Skip to content

Жохан 17

са осыны айтқаннан кейін, аспанға қарап былай деді: — Әке, уақыт жетті. Рухани Ұлыңды ұлылыққа бөлей гөр, сонда Мен Сенің ұлылығыңды көрсете аламын.
Себебі Сен Маған берген адамдарыңның бәріне мәңгілік өмір сыйлауым үшін күллі адамзаттың билігін Менің қолыма тапсырдың.
Мәңгілік өмір — Сені, жалғыз шынайы Құдайды, әрі Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану.
Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жерде Сенің ұлылығыңды көрсеттім.
Әке, әлем жаратылмай тұрып Өзіңмен бірге болғанымда ұлылыққа кенелген едім. Енді Мені өз қасыңда сол ұлылыққа қайтадан кенелте гөр.
Сені Маған күнәкар дүниенің ішінен айырып берген адамдарға Өзіңді таныттым. Олар Сенікі еді, Сен Маған оларды бердің. Олар Сенің сөзіңді берік ұстанып келеді.
Сенің Маған тапсырғандарыңның бәрінің де Өзіңнен шыққанына енді олардың көздері жетті.
Себебі Мен Өзің тапсырған хабарды оларға жеткіздім, олар оны қабыл алды. Сенен келгенімді шәкірттерім шынымен түсініп, Мені Өзіңнің жібергендігіңе сенді.
Олар үшін өтініп жатырмын. Саған бағынбайтын дүние үшін емес, Өзің Маған берген шәкірттерім үшін өтініп жатырмын, себебі олар Сенікі.
10 Менікінің бәрі Сенікі, Сенікінің бәрі де Менікі. Бұл адамдар арқылы Менің ұлылығым көрініп тұр.
11 Бұдан былай Мен осы дүниеде қалмай, Саған бара жатырмын. Бірақ олар осы дүниеде қалады. Киелі Әке, Маған берген есіміңнің құдіретімен шәкірттерімді қорғай гөр. Екеуіміздің біртұтас екендігіміздей, олар да біртұтас болсын.
12 Мен қастарында болған кезімде оларды Сенің Маған берген есіміңнің құдіретімен қорғап, аман сақтап жүрдім. Құрып кетуге тиісті адамнан басқа бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын. Киелі жазбада сол адамның істейтіні туралы айтылғандар орындалу үшін осылай болды.
13 Ал енді Саған бара жатырмын. Бірақ Менің қуанышым толығымен шәкірттерімнің де қуанышы болсын деп осы сөздерді әлі де жерде жүрген кезімде айтып тұрмын.
14 Бұларға Сенің хабарыңды білдірдім. Күнәкар дүние оларды жек көріп келеді, себебі Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да сондай емес.
15 Сенен оларды осы дүниеден әкете гөр деп емес, әзәзіл шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын.
16 Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес.
17 Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің — шындық.
18 Мені осы күнәкар дүниеге жібергеніңдей, Мен де бұларды осы дүниеге жіберемін.
19 Сенің шындығың арқылы олардың да Өзіңе бағышталулары үшін Мен Өзімді оларға бола Саған бағыштаймын.
20 Мен бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын.
21 Әке, Мені Өзіңнің жібергендігіңе адамзаттың сенуі үшін, Сенің Менімен, Менің де Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеуімізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі біртұтас болсын деп өтінемін.
22 Солар да Біз сияқты біртұтас болсын деп, Өзің Маған сыйлаған ұлылықты Мен оларға да бердім.
23 Мен бұлармен тығыз байланыстамын, Сен де Менімен солайсың. Маған сенетіндер толық бірлікке жетсін! Осылайша Өзіңнің Мені жібергеніңе әрі Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзі жетсін.
24 Әке, Маған тапсырған адамдарыңның Өзім болатын жерде болуларын және Өзің Маған сыйлаған салтанатты ұлылығымды көрулерін қалаймын. Бұл ұлылығымды Сен Маған Мені сүйгендіктен әлем жаратылмастан бұрын-ақ сыйлаған едің.
25 Әділетті Әке, осы дүние Сені түсінген жоқ, ал Мен Сені түсінемін. Мені Өзіңнің жібергеніңе шәкірттерімнің көздері жетті.