Skip to content
Home » 3 және 4 күндер – Иса Мәсіх (ғ.с.) болашақты болжады және өзінің қайта оралатынын айтты

3 және 4 күндер – Иса Мәсіх (ғ.с.) болашақты болжады және өзінің қайта оралатынын айтты

  • by

Інжір ағашы мен жұлдыздардың арасында қандай ортақ мағына бар? Екеуі де – ұлы оқиғаның нышандары. Олар бізге ескерту секілді.Тин сүресі былай басталады: 

«Інжір мен зәйтүнге серт!»

Тин 95:1

«Шынында біз адамзатты көркем бейнеде жараттық. Сосын оны төмендердің төменіне қайтардық.»

Тин 95:4-5

Ал Мүрсәләт, Тәкуир және Инфитар сүрелерінде жер бетінде ұлы оқиға басталғанда жұлдыздар көмескіленетіні бірнеше рет қайталанады:

«Жұлдыздар сөнген сәтте, көк жарылғанда, таулар үгітіліп ұшырылғанда…»

Мүрсәләт 77:8-10

«Күн бүктелгенде, жұлдыздар солып шашылғанда, таулар қозғалғанда…»

Тәкуир 81:1-3

«Көк жарылғанда, жұлдыздар төгілгенде, теңіздер тасып аққанда…»

Инфитар 82:1-3

Бұл нышандардың бәрі нені білдіреді? Иса Мәсіх (ғ.с.) жердегі соңғы күндерінде олардың мағынасын түсіндірді. Алдымен қысқаша шолып өтейік.

Иса (ғ.с.) Даниял мен Зәкәрия пайғамбарлардың болжамы бойынша, Иерусалимге Нисан айының 9-ы күні кірді. Артынан Нисан айының 10-ы күні Мұса пайғамбар (ғ.с.) айтуы бойынша – таңдалған тоқты болу үшін, Иса Мәсіх (ғ.с.) ғибадатханаға кіреді. Содан кейін Иса Мәсіх (ғ.с.) яһуди басшылары мен көсемдері тарпынан бас тартылды. Ол ғибадатхананы саудагерлерден тазартқанда, қарсыластары оны өлтіруді ойластыра бастады. Одан ары Иса Мәсіх (ғ.с.) не істегенін Інжілден оқи аламыз. 

Қарғалған інжір ағашы

Содан кейін Иса ғибадатханадағы халықты қалдырып (аптаның 2-ші күні, дүйсенбі, Нисан айының 10-ы), қаладан шығып, Бетанияда түнеп шықты. Ертеңгісін қалаға қайта оралғанда Исаның қарны ашты. Жол бойында Ол бір інжір ағашын көріп, қасына барды. Бірақ ол ағашта жапырақтан басқа ештеңе болмады. Сонда Иса:
«Бұдан былай сенде мәңгі ешқандай жеміс болмайды!» — деді. Сол сәтте інжір ағашы қурап қалды.

Матай 21:17-19

Көп адамдар «Иса Мәсіх (ғ.с.) неліктен інжір ағашын қарғады?» деп сұрайды. Інжілде бұл туралы нақты түсініктеме берілмеген, бірақ ежелгі пайғамбарлардың жазбаларына қарасақ, бұл әрекеттің мағынасын ұғуға болады. Пайғамбарлар халыққа арналған ескертулерінде қураған інжір ағашын жиі мысал етіп келтірген.

«Жүзім бұталары қурап, інжір ағаштары солып қалды. Анар, құрма, алма, даладағы барлық ағаштар да қурап қалды. Содан адамдар да қуанышынан айырылды».

Жоел 1:12

«Егістіктеріңе, бау-бақшаларыңа, жүзімдіктеріңе шіру мен көгеру індетін жіберіп, бәрін құрттым. Інжір мен зәйтүн ағаштарыңды шегіртке жойып жіберді. Бірақ сендер сонда да Маған қайтып оралмадыңдар!» — дейді Жаратқан Ие.

Амос 4:9

«Жүзім, анар, інжір және зәйтүн ағаштары да әлі жеміс берген жоқ. Бірақ бүгіннен бастап Мен сендерді жарылқаймын!»

Хаққай 2:19

«Күн мен ай, жұлдыздар сөнеді. Аспан шиыршық кітаптай шиырылады, жұлдыздар жүзім бұтағынан немесе інжір ағашынан түскен құрғақ жапырақтай жерге құлайды».

Ишая 34:4

«Мен оларды өнімдерінен айырамын, — дейді Жаратқан Ие. — Жүзім бұтасында жүзім шоғы қалмайды, інжір ағашында жеміс болмайды, жапырағы да қурайды. Өздеріне берген барлық нығметтерінен айырылып қалады».

Еремия 8:13

Ошия пайғамбар (ғ.с.) да інжір ағашының мысалында Исраил халқын сипаттады:

«Менің Исраилді тапқаным иен далада өсіп тұрған тәтті жүзімді табумен бірдей болды. Мен ата-бабаларыңа інжір ағашының алғашқы маусымында ерте піскен жемісіндей қарап, қатты ұнаттым. Бірақ олар Бағал-Пеғорға келгенде өздерін сондағы масқара тәңір мүсініне бағыштап, содан өздері жақсы көрген сол мүсін сияқты жиренішті болып кетті. Ефрем елінің салтанаты құс сияқты пыр етіп ұшып кетеді! Себебі сендерде енді қайтып бала туылмайды, ешбір келіншек құрсақ көтеріп аяғы ауырламайды. Ал егер асырайтын бала-шағасы бола қалса, Мен сендерді соларыңнан да айырамын, бірде-біреуін тірі қалдырмаймын. Мен Ефремнен түбегейлі бас тартқан кезімде халық нағыз қасіретке қалады! Ефрем халқы қатты соққы жеді. Тамырлары қурап қалған, олар енді жеміс бермейді. Бала туа қалған күнде де, Мен олардың құрсақтан шыққан қымбат нәрестелерін өлтіремін». Олар Құдайыма мойынсұнбағандықтан, Ол халықты Өзінен аластатып тастайды. Содан олар басқа халықтардың арасында кезбе болып кетеді .  Ефрем = Израиль

Ошия 9:10-12, 16-17

Б.з.д. 586 жылы Иерусалим қирағанда, осы қарғыстар алғаш рет орындалды. Иса Мәсіхтің (ғ.с.) інжір ағашын қарғауы — Иерусалимнің алдағы қиратылатынын және еврей халқының уәделі жерден қуылатынын білдіретін символдық белгі болды.

Інжір ағашының оқиғасынан кейін Иса Мәсіх (ғ.с.) ғибадатханаға барып, халыққа тәлім берді және яһуди басшыларымен сөйлесті. Ол жерде Құдайдың қаһары туралы көптеген белгілерді түсіндірді. Оның уағыздарының толық нұсқасы осы жерде берілген

Пайғамбар өзінің келу белгілері туралы айтты

Сөзін аяқтай келе, Иса Мәсіх (ғ.с.) Иерусалимдегі ғибадатхананың қиратылатынын ескертті. Сол кезде бұл ғибадатхана бүкіл Рим империясындағы ең әсем ғимараттардың бірі болатын. Бірақ Иса (ғ.с.) оның жермен-жексен болатынын алдын ала айтты. Артынан бірден өзінің қайта келетінін және келу мақсатын да ашып көрсетті. Ол былай деді:

Иса ғибадатханадан шығып бара жатқанда, шәкірттері қасына келіп, ғимараттың әсемдігін көрсетті. Сонда Иса:
— Мынау бәрін көріп тұрсыңдар ма? Сендерге шын айтамын: бұл тастардың бірде-бірі орнында қалмайды, бәрі қирайды! — деді.

Кейінірек, Иса Зәйтүн тауына отырып дем алып жатқанда, бірнеше шәкірттері оңаша келіп сұрады:
— Айтыңызшы, бұл қашан болады? Сіздің қайта келуіңіз бен заманның ақырының белгісі қандай болмақ? – деді.

Матай 24:1-3

Иса алдымен ғибадатхананың қирайтынын айтты. Біз тарихтан оның б.з. 70 жылы орындалғанын білеміз. Ол кешке ғибадатханадан шығып, Зәйтүн тауына бет алған еді. Еврей күнтізбесінде күн кешкісін басталғандықтан, бұл Нисан айының 12-сі, яғни сәрсенбі күні болатын. Сол жерде Иса (ғ.с.) шәкірттеріне ақырзаман туралы және өзінің екінші рет келетін кезі жайлы түсіндірді.

Иса былай деді:

— Сақ болыңдар! Ешкім сендерді алдап, теріс жолға түсірмесін! Көп адамдар Менің атымды жамылып келіп: «Құтқарушы – Менмін!» деп, талайларын адастырады. Жақын маңдағы соғыстар туралы, алыстағы шайқастар жайында естисіңдер. Бірақ қорықпаңдар, бұл әлі заманның соңы емес. Ұлт ұлтқа, мемлекет мемлекетке қарсы шығады. Жер-жерде ашаршылық, індеттер мен жер сілкіністер болады. Бұлардың бәрі тек жаңа дәуірдің басталар алдындағы «толғақ азаптары» ғана.

Сенушілердің қудалануы және Ізгі хабардың бүкіл әлемге таралуы

— Сол кезде сендерді ұстап беріп, азаптап, өлтіреді. Менің атым үшін барлық халықтар сендерді жек көреді. Көпшілік сенімнен тайып, бір-біріне опасыздық жасап, бір-бірін жек көреді. Талай жалған пайғамбарлар шығып, халықты алдайды. Әділетсіздік көбейгендіктен көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді. Бірақ соңына дейін шыдаған әркім құтқарылады.

