Skip to content
Home » Әйүп пайғамбар (ғ.с.) кім? Оның жолдауы бүгін неге маңызды?

Әйүп пайғамбар (ғ.с.) кім? Оның жолдауы бүгін неге маңызды?

  • by

Бәйинә сүресінде жақсы адамның қандай болуы керектігі туралы былай делінген:

«Олар Аллаға шынайы түрде, таза жүрекпен құлшылық жасап, намаз оқып, зекет беруге бұйырылды. Міне, осы — тура жолдағы дін.» 

Бәйинә сүресі 98:5

Дәл осы сияқты, Аср сүресінде де адамның Алланың алдында шығынға ұшырамауы үшін қандай қасиеттерге ие болуы керектігі сипатталады:

«Адам баласы, расында, зиянда. Бірақ иман келтірген, ізгі амал жасаған, бір-біріне хақты насихаттап, сабырды ұқтырғандар — олар ғана зияннан аман.»

Аср сүресі 103:2-3

Әйүп пайғамбар (ғ.с.) — дәл осы сүрелерде сипатталған иманды, сабырлы және әділетті адамның үлгісі. Ол басқа пайғамбарлар сияқты кеңінен танымал болмаса да, Құранда атымен төрт рет аталады.

(Мұхаммед ғ.с.) Біз саған да Нұх (ғ.с.) пен одан кейінгі пайғамбарларға уахи еткендей уахи еттік. Сондай-ақ Ыбырайым, Ысмайыл, Ысхақ, Яғқұп (ғ.с.) және олардың ұрпақтарына, Ғиса, Әйүп, Юнус, Һарун және Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбарларға да уахи еттік. Ал Дәуітке (ғ.с.) Забурды бердік. 

Ниса 4:163

Оған (Ыбырайымға) Ысхақ пен Яғқұпты бердік. Бәрін тура жолға салдық. Бұрын Нұхты (ғ.с.) да тура жолға салдық. Сондай-ақ оның ұрпақтарынан Дәуіт, Сүлеймен, Әйүп, Юсуф, Мұса және Һарун (ғ.с.) да тура жолға түскендер еді. Біз игі істер жасағандарды осылай марапаттаймыз.

Әнам 6:84

Әйүп (ғ.с.) Раббысына жалбарынып: «Маған бір бәле келді. Сен — ең рақымды Мейірімдісің» — деді.

Әнбия 21:83

(Мұхаммед ғ.с.) Біздің құлымыз Әйүпті (ғ.с.) есіңе ал. Ол Раббысына: «Расында, шайтан мені азап пен бейнетке душар етті» — деп жалбарынды.

Сад 38:41

Кітаптың авторларының бірі — Әйүп пайғамбардың (ғ.с.) өзі. Бұл кітапта оның өмірі баяндалған. Әйүп пайғамбар (ғ.с.) Нұх пен Ыбырайым пайғамбарлар (ғ.с.) арасындағы кезеңде өмір сүрген. Киелі кітапта ол былай сипатталады:

Бір кездері Ус елінде Әйүп есімді адам өмір сүрді. Ол кіршіксіз, әділ, Құдайды терең қастерлейтін және жамандықтан аулақ жүретін жан еді. Әйүптің жеті ұлы мен үш қызы болды. Оның жеті мың қой-ешкісі, үш мың түйесі, бес жүз жұп өгізі, бес жүз ұрғашы есегі және өте көп қызметшілері бар еді. Ол шығыс өлкесіндегі ең бай әрі беделді адам болатын. Ұлдары кезекпен өз үйлерінде қонақасылар беріп, үш қарындастарын да бірге шақырып отыратын. Қонақасы аяқталғаннан кейін Әйүп оларды шақыртып, тазару рәсімін жасайтын. Ол әр таң сайын ерте тұрып, әр баласы үшін бір малдан құрбандық шалып, түгелдей Құдайға өртеп ұсынатын. Әйүп: «Бәлкім, балаларым іштерінен Құдайға тіл тигізіп, күнә жасап қойған шығар», — деп ойлайтын. Бұл — оның әдеттегі әдеті еді.

Әйүп 1:1-5

Әйүп пайғамбар (ғ.с.) Бәйинә және Аср сүрелерінде сипатталған барлық қасиеттерге ие адам еді. Алайда кейіннен Құдайдың алдына әзәзіл шайтан келіп, Әйүп жайында сөз қозғалды. Бұл оқиға Әйүп кітабында былайша баяндалған:

Бір күні Құдайдың нөкерлері (періштелер) Жаратқан Иенің алдына жиналғанда, олардың арасында шайтан да болды. Жаратқан Ие одан:

— Қайдан келдің? — деп сұрады. Шайтан былай деп жауап берді: Жер жүзін кезіп, ары-бері жүріп келдім. Сонда Жаратқан Ие: Қызметшім Әйүпке назар аудардың ба? Жер бетінде оған ұқсайтын ешкім жоқ. Ол мінсіз әрі әділ, Құдайды терең қастерлейді, жамандықтан бойын аулақ салады, деді. Бұған шайтан: Әйүптің Құдайды құрметтеуінің себебі бар емес пе? Өзің оны, үй ішін және барлық мүлкін қорғап келесің. Еңбегін жарылқап, мал-мүлкін көбейттің. Бірақ егер оның барлық мүлкіне қолыңды тигізсең, ол Сені қарғайтыны анық, деп жауап берді. Сонда Жаратқан Ие: Жақсы, оның бүкіл мүлкі сенің қолыңда. Бірақ оның өзіне тиіспе, деді. Осылайша шайтан Жаратқан Иенің алдынан кетіп қалды.

Әйүптің басына зор апаттар түсіп сыналуы

Бір күні Әйүптің ұл-қыздары тұңғыш ұлының үйінде қонақада отырған кезде, оған бір шабарман келіп: «Қызметшілеріңіз өгіздермен жер жыртып, есектер жандарында жайылып жүрген еді. Сол сәтте Сәбалық тонаушылар шабуыл жасап, қызметшілерді өлтіріп, малды айдап әкетті. Тек мен ғана аман қалып, сізге хабар жеткізіп тұрмын», — деді. Ол әлі сөзін аяқтамай жатып, тағы бір шабарман келіп: «Аспаннан Құдайдың оты түсіп, қой-ешкілеріңіз бен қызметшілеріңізді өртеп жіберді! Тек мен ғана аман қалдым», — деді. Бұл хабаршы да әлі сөйлеп жатқанда, үшінші адам жетіп келіп: «Халдейлер үш топ болып, түйелеріңізге шабуыл жасап, қызметшілерді өлтіріп, түйелерді айдап әкетті. Тек мен ғана аман қалдым», — деді. Осы адам әлі сөзін аяқтамай жатып, тағы бір шабарман келіп: «Сіздің ұл-қыздарыңыз өз ағаларының үйінде қонақада отырған кезде, шөл даланың арғы шетінен қатты дауыл соғып, үйдің төрт жағынан ұрып өтті. Үй құлап, ішіндегі балалардың бәрін басып қалды. Тек мен ғана аман қалып, осыны жеткізуге келдім», — деді. Мұны естігенде Әйүп орнынан тұрып, қайғыдан шапанының өңірін жыртып, шашын қырқып тастады. Ол етпетінен жерге жығылып, Тәңір Иеге табынып былай деді: «Анамның құрсағынан жалаңаш келдім, жалаңаш қайтамын. Жаратқан Ие берді, Жаратқан Ие қайтып алды. Жаратқан Иенің есімі мадақтала берсін!» Осының бәрінде Әйүп Құдайға қарсы келіп, күнә жасаған жоқ.

Әйүп 1:6-22

Шайтан мұнымен тоқтамады. Ол Әйүпті Құдайға тіл тигізуге итермелеу үшін тағы да екінші сынақты ұйымдастырды.

Құдайдың періштелері тағы бір күні Жаратқан Иенің алдына жиналғанда, әзәзіл де солармен бірге келді. Жаратқан Ие одан: «Қайдан келдің?» – деп сұрады. Ол: «Жер бетін кезіп, ары-бері жүріп келдім», – деп жауап берді. Жаратқан Ие одан әрі: «Қызметшім Әйүпке назар аудардың ба? Жер бетінде ол сияқты кінәсіз әрі әділ, Құдайдан қорқатын, жамандықтан аулақ жүретін жан жоқ. Сен Мені оны орынсыз құртуға көндірмек болдың, бірақ ол адалдығынан қайтқан жоқ», – деді. Сонда шайтан: «Адам өз өмірін сақтап қалу үшін бәрін береді! Оның денесіне, еті мен сүйегіне қолыңды тигізіп көрші – сол кезде Құдайды қарғайтынына көзің жетеді», – деді. Жаратқан Ие: «Жақсы, ол сенің қолыңда. Бірақ оның өміріне тиіспе», – деп рұқсат берді. Сөйтіп шайтан Жаратқан Иенің алдынан шығып кетті.

Қатты ауырып қиналған Әйүптің нық сенімі

Біраздан кейін әзәзіл шайтан Әйүптің денесін басынан аяғына дейін түгелдей жаралы шиқандармен қаптатты. Қатты қайғырып күл үйіндісінің үстінде отырған Әйүп қолына қыш құмыраның бір сынығын алып, сонымен терісін қасыды. Әйелі оған: — Әлі де кінәратсыздығыңды ұстанып отырсың ба? Одан да Құдайды балағаттап, (азабыңнан құтылып) өле қал, — деп ақыл айтты. Бірақ Әйүп: — Ақымақ та арсыз әйелдей сөйлеп тұрсың. Құдай жақсылық жіберсе, соны қабылдау, ал ауыртпалық жіберсе, содан бас тарту дұрыс па өзі? — деп жауап қатты. Осы жағдайдың бәрінде Әйүп айтқан сөздерімен күнә жасаған жоқ.

Әйүп 2:1-10

Міне сондықтан Әнбйинә сүресінде Әйүптің өз бақытсыздығы үшін жылғанын суреттесе, ал Сад сүресі тек жамандық істеуші шайтан оған шабуылдағанын түсіндіреді. Әйүптің үш досы оны жұбатуға келеді. 

Әйүптің темандық Елипаз, шуахтық Билдад, нағамалық Сопар есімді үш досы бар болатын. Олар Әйүптің басына түскен ауыртпалықтар туралы естіген соң, оның көңілін сұрап, жұбатпақ болып өзара келісті. Содан үшеуі тұрып жатқан мекендерінен сапарлап келіп, оның қасына жиналды. Алайда үш досы Әйүпті алыстан көріп, алғашқыда танымай қалды. Сонда олар дауыстап жылап, шапандарының өңірін жыртты. Аспанға қарай күл-тозаң шашып, оны бастарына да септі. Үш досы Әйүппен бірге жеті күн, жеті түн жерде отырды. Оның соншалықты қатты қиналып жатқанын көргендіктен, олар оған ештеңе айтпай үндемеді.

Әйүп 2:11-13

Әйүп кітабында пайғамбардың неліктен сонша азап пен ауыртпалықтар басына бірден түсті, деген достарының пікірлері келтірілген. Сол талқылаулар бірнеше таруларға созылған. Соңында достары адам басына сонша қиындықтар Құдай алдында күні жасағандардың басына түседі деген қорытындыға келіп, Әйүп елден жасырып бір күнә істеген шығар деп ойлады. Егер ол тәубе етіп, күнәсін мойындаса, онда кешірімге ие болатын шығар деді. Бірақ Әйүп, өзінің еш күнә жасамағанын және Құдай алдында дұрыспын деп тұрып алды. Ол басына түскен қиындықтардың неге болып жатқанын түсіндіре алмады. Біз Әйүптің достарымен жасаған барлық әңгімесін келтіре алмаймыз, бірақ сол әңгіменің ортасында Әйүп былай деді: 

 Ал мен Құтқарушымның тірі екенін білемін! Ақырында Ол осы (өткінші) жерде (мені ақтап) тұратын болады! Денемнің күллі терісі шіріп, құрып кетсе де, соңында мен денемде Құдайды көретін боламын! Оны мен өзім көремін! Оны көретін басқаның емес, менің өз көздерім болады. Сол үшін де жүрегім кеудемде қатты толқып тұр!.
         

Әйүп 19:25-27

Өзінің басына түскен сонша бақытсыздықтың не үшін келгенін түсінбесе де, Әйүп жер бетіне күнәнің құнын өтей алатын Құтқарушы келетінін білді. Ол Құтқарушыны «менің Құтқарушым» деп атады — яғни Құтқарушының дәл өзі үшін келетінін ұқты. Әйүптің денесі шіріп, терісі түсіп қалғанда (яғни өлгенде), ол Құдайды өз денесінде көретінін білді.

Әйүп Қиямет күнін асыға күтті, себебі оның Құтқарушысы тірі және ол Құдайды өз көзімен көретініне сенімді еді.

Мәариж сүресінде де Қиямет күніндегі Құтқарушы туралы сөз болады. Бірақ бұл жолы Құтқарушыны үмітсіздікпен, жанталаса іздеп жүрген ақымақ адам сипатталады.

Ол күні (Қияметте) олар бір-бірін көретін болады. Қылмыскер сол күні азаптан құтылу үшін өз ұлдарын бергісі келеді, сондай-ақ әйелін де, бауырын да, өзін асырап өсірген отбасын да. Тіпті жер жүзіндегі бүкіл адамзаттың бәрін беріп, соның есебінен өзін құтқарғысы келеді.

Мәариж сүресі 70:11-14

Мәариж сүресінде Қиямет күні құтқарушы іздеп, жанталасқан адамның бейнесі көрсетілген. Ол өз азабын арқалайтын біреуді тапқысы келеді, бірақ жұбайы, балалары, туыстары — жер бетіндегі ешкім — оның орнына азап тарта алмайды, өйткені әркім өз күнәсі үшін жауап береді.

Әйүп пайғамбар (ғ.с.) мінсіз өмір сүрсе де, Қиямет күні Құтқарушы қажет екенін түсінген. Ол қандай ауыр жағдайда қалса да, Құтқарушысы бар екенін білді. Тауратта «күнәнің жазасы — өлім» деп нақты жазылған, яғни Құтқарушы сол жазаны өзіне алып, жанын беруі тиіс. Әйүп «Құтқарушым соңында жер бетінде тұрады» деп айтқанда, ол қайта тірілген және жер бетінде нық тұрған жалғыз біреуді меңзеді — Иса Мәсіх (ғ.с.). Тек Ол ғана біздің күнәларымыздың құнын өтей алады.

Егер Әйүп сияқты әділ жан Құтқарушыға мұқтаж болса, біз үшін бұл қажеттілік одан да өзекті. Егер Бәйинә мен Аср сүресінде сипатталғандай лайықты адамға да Құтқарушы керек болса, онда біз ше? Қиямет күні кеш болып, кешірім іздеп жанталасатын Мәариж сүресіндегі ақымақ адамға ұқсап қалмайық. Әйүп пайғамбар (ғ.с.) алдын ала көргендей, Иса Мәсіх (ғ.с.) бізді құтқара алатыны туралы көбірек біліп, шын жүрекпен ізденейік.

Кітаптың соңында Әйүптің Құдаймен жүздескені және Оның оны бұрынғыдан да артығырақ жарылқағаны баяндалады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *