Skip to content
Home » Рут пен Боғоздың махаббаты несімен ерекше?

Рут пен Боғоздың махаббаты несімен ерекше?

  • by

Ұлы махаббат хикаяларын еске алсақ, пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) пен Хадиша анамыздың, немесе оның сүйікті жары Айшаның, не болмаса Әли мен Фатиманың арасындағы махаббатты атап өтуіміз мүмкін. Ал әдебиет пен кино әлемінде – Ромео мен Джульетта, «Ару мен Құбыжық», «Алладиндегі» Али мен Жасмин, немесе Золушка мен Ханзада секілді ғашықтарды ойға аламыз. Мұндай хикаялар жүрегімізге жол тауып, сезімімізді тербетіп, қиялымызды баурап алады. 

Алайда Рут пен Боғоздың арасындағы махаббат бұлардың бәрінен де ұзақ ғұмырлы әрі ізгілікке толы. Бұл оқиға 3000 жыл бұрын басталса да, бүгінгі күнге дейін әсерін жоғалтпай, бізге сабақ беріп келеді.  

Мәун, Духа, Инширах және Мумтәхинә сүрелерінің Рут пен Боғоз оқиғасымен байланысы

Рут пен Боғоздың махаббат хикаясы – жоғарыда аталған сүрелерде баяндалатын мәңгілік рухани қағидалардың көркем бейнесі іспетті. Рутқа ұсақ-түйек жақсылықтарымен жомарттық танытқан Боғоз – Мәун сүресінде ескертілген қатігез адамның тікелей қарсы образы.

“Міне, жетімді қақпайлайтын, жарлыны тамақтандыруға үндемейтін кісі сол. Тіпті күнделікті қажетке де тосқауыл қояды.”

Мәун сүресі 107:2-3, 7

Руттың өмір жолы Духа сүресінде сипатталған кейіпкермен ұқсас:

“Раббың сені адасқан күйіңде тауып, тура жолға салмады ма? Кедейлікте көріп, байытпады ма? Ендеше жетімді қорлама, Сұраушыны қақпайлама. Раббыңның нығметін айтып жеткіз!”

Духа сүресі 93:7-11

Руттың енесі Нағиманың (Наоми) уайымға толы жағдайы – Инширах сүресінде айтылған рухани қағиданың нақты көрінісі:

“Көңіліңді ашпадық па? Беліңді қайыстырған жүгінді алып тастамадық па? Сенің абыройыңды көтермедік пе? Расында, әрбір қиындықтан кейін жеңілдік бар. Шын мәнінде, қиындықпен бірге жеңілдік келеді.”

Инширах сүресі 94:1-6

Нағиманың қиын өмір жолынан кейінгі тыныштығы осы аяттарда сипатталғандай.

Ал Боғоздың бөтен елден келген Рутты байыппен бақылауы – Мумтәхинә сүресінің мазмұнын еске түсіреді:

“Әй, иман келтіргендер! Сендерге мүмін болып келген мұһажир әйелдер келсе, оларды сынаңдар. Олардың иманын шынайы білетін – Алла. Егер олар шын мәнінде иманды әйелдер болса, онда оларды кәпірлерге қайтармаңдар. Олар бұларға да, кәпірлер оларға да халал емес. Оларға берген мәһерлерін қайтарып беріңдер. Егер мәһерлерін берсеңдер, олармен некеге тұруларыңда айып жоқ.
Кәпір әйелдерді енді ұстамаңдар. Олар үшін берген мәһерлеріңді қайтарып алыңдар. Кәпірлер де сендерге келген мүмін әйелдер үшін берген мәһерлерін талап етсін. Бұл – Алланың үкімі. Ол араларыңда әділ шешім шығарады. Алла бәрін білуші, хикмет иесі.”

Мумтәхинә сүресі 60:10

Рут пен Боғоз қазіргі күнде

Олардың арасындағы махаббат – Жаратқан Иенің бізге ұсынған ерекше әрі рухани мәні терең сүйіспеншіліктің бейнесі. Рут пен Боғоздың арасындағы оқиға – ауқатты ер адам мен қорғансыз әйелдің арасындағы қарым-қатынас арқылы өмірге келген сүйіспеншіліктің көрінісі. Бұл – қазіргі қоғамда да жиі кездесетін, өзекті тақырып. Сонымен қатар бұл хикая – көне яһуди мен араб халқы арасындағы байланыс пен отбасылық өмір үлгісінің айнасы. Осы тұрғыдан алғанда, Рут пен Боғоздың махаббаты – танып-білуге тұрарлық шынайы әрі тағылымды оқиға.

Бұл махаббат хикаясы Киелі кітапта “Рут” атты қысқа кітапта баяндалған. Ол бар болғаны 2400 сөзден тұрады және (осы жерден) оқи аласыз. Бұл оқиға шамамен б.з.д. 1150 жылы болған, яғни бүгінгі күнге дейін жеткен ең көне махаббат тарихы. Осы оқиғаның желісімен бірнеше көркем фильм де түсірілген. 

Руттың махабат оқиғасы

Нағима мен оның күйеуі (екеуі де яһуди) ашаршылықтан құтылу үшін өз елі – Исраилден көшіп, Моаб еліне (қазіргі Иордания аумағы) қоныс аударады. Ұлдары жергілікті қыздарға үйленеді. Алайда көп ұзамай отбасының барлық ер азаматтары өмірден озып, Нағима екі келінімен жесір қалады. Нағима еліне – Исраилге қайта оралуға шешім қабылдайды. Келіндерінің бірі – Рут оның соңынан ереді. Ұзақ сапардан кейін Нағима мен Рут Бетлехемге оралады. Олардың өз жерлері де, қамқоршылары да жоқ болатын. Рут – араб ұлтынан шыққан, жас әрі қорғансыз келін еді. 

Рут пен Боғоздың кездесуі

Кіріссіз қалған Рут күнкөріс үшін егіс алқабына барып, егін орылғаннан кейін қалған масақтарды жинай бастайды. Мұса пайғамбардың (ғ.с.) шариғатында кедейлерге масақ теруге рұқсат етілген болатын – бұл қоғамдағы әлеуметтік қолдаудың бір түрі еді. Рут кездейсоқ бай әрі ықпалды жер иесі Боғоздың алқабына тап болады. Ол Руттың тынбай еңбек етіп жүргенін байқап, жұмысшыларға әдейі көбірек масақ қалдыруды бұйырады. Осы әрекеті арқылы Боғоз Мәун сүресінде сипатталған қатыгез адамның керісінше мінез танытады. Ал Рут болса, Духа сүресінде айтылғандай, қажеттілігін таба бастайды.

Рут пен Боғоздың алғашқы кездесуі талай өнер туындысына шабыт берген.

Рут күн сайын астық жинау үшін Боғоздың егістік жеріне келіп жүрді. Боғоз оны қамқорлығына алып, жұмысшылардың оған тиісуіне жол бермеді. Рут пен Боғоз бір-біріне бейжай болмағанымен, олардың жас айырмашылығы, әлеуметтік жағдайдағы алшақтық және ұлттарының әртүрлілігі екеуіне де алғаш қадам жасауға тосқауыл болды. Осы кезде Руттың енесі Нағима араға түсіп, женгетайлық жасап, Рутқа егін орағынан кейінгі мерекеден соң түнде Боғоздың жанына барып, тыныстап жатуға кеңес береді. Бұл әрекетті Боғоз үйлену жайлы ишара ретінде қабылдап, Рутқа үйленуге шешім қабылдайды.

Әмеңгерлік және туыстық міндет

Алайда олардың арасындағы махаббат сезімімен қатар, бұл жағдайды күрделендіретін маңызды мәселе туындайды. Нағима – Боғоздың туысы болғандықтан, ал Рут – Нағиманың келіні болғандықтан, Боғоз бен Рут заң бойынша туысқан саналады. Мұса пайғамбардың (ғ.с.) заңында мұндай жағдайда туыстық әмеңгерлік жолмен Боғоз Рутқа үйленіп, оған қамқор болуға міндеттелетін. Сол заң бойынша, Боғоз Нағиманың жерін сатып алып, оған да қамқорлық көрсетуі тиіс еді. Бірақ бұл некеге тағы бір кедергі бар болатын – Нағиманың Боғоздан да жақын туысы бар еді. Заң бойынша, сол адам алдымен жерді сатып алуға және Рутқа үйленуге құқықты болатын. Сондықтан Боғоздың Рутқа үйлене алуы – сол адамның шешіміне байланысты болды. Қаланың ақсақалдар алқасы жиналған кезде әлгі туыс бұл құқықтан ресми түрде бас тартады, себебі ол мұндай некенің өз мұрасына қауіп төндіретінін түсінді. Осылайша, Боғоз Рутқа үйленуге еркін болады. Ұзақ жылдар бойы қайғы мен қиындық көрген Нағимаға, Шарх сүресінде айтылғандай, ақырында тыныштық пен жұбаныш беріледі.

Боғоз бен Руттың ұрпағы

Олардың некесінен ұл дүниеге келіп, оған Ғабит (Обе́д) деген есім беріледі. Ғабит – Есейдің әкесі, ал Есей – Дәуіт пайғамбардың (ғ.с.) әкесі болды. Дәуіт пайғамбардың (ғ.с.) ұрпағынан Мәсіх дүниеге келеді деген уәде берілген болатын. Сол пайғамбарлық сөздер бірінен соң бірі орындалып, ақыры Рут пен Боғоз алғаш кездескен Бетлехем қаласында Мәсіх дүниеге келді. Осы некенің нәтижесі бүгінде бүкіл әлем атап өтетін Иса Мәсіхтің (ғ.с.) туған күні мейрамының бастауына айналды. Осыдан 3000 жыл бұрын шағын ауылда басталған бұл махаббат хикаясы – бүкіл адамзат тарихының бағытын өзгерткен үлкен рухани оқиғаның негізі болды.

Одан да ұлы сүйіспеншілік

Боғоздың – ауқатты әрі беделді адамның – өзге ұлттан шыққан, кедей әрі қорғансыз Рутты қамқорлығына алып, оған үйленуі – бұл өмірде сирек кездесетін, нағыз құрметке лайық махаббаттың бейнесі. Бүгінгі күнтізбемізге қарағанда да, сол махаббаттың тарихи жалғасын байқаймыз. Бірақ Рут пен Боғоздың арасындағы бұл сүйіспеншілік – одан да ұлы, тылсым махаббаттың бейнесі. Бұл – Жаратқан Иенің бізге деген шексіз махаббатының көрінісі.

Киелі кітап біз туралы не дейді – Руттың оқиғасынан үндестік

“Сол күні Мен халқымды Өзім үшін елге отырғызып,
«Рақым көрмегенге» рақым көрсетемін,
«Менің халқым емес» дегенге: «Сен Менің халқымсың!» деп айтамын.
Олар да Маған: «Сен – біздің Құдайымызсың!» дейді.”

Ошия 2:23

Көне Келісімдегі Ошия пайғамбар (ғ.с.) б.з.д. шамамен 750 жылы адамдар мен Құдай арасындағы сүйіспеншілік байланысының қайта орнауын сипаттап жазды. Руттың – бөтен елден келген бейбақ әйелдің – Боғоз арқылы күтпеген жерден сүйіспеншілік тапқаны сияқты, Жаратқан Ие де Өз сүйіспеншілігін лайық емеспіз деп сезінетін әрбір жанға ұсынып отыр. Бұл ой Жаңа Келісімдегі Римдіктерге арналған хатта да қайта келтірілген:

“Мен ‘Менің халқым емес’ деп атағандарға: ‘Менің халқым’ деймін. Ал бұрын ‘Сүйілмеген’ делінгендерге: ‘Сүйіктім’ деймін.”

Римдіктерге хат 9:25

Ол сүйіспеншілігін қалай көрсетеді? Рутқа қамқор болған Боғоз секілді, олардың ұрпағынан тараған Иса Мәсіх (ғ.с.) – біздің де Қамқоршымыз. Ол Құдай алдындағы біздің күнәларымыз үшін айқыш ағашқа шегеленіп, Өз өмірін құрбан етіп, бізді ақтады. Өз қанымен Ол бізді күнәдан арылтып, Жаратқан Иемен татуластырды.

“Ол бізді барлық зұлымдықтан азат етіп, тазартып, Өзінің меншікті халқы етіп, игі істерге ынталы қылу үшін Өзін құрбан етті.”

Тит 2:14

Боғоз әмеңгер-туыс ретінде Рутты босатып алу үшін өз қаражатын жұмсаған болса, дәл сол сияқты Иса Мәсіх (ғ.с.) те біз үшін Өмірін қиып, Құтқарушымыз болды.