Құдай Патшалығы жайлы Ізгі хабар бүкіл әлемге уағыздалады. Сол кезде ғана заманның ақыры келеді.

Сонда Даниял пайғамбар алдын ала айтқандай, «қасиетті орынды арамдап, бос қалдыратын жексұрын нәрсе» тұрғанын көресіңдер. (Мұны оқыған әркім мәнісін ұғып алсын!) Сонда Яһудеядағы адамдар тауға қашсын! Үйдің төбесінде отырған адам ішке кіріп ештеңе алмасын, даладан жүрген адам да үйіне қайтып бармасын. Сол күндері аяғы ауыр, сәбиін емізіп жүрген әйелдер үшін өте қиын болады. Қашатын уақыттарың қысқа не сенбі күніне түспесін деп Құдайдан тілеңдер. Өйткені ол кезең – жер жаратылғалы болмаған, әрі қайталанбайтын ең ауыр сынақ болады. Егер Құдай бұл күндерді қысқартпаса, ешкім құтылмас еді. Бірақ Ол таңдаулылар үшін ол кезеңді қысқартады.

Алдамшылардан сақтанып, Менің қайта оралуымды күтіңдер!

Сол кезде біреу сендерге: «Міне, Мәсіх осында!» немесе «Әне, Ол анда!» десе, сенбеңдер! Себебі жалған «мәсіхтер» мен «пайғамбарлар» шығады. Олар, мүмкін болса, Құдайдың таңдап алғандарын да алдап әкету үшін кереметтер мен ғажайыптар көрсетеді. Естеріңде болсын, Мен мұның бәрін сендерге алдын ала ескерттім. Егер: «Қараңдар, Ол айдалада жүр!» десе, бармаңдар! «Ол құпия бөлмеде!» десе де, сенбеңдер! Өйткені найзағайдың шығыстан шығып, батысқа дейін жарқырайтыны сияқты, Менің көктен қайтып келуім де кенеттен әрі айқын болады. «Жемтік қайда болса, күшігендер сонда жиналады» деп жазылған емес пе?!

Мәсіхтің көктен қайтып келуіне дайын болу қажет

Осы ауыр күндер өткен соң, күн қараңғыланып, ай жарық бермей қалады. Жұлдыздар аспаннан құлап, аспан күштері шайқалады. Сол кезде көктен Менің қайта келуімнің айқын белгісі көрінеді. Жер бетіндегі барлық халықтар үрейленіп, қайғырады. Олар Мені ұлылықпен, құдіретпен бұлттар үстінде келе жатқанымды көреді. Сол сәтте Мен періштелерімді қатты керней даусымен жібертемін, ал олар дүниенің төрт бұрышынан Менің таңдаулыларымды жинайды.

Матай 24:4-31

Бұл үзіндіден Иса Мәсіх (ғ.с.) ғибадатхана қирағаннан кейінгі болашаққа көз тіккенін көреміз. Оның іліміне сәйкес, ғибадатхананың қиратылуы мен Оның жерге қайта оралуы арасындағы уақытта жер бетінде түрлі заңсыздықтар, жер сілкіністері, ашаршылықтар, індеттер, соғыстар және шәкірттерін қудалаулар орын алады. Сонымен қатар Ізгі хабар бүкіл халықтарға жеткізіледі. Бірақ осы кезеңде жалған пайғамбарлар да көбейіп, Мәсіхтің атын иеленіп, адамдарды алдауға тырысады. Ал Оның нағыз қайтып келуінің белгісі тек соғыстар мен апаттарда ғана емес, күн, ай, жұлдыз сияқты аспан денелеріндегі өзгерістер арқылы да айқын көрінеді.

Жер бетінде соғыстар, апаттар мен жер сілкіністері жиілеп жатқанына қарап, Мәсіхтің келу уақытының жақындағанын көреміз. Бірақ аспанда әлі ешқандай белгі болмағандықтан, ақырзаманның өзі басталмағанын түсінеміз. Ол қашан басталады? Осы сұраққа Мәсіх былай жауап берді:

«Інжір ағашынан сабақ алыңдар: оның шыбықтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда жаздың таяп қалғанын білесіңдер. Сол сияқты, сендер осы оқиғаларды көргенде, Менің есік алдында тұрғанымды білесіңдер. Сендерге шын айтамын: бұл ұрпақ өлмей тұрып-ақ осының бәрі болады. Аспан мен жер жойылады, бірақ Менің сөздерім ешқашан жойылмайды».

Матай 24:32-35

Бұл оқиғадан бір күн бұрын Иса Мәсіх (ғ.с.) исраил халқын бейнелеген інжір ағашын қарғағаны есіңде ме? Б.з. 70 жылдары ғибадатхана толық қирағаннан кейін, інжір ағашы (Исраил) қурап, мыңдаған жылдар бойы қалпына келмеді. Ал пайғамбар інжір ағашында жаңа жапырақтар шыққанда «уақыттың» таяғанын білесіңдер деді. Соңғы 70 жыл ішінде біз сол інжір ағашының қайта бүр жарып, жапырақ жая бастағанын көріп отырмыз. Бұл үдеріс ХХ ғасырда Исраил мемлекетінің қайта құрылуынан басталып, бүгінде еврей халқының әлемнің түкпір-түкпірінен өз жеріне жиналуымен жалғасып келеді. Әрине, оған дейін көптеген соғыстар мен апаттар орын алды, бірақ пайғамбардың өзі: «алдымен мұның бәрі болады» деп алдын ала ескерткен. Сондықтан інжір ағашы әлі де толық жасарып кеткен жоқ, бірақ жас өркендер шыға бастады.

Осының бәрі бізді сергек болуға шақырады. Себебі пайғамбар екінші келу уақыты туралы бізге ерекше ескерту жасаған:

«Ал сол күн мен сағатты не адам, не көктегі періштелер, тіпті Құдайдың рухани Ұлы да білмейді, оны тек көктегі Әке ғана біледі. Нұх пайғамбардың заманында қалай болса, Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келгенде де солай болады: топан судың алдында адамдар ішіп-жеп, үйленіп, тұрмыс құрып, әдеттегідей өмір сүріп жүрді. Нұх кемеге кірген күнге дейін олар ештеңеден хабарсыз болды. Су қаптап, бәрін қырып кеткен кезде ғана түсінді. Мен қайта келгенде де дәл солай болады! Сол сәтте егістікте жүрген екі адамның бірі алынып, бірі қалады. Қол диірмен тартып отырған екі әйелдің бірі қабылданып, бірі қалып қояды. Сондықтан сергек болыңдар! Себебі Қожайындарың қай күні қайта оралатынын білмейсіңдер. Мынаны есте сақтаңдар: егер үй иесі ұрының қай уақытта келетінін білгенде, ұйықтамай сақ тұрып, үйін бұзғызбас еді. Сол сияқты, сендер де әрдайым дайын болыңдар! Өйткені сендер күтпеген сәтте Мен қайта келемін».

Адал және опасыз қызметшілер туралы мысал

— Саналы да адал қызметші сияқты болыңдар! Қожайын өзінің бір қызметшісін үйдегі қалған малайларының үстінен қойып, оларға тамақты уақытында таратуға тағайындады. Егер қожайыны қайтып келгенде оның тапсырмасын дұрыс орындап жүргенін көрсе, сол қызметші бақытты! Шындығын айтамын: қожайыны оны барлық мүлкіне басқарушы етіп қояды.
Ал егер әлгі қызметші жаман болып: «Қожайыным жақын арада келмейді ғой» деп ойлап, басқа малайларды ұрып-соғып, маскүнемдермен бірге ішіп-жеп жүрсе, қожайыны күтпеген күні, ойламаған уақытта келіп, оны аяусыз жазалайды. Ол екіжүзділердің қатарына қосылады. Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.

Матай 24:36-51

Иса Мәсіх (ғ.с.) өзінің жер бетіне қайта келетіні туралы Інжіл беттерінде көп рет қайталап айтты. Сілтемені осы жерден қара.  

3-ші және 4-ші күндердің қысқаша мазмұны

Жаңартылған уақыт кестесіне сәйкес, Иса Мәсіх (ғ.с.) үшінші күні інжір ағашын қарғап, одан кейін яһуди басшыларымен ұзақ сөйлесті. Бұл іс-әрекет Исраил халқына арналған символдық бейне болатын.

Төртінші күні (сәрсенбі) Иса (ғ.с.) өзінің қайта келуіне байланысты ерекше белгілер туралы айтты. Солардың ішіндегі ең бастысы – аспан денелерінің күңгірт тартуы.

Таураттағы жазбаларға сүйенсек, соңғы аптаның үшінші және төртінші күндерінде Иса Мәсіхтің (ғ.с.) жер бетіне қайта оралуы туралы сөз қозғалған.

Сондай-ақ Ол бізге сергек болуды ескертті. Бүгін біз «інжір ағашының» бүр жарып, жапырақ жайып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан одан сайын сергек болып, саналы өмір сүргеніміз жөн.

Ал бесінші күні пайғамбарға қарсы шайтанның әрекеттері басталды. Бұл оқиға біздің келесі мақалада қарастырылады.

Лұқа жазған Ізгі хабарда осы соңғы аптаның барлық күндері егжей-тегжейлі баяндалған

Лұқа 21:37

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *