Құдіретті түн
Қадір сүресінде Құдіретті түн – Құран алғаш түскен түн – осылай сипатталады:
«Негізінде Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Саған Қадір түнінің не екенін не білдіреді? Қадір түні мың айдан да артық. Бұл түні періштелер мен Жебрейіл, Раббыларының әмірімен барлық істер үшін түседі. Ол бейбіт түн – таң атқанға дейін.»
Қадір сүресі 97:1-5
Қадір түні – нұрдың бастауы. Қадір сүресі бұл түнді — Құран түскен түнді — «мың айдан қайырлы» деп сипаттайды. Бірақ сол түні не болды? Неліктен ол соншалықты құнды? Құдай Рухы дәл сол түнде не істеді, сонда оны «мың айдан артық» ететіндей қандай оқиға орын алды?
Даңқты күн. Ләйл сүресі түн мен күннің ауысуын бейнелеп, осыған ұқсас ойды жалғайды. Құдай — Бастау мен Ақырдың Иесі — бәрін білетіндіктен, адамдарға тура жол көрсетеді және болашақтағы от туралы ескертеді:
«Қараңғылық бүркеген түнге серт, Таңда жарқырап шыққан күнге серт…»
Ләйл 92:1-2
«Расында тура жол көрсету Бізге тән. Шын мәнінде, Ақыр да, Бастау да — Біздікі. Сондықтан сендерді жалындаған отпен ескертемін!»
Ләйл 92:12-14
Құдай сөзі – қараңғыда жол көрсететін шырақ. Қадір мен Ләйл сүрелерін оқығанда, менің есіме Петірдің мына сөзі бірден түсті:
«Сонымен қатар, бізде пайғамбарлар қалдырған мызғымас сенімді сөз бар. Оған назар аударғандарың жақсы – ол қараңғылықта жарық шашқан шам секілді. Таң атқанда және Шолпан жұлдызы жүректеріңде жарқырағанда, Мәсіхтің көктен қайта келуімен барлығы анық әрі түсінікті болады.»
2-ші Петір 1:19
Ұқсастықты байқадыңыз ба? Қадыр сүресі (97) мен Ләйл сүресі (92)-ні оқығанда, менің есіме бірден осы аят түсті. Бұл сүрелерде де түн мен күннің мағынасы айқындалып, Құдайдың нұры мен ескертуі баяндалады. Қараңғы түнде пайғамбарларға уахи келген, ал бұл аяндарға назар аудармаған адам ауыр салдарға тап болады.
Жоғарыдағы сөздер Иса Мәсіхтің (ғ.с.) ең жақын шәкірттерінің бірі – Петір арқылы айтылған. Сафф сүресі (61:14) Иса Мәсіхтің (ғ.с.) шәкірттері туралы былай дейді:
«Әй мүміндер! Алланың дінінің көмекшілері болыңдар. Мәриям ұлы Ғиса (ғ.с.) хауариларға: “Алла жолында маған көмекші болатын кім бар?” – деп сұрағанда, хауарилар: “Біз – Алланың көмекшілеріміз!” – деді. Сонда Исраил ұрпағының бір тобы иман келтіріп, бір тобы қарсы шықты. Иман келтіргендерді дұшпандарына қарсы қолдадық. Сөйтіп олар жеңіске жетті.»
Сафф 61:14
Сафф сүресі Иса (ғ.с.) шәкірттерін «Құдайдың көмекшілері» деп атап отыр. Пайғамбарлардың аянына сенген әркім сондай күшке ие болады. Елшілердің ішіндегі ең басты шәкірттердің бірі – Петір, яғни «Құдайдың көмекшілерінің ішіндегі маңыздысы» деген сөз. Ол Иса Мәсіхтің (ғ.с.) кереметтеріне куә болды, Оның ілімдерін тыңдады және табиғат күштерін басқарғанын да көзімен көрді. Соған қарамастан, ол пайғамбарлардың сөзін өз көзімен көргендерінен де сенімді деп санады. Неліктен? Ол былай дейді:
«Ең бастысы, Киелі жазбалардағы пайғамбарлар сөздерінің ешқайсысы да пайғамбардың өз ойынан шықпағанын біліңдер. Себебі пайғамбарлық сөздер ешқашан адам еркімен туындамаған. Қайта, Киелі Рухтың жетелеуімен адамдар Құдайдың атынан сөйлеген.»
2 Петір 1:20-21
Яғни, пайғамбарлар Киелі Рухтың жетелеуімен Құдайдан келген хабарларды жазып қалдырған. Міне, сондықтан Қадыр түні «мың айдан да қайырлы», өйткені ол түн Киелі Рухтың қатысуымен ерекшеленеді. Сафф сүресінде айтылғандай, Петір айтқан сөздер де дәл сол Құдыретті түндегі рухани күшпен үндеседі.
Петір – Иса Мәсіхтің (ғ.с.) заманында өмір сүрген адам. Ол айтып отырған «пайғамбарлар» — Көне Келісім пайғамбарлары, яғни кейін Інжілмен жалғасатын Киелі кітаптың алғашқы бөлімдерін жазған тұлғалар. Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы жазылған Таурат кітабында Адам ата, Қабыл мен Әбіл, Нұх, Лут және Ыбырайым пайғамбарлар (ғ.с.) туралы оқиғалар баяндалады. Сондай-ақ Мұса пайғамбардың (ғ.с.) Мысыр перғауынымен текетіресі, оған берілген шариғат заңдары және Бақара сүресінде айтылған оның інісі Һаронның құрбандықтары туралы мәліметтер де бар.
Таураттан кейін Құдайдың Рухымен шабыттанып, Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) арқылы жазылған Забур келді. Онда Мәсіхтің келуі туралы пайғамбарлықтар бар. Одан кейінгі пайғамбарлар Мәсіхке қатысты — пәк қыздан туылатын Ұл, Құдай Патшалығының келуі және азап шегетін Қызметші туралы — көптеген болашақ оқиғаларды алдын ала жазып қалдырды. Тіпті Мәсіхтің аты, оның келетін уақыты және оның жолын дайындайтын пайғамбар жайлы да болжамдар берілген.
Біздің көпшілігіміз бұл жазбалармен бұрын танысуға мүмкіндік таба бермедік. Алайда жоғарыда келтірілген сілтемелер арқылы қазір осыны жасауға болады. Ләил сүресі келетін от туралы ескертеді; Қадр сүресі Құдыретті түнде Киелі Рухтың әрекетін баяндайды; Сафф сүресі болса, Иса Мәсіхтің (ғ.с.) шәкірттерінің хабарына сенгендер Құдіретке ие болатынын уәде етеді. Елші Петір де Қиямет күнін еске ала отырып, ежелгі пайғамбарлардан жеткен аяндарға «назар аударуға» кеңес береді. Ендеше, олардың хабарларын білу — даналықтың белгісі емес пе?