Неке құру үлгісі

Боғоздың Рут үшін құн төлеп, оны қалыңдығы етіп қабылдауы сияқты, Иса Мәсіхтің (ғ.с.) де біз үшін төлеген құны – қазіргі замандағы некеге деген көзқарасымызға үлгі бола алады. Бұл туралы Киелі кітапта былай делінген:

Мәсіхке деген құрметтеріңмен бір-біріңе бағына біліңдер. Әйелдер күйеулеріне Иемізге мойынсұнғандай мойынсұнсын. Өйткені ер адам – әйелдің «басы», қалай Мәсіх те қауымның Басы болғандай. Мәсіх қауымды құтқарды, ол – Оның рухани денесі. Сондықтан қауым Мәсіхке қалай мойынсұнса, әйелдер де барлық істе күйеулеріне солай мойынсұнуы керек. Күйеулер, әйелдеріңді Мәсіхтің қауымды сүйгеніндей сүйіңдер. Мәсіх қауым үшін Өзін құрбан етті. Оны Құдай сөзі арқылы тазартып, қасиетті етіп, Өзіне арнады. Сол үшін қауым күйеуіне ұсынылатын қалыңдықтай — салтанатты, сұлу, дақсыз, ақаусыз, қасиетті, пәк болуға тиіс. Дәл осы сияқты күйеулер де әйелдерін өз тәніндей жақсы көруге міндетті. Әйелін сүйген — өзін сүйгенмен бірдей. Себебі ешкім өз тәнін жек көрмейді, қайта, оны қоректендіріп, күтіп-баптайды. Иеміз де қауымға солай қамқорлық жасайды. Біз – Оның рухани денесінің мүшесіміз. «Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады» — деп Тауратта жазылған. Бұл — терең рухани сыр. Мен мұны Мәсіх пен қауым туралы айтып тұрмын. Бірақ бұл сендерге де қатысты: әр ер адам әйелін өзіндей сүйсін, ал әр әйел күйеуін құрметтесін.

Ефестіктерге 5:21-33

Рут пен Боғоз өзара құрмет пен шынайы махаббат негізінде отбасы құрды. Дәл осы сияқты, Иса Мәсіх (ғ.с.) те Өз қауымын қалыңдығы ретінде қамқорлықпен сүйеді. Бұл – қазіргі замандағы некеге үлгі боларлық терең рухани құндылық. 

Біз тойға шақырылғандармыз

Кез келген ұлы махаббат хикаясы үйлену тойымен аяқталатыны секілді, Киелі кітап та көктегі Тоймен аяқталады. Боғоз Рутқа үйлену үшін жол ашқандай, Иса Мәсіх (ғ.с.) те Өз өлімі арқылы біз үшін құтқарылу жолын ашты. Бұл бейнелі емес, шынайы болатын Той. Оған шақырылғандар — Мәсіхтің қалыңдығы іспетті болады. Киелі кітапта былай делінген:

“Қуанып, шаттанайық! Оның ұлылығын мадақтайық! Тоқтының үйленетін уақыты келді. Қалыңдығы өз-өзін әзірледі.”

Аян 19:7

Иса Мәсіхтің (ғ.с.) біз үшін жасаған құрбандығын қабылдаған әр адам — Оның қалыңдығы тәрізді рухани байланысқа кіреді. Бұл көктегі одақ – әрқайсымызға ұсынылған шақыру. Киелі кітап та осы шақырумен аяқталады:

“Киелі Рух пен Қалыңдық: ‘Келе гөр!’ — дейді. Мұны естіген әркім де: ‘Келе гөр!’ десін. Шөлдеген жан шынайы өмірдің суын сыйлық ретінде қабылдасын!”

Аян 22:17

Рут пен Боғоздың сүйіспеншілігі бүгінгі таңда да маңызды үлгі болып қала береді. Ол бізді сүйетін Құдаймен көктегі одағымыздың бейнесі тәрізді. Құдайдың осы ұсынысын қабылдаған әркім Оның қамқорлығына енеді.Кәдімгі некеде ұсынысты қабылдамас бұрын қалай ойланып барып шешім қабылдайтын болсақ, бұл рухани ұсыныс жайлы да солай терең ойлану қажет. Бастапқыдан бері Құдайдың жоспарына назар аударыңыз: Адам ата оқиғасынан басталған сол жоспарды Ыбырайым пайғамбар қалай түсінді, ал Мұса пайғамбар бізге оны қандай ісімен көрсетті? Осының бәрі Құдайдың ұлы жоспары екеніне көзімізді жеткізу үшін берілген.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *