Skip to content
Home » Екінші күн: Иса Мәсіх (ғ.с.) таңдаған жері – қазіргі Әл-Ақса мешіті және жартастағы киелі күмбез орналасқан жер

Екінші күн: Иса Мәсіх (ғ.с.) таңдаған жері – қазіргі Әл-Ақса мешіті және жартастағы киелі күмбез орналасқан жер

  • by

Иса Мәсіх (ғ.с.) барған орын – бүгінгі Әл-Ақса мешіті мен Жартастағы киелі күмбез орналасқан жер. Бұл мекеннің неге соншалықты маңызды саналғанын көпшілік біледі: онда талай тарихи оқиғалар болған. Бірақ дәл осы таудың басында Иса Мәсіхке (ғ.с.) не болғанын жұрттың көбі біле бермейді.

Иерусалимде Исаның (ғ.с.) қандай сынақ көргенін түсіну үшін, оны Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) Меккедегі сапарымен салыстырып көрейік. Фатх сүресінде Қағбаның қасында мүміндерге жасалған кедергілер жайлы айтылған:

«Олар сендерді Мәсжід Харамға кіргізбей, құрбандықтарыңды өз орнына жеткізбейтін болды. Егер сендер білместікпен сол жерде ерлер мен әйел мүміндерді басып жаншып, күнәға батпауларың үшін (Алла соғысты тоқтатты). Егер мүміндер бөлек тұрса, қарсы шыққандарды күйзелтуші азаппен жазалар едік».

Фатих 48:25

Сол кездері Құрайыштар пайғамбарды (ғ.с.) және оның серіктерін мешітке кіргізбей қойды. Исаның (ғ.с.) дәуірінде Иерусалимдегі ғибадатханада да сондай жағдай болды: дінбасылар құрбандық шалатын малды сататын жүйе орнатып, соның бәрін ғибадатхананың ішінде жүргізді. Қажылыққа алыстан келгендер сол жерде ақшасын айырбастауға мәжбүр еді. Осының бәрі адамдардың Құдайға шын жүректен құлшылық етуіне кедергі болды. Ал ғибадатхана Құдайды жасырын ұстау үшін емес, барлық халық келіп Жаратқанға табынсын деп салынған еді. Иса Мәсіх (ғ.с.) осыны түзетуге келді, бірақ бұл оны сенбейтіндермен қақтығысқа алып келді.

Пайғамбар Иерусалимге кірген сол күн туралы ежелгі пайғамбарлар болжам жазып қалдырған. Ол өзін Мәсіхпін және басқа ұлт өкілдеріне нұрмын деп жариялады деп жариялады. Бұл оқиға яһуди күнтізбесі бойынша Нисан айының 9-ы, жексенбі күні болды. Ал келесі, Нисанның 10-ы ерекше күн саналған. Сол күні ежелгі заманда Мұса пайғамбар (ғ.с.) перғауынға Құдайдың соңғы жазасы жайлы ескерткен болатын:

«Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға Мысыр елінде былай деді: – Бұдан былай осы ай сендер үшін айлардың басы, жылдың алғашқы айы болсын. Исраил қауымына мынаны айт: әр отбасы осы айдың оныншы күні өз жанұясы үшін бір тоқтыдан таңдап қойсын».

Мысырдын көшіп шығу 12:1-3

Яһудилер үшін жылдың алғашқы айы – Нисан. Сол дәуірден бері әр отбасы Нисан айының 10-ы күні құрбандыққа тоқты (кедейлер көгершін) сайлап қоюы керек еді. Исаның (ғ.с.) заманында да яһудилер бұл малды Иерусалимдегі ғибадатханадан сатып алатын. Дәл сол жерде бір кезде Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) ұлын құрбан етуге алып келген еді. Бүгінде сол мекенде Әл-Ақса мешіті мен Жартастағы күмбез тұр.

Нисан айының 10-ы күні ғибадатхана ішінде нағыз базар орнап, сауда қызып жататын. Құрбандыққа тоқты таңдайтын осы күннің өзі Құдайға құлшылық ететін орыннан гөрі, базар алаңына көбірек ұқсайтын. Інжілде Иса Мәсіхтің (ғ.с.) дәл сол күні ғибадатханада не істегені жазылған. «Келесі күн» дегені – Иса (ғ.с.) Иерусалимге салтанатпен кіргеннен кейінгі, яғни Нисан айының 10-ы.

«Осылайша Иса Иерусалимге кіріп, ғибадатханаға барды. Бәрін көзбен шолып шықты да, кеш батып қалған соң он екі шәкіртін ертіп, қаладан шығып Бетания ауылына барды».

Жеміссіз інжір ағашының қарғалуы, ғибадатхананың арамдықтан тазартылуы

Келесі күні олар Бетаниядан шыққанда, Иса ашыққан еді. Ол алыстан жапырағы жайқалған інжір ағашын көріп, жемісі бар ма екен деп қасына барды. Бірақ ағашта жапырақтан басқа ештеңе жоқ болып шықты. Жеміс уақыты әлі келмеген еді. Сонда Иса:
— Енді бұл ағаштан ешкім де мәңгілікке жеміс татпасын! — деді. Шәкірттері мұны естіп алды.

Олар Иерусалимге келгенде, Иса ғибадатхана ауласына кіріп, сатушылар мен алушыларды қуып шықты. Ақша айырбастаушылардың үстелдерін, көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады. Тіпті жүк көтеріп өткендерге де ғибадатхана ауласымен жүруге рұқсат бермеді. Сосын оларға:
— Киелі жазбада: «Менің үйім барлық халықтар мінәжат ететін үй деп аталсын!» делінген емес пе? Ал сендер оны қарақшылардың үңгіріне айналдырдыңдар! — деп қатаң ескерту жасады.

Марқа 11:11-17

Адам көзімен қарағанда, Иса Мәсіх (ғ.с.) ғибадатханаға дүйсенбі күні, яғни Нисан айының 10-ы күні кіріп, сауда жасап отырғандарды қуып шықты. Өйткені ғибадатханадағы сауда мінәжатқа, әсіресе бөтен ұлт өкілдерінің дұға етуіне кедергі болды. Ал Мәсіх барлық халықтарға нұр болу үшін келгендіктен, оларды қуып шығу арқылы көк пен жердің арасындағы кедергіні алып тастады.

Бірақ мұнда көзге көрінбейтін әлдеқайда маңызды рухани оқиға да орын алды. Жақия пайғамбар (ғ.с.) Исаға қандай ат бергені есіңізде ме? Ол оны:
— Қараңдар! Мынау — Құдайдың құрбандық Тоқтысы! Адамзаттың күнәсін Өз мойнына алып, сол үшін жанын қияды, — деп атаған.

Жохан 1:29

Иса — Құдайдың құрбандыққа таңдаған Тоқтысы. Ыбырайым пайғамбардың (ғ.с.) құрбандық оқиғасында Жаратқан Ие Ыбырайымның ұлының орнына бір қошқар берген еді. Ол мүйізінен бұтаға шырмалып қалған болатын. Құрбан айт дәстүрі де сол оқиғадан бастау алған. Яһудилердің ғибадатханасы дәл сол жерде — қазір Әл-Ақса мешіті мен Жартастағы күмбез тұрған жерде бой көтерген. Нисан айының 10-ы күні Иса Мәсіх (ғ.с.) ғибадатханаға кіріп, Құдай оны Өз құрбандық Тоқтысы ретінде таңдап алды. Сондықтан Оның дәл сол күні кіруі міндетті еді. Және Ол дәл сол күні кірді.

Құдайдың құрбандық тоқтысы, Иса (ғ.с.) міндеті

Ол неге құрбандық тоқтысы ретінде таңдалды? Жауап Иса (ғ.с.) ілімінде жатыр. Иса Мәсіх (ғ.с.) «Менің (киелі) үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады!» деген сөзді Ишая пайғамбардың (ғ.с.) жазғанын сөзбе-сөз келтірді. Жазбадағы толық мәтін былай дейді:

«Сол сияқты, егер басқа ұлт адамдары Маған ғибадат етіп, Мені сүйіп, қызметшілерім болуға өздерін түбегейлі арнаса, әрі демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса, онда Мен, Жаратқан Ие, олардың Өзіме бағышталған қасиетті Сион тауына келулеріне жол беремін. Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемін. Сол басқа ұлт сенушілердің Өзімнің құрбандық үстелімде шалып, өртеген құрбандықтарына және өзге де сый-тартуларына риза боламын. Себебі Менің киелі үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй деп аталатын болады».

Ишая 56:6-7

Уақыт сызбасында Забурдағы басқа пайғамбарлармен бірге Ишая пайғамбардың (ғ.с.) өмір сүрген кезеңі де көрсетілген.

«Киелі тау» деп отырғанымыз – Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) ұлының орнына тоқтыны құрбандыққа шалған Мория тауы. Ол – Құдай Өзі берген құрбандық болатын. Ал «мінәжат үйі» – Нисан айының 10-ы күні Иса Мәсіх (ғ.с.) кірген ғибадатхана. Яһудилердің көзқарасында құрбандық пен құтқарылу мейрамы тек өз халқына арналған еді. Бірақ Ишая пайғамбар (ғ.с.) «Сол басқа ұлт сенушілердің Өзімнің құрбандық үстелімде шалып, өртеген құрбандықтарына және өзге де сый-тартуларына риза боламын» деп, басқа ұлттар туралы алдын ала жазған болатын. Иса Мәсіх (ғ.с.) осы сөздерді келтіру арқылы құтқарылу еңбегінің тек яһудилерге ғана емес, басқа халықтарға да тарайтынын жариялады. Бірақ ол мұны кейін толық түсіндіреді. Ал біз ары қарай Құдайдың халықтарды құтқару жоспарын – оның ішінде сіз бен бізді де қамтитын – қалай іске асыратынын рет-ретімен көретін боламыз.

Сол аптаның келесі күндері

Тауратта былай деп жазылған:

«Осы малды айдың он төртіне дейін бағып күтіп, қастарыңда ұстаңдар. Сол күні кешке қарай Исраил халқының бүкіл қауымы тоқтыларын құрбандыққа шалсын».

Мысырдан көшіп шығу 12:6
Тауратта жазылған ережелерге сәйкес, Иса Мәсіх (ғ.с.) 2-ші күні дүйсенбіде істеген істері.  

Яһудилердің осы ережесіне сәйкес, Иса Мәсіх (ғ.с.) тағдырлы аптаның екінші күні — дүйсенбіде — ғибадатханаға кіріп, оны тазалады. Бұл әрекет Құдайдың Өзі Иса Мәсіхті (ғ.с.) «құрбандық тоқтысы» ретінде таңдағанының нышаны еді.

Інжілде бұл оқиға туралы былай жазылған:

«Мұны дін мұғалімдері мен басты діни қызметкерлер де естіп, Исаның көзін құртудың жолын іздеді. Себебі жұрттың бәрі Оның тәліміне қатты қайран қалғандықтан, олар Исадан қорқып жүрді»

Марқа 11:18

Ғибадатханадағы сатушылар мен сатып алушыларды қуып шыққаннан кейін яһуди көсемдері Иса Мәсіхтің (ғ.с.) көзін құртуды ойлай бастады. Олар Оған ашық түрде қарсы шығып, дұшпандықтарын көрсетті. Інжілде келесі күні былай деп жазылған:

«Осылай олар тағы да Иерусалимге келді. Иса ғибадатханада жүргенде, басты діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және рубасылар Оның қасына келіп: “Бұл істерді қандай билікпен істеп жүрсіз? Оларды істеуге Сізге кім билік берді?” – деп сұрады».

Марқа 11:27-28

Тәғабун сүресінде барлық пайғамбарлардың осындай сынақтардан өткені ескертіледі:

«Сендерге бұрынғылардың хабарлары келмеді ме? Олар істегендерінің жазасын татты. Тағы да оларға күйзелтуші азап бар. Пайғамбарлары ашық дәлелдермен келгенде, олар: “Бізді адам қалай тура жолға сала алады?” – деп қарсы шықты да, бет бұрды. Алла оларға мұқтаж емес екенін көрсетті. Өйткені Алла – мұңсыз әрі мадаққа лайық. Қарсы болғандар қайта тірілмейміз деп ойлады. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Жоқ! Раббыма ант етемін, сендер міндетті түрде өлгеннен кейін қайта тірілесіңдер. Сосын істегендерің түгел сендерге түсіндіріледі. Бұл Аллаға оңай” де».

Тәғабун 64:5-7

Иса Мәсіх (ғ.с.) дәл осы сүреде айтылғандай, пайғамбарлардың бәрі өткендей қатаң сынақтан өтуге мәжбүр болды. Сол сынақ арқылы Оның билігі адамның емес, Құдайдың жіберген елшісі екенінің айқын белгісі ашылды. Тәғабун сүресі мұндай сынақтың түпкі мәні – өлімнен кейін қайта тірілуге байланысты екенін түсіндіреді. Бірақ оған дейін тағдырлы аптаның басқа да оқиғалары жүзеге асуы тиіс еді.

Ары қарай біз діни басшылардың ойлаған зұлымдығы, пайғамбардың істеген істері және Таурат қағидаларының сол аптаның 3-ші және 4-ші күндерінде қалайша таңғаларлық түрде түйіскенін көреміз.    

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *