Skip to content

Құттықтаймын! Қиямет күні қорықпасаңыз да болады, өйткені сіз Заңның барлық талаптарын орындап жүрсіз, сондықтан Алла Тағаланың көз алдында әділ болып саналасыз. Мен өз басым Заңның бар талабын толық мүлтіксіз орындап жүрген адамды кездестірмедім, сондықтан бұл үлкен жетістік! Дегенмен қол жеткен жетістікпен тоқтап қалмаңыз! Себебі тура жолмен өмір бойы жүру керек. 

Алдында айтқанымдай, Он Заңды әлі ешкім күшінен жойған жоқ, өйткені ол– жалғыз Құдайға табыну, некеге адал болу, ұрлық жасамау, киелілікті ұстану т.с.с. әділ өмірдің негізгі қағидалары боп саналады. Кейінгі пайғамбарлар осы өсиеттердің мән-мағынасын түсіндірді. Мысалы Иса Мәсіх (ғ.с.) Он өсиетті орындау туралы Інжіл Шарифта қалай деді. Ол Өз тәлімінде парызшылдар туралы айтты. Өз заманында парызшылдар заң мұғалімдері болатын. Бүгінгі таңда оларды дін сұрақтарын жетік білетін имамдармен салыстыруға болады. 

Иса Мәсіх (ғ.с.) Он өсиет жайлы айтқандары  

 Сендерге айтамын: егер Құдайдың әділ еркін дін мұғалімдері мен парызшылдардан  артық орындамасаңдар, Оның Патшалығына еш кіре алмайсыңдар!

Кісі өлтіру, жек көру және татуласу туралы

Ежелгі адамдарға: «Кісі өлтірме! Кісі өлтірген әркім сотталуға тиіс» деп бұйырылғанын естідіңдер.Ал Мен сендерге былай деймін: кімде-кім басқа адамға кәрін төксе, сол сотталмақ. Басқаны «Сенен еш пайда жоқ!» деп балағаттайтын әркім Жоғарғы кеңес алдында жауап бермек, ал «Құдайдан безген ақымақ!» деп жамандайтындар тозақ отына түседі.

Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды ғибадатханадағы құрбандық үстеліне алып барғанда, бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сонда есіңе түссе, алып келгеніңді сол жерде қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағыштап ұсын.Біреу саған қарсы дау көтерсе, оған еріп сотқа бара жатқанда онымен тезірек татуласуға тырыс! Олай етпесең, қарсыласың сені сот алдына апарады, ал сот сақшыға ұстап беріп, сақшы сені түрмеге қамайды. Саған шындығын айтамын: сен берешегіңді соңғы тиынына дейін төлемейінше, сол жерден шыға алмайсың!

Неке адалдығы әрі сөзінде тұру жайында

«Неке адалдығын бұзба!» деген өсиетті де естідіңдер.

Ал Мен сендерге былай деймін: кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны

(Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) Егер оң көзің (секілді өте құнды нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «ойып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын. Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді. Яки оң қолың (сияқты өте қажетті нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын! Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді

Матай 5:20-30


          Сонымен бірге Иса Мәсіхтің (ғ.с.) елшілері, пұтқа табыну туралы уағыз айтты. Олар пұтқа табынуды жәй ғана тас мүсінге сыйыну емес, Құдаймен қатар қойып сыйынатын кез-келген дүние болатынын ескертті. Мысалы, ақшаға. Сондықтан өздеріңіз байқағандай, олар сараң адамның ақшаға Құдаймен бірдей сыйынатынын пұтқа табынушылық деді. 

 Ал енді, күнәкар дүниеге жататын қылықтарыңды біржола тоқтатыңдар:

  неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық, нәпсіқұмарлық және арам пиғылдан аулақ жүріңдер; ашкөздікке де салынбаңдар, ол жалған тәңірлерге табынумен бірдей! 

Құдайға мойынсұнбайтындарға осындай күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр (Қолостықтарға 3:5-6). Сендерге әдепсіздік жасау, ақымақ сөз бен тұрпайы қалжың айту емес, шүкірлік ету жарасымды. Мынаны біліп қойыңдар: неке адалдығын бұзатындар, ұятсыздар және ашкөз адамдар — жалған тәңірлерге табынушылар. Мұндайлардың ешқайсысына да Мәсіхтің және Құдайдың Патшалығында орын жоқ. Ешкім де сендерді өтірік сөздерімен алдамасын! Себебі Құдайға мойынсұнбайтындарға осы күнәлары үшін Оның қаһарлы соты төніп тұр

Ефестіктерге 5:4-6

Он өсиетке қатысты осы түсіндірмелер бізге тек сырт бейнеміз ғана емес, сонымен қатар тек Алла Тағалаға ғана аян ішкі жан-дүниемізді көруге де көмектеседі. Осы арқылы жоғарыда айтылған Заңды толық орындау жүгі одан сайын ауырлағанын көреміз. 

Тағы бір рет ойланып көріңіз, Заңды толық орындай алып жүрсіз бе? Райыңыздан қайтуға әлі де кеш емес. Егер сіз Заңның бәрін толық орындап жүрсеңіз онда сізге Інжіл Шариф керек емес. Онда Алланың нышан-белгілері мен Інжіл Шарифты түсінуге ұмтылудың сізге еш қажеті жоқ. Інжіл Шариф Заңды орындай алатындарға емес, тек Заңды орындай алмайтындарға ғана арналған. Иса Мәсіх (ғ.с.) ол туралы былай деген: 

  Кейін Иса Матайдың үйінде дастарқан басында отырды. Көптеген салық жинаушылар және өзге де күнәкарлар сонда келіп, Исамен және шәкірттерімен дастарқандас болды. Ал мұны көргенде парызшылдар

  Оның шәкірттеріне:

— Ұстаздарың неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отыр? — деп наразылық білдірді. 

Иса мұны естіп, оларға былай деп жауап берді:

— Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет. Сендер Жаратқан Иенің: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын» деген сөзінің мағынасын ұғынып алыңдар! Мен «әділдерді» емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім.

Матай 9:10-13