Сол соңы аптаның 4-ші күні Иса Мәсіх (ғ.с.) өзінің жер бетіне қайта оралатынын қандай белгілер арқылы байқауға болатынын түсіндірді. Осыдан кейін Інжіл діни жетекшілердің Оны тұтқындағысы келгенін баяндайды. Шайтан (немесе Ібіліс) осыны пайғамбарға – өзінің қас жауына – соққы беру мүмкіндігі ретінде пайдаланды. Бұл оқиға былай жазылған:
Ашымаған нан мейрамы, яғни Құтқарылу мейрамы таяп қалған еді. Бас діни қызметкерлер мен заң мұғалімдері Исаны қалай құртудың амалын іздеді, өйткені олар халықтан қорқатын. Сонда Шайтан он екі шәкірттің бірі, Искариоттық Яһудаға кірді. Ол бас діни қызметкерлер мен ғибадатхана сақшыларының бастықтарына барып, Исаны сатып кету жайлы сөйлесті. Олар қуанып, оған ақша беруге келісім жасады. Ол келісіп, халық жоқ кезде Исаға опасыздық жасауға ыңғайлы сәтті іздей бастады.
Лұқа 22:1-6
Біз мұнда Шайтанның Яһуданы пайғамбарды сатып кету үшін иемденгенін көреміз. Бұл бізге таң қаларлық емес. Шайтан туралы Фатыр сүресінде (35-сүре – Жаратушы) және Я-Син сүресінде (36-сүре – Я-Син) былай делінген:
«Шайтан, расында, сендердің қас жауларың, сондықтан оны жау санаңдар. Ол өз жолын қуушыларды жалынды тозақ серіктері қылуға ғана шақырады.»
Фaтыр 35:6
«Әй, Адам ұрпақтары! Сендерге шайтанға құлшылық етпеңдер деп өсиет айтпадым ба? Ол сендерге анық жау. Маған құлшылық етіңдер, міне, тура жол осы емес пе? Бірақ ол сендердің көбіңді адастырды. Сонда түсінбедіңдер ме?»
Ясин 36:60-62
Інжілдің соңына қарай шайтан көріністе суреттеледі:
«Аспанда соғыс болды. Микаел мен оның періштелері айдаһарға қарсы шайқасты. Айдаһар да, оның періштелері де қарсыласты. Бірақ олар жеңе алмады, сөйтіп олар аспаннан қуылды. Сол ұлы айдаһар – ежелгі жылан, шайтан немесе Ібіліс деп аталатын, бүкіл әлемді адастырушы, жерге тасталды, оның періштелері де онымен бірге түсті.»
Аян 12:7-9
Шайтан сендердің де қас жауларың, бүкіл әлемді адастыра алатындай қуатты әрі айлакер айдаһар бейнесінде сипатталады. Ол бұрын пайғамбар Иса әл-Мәсіхті (ғ.с.) азғыруға тырысқан. Енді, хазірет Адамнан (ғ.с.) бері айтылып келе жатқан пайғамбарға қарсы уәде орындалып, Шайтан Яһуданы иемденіп, Иса әл-Мәсіхті жоюға әрекет жасады. Інжілде былай делінген:
«Содан бері Яһуда Оны тапсыруға ыңғайлы сәтті аңдыды.»
Матай 26:16
Келесі күн – 6-шы күн – 1500 жыл бұрын Мұса пайғамбар (ғ.с.) бастаған Құтқарылу мейрамы еді. Сол қасиетті күні Шайтан, Яһуда арқылы, қалайша мүмкіндігін табады? Оны келесі бөлімнен көреміз.
Бесінші күннің қысқаша мазмұны
Уақыт сызбасында көрсетілгендей, осы аптаның 5-ші күнінде ұлы айдаһар – Шайтан, өзінің ең ұлы дұшпаны – Пайғамбар Иса әл-Мәсіхке (ғ.с.) соққы беру үшін әрекет етті.
