Skip to content
Home » Мәсіх (ғ.с.): билік жүргізу үшін келе ме, әлде… «өлтірілу үшін» бе?

Мәсіх (ғ.с.): билік жүргізу үшін келе ме, әлде… «өлтірілу үшін» бе?

  • by

Бұрынғы мақалаларымызда пайғамбарлардың Мәсіхке қатысты алдын ала берген нышан-белгілерін қарастырдық. Олар оның есімі — Ешуа (яғни Иса) болатынын, тіпті келу уақытын да нақты болжаған. Бұл керемет дәлдікпен айтылған пайғамбарлықтар Иса Мәсіх (ғ.с.) дүниеге келмей тұрып, жүздеген жыл бұрын жазылып қойылған. Тағы да таңғалдыратыны — бұл жазбалардың ешқайсысы Құранда да, Інжілде де емес, тікелей яһудилердің өз киелі кітаптарында сақталған. Сондықтан мынадай заңды сұрақ туады: егер осының бәрі олардың өз жазбаларында анық жазылған болса, неге яһудилер Исаны Мәсіх ретінде әлі күнге дейін мойындамай келеді?

Бірақ бұл сұрақтың өзі дәл емес екенін алдымен атап өткен жөн. Иса Мәсіхтің (ғ.с.) замандастарының арасында оны Мәсіх деп таныған көптеген яһудилер болған. Бүгінде де Исаны Құдайдың Құтқарушысы ретінде қабылдайтын еврейлер бар. Алайда жалпы ұлт ретінде, яғни яһуди халқы тұтас түрде оны қабылдаған жоқ. Неліктен бұлай болды?

Яһуди халқы Иса Мәсіхті (ғ.с.) неге мойындамайды?

Інжілде Матай жазған ізгі хабарда Иса Мәсіхтің (ғ.с.) еврей халқының мұғалімдерімен (парызшылдар мен садукейлер) әңгімелескені келтірілген. Олар қазіргі ислам дініндегі имамдар секілділер. Парызшылдар мен садукейлер Исаны сөзден ұстамақ болып, қулық жасады, бірақ

Иса былай жауап қайырды: Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер!

Матай 22:29

Осы әңгімеден маңызды бірнеше сәтті білеміз. Осы адамдар Таурат пен Забурды жақсы білетін және халыққа тәлім беретін, яһуди басшылары болатын, солай болса да Иса, олардың Киелі жабалар мен Құдайдың құдіретін білмейтіндерін айтып сөкті. Ол нені меңзеп айтты? Қалай, заң мұғалімдері, «сарапшылар» Жазбаны білмей ме? 

Яһудилер БАРЛЫҚ ЖАЗБАЛАРДЫ білмеді

Яһуди мұғалімдерінің нені негізге алып, Таурат пен Забурдан қалай үзінді келтіргеніне мұқият қарасақ, олардың тек кейбір пайғамбарлықтарға ғана мән беріп, басқаларын елемей тастағанын байқаймыз. Мысалы «қыздан туған ұлдың нышан-белгісі» туралы мақалада біз Мәсіхтің Бетлехемнен шығатынын заң мұғалімдері жақсы білетінін көрдік. Олар Ирод патшаға Мәсіхтің Бетлехемде туылатынын заң кітабынан дәлелдеп көрсетті.

«Ал сен, Ефрата аймағындағы Бетлехем, Яһуданың әулеттері арасында ең кішісі болсаң да, сенен Менің халқым Исраилге басшылық ететін Көсем шығады. Оның бастауы ежелгі заманнан, мәңгіліктен».

Миха 5:2

Осы үзіндіден Мәсіхтің есімі мен оның «билеуші» болатыны яһудилерге бұрыннан белгілі болғанын байқаймыз. Яһуди діндарларына жақсы таныс тағы бір мәтін — Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) жазған Забурдың екінші жыры. Онда «Мәсіх» атауы алғаш рет аталып, оның Сионда патша ретінде орнатылатыны айтылған.

«Неге жердің патшалары қарсы шығып… Жаратқан Ие мен Оның Мәсіхіне қарсы бірігуде?… Мен патшамды Сион, Киелі тауыма орнаттым», — дейді Ол.

Забур 2

Сонымен бірге яһуди мұғалімдеріне Забур жырының мына сөздері де жақсы таныс болатын:

«Неге жердің патшалары қарсы шығып… Жаратқан Ие мен Оның Мәсіхіне қарсы бірігуде?… Мен патшамды Сион, Киелі тауыма орнаттым», — дейді Ол.

Забур 131:10-17

Яһудилер Құдайдың құдіретін білмеді, өйткені олар оны өз қисындарының шеңберінде шектеді.

Яһуди мұғалімдері Жазбаның көптеген аяттарын жатқа айтқанымен, олардың бәрін біржақты – жер бетінде Мәсіх патшалық құрып, ұлы күшпен және даңқпен келетініне нұсқайды деп түсінді. Иса Мәсіх (ғ.с.) заманында исраил халқы римдіктердің езгісінде өмір сүріп жатқандықтан, олар басқа Мәсіхті күтті. Олар Дәуіт патша (ғ.с.) дәуіріндегідей ұлы Патшалық орнатып, зұлым римдіктерді ұлы күшпен қуып шығатын Мәсіхті қалаған. Бірақ олардың осы үміттері Құдайдың пайғамбарлар арқылы алдын ала айтқан жоспарына емес, өз қалауларына негізделген еді.

Осылайша олар Құдайдың құдіретін адамдық шектеулерге сыйдырды. Мысалы, Мәсіх Иерусалимде билік етеді деп болжалды. Бірақ біз білеміз, Иса Мәсіх (ғ.с.) ешқашан патша тағына отырмаған. Сондықтан олар Исаны (ғ.с.) Мәсіх емес деп шешті. Бұл – Құдайдың құдіретін адам қисынына сай түсіндіруге тырысуының бір мысалы.

Бүгінгі күнге дейін көптеген яһудилер Забурдағы пайғамбарлықтармен таныс емес. Танах (Таурат пен Забур) өз кітаптарында жазылған болса да, олар негізінен тек Тауратты оқиды. Құдайдың барлық сөзіне мән бермей, пайғамбарлықтарды елемегендіктен, олар Құдайдың құдіретін де өз ақыл өлшемімен шектеп қойды. Сондықтан олар: «Егер Мәсіх патша болады деп жазылса, ал Иса (ғ.с.) патша болмаған болса, онда ол Мәсіх емес», – деп кесіп айтты. Олар үшін мәселе жабық. Бұдан әрі бұл сұрақты талқылаудың мәні жоқ. Сондықтан қазіргі күнге дейін яһудилердің көпшілігі бұл сұрақтан айналып өтуге тырысады.

Мәсіх: өзін «құрбан ету» үшін келе ме?

Егер олар Жазбаларды Құдайдың еркіне сай зерттегенде, мен төменде айтып өткелі отырған жайттарды міндетті түрде байқар еді. Өткен мақалада біз Даниял пайғамбардың (ғ.с.) Мәсіхтің келетін уақытын дәл болжағаны туралы айтқан едік. Бірақ назар аударыңыз: Даниял (ғ.с.) Мәсіх туралы тек осыны ғана айтқан жоқ:

«Сондықтан мынаны ұғып, біліп ал: Иерусалим қайта салынады деген жарлық шыққан кезден бастап, Құдай тағайындаған Билеуші келетін уақытқа дейін жеті “жеті кезең” және алпыс екі “жеті кезең” өтеді. Қала алаңымен және қорғанымен қайта салынады, бірақ бұл қиын-қыстау уақытта болады. Алпыс екі “жеті кезең” өткен соң, Құдай тағайындаған Билеуші құрбан етіледі, Оның қолында түк те қалмайды. Басқа бір билеуші әскерімен келіп, қаланы да, киелі үйді де қиратып, топан судай қырып-жоятын болады. Сол заманның соңына дейін соғыс болады, ал Құдайдың бұйрығына сай барлығы қаңырап бос қалады».

Даниял 9:25-26

Даниял (ғ.с.) болжамына сәйкес Мәсіхпен не болуы тиіс? Даниял (ғ.с.) Мәсіх Иерусалим қаласында таққа отырады деп жазды ма? Мәсіх бабасы Дәуіттің (ғ.с.) тағына отырып, билік құрады және исраил халқын римдіктердің езгісінен құтқарады деп айтты ма? Жоқ! Керісінше, «Билеуші құрбан етіледі, Оның қолында түк жоқ болып қалады» деп анық жазылған. Содан кейін өзге бір билеуші әскерлер келіп киелі үйді де, Иерусалимді де қиратады деп жазылған. Егер сіз исраил халқының тарихымен таныс болсаңыз, онда осының бәрі дәл солай болғанын білесіз. Иса Мәсіх (ғ.с.) өлгеннен кейін қырық жыл өткен соң, римдіктер шабуыл жасап, киелі үйлерін өртеп, Иерусалимді жер бетінен жойды және исраил халқын бүкіл әлемге шашыратып жіберді. Олар өз жерлерінен қуылды. Бұл оқиғалар б.з.д. 537 жылдары Даниял пайғамбар (ғ.с.) болжағандай, б.з. 70 жылдары орын алды. Ал осы жайлы Мұса пайғамбар (ғ.с.) Қарғыс үзіндісінде алдын ала ескерткен еді. 

Даниялдың (ғ.с.) пайғамбарлық жазбасында Мәсіх патшалық құрмайтыны анық айтылған! Ол «құрбан етіледі, Оның қолында түк жоқ болып қалады». Яһуди ұстаздары осы маңызды сәтті өткізіп алды, өйткені олар Жазбаларды толық білмейтін. Осыған байланысты келесі сұрақ туындайды: Даниялдың Мәсіх өлімге кесіледі деген пайғамбарлығы, басқа пайғамбарлардың (Мәсіхтің патшалығы туралы) болжамдарымен қайшы келмей ме? Тауратта Мұса пайғамбар (ғ.с.) айтқандай, егер барлық пайғамбарлар Құдайдың еркі бойынша сөйлеген болса, онда олардың барлық пайғамбарлық сөздері толық орындалуы тиіс. Мүмкін, Мәсіх өлімге кесіледі және сонымен бірге патша да болатын шығар? Адамның қисынды ой-санасы тағы да Құдайдың күшін жоққа шығаруға тырысатын сияқты.

«Патшалық құру» мен «құрбан болу» арасындағы қарама-қайшылық жойылды

Яһудилердің қисынды ойлары Құдайдың құдіретін сыйғыза алмады. Олар әдеттегідей, өз ой-түсініктерінің шеңберінде бастапқы пайғамбарлық болжамдарды байқамай қалды. Олардың көзқарасы бойынша, Мәсіх тек бір-ақ рет келеді. Егер расында солай болғанда, онда Мәсіхтің патшалық құруы мен құрбан болуы бір-біріне қайшы келер еді. Бірақ олар Құдайдың жоспарын өз ақыл-ойларына теліп, тығырыққа тірелді.

Анығында, Мәсіх жер бетіне бір рет емес, екі рет келуі керек: бірінші рет – «құрбан болу» үшін, екінші рет – «патша болу» үшін. Осындай көзқараспен қарағанда ешқандай қайшылық болмайды.

Егер Жазбаның бір бөлігін елемей, тек өз ойымызға сүйенсек,
Құдайдың құдіретін шектей аламыз ба?

«Мәсіх құрбан болады, қолында түк жоқ болып қалады» деген пайғамбарлық нені білдіреді? Оған кейінірек тоқталамыз. Қазір, Алла Тағала жіберген нышан-белгілерді яһудилер неге тани алмады деген сұраққа назар аударайық. Жоғарыда айтқанымыздай, Мәсіхтің нышан-белгісін яһудилердің тани алмауының екі негізгі себебі бар. Сонымен қатар, Інжіл Шарифте Жохан жазған Ізгі хабардан біз үшінші бір себепті де көреміз. Ол Иса Мәсіхтің (ғ.с.) яһуди көсемдерімен сөйлескен сәтінде көрініс тапқан.

Рас, сендер Киелі жазбаларды зерттеп, солар арқылы мәңгілік өмірге ие боламыз деп ойлайсыңдар. Ал олар Мен туралы куәлік етеді ғой! Алайда сендер шынайы өмірге ие болу үшін Маған келуден бас тартасыңдар. Бір-біріңнен құрмет күтіп, жалғыз Құдайдан келетін шынайы құрметті іздемейсіңдер. Сонда сендер Менің Құдайдан келгеніме қалайша сене аласыңдар?

Жохан 5:39-40,44

Басқаша айтқанда, яһудилердің Мәсіхтің нышан-белгілерін тани алмаған үшінші себебі — олар оны қабылдаудан өздері бас тартты. Себебі олар Құдайдың мақұлдауын емес, адамдардың мақтауын іздеді.

Бұл олардың басқа халықтарға қарағанда көбірек адасты дегенді білдірмейді. Бізге оларды кінәлау оңай — нышан-белгілерді көрмеді, қабылдамады дейміз. Бірақ оларды жазғырардан бұрын, өзімізге қарауымыз керек. Біз барлық жазбаларды шын мәнінде білеміз бе? Біз де яһудилер сияқты, тек өзімізге ұнайтын, ыңғайлы немесе түсінікті тұстарын ғана оқимыз ба? Біз де Құдайдың құдіретін өз логикамызбен шектемейміз бе? Адамдардың көңілінен шығу үшін Құдайдың сөзіне қарсы шықпаймыз ба?

Яһудилердің Алла Тағаланың нышан-белгілерін тани алмағаны – бәрімізге сабақ. Біз тек таныс немесе ұнайтын жазбаларды ғана оқып шектелмеуіміз керек. Құдайдың күшін адам ақылымен шектемеуіміз керек. Жазбалардың ақиқатына қарсы тұрмауымыз керек. Енді, яһудилер жіберген қателіктерді түсінген соң, осы әңгіменің өзегін, Қызметшінің кім екенін, түсінуге жақындадық. 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *