уел баста Құдай аспан мен жерді жаратты.
2 Жер ретсіз, тіршіліксіз бос жатты; суға толы тұңғиықтың үстін қара түнек жауып тұрды. Ал Құдайдың Рухы су бетінде қалықтап ұшып жүрді.
3 Сонда Құдай: «Жарық пайда болсын!» — деп бұйырды. Осылай жарық пайда болды.
4 Құдай жарыққа қарап, оның жақсы екенін көрді. Ол жарықты қара түнектен бөліп,
5 жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл бірінші күн еді.
6 Содан кейін Құдай: «(Айнала тұманданып тұрған) суды ортасынан бөліп тұратын әуе кеңістігі пайда болсын!» — деп бұйырды.
7 Осылай Ол әуе кеңістігін жасап, соның астындағы суды үстіндегі судан бөлді. Солай болды да.
8 Құдай әуе кеңістігін аспан деп атады. Кеш түсіп, таң атты; бұл екінші күн еді.
9 Мұнан соң Құдай: «Аспан астындағы су бір жерге жиналып, құрлық көрініп тұратын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
10 Құдай құрлықты жер, ал жиналған суды теңіздер деп атады. Ол жасағанына қарап, жақсы екенін көрді.
11 Құдай енді: «Жер жасыл өсімдіктерді: тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар алуан түрлі жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
12 Жер жасыл өсімдіктерді: түрлеріне қарай тұқым шашатын өсімдіктерді әрі дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды өсіріп шығарды. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
13 Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл үшінші күн еді.
14 Сонан соң Құдай: «Аспан кеңістігінде шырақтар орнасын! Олар күндіз бен түнді бір-бірінен ажыратып, арнайы мезгілдерді, күндер мен жылдарды белгілеп,
15 жерге нұрын шашу үшін аспан кеңістігінде жарқырайтын болсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
16 Құдай үлкенірегі күндізге, кішірегі түнге билік жүргізетін жарқыраған екі үлкен аспан шырағын әрі жұлдыздарды жаратты.
17 Құдай оларды жерге жарық түсіріп, күндіз бен түнге билік жүргізіп, жарықты қараңғыдан ажырату үшін аспан әлеміне орналастырды. Құдай мұның да жақсы екенін көрді.
19 Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл төртінші күн еді.
20 Сонан соң Құдай: «Теңіздер, көлдер және өзендер су жәндіктеріне толсын, әрі аспандағы әуе кеңістігінде құстар ұшып жүрсін!» — деп бұйырды.
21 Осылай Құдай суды мекендейтін алып жануарларды, суда қаптап жүрген басқа да жануарлар мен жәндіктердің барлық түрін, сонымен бірге қанаттыларды да түр-түрімен жаратты. Құдай жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
22 Оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер, теңіздерді толтырыңдар, құстар да жер бетінде көбейсін!» — деп бұйырды.
23 Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл бесінші күн еді.
24 Содан кейін Құдай: «Жер әр қилы тіршілік иелерін: малдар, бауырымен жорғалаушылар және аңдарды түр-түрімен шығарсын!» — деп бұйырды. Солай болды да.
25 Құдай әр қилы аңдар мен малдарды және бауырымен жорғалаушыларды түр-түрімен жаратты. Ол жасағандарына қарап, жақсы екенін көрді.
26 Құдай енді: «Біз (рухани жағынан) Өзімізге ұқсас әрі бейнелес етіп адамды жаратайық. Адамдар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малдар мен аңдарға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға билік жүргізсін», — деді.
27 Осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) Өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты.
28 Құдай оларға оң батасын беріп: «Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізіңдер!» — деді.
29 Құдай оларға тағы тіл қатып: «Мен сендерге жер бетіндегі тұқым шашатын өсімдіктерді және дәнегі бар жеміс беретін ағаштарды түр-түрімен бердім, бұлар сендерге тамақ болсын.
30 Жер бетіндегі барлық аңдарға, аспандағы күллі құстарға және бауырымен жорғалаушыларға — бойында тіршіліктің лебі бар жануарлардың бәріне Мен көк шөп атаулыны қорек етуге беремін», — деді. Солай болды да.
31 Құдай Өзінің жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді. Тағы да кеш түсіп, таң атты; бұл алтыншы күн еді.
сылайша аспан мен жер және олардың рет-ретімен орналасқан барлық бөлшектері толықтай жаратылды.
2 Құдай жүргізген жарату жұмысының бәрін жетінші күні аяқтап, сол күні еңбек етпей демалды.
3 Жетінші күнге Құдай оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі. Себебі Ол бұл күні Өзінің жарату жұмысының бәрін бітірген соң тынықты.
4 Аспан мен жердің жаратылғаннан кейінгі тарихы мынау: Құдай Ие жер мен аспанды жаратқан кезде
5 жер бетінде әлі де даланың бұталары мен өсімдіктері көктеп, өспеген болатын. Себебі Құдай Ие жерге жаңбыр жауғызбаған еді; оны өңдейтін адам да жоқ болатын.
6 Ал жер бетінен бу көтеріліп шығып, бүкіл даланы суландырып тұрды.
7 Сонда Құдай Ие жердегі топырақтан адамды қалыптастырып жасап, оның мұрнына тіршілік лебін үрледі. Адам осылай тірі жан болып шыға келді.
8 Құдай Ие шығыс жақта, Едем деген жерге пейіш бағын орнатып, Өзі жаратқан адамды сонда орналастырды.
9 Құдай Ие көз тартарлық, жеуге жақсы жеміс беретін әр түрлі ағаштарды жерден өсіріп шығарды. Бақтың ортасында «мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаш» және «жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш» та өсіп тұрды.
10 Бақты суландыратын өзен Едемнен ағып шығып жатты, ол әрі қарай төрт тармаққа бөлініп кететін.
11 Біріншісі Пишон деп аталады, ол алтын шығатын бүкіл Хауила өлкесін айналып ағады.
12 Сол елдің алтыны ерекше бағалы, онда хош иісті шайыр мен оникс атты асыл тас та бар.
13 Екінші өзенді Гихон деп атайды, ол бүкіл Құш өлкесін айналып ағады.
14 Үшінші өзеннің аты Тигр, ол Ассурдың шығыс жағынан өтеді. Төртінші өзен — Евфрат.
15 Құдай Ие пейіш бағын өңдеп, күтіп-бағу үшін адамды сонда орналастырды.
16 Құдай Ие адамға бұйрық беріп: «Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады.
17 Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Себебі одан жесең, сол күні өлесің», — деді.
18 Содан кейін Құдай Ие: «Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін», — деді.
19 Құдай Ие даладағы барлық жануарларды және аспандағы күллі құстарды топырақтан қалыптастырып жасаған еді. Енді адамның оларды қалай атайтынын білу үшін бәрін оған алып келді. Адам қандай ат қойса, олар солай аталатын болды.
20 Сонымен адам малдар мен аңдардың және аспандағы құстардың барлық түрлеріне де өз аттарын берді. Ал адамға өзіне сай көмекші табылмады.
21 Сонда Құдай Ие адамды терең ұйқыға батырып, ұйықтап жатқанда оның бір қабырғасын алып, соның орнын етімен жауып тастады.
22 Құдай Ие осы қабырғадан әйел жасап шығарып, оны адамға алып келді.
23 Риза болған адам былай деді: «Міне, бұл — сүйек, өз сүйегімнен шыққан, Әрі тән, өз тәнімнен шыққан! Ол әйел деп аталатын болсын, Себебі ол еркектен алынып жасалған».
24 Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне берік қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады.
25 Адам мен оның әйелі жалаңаш еді, ал олар бұған ұялған жоқ.