Skip to content
Home » Алтыншы күн – Иса Мәсіх (ғ.с.) және Ұлы жұма

Алтыншы күн – Иса Мәсіх (ғ.с.) және Ұлы жұма

  • by

Жұма сүресінде мұсылмандар үшін жұма күні күндізгі намазға жығылу белгіленгені айтылады. Бірақ 62-сүре ең алдымен бізге шақыру тастайды – Иса (ғ.с.) да оны өзінің Мәсіхтік қызметінің бір бөлігі ретінде қабылдады. Жұма сүресі жұманы намаз күні деп жарияламас бұрын, былай дейді:

“Әй, яһудилер! Егер өздеріңді адамдардан бөлек, Алланың нағыз достары деп ойласаңдар, дереу өлім тілеп көріңдер! Егер шынымен рас айтсаңдар.” Бірақ олар, бұрын істеген қылмыстары үшін ешқашан өлім тілемейді. Алла залымдарды жақсы біледі.

Жұма 62:6-7

Олардың қолдарымен істеген істері үшін олар ешқашан өкініп, өлімді тілемейді. Барлық заңсыздықтар Аллаға аян. Жұма сүресінің бұл аяттары егер біз өлімнен қорықпасақ, онда Алланың достары екенімізді көрсетеді. Бірақ біз көбіне жақсы істеріміз жеткіліксіз деп ойлайтындықтан, өлімнен қашамыз. Алтыншы күнгі дәл сол жұмада яһуди болған Иса Мәсіх (ғ.с.) осындай сынаққа түсті. Ол күнін дұғамен бастады. Інжілде былай жазылған:

“Ол Петірді және Зебедейдің екі ұлын Өзімен бірге ала кетіп, қатты қинала бастады. Үш шәкіртіне Иса: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге сергек болып дұға қылыңдар!» — деді. Содан соң Иса сәл әрірек барып, етпетінен жығылып былай деп мінажат етті: «О, Әкем! Егер мүмкін болса, қаһарыңа толы осы «тостағанды» Маған жолатпа. Бірақ Менің емес, Сенің еркің орындалсын».”

Матай 26:37-39

Осы жұмадағы оқиғаны талқыламас бұрын, Иса (ғ.с.) неге осылай мінәжат еткенін қарайық. Біздің ата жауымыз шайтан сол соңғы аптаның 5-ші күні Яһудаға кірді, ал ол Исаны (ғ.с.) сатып кетті. Келесі, яғни 6-шы күні кешке пайғамбар және оның шәкірттері Тәңір дастарханына жиналды. Олар тамақтанып отырғанда, Иса (ғ.с.) сөзімен де, ісімен де шәкірттеріне тәлім берді: біз бір-бірімізді қалай сүюіміз керек және Құдайдың сүйіспеншілігі шексіз екені жайлы айтты. Ол туралы осы жерде жазылған.  Ол содан кейін барлық сенушілер үшін дұға етті (осы жерді қара). Жұма күні кешке Иса (ғ.с.) дұа еткеннен кейін оқиға былай өрбіді: 

Иса (ғ.с.) бақта тұтқындалды

Мінажат еткеннен кейін Иса шәкірттерімен бірге қаланың сыртындағы Қидрон сайынан өтіп, бір баққа келді. Ол жерге жиі барып жүргендіктен, опасыз Яһуда бұл орынды жақсы білетін. Сол себепті ол римдік әскердің бір тобын және бас діни қызметкерлер мен парызшылдардың сақшыларын ертіп келді. Олардың қолдарында шамдар, шырақтар және қарулар бар еді.

Өзіне не боларын алдын ала білген Иса бақ ішінен шығып, оларға:
Кімді іздеп жүрсіңдер? — деп сұрады.
Олар:
Назареттік Исаны! — деді.
Иса:
Ол — Менмін! — деп жауап берді.

Опасыз Яһуда да солардың арасында тұрған болатын. Иса «Ол Менмін!» дегенде, әскерлер кейін шегініп, жерге жығылды. Содан кейін Иса тағы да сұрап:
Кімді іздеп жүрсіңдер? — деді.
Олар қайтадан:
Назареттік Исаны! — деп жауап қатты.
Иса:
Айттым ғой, Ол Менмін. Егер Мені іздеп жүрсеңдер, мына шәкірттеріме тимеңдер, кете берсін! — деді.

Осылайша Оның: «Әке Маған бергендердің бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын» деген сөзі орындалды.

Осы сәтте Шимон Петір беліндегі қылышын суырып алып, бас діни қызметкердің малайы Мәліктің оң құлағын шауып түсірді. Бірақ Иса оған:
Семсеріңді қынабына сал! Әкем белгілеп қойған азапты тартуым керек, соны білмейсің бе? — деп ескерту жасады.

Содан соң әскерлер, мыңбасы және яһуди басшыларының сақшылары Исаны тұтқындап, бұғаулады. Алдымен Оны Аннасқа апарды. Аннас сол жылы бас діни қызметкер болған Қаяфаның қайын атасы еді.

Жохан 18:1-13

Иса (ғ.с.) дұға ету үшін Иерусалим маңындағы баққа барды. Яһуда сол жерге рим әскерлерін ертіп келді. Адамдар әдетте тұтқындау үшін келгенде қашуға немесе қарсылық көрсетуге тырысады. Ал Иса Мәсіх (ғ.с.) қашпады да, қарсыласпады да. Ол сабырмен жауап беріп, іздеп жүрген пайғамбардың Өзі екенін ашық айтты. Оның «Ол — Менмін» деген батыл жауабы рим сарбаздарын таңғалдырды. Ал шәкірттері болса, сол кезде тығылып кетті. Иса (ғ.с.) еш қарсылықсыз тұтқындалып, бас діни қызметкер Аннастың үйіне апарылды. 

Бірінші тергеу

Ол тергеу Інжілде былай берілген: 

Бас діни қызметкер Исаға Оның шәкірттері мен ілімі туралы сұрақ қойды.
Иса оған былай деп жауап берді:
— Мен бүкіл жұрттың алдында ашық айтып келемін. Әрдайым барлық яһудилер жиналатын мәжілісханалар мен ғибадатханаларда тәлім бердім. Мен еш нәрсені жасырған емеспін. Неге сұрақты Маған қоясыз? Не айтқанымды тыңдағандардан сұраңыз. Менің не дегенімді солар біледі.

Иса осыны айтқаннан кейін сонда тұрған сақшылардың бірі Оның бетін шапалақпен тартып:
— Сен бас діни қызметкерге қалай сөйлемексің? — деп зекіді.

Иса оған былай деді:
— Айтқаным дұрыс болмаса, соны дәлелде; егер дұрыс болса, Мені неге ұрасың?

Осыдан кейін Аннас Исаны бұғауланған күйі бас діни қызметкер Қаяфаға жіберді.

Жохан 18:19-24

Содан кейін Иса Мәсіхті (ғ.с.) екінші тергеу алу үшін, бас діни қызметкер Қаяфаның үйіне апарды. 

Екінші тергеу

Ол тергеуде ол халықтың барлық басшылары алдында жауапқа тартылды. Інжілде былай жазылған: 

Қарулы топ Исаны бас діни қызметкердің сарайына алып келді. Сол жерде барлық басты діни қызметкерлер, рубасылар және дін мұғалімдері жиналды.

Петір болса, Исаға алыстан еріп, бас діни қызметкердің сарайының ішкі ауласына дейін барды. Ол жерде сақшылармен бірге отырып, отқа жылынды.

Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы айғақ іздестірді. Бірақ ештеңе таба алмады. Көптеген адамдар Исаға қарсы жалған куәлік айтты, алайда олардың сөзі бір-біріне сәйкес келмеді.

Ақырында кейбіреулер:
— Біз Бұның: «Мен қолдан жасалған мына киелі үйді бұзып, қолдан жасалмаған басқасын үш күнде қайта тұрғызамын» дегенін естідік, — деп куәлік берді. Бірақ бұл сөздері де өзара сәйкес болмады.

Сонда бас діни қызметкер ортаға шығып, Исаға:
— Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік етіп тұр? — деп сұрады.

Бірақ Иса үндемей қойды.

Бас діни қызметкер тағы да сұрап:
— Сен Мадақталғанның рухани Ұлы — Мәсіхсің бе? — деді.

Иса жауап берді:
— Мен Солмын. Сендер Менің Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды әлі көресіңдер!

Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып:
— Енді куәгерлердің қажеті қанша?! Ол Тәңірге тіл тигізді. Мұны өз құлақтарыңызбен естідіңіздер! Бұған қалай қарайсыздар? — деді.

Жиналғандардың барлығы Исаны өлім жазасына лайық деп шешті. Бірқатары Оған түкіріп, бетін бүркеп, жұдырықтап:
— Әй, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, соны айтшы! — деп келекеледі.

Бұдан кейін сақшылар Исаны ұстап тұрып, соққылады.

Марқа 14:53-65

Яһуди басшылары Иса (ғ.с.)-ны өлім жазасына кесті. Бірақ ол кезде яһудилер Рим билігінің қол астында болғандықтан, мұндай үкімдерді міндетті түрде рим прокураторы бекітуі тиіс еді. Сондықтан олар Иса Мәсіхті (ғ.с.) Понти Пилатқа алып барды. Ал сол уақытта Исаны (ғ.с.) сатып кеткен Яһуда Исқариотқа не болғаны туралы Інжілде былай баяндалады:

Яһудамен не болды

Таң атқанда барлық діни басшылар мен халық ақсақалдары кеңес құрып, Иса Мәсіхке (ғ.с.) өлім жазасын кесуге келісті. Сосын Оны байлап-матап, рим әміршісі Понти Пилатқа жіберді.

Исаға опасыздық жасаған Яһуда Оның сотталғанын көргенде істеген ісіне қатты өкінді. Ол басты діни қызметкерлер мен рубасыларына өздері берген отыз күміс теңгесін қайтарып тұрып:
— Мен опасыздық жасап, күнәға баттым. Кінәсіз кісінің қаны төгілмекші! — деді.

Бірақ олар:
— Ол біздің шаруамыз емес. Бұл — сенің мәселең, — деп жауап қайтарды.

Содан Яһуда ақшаны киелі үйдің ішіне лақтырып жіберді де, шығып кетіп, барып асылып өлді.

Ал басты діни қызметкерлер күміс теңгелерді жинап алып:
— Бұл ақшаны ғибадатхананың қазынасына салуға болмайды, өйткені ол төгілетін қанға байланысты, — деді.

Олар ақылдасып, сол ақшаға құмырашының егіндік жерін сатып алды да, оны шетелдіктердің зираты етті. Сондықтан бұл жер күні бүгінге дейін «Қанды танап» деп аталады.

Матай 27:1-8

Иса Мәсіх (ғ.с.) рим әміршісі алдында тергелді 

Иса Пилаттың алдында
Сол уақытта Иса римдік әміршінің алдында тұрды. Пилат Одан:
— Сен «Яһудилердің Патшасысың» ба? — деп сұрады.
Иса:
— Өзіңіз айтып тұрсыз, — деп жауап берді.
Басты діни қызметкерлер мен рубасылар Өзін айыптап жатты, бірақ Иса еш жауап қатпады. Сонда Пилат таңырқап:
— Бұлардың Өзіңе қарсы қаншама куәлік келтіріп жатқанын естіп тұрсың ба? — деді.
Алайда Иса бір ауыз сөз айтпады. Әмірші бұған қатты қайран қалды.
Мейрам кезінде әміршінің халық қалаған бір тұтқынды босату салты бар еді. Сол кезде Барабба есімді аты шулы бір қылмыскер түрмеде отырған болатын.
Жиналған халыққа Пилат:
— Қайсысын босатқандарыңды қалайсыңдар: Бараббаны ма, әлде Мәсіх деп аталған Исаны ма? — деп сұрады.
Әмірші яһуди басшыларының күншілдіктен Исаны ұстап бергенін жақсы білетін. Осы сәтте Пилаттың әйелі оған хабар жіберіп:
— Сол әділ Адамға ешқандай жамандық істей көрме! Мен бүгін түсімде Оған бола қатты қиналдым, — деді.
Бірақ басты діни қызметкерлер мен рубасылар халықты үгіттеп, Бараббаны босатып, Исаны өлтіруді талап еткізді.
Пилат қайтадан:
— Осы екеуінің қайсысын босатқанымды қалайсыңдар? — дегенде, жұрт:
— Бараббаны! — деп айқай салды.
— Ендеше, Мәсіх деп аталған Исаға не істейін? — деді Пилат.
Бәрі де:
— Айқышқа шегеленсін! — деп шулады.
— Сонда Ол қандай қылмыс жасады? — деді әмірші.
Алайда халық бұрынғыдан бетер айқайлап:
— Айқышқа шегеленсін! — деді.
Бұдан әрі ештеңе істей алмайтынын көрген Пилат суды алдырып, халық алдында қолын жуып тұрып:
— Бұл әділ Адамның қанына мен кінәлі емеспін. Бұл — сендердің істерің! — деді.
Бүкіл халық:
— Оның қаны біздің және ұрпақтарымыздың мойнында болсын! — деп жауап берді.
Сонда Пилат оларға Бараббаны босатты. Ал Исаны қамшылатқаннан кейін айқышқа шегелеу үшін жасақшылардың қолына тапсырды.
рды .

