Сол күні Иса Мәсіхтің (ғ.с.) артынан ерген көпшілік те дәл осылай ойлады. Сондықтан Пайғамбар олардың ешқайсысының үйіне қонаққа бармады және оларды құтқарылды деп жарияламады. Сол құрметке тек Зақай ие болды. Мүмкін бізге де күнәларымызды жасыруға тырыспай, Құдайдың алдында ашық мойындау дұрысырақ шығар. Исаның (ғ.с.) рақымдылығы шексіз – біз қорқып жүрген күнәларымызды кешіріп, құтқарылуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, Зақайдың барлық жаман әрекеттері бір сәтте жоқ болып кетті деп қалай сенуге болады? Ұлы сотқа дейін бар күнәсінің кешірілгеніне өзі сене ала ма? Жер бетіндегі Исаның (ғ.с.) міндетін қалай орындайтынын көру үшін, артынан Иерусалимге бірге өрлейік.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *