Фуссиләт сүресінде қиямет күні адамдар бөліне бастағанда тіпті адамның өз терісі өзіне қарсы куәлік келтіретіні туралы жазылған. Сол күні олардың еститіндері:
Міне осы Раббыларың туралы ойлаған ойларың, өздеріңді жойды да, сонда зиянға ұшыраушылардан болдыңдар .
Фуссиләт 41:23
Соңғы үкім былай шығарылады:
Оларға сыбайластар қостық. (Шайтандарды ерікті қылдық). Сонда оларға алды-артындағы нәрселерді әдемі көрсетті. Сондықтан бұлардан бұрын өткен, жын және адам баласынан болған елдерге берілген азап әмірі бұлардың басына да келді. Өйткені олар, зиянға ұшыраушылардан еді .
Фуссиләт 41:25
Осы ескертулердің бәрі сот күні көп адам «зиян шегушілер» қатарында болатынын көрсетеді. Мүмкін сіз де солардың бірі боларсыз. Муминун сүресінде осы нәрсе ұлы апат ретінде көрсетіледі.
Ал сол күні, кімнің таразысы ауыр тартса, міне солар құтылушылар. Ал және кімнің таразысы жеңіл тартса, міне олар өздерін зиянға ұшыратқандар. Олар тозақта мүлде қалады .
Муминун 23:102-103
Кімнің таразысы ауыр тартса құтылуға мүмкіндігі бар, ал кімдікі жеңіл шықса «зиян шегушіге» айналады. Муминун сүресі олар «мәңгі азап шегетін» болады дейді. Сол күні адамдар діншіл, таза және таза еместер болып бөлінеді. Ал Иса Мәсіх (ғ.с.) сол таза еместерді яғни, Фуссиләт және Муминун сүрелерінде мәңгі азапқа кесілетіндерді құтқару үшін келді.
Діншіл адамдар өздерін арамдамау үшін көбіне күнәкарлардан бойларын аулақ ұстайды. Иса Мәсіх (ғ.с.) заманында да дін мұғалімдері солай істеген. Арамданбау үшін барлық теріс қылықтардан аулақ жүрді. Ал Иса Мәсіх (ғ.с.) жүрегі таза адам нағыз таза адам деп үйретті. Міне сондықтан көпшілік күнәкар деп санағандармен ол емін-еркін араласып жүрді. Інжілде оның күнәкарлармен қалай араласып жүргені және сол қылығына діншілдердің қалай қарағаны туралы жазылған.
Салықшылар мен өзге де күнәкарлар Исаны тыңдау үшін көптеп қасына жиналатын. Бірақ парызшылдар мен дін мұғалімдері мұны көріп: — Мына кісі күнәкарларды қабылдап, солармен тіпті дастарқандас болады! — деп күңкілдесті.
Лұқа 15:1-2
Иса Мәсіх (ғ.с.) неге оларды қабылдады және дастарқандас болды? Оған күнә сондай ұнады ма? Өзіне сын айтушыларға ол үш түрлі астарлы әңгіме және үш түрлі оқиға айтып жауап берді.
Жоғалған қой туралы астарлы әңгіме
Сонда Иса оларға астарлап былай деді: — Егер араларыңдағы біреудің жүз қойы болып, солардың бірін жоғалтып алса, ол не істемек? Тоқсан тоғыз қойын далада қалдырып, жоғалып кеткенін тапқанша іздемей ме? Оны тауып алған соң, қуана-қуана иығына салып алады. Үйіне келгеннен кейін: «Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар!» — деп достары мен көршілерін шақырады. Сендерге шын айтамын: сол сияқты, «Маған теріс жолдан қайтудың қажеті жоқ» дейтін тоқсан тоғыз «әділ» кісіден гөрі, теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға көктегілер көбірек қуанады!.
Лұқа 15:3-7
Осы оқиғада Мәсіх бізді қойға өзін бақташыға теңеп отыр. Өзінің жоғалған қойын жанталасып іздейтін бақташы секілді ол да өзінің «жоғалған» халқын іздейді. Сіз отбасыңызда ешкім білмейтін күнә жасап қойғаныңызды елестетіп көріңізші. Немесе өмір тауқыметі сізді сарсаңға салғаны сонша не істеріңізді білмей қалдыңыз делік. Осы жағдайлар сізге үміт сыйлауы керек, өйткені Мәсіх дәл сіз секілді жағдайға душар болғандарды іздеп, көмектескісі келеді. Ол күнә сізді толық құртпай тұрғанда көмек қолын созғысы келеді. Содан кейін Иса Мәсіх (ғ.с.) екінші оқиғаны айтып берді:
Жоғалған теңге туралы астарлы әңгіме
Әлде он күміс теңгесі бар әйел біреуін жоғалтып алса, оны тапқанша шам жағып, үйді сыпырып, бар ынтасымен іздемей ме? Тауып алған соң: «Жоғалтқан күміс теңгемді тауып алдым! Менің қуанышыма ортақ болыңдар», — деп достары мен көрші-қолаңдарын шақырады. Сендерге шын айтамын: Құдайдың періштелері теріс жолдан қайтқан бір күнәкар үшін де дәл солай қуанады! .
Лұқа 15:8-10
Бұл мысалдағы жоғалған күміс теңге – біздің әр қайсысымыз. Иса бізді іздеп жүр. Қызығы сол теңге үйде жоғалды, ал теңге өзінің жоғалғанын білмейді. Ол жоғалғанын сезбейді. Оның жоғалғанын білетін әйел үйді сыпырып, әр тесікті қарап, өз теңгесі табылғанға дейін жанталасып іздеп жүр. Адам өзінің жоғалғанын сезбеуі де мүмкін. Біз әр қайсымыз күнәларымыз үшін тәубе етуіміз керек, олай істемеген адам, «жоғалған» және «зиян шеккен» болып саналады. Ол жоғалғанын сезіне ме, сезінбей ме маңызды емес. Құдайдың көзінде сіз өте құндысыз, бірақ сол теңге сияқты жоғалып қалдыңыз. Ол өте қатты шығынға ұшырады, сондықтан сізді жанталасып іздеп – сізді тәубеге келуге итермелеп жүр. Үшінші астарлы әңгіме Иса Мәсіх ілімінің шарықтау шегі.
Жоғалған ұл туралы астарлы әңгіме
Иса тағы мына әңгімені де айтып берді: «Біреудің екі ұлы болыпты. Кенжесі: — Әке, маған тиісті еншімді бөліп беріңізші! — дейді. Сонда әкесі ұлдарына мал-мүлкін бөліп береді. Көп уақыт өтпей кіші ұл бәрін жинап алып, алыс бір елге кетеді. Сол жерде ол азғындық жолға түсіп, еншісін шашып, ысырап қылады. Бәрін жұмсап бітірген кезде сол елде қатты ашаршылық болып, жігіт мұқтаждық көре бастайды. Елдің бір тұрғынына барып, жармасып жүріп, жалшысы болады. Сол оны даласына жіберіп, шошқаларын баққызып қояды. Жігіт шошқалар жейтін қабықтарды жеп тойсам деп аңсайтын, бірақ оған соны да бермепті. Сонда ол ақылға келіп, ішінен былай дейді: Әкемнің соншама көп жалшысы нанға тойып жүргенде, мен бұл жерде аштан өлетін болдым. Қой, жолға шығып, әкеме қайтып барайын: Әке, мен көктегі Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасап келдім. Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін. Мені жалшыңыздай қабылдасаңыз екен, — дейін. Сонымен жігіт әкесіне баруға жолға шығады. Ол әлі де алыста келе жатқанда, әкесі баласын көріп, оған жүрегі елжіреп, алдынан жүгіріп шығады. Оны құшақтап бауырына басады да, бетінен сүйеді. Баласы оған: — Әке, мен Құдай алдында да, сіздің алдыңызда да күнә жасап келдім. Енді ұлыңызбын деп аталуға лайық емеспін, — дейді. Бірақ әкесі қызметшілеріне бұйырып: — Тезірек ең жақсы шапанды әкеліп, балама жабыңдар! Қолына мөрлі жүзік, аяғына кебіс кигізіңдер! Сосын бордақыланған өгізшені әкеліп, сойыңдар, ішіп-жеп, көңіл көтерейік! Өйткені менің мына ұлым өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды! — дейді. Сөйтіп олар көңілді тойды бастап жібереді. Ал әкенің тұңғыш ұлы далада жүр екен. Қайтып келе жатып, үйіне жақындағанда ол қуана ән салып жатқан дауыстарды естиді. Қызметшілердің бірін шақырып алып: — Бұл не? — деп сұрайды. — Ініңіз қайтып келді! Әкеңіз оны аман-есен көргені үшін бордақыланған өгізшені сойып, той жасап жатыр, — деп жауап береді ол. Үлкен ұл ашуланып, үйге кіргісі келмейді. Әкесінің өзі шығып, оны шақырады. Сонда ол әкесіне былай деп жауап қатады: — Міне, мен сізге қанша жыл бойы қызмет етіп келе жатырмын, еш уақытта бұйрығыңызға қарсы шыққан емеспін. Бірақ сіз маған достарыммен бірге отырып көңіл көтеруім үшін, тым болмаса, лақ та берген емессіз! Алайда бұзылған әйелдермен бірге болып, мал-мүлкіңізді шашып-төккен мына балаңыз қайтып келгенде, сіз оған арнап бордақыланған өгізшемізді сойып, той жасап жатырсыз! — Ұлым, сен әрдайым менімен біргесің. Барлық меншігім сенікі ғой. Ал мына інің болса, өлген еді — тірілді, жоғалған еді — табылды. Сондықтан қуанып, көңіл көтеруіміз керек қой! — дейді әкесі» .
Лұқа 15:11-32
Осы оқиғада біз – не діншіл боп жүрген үлкен ұлмыз, немесе адасқан кіші ұлмыз. Үлкен ұл барлық діни дәстүрлерді бұлжытпай орындағанымен, бірақ әкесінің сүйіспеншілігін сезіне алмаған. Ал кіші ұл әкесінен бөлек кетіп бостандық алуды ойлады, бірақ соңында қиын жағдайға душар болды. Дегенмен ол «ақылға келгенде» әкесінің үйіне қайтқанның дұрыс екенін түсінді. Ол кіші ұлдың бүкіл қатесін мойындап істеген ісіне өкінгенін көрсетеді. Ондай қадам мойынсұнуды талап етеді. Ол Жақия пайғамбар (ғ.с.) батыл уағыздаған, шынайы тәубе етудің айқын үлгісі.
Кіші ұл бүлдіргенін мойындап, әкесіне кішіпейіл боп қайта оралғанда, мүлде күтпеген сүйіспеншілікке кенелді. Ол әкесінен жаңа шапан, жүзік, кебіс және толық кешіргеннің белгісі болған сүйіспеншілік қабылдады. Осы оқиға Құдайдың көз алдында біздің қандай дәрежедегі сүйіктісі екенімізді көруге көмектеседі. Ол біздің Оның үйіне оралғанымызды күтеді. Бірақ ол үшін біз күнәларымызды мойындап тәубе етуіміз керек, сонда Ол бізді құшағына алып сүйіспеншілікпен қабылдайды. Иса Мәсіх (ғ.с.) тәлімі осы, бірақ сол ұлы сүйіспеншілікке кенелуге біз дайынбыз ба?