Матай 27:11-26

Иса Мәсіхтің (ғ.с.) айқышқа шегеленіп өлуі және жерленуі

Иса Мәсіхтің (ғ.с.) айқышқа шегеленіп өлгені Інжілде егжей-тегжейлі жазылған. Қалай болғанын оқып көрейік: 

 Содан әміршінің жасақшылары Исаны ордасына алып барып, қасына бүкіл әскер бөлімін жинады. Олар Исаның сырт киімін шешіп алып, Оның үстіне қызыл шапан жапты. Жасақшылар тікенді бұтақшалардан «тәж» өріп, оны Исаның басына кигізіп, оң қолына асатаяқ ұстатып қойды. Исаның алдына тізе бүгіп тағзым еткенсіп: «Яһудилердің Патшасы жасасын!» — деп келекеледі. Бетіне түкіріп, қолындағы таяғын жұлып алып, сонымен Оның басын ұра берді.

Мазақтап болғаннан кейін Исаның үстіндегі шапанды шешіп алып, өз киімін қайта кигізді. Содан кейін жасақшылар Исаны айқыш ағашқа шегелеп іліп қою үшін алып кетті. Қаладан шыға берісте жолшыбай олар Шимон есімді күренелік ер адамға тап болды. Оны Исаның айқыш ағашын арқалап жүруге мәжбүр етті.

Осылай олар Ғолғота, яғни «Маңдайтөбе» деген жерге жетті. Сонда Исаға ішуге өт қосылған сірке суын ұсынды, бірақ дәмін татқан соң Ол ішуден бас тартты. Жасақшылар Исаны айқыш ағашқа керіп шегелеп, тіктеп қойды. Бұдан кейін Оның киімдерін жеребе тастап өзара бөлісіп алды. Содан олар сол жерде отырып, Исаны күзетті.

Оған тағылған айып: «Бұл — Яһудилердің Патшасы Иса» деп жазылған бір тақтайшаны Исаның басынан жоғары айқыш ағашқа бекітті. Жасақшылар онымен бірге екі қарақшыны да — біреуін оң, екіншісін сол жағына айқыш ағашқа шегелеп тіктеп қойды.
Қасынан өтіп бара жатқандар Исаға тіл тигізді. Олар бастарын шайқап: «Әй, киелі үйді бұзып, үш күнде қайта тұрғызушы! Өзіңді құтқарып ал! Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, айқыштан түс!» — деп келеке етті. Сол секілді басты діни қызметкерлер де дін мұғалімдерімен және рубасыларымен бірге Оны мазақтап: «Мынау басқаларды құтқарыпты, бірақ Өзін құтқара алмайды екен! Егер Ол Исраилдің Патшасы болса, Өзінің құдіретімен қазір-ақ айқыштан түссін! Сонда Оған сенеміз. Ол Құдайға үмітін артқан екен. Егер Құдай разы болса, қазір-ақ Оны құтқарып алсын! Өйткені Ол Өзін Құдайдың рухани Ұлымын деді ғой», — десті. Жанындағы айқышқа шегеленген қарақшылар да Исаны солай тілдеді.

Тал түстен бастап бүкіл жерді қараңғылық басты, ол үш сағатқа созылды. Сағат үш шамасында Иса қатты дауыспен: «Ілои, Ілои! Лама сабахтани?» — деді. Бұл «О, Құдайым! Неліктен Мені жалғыз қалдырдың?» дегенді білдіреді. Сол жерде тұрғандардың кейбіреуі: «Ол Ілияс пайғамбарды шақырып жатыр», — десті. Біреу дереу жүгіріп барып, сорғышты сірке суына батырып алып, таяқтың ұшына қадап, Исаға ішуге ұсынды. Басқалары: «Күте тұрайық, Ілияс келіп, Оны құтқарып алар ма екен, көрейік!» — деп кекетті.
Иса тағы бір рет қатты дауыстап жіберіп, жан тапсырды. Сол сәтте киелі үйдегі шымылдық жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып, екіге бөлінді. Жер сілкініп, жартастар жарылып, қабірлер ашылды. Марқұм болған көптеген әділдер қайта тіріліп, қабірлерінен шықты. Олар кейінірек, Иса қайта тірілген соң, қасиетті қалаға барып, көптеген адамдарға көрінді.

Римдік жүзбасы және онымен бірге Исаны күзетіп тұрғандар жер сілкіністі және болған өзге оқиғаларды көріп: «Бұл шынымен Құдайдың рухани Ұлы екен!» — деп қорыққаннан мойындады. Сол жерде алысырақтан қарап тұрған көптеген әйелдер болды. Олар Исаға қызмет етіп, Ғалилеядан еріп келгендер еді. Араларында мағдалалық Мәриям, Жақып пен Жүсіптің шешесі Мәриям, сондай-ақ Зебедей ұлдарының шешесі де бар болатын.

Матай 27:27-56

Інжілде Мәсіх (ғ.с.) жан тапсырған сәтте жер сілкініп, тастар жарылып, қабірлер ашылғаны баяндалады.

Ал Құрандағы Зілзала сүресінде қиямет күні былай суреттеледі:

«Жер сілкіндіріп қозғалған сәтте,
ішіндегі жүгін шығарған кезде,
Адам баласы: «Бұған не болды?» — деген сәтте;
Сол күні Жер өзінің сырын баян етеді,
Раббыңның оған берген әмірімен
Сол күні адам баласы амалдары көрсетілуі үшін топ-топ болып келеді».

Зілзала 99:1-6

Зілзала сүресі – қиямет қайым күнін сипаттайтын аяттар.
Інжілде Иса Мәсіхтің (ғ.с.) айқышта жан тапсырған сәтінде орын алған жер сілкінісі мен тастардың жарылуы осы сүренің белгілерімен үндесіп тұр. Бұл оқиға қиямет күніне байланысты алдын ала көрсетілген қажетті төлем ретінде түсіндіріледі.

Бүйірге найза сұғу

Жохан жазған Ізгі хабарда айқышқа шегеленген кездегі ерекше бір оқиға баяндалады:

Жұма күні еді. Ал ертеңгі сенбі – үлкен мейрам болатын. Яһудилердің дәстүрі бойынша, мейрам күні айқышта шегеленгендердің денесін қалдыруға болмайтын. Сондықтан яһуди басшылары Пилатқа барып, айқыштағылардың аяқтарын сындырып, сүйектерін түсіріп алуды өтінді.

Сол кезде жасақшылар келіп, Исамен бірге шегеленген екі кісінің аяқтарын сындырып тастады. Ал Исаға жақындағанда, Оның әлдеқашан қайтыс болғанын көріп, аяқтарын сындырған жоқ. Бірақ жасақшылардың бірі найзасын Иса Мәсіхтің бүйіріне сұқты. Сол сәтте қан мен су бірге ақты.

Мұны көрген кісі куәлік етті. Оның куәлігі шындық, әрі ол сендер де сенсін деп айтып тұр. Бұл оқиға Киелі жазбадағы мына сөздердің орындалуы үшін болды: «Оның ешбір сүйегі сындырылмасын!» Сондай-ақ тағы бір пайғамбардың жазбасында: «Олар өздері түйреген Кісіге қарайтын болады» – делінген.

Жохан 19:31-37

Жоханның куәлігіне сәйкес, римдік жасақшы Иса Мәсіхтің (ғ.с.) бүйіріне найза сұғып, одан қан мен су ақты. Бұл Оның жүрек қан айналымының жеткіліксіздігінен көз жұмғанын көрсетеді. 

Кеш бата Ариматеялық Жүсіп есімді бай кісі келді. Ол да Исаның шәкірттерінің бірі болатын. Жүсіп Пилатқа барып, Иса Мәсіхтің мәйітін қабірге қоюға рұқсат сұрады. Пилат рұқсат беріп, сүйекті оған тапсыруды бұйырды.

Жүсіп Исаның денесін айқыштан түсіріп алып, таза бәтес кебінге орады. Содан кейін ол мәйітті жартастан қашалып жасалған өзіне арнап дайындаған жаңа қабіріне қойды. Кейін қабірдің аузына үлкен тасты домалатып әкеліп, кіреберісті бекітті де, кетіп қалды.

Ал сол жерге келген мағдалалық Мәриям мен басқа Мәриям қабірдің қарсы алдына отырып, бәрін бақылап отырды.

Матай 27:57-61

6-шы күн – Ұлы жұма

Яһудилердің дәстүрінде күн кешкісін басталады. Иса Мәсіх (ғ.с.) шәкірттерімен соңғы кешкі асын ішіп отырған кезде алтыншы күн басталған еді. Сол күні бірінен соң бірі ауыр оқиғалар орын алды: Оның тұтқындалуы, бірнеше рет тергелуі, айқышқа шегеленуі, бүйіріне найза сұғылуы және ақыры қабірге жерленуі. Осы себепті ол күнді халық «Ұлы жұма» деп атайды.

Бірақ орынды сұрақ туындайды: егер бұл күні Мәсіхке опасыздық жасалып, ол қорланып, азапталып, қайтыс болса, онда неге оны «сұмдық жұма» емес, «Ұлы жұма» деп атайды?

Бұл сұрақтың жауабына біз келесі күндердің оқиғаларын қарастырғаннан кейін ораламыз. Дегенмен жұмбақтың шешуін төмендегі уақыт сызбасынан аңғаруға болады. Назар аударыңыз: жұма Нисан айының 14-ші күні еді. Дәл осы күні яһудилер 1500 жыл бұрынғы Құтқарылу мейрамын еске алып, құрбандыққа тоқты шалатын.

Соңғы аптаның жұмасы мен Таураттағы жазбалар

 Адам өлгенде оның өміріндегі тарихта аяқталады. Бірақ, Інжіл оқиғаны ары қарай жалғастырады, сондықтан ол жұма ұлы атанды.   

Енді Жұма сүресіне қайта оралып, тоқтаған жерімізден жалғастырайық:

«(Мұхаммед ғ.с.) оларға: “Расында, сендер қашып жүрген өлім бәрібір сендерге кездеседі. Сосын көместі де, көрнеуді де білетін Аллаға қайтарыласыңдар. Ол сендерге істеген істеріңді айқын көрсетеді.” Әй, мүміндер! Жұма күні намазға шақырған азан айтылғанда, дереу Алланы еске алуға ұмтылыңдар, сауданы қоя тұрыңдар. Егер түсінсеңдер, бұл сендер үшін қайырлы.”

Жұма 62:8-9

Иса Мәсіх (ғ.с.) Жұма сүресінің 6–7-аяттарында айтылғандай, өлімнен қашқан жоқ. Керісінше, ол «Құдайдың еркін орындаушы» екенін дәлелдеп, ең үлкен сынақ алдында жалбарнып дұға етті. Сондықтан да мұсылмандардың әр жұмада мешітке барып намаз оқуы қисынды. Өйткені Алла Тағала бізге осы ұлы пайғамбардың іс-әрекеттерін ұмыттырғысы келмейді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *