иналған халықты көргенде Иса тауға көтеріліп, бір жерге жайғасып отырды. Сол кезде шәкірттері қасына келді.
2 Иса оларға былай деп тәлім берді:
3 — Құдай алдында құр алақан тұрғандар бақытты: Құдайдың Патшалығы сондайларға арналған!
4 Күнәларына өкініп қайғырғандар бақытты: Құдай оларды жұбататын болады!
5 Кішіпейіл жандар бақытты: Олар жерді иемденетін болады!
6 Әділдікті аңсап зарыққандар бақытты: Олар қанағат табатын болады!
7 Мейірімділер бақытты: Құдайдың мейірімі соларға түседі!
8 Жүректері пәк тазалар бақытты: Олар Құдайды көретін болады!
9 Татуластырушылар бақытты: Олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ!
10 Әділдік үшін қудаланғандар бақытты: Құдай Патшалығы сондайларға арналған!
11 Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, Әртүрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар!
12 Қуана шаттаныңдар, Себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр! Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған.
13 Сендер жер бетінде тұз сияқтысыңдар. Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады? Еш нәрсеге жарамсыз болып шыққандықтан, оны лақтырып тастап, аяқ асты ету ғана қалады.
14 Сендер дүниеге (Құдай жолын көрсететін) «нұрсыңдар». Төбе басына салынған қала жасырынып қала алмайды.
15 Ешкім шам жағып, оны ыдыспен бүркеп қоймайды. Қайта, оны шам қойғышқа қояды, сонда оның жарығы үйдегілердің бәріне түседі.
16 Сол сияқты, сендердегі «нұр» адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді мадақтап дәріптесін.
17 Мені Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбаларының күшін жою үшін келді деп ойламаңдар: Мен оларды жою үшін емес, қайта, толық мағынасында жүзеге асыру үшін келдім.
18 Сендерге шындығын айтайын: аспан мен жер жойылып кетпейінше, Таурат заңының бірде-бір әрпі, тіпті бір кішкентай сызығы да күшінен айырылмайды, әуелі бәрі де жүзеге асады.
19 Сондықтан кімде-кім ондағы өсиеттердің тіпті ең кішкентайын болса да бұзып, басқаларды соған үйретсе, Құдай Патшалығындағы адамдардың арасында оның жолы ең кішкентай болады. Ал өсиеттерді орындап, жұртты соған үйреткендердің Құдай Патшалығындағы жолы үлкен болады.
20 Сендерге айтамын: егер Құдайдың әділ еркін дін мұғалімдері мен парызшылдардан артық орындамасаңдар, Оның Патшалығына еш кіре алмайсыңдар!
21 Ежелгі адамдарға: «Кісі өлтірме! Кісі өлтірген әркім сотталуға тиіс» деп бұйырылғанын естідіңдер.
22 Ал Мен сендерге былай деймін: кімде-кім басқа адамға кәрін төксе, сол сотталмақ. Басқаны «Сенен еш пайда жоқ!» деп балағаттайтын әркім Жоғарғы кеңес алдында жауап бермек, ал «Құдайдан безген ақымақ!» деп жамандайтындар тозақ отына түседі.
23 Сонымен сен Құдайға арнаған сый-тартуыңды ғибадатханадағы құрбандық үстеліне алып барғанда, бауырласыңның өзіңе өкпелеп жүргені сонда есіңе түссе,
24 алып келгеніңді сол жерде қалдыр да, бауырласыңа барып, онымен татулас! Бұдан кейін қайтып келіп, сый-тартуыңды Құдайға бағыштап ұсын.
25 Біреу саған қарсы дау көтерсе, оған еріп сотқа бара жатқанда онымен тезірек татуласуға тырыс! Олай етпесең, қарсыласың сені сот алдына апарады, ал сот сақшыға ұстап беріп, сақшы сені түрмеге қамайды.
26 Саған шындығын айтамын: сен берешегіңді соңғы тиынына дейін төлемейінше, сол жерден шыға алмайсың!
27 «Неке адалдығын бұзба!» деген өсиетті де естідіңдер.
28 Ал Мен сендерге былай деймін: кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны.
29 (Иса сөзін жалғастырып, астарлап былай деді:) Егер оң көзің (секілді өте құнды нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «ойып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын. Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді.
30 Яки оң қолың (сияқты өте қажетті нәрсең) сені күнәға азғырса, ол сен үшін «шауып алып, лақтырып тасталған» сияқты жоқ болсын! Бүкіл денеңнің тозаққа лақтырылғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артық болар еді.
31 «Кім әйелімен ажыраспақ болса, оған арнайы куәлік қағазын беруге тиіс» деген бұйрық та берілген.
32 Ал Мен сендерге былай деймін: жеңіл жүріске түспеген әйелімен ажырасқан әркім соның неке адалдығын бұзуына себепші болады. Кім күйеуімен ажырасқан әйелге үйленсе, сол да неке адалдығын бұзады.
33 Ежелде жұртқа: «Анттарыңды бұзбаңдар, Жаратқан Иеге берген уәделеріңді орындаңдар!» деп бұйырылғанын естідіңдер.
34 Ал Мен сендерге былай деймін: үстірт ант етуші болмаңдар! Не көкті атап ант бермеңдер, ол Құдайдың «тағы»,
35 не жермен де ант бермеңдер, ол Оның «табан тіреніші», не Иерусалиммен де ант етпеңдер, ол «Ұлы Патшаның қаласы»!
36 Өз басыңмен де ант берме! Себебі шашыңның бір талын шын мәнінде не ағартып, не қарайту қолыңнан келмейді.
37 Қайта, сендердің «иә» дегендерің шынымен «иә», «жоқ» дегендерің шынымен «жоқ» болсын! Бұған қоса айтқандарыңның бәрі жамандықтарыңнан келеді.
38 Сендер «көзге көз, тіске тіс» дегенді естідіңдер.
39 Ал Мен сендерге айтамын: зұлымдық жасағаннан кек алма! Егер біреу бетіңнің оң жағын ұрса, оған сол жағыңды да тос.
40 Кейбіреу соттасып, көйлегіңді тартып алғысы келсе, оның шапаныңды да алуына қарсы болма!
41 Немесе біреу сені бір шақырым жерге еріп (жүгін көтеріп) жүруге мәжбүр етсе, онымен екі шақырым жүр.
42 Сұрағанға мұқтажын бер, қарыз алғысы келгенге де теріс қарама.
43 Сендер «Маңайыңдағы адамды жақсы көріп, жауыңды жек көр!» дегенді де естідіңдер.
44 Ал Мен сендерге айтамын: жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Жаратқан Иеге мінажат етіңдер!
45 Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары боласыңдар: Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады.
46 Ал егер өздеріңді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсеңдер, онда сендерге қандай сый берілмек? Тіпті күнәлі салықшылар да солай етпей ме?
47 Сондай-ақ, өз бауырларыңмен ғана жарқын жүзбен амандассаңдар, онда басқаларға қарағанда қандай ерекше іс істейсіңдер? Тіпті Құдайға мойынсұнбайтындар да солай етпей ме?
48 Сонымен көктегі Әкелерің қандай мүлтіксіз болса, сендер де сондай мінсіз болыңдар!
айқаңдар, мейірімді істеріңді жұрт алдында көзге түсу үшін істемеңдер! Әйтпесе сендердің көктегі Әкеден ешқандай сыйларың болмайды.
2 Сондықтан қайыр бергенде оны екі жүзділер секілді жұрт мақтасын деп мәжілісханалар мен көшелерде жариялатпаңдар! Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
3 Ал сендер қайыр бергенде, не істегендеріңді сырлас достарың да білмесін!
4 Осылайша жасаған қайырымдылықтарың құпия болмақ. Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
5 Құдайға сиынғанда да екі жүзділердей болмаңдар: олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мінажат етуді жақсы көреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
6 Ал сендер мінажат еткенде өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкелеріңе сиыныңдар! Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
7 Құдайға сиынғанда жалған тәңірлерге құлшылық етушілер іспетті құр сөз сөйлей бермеңдер! Олар көп сөз айтсақ еститін болады деп есептейді.
8 Сендер сондайларға ұқсамаңдар! Себебі көктегі Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі.
9 Сонымен Құдайға мына іспетті мінажат етіп сиыныңдар: Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін,
10 Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, Жер бетінде де орындала берсін!
11 Күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр.
12 Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей, Сен де күнәларымызды кешіре гөр.
13 Азғырылуымызға жол бермей, Бізді жамандықтан сақтай гөр. (Патшалық, құдірет және ұлылық Мәңгі бақи Сенікі! Аумин.)
14 Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді.
15 Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді.
16 Ораза ұстағанда екі жүзділердей беттеріңді тұнжыратып жүрмеңдер! Олар ораза тұтқандарын мұңайған түрлерімен жұртқа әдейі білдіреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды.
17 Ал сендер ораза ұстағанда да бастарыңды жуып, шаштарыңды ретке келтіріңдер.
18 Осылайша ораза ұстағандарыңды жұрт емес, көзге көрінбейтін Әкелерің ғана білетін болсын. Сонда құпия істердің бәрін де көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
19 Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар! Оларды күйе жеп, тот басады немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді.
20 Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді.
21 Байлықтарың қайда болса, жүректерің де сонда.
22 Дененің «шамы» — көз. Көзің кіршіксіз таза болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі.
23 Ал егер ашкөз болсаң, бүкіл өміріңді қараңғылық басады. Сонымен, егер өміріңде нұр орнына қараңғылық болса, ол қандай қара түнек болмақ!
24 Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!
25 Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой!
26 Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, өнімін қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!
27 Сондай-ақ осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады?
28 Неге киімдеріңді ойлап уайымдап жүрсіңдер? Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді.
29 Сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген.
30 Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндірмей ме, сенімі аздарым-ай!
31 Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар!
32 Тәңірге мойынсұнбайтындар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың бәрінің сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой.
33 Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлап, Құдайдың әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді.
34 Сонымен, ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар! Ертеңгі күннің өз уайымдары болады. Әр күннің қиыншылығы өзіне жетерлік.
ұдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар!
2 Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ.
3 Неге бауырыңның көзіндегі жаңқаны көре тұра, өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?
4 Өз көзіңде бөрене тұрғанда бауырыңа: «Кәне, сенің көзіңнен жаңқаны алып тастайын» деп қалайша айта аласың?
5 Әй, екі жүзді! Әуелі өз көзіңнен бөренені алып таста! Бауырыңның көзіндегі жаңқаны содан кейін анық көріп, алып тастарсың.
6 Қасиеттілерді иттерге тастамаңдар, інжу-маржандарыңды шошқалар алдына лақтырмаңдар! Әйтпесе олар соларды аяқтарымен таптап, бұрылып келіп, өздеріңді жарып тастамақ.
7 Құдайдан сұраңдар, сонда ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда ол сендерге ашылады.
8 Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қағып тұрғанға есік ашылады.
9 Араларыңдағы қандай кісі нан сұраған баласына тас берер еді?
10 Не балық сұраса, жылан берер еді?
11 Сонымен, өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсіз!
12 Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер! Бұл Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларының тәліміне сай.
13 Тар қақпадан кіріңдер! Тозаққа апаратын қақпа кең, жол да даңғыл. Онымен көп адамдар жүреді.
14 Ал шынайы өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Соны біразы ғана табады.
15 Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шынында олар — жыртқыш қасқырлар.
16 Оларды «жемістерінен» (яғни іс-әрекеттерінен) танисыңдар. «Шомырттан жүзім, ошағаннан өрік жинамас».
17 Сол секілді, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал жаман ағаш жаман жеміс береді.
18 Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды ғой.
19 Ал жақсы жеміс бермейтін әр ағашты кесіп тастап, отқа жағады.
20 Сол сияқты, адамдарды да «жемістерінен» танып білесіңдер.
21 Маған: «Мырза, Ие!» дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады.
22 Көптеген адамдар қиямет соты күні Маған: «Уа, Тақсыр Ие, Сенің атыңмен біз жұртқа Құдайдың хабарын жеткізбедік пе? Сенің атыңмен жындарды қуып шығарып, көптеген кереметтер жасамап па едік?» — деп жалынатын болады.
23 Сонда Мен оларға: «Сендерді ешқашан (өз адамдарым ретінде) таныған емеспін. Әділетсіздік істегендер, Менен аулақ кетіңдер!» — деп ашық айтамын.
24 Осы айтқандарымды тыңдап, оларды орындаған әркім үйін берік тастың үстіне қалап салған көреген адамға ұқсас болады.
25 Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол құламайды. Себебі оның іргетасы берік тасқа қаланған.
26 Алайда осы айтқандарымды естісе де, орындамаған әркім үйін құм үстіне салған ақымаққа ұқсайды.
27 Жаңбыр жауып, өзендер тасып, дауыл тұрып үйді соққылағанда, ол опырылып құлап қалады.
28 Иса сөзін аяқтағанда, халық Оның тәліміне қатты қайран қалды.
29 Себебі Иса оларға өздерінің дін мұғалімдері сияқты емес, Құдайдан ерекше билігі бар Біреу ретінде тағылым берді.