ұтқарылу мейрамының қарсаңы еді. Иса Өзінің бұ дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күнінің жақындап қалғанын білді. Бұ дүниедегі өз адамдарын өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті.
2 Иса шәкірттерімен бірге кешкі асқа отырды. Бұған дейін әзәзіл шайтан Шимон Исқариоттың ұлы Яһуданың жүрегіне Исаға опасыздық жасау ойын ұялатып қойған еді.
3 Бірақ Иса Әкесінің бүкіл билікті өз қолына беріп қойғанын, сондай-ақ, Өзінің Құдайдан келіп, Оған тағы қайтып баратынын да білді.
4 Содан Иса дастарқан басынан тұрып, сырт киімін шешті де, беліне алжапқыш байлады.
5 Бұдан кейін Ол шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, беліне байлаған алжапқышпен құрғатып сүрте бастады.
6 Иса Шимон Петірдің қасына келгенде, ол: — Ием, Сіз аяғымды жуайын деп жатырсыз ба? — деп сұрады.
7 Иса оған: — Не істеп тұрғанымды сен қазір емес, кейінірек түсінесің, — деді.
8 Петір: — Мен Сізге аяғымды еш уақытта жуғызбаймын, — деп қарсылық білдірді. Иса: — Егер сені жумасам, онда Менімен тығыз қатынаста бола алмайсың, — деп жауап берді.
9 Сонда Шимон Петір: — Ием, олай болса, аяғымды ғана емес, қолым мен басымды да жуыңыз! — деп өтінді. Иса астарлап:
10 — Шомылған кісі тап-таза, оның аяғын ғана жуу керек. Сендер де тазасыңдар, бірақ бәрің емес, — деді.
11 Ол Өзіне кімнің опасыздық жасайтынын білді, сондықтан «бірақ бәрің емес» деп қосты.
12 Шәкірттерінің аяғын жуып, сырт киімін киіп, орнына отырғаннан кейін Иса: — Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? — деген сұрақ қойды.
13 — Маған «Ұстаз», «Ием» дейсіңдер. Осылай атағандарың дұрыс, себебі Мен Солмын.
14 Ал егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер!
15 Сендерге өте маңызды шындықты айтып тұрмын: қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес, елшінің жолы да өзін жібергендікінен үлкен емес. Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп үлгі көрсеттім.
17 Мұны біліп, осылай іс-әрекет етсеңдер, бақытты боласыңдар!
18 — «Сендер тазасыңдар» деген сөзді бәрің туралы айтып тұрған жоқпын. Қайсыларыңды таңдағанымды Өзім білемін, бірақ Киелі жазбадағы мына сөздің орындалуы тиіс: Дастарқандас боп нанымды жеген кісі Мені теуіп жіберу үшін Маған қарсы көтерді өз өкшесін.
19 Мен мұны осы сөз әлі орындалмас бұрын айтып тұрмын. Ол кейін орындалған соң, Менің мәңгі Бар Болушы екеніме сендер сенсін деймін.
20 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Кім Мен жіберген адамды қабылдаса, соның Мені қабылдағаны. Ал кім Мені қабылдаса, оның Мені Жібергенді де қабылдағаны, — деді Иса.
21 Осы сөзден кейін Иса іштей қатты толқып, салмақтап: — Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды, — деді.
22 Шәкірттері Исаның кімді айтып тұрғанын ұқпай, бір-біріне аң-таң болып қарасты.
23 Исаның жақсы көретін шәкірті дастарқан басында Оның қасында жантайып жатушы еді.
24 Шимон Петір Исаның кімді айтқанын сұрап білші деп жаңағы шәкіртке ымдап белгі берді.
25 Анау Исаға бұрылып: — Мырза, сол адам кім? — деп сұрады.
26 Иса: — Үзім нанды табақтағы тұздыққа батырып, кімге берсем, ол — сол кісі, — деді. Содан кейін Иса қолындағы бір үзім нанды тұздыққа батырып алып, Шимон Исқариоттың ұлы Яһудаға берді.
27 Яһуда нанды алысымен әзәзіл шайтан оның бойына еніп алды. Иса Яһудаға: «Не істегің келсе, соны тезірек істе!» — деді.
28 Отырғандардың ешқайсысы Исаның оған неге бұлай дегенін түсінген жоқ.
29 Яһуда ортақ қаржы салатын әмиянды ұстайтындықтан, кейбіреулері Иса: «Мейрамға не керектің бәрін сатып ал!» немесе «Мүсәпірлерге садақа бер!» деп оған тапсырма берген шығар деп ойлады.
30 Ал Яһуда нанды жеп алған соң тез шығып кетті. Сыртта қараңғы түн еді.
31 Яһуда шығып кеткеннен кейін, Иса былай деді: — Енді көктен келген Мен ұлылыққа кенелемін, Өзім арқылы Құдайдың ұлылығы да көрінеді.
32 Мен Құдайдың ұлылығын көрсеткенде, Құдай да Менің ұлылығымды паш етеді. Бұл көп кешікпей орындалады.
33 Балаларым, енді аз-ақ уақыт қастарыңда боламын, кейін Мені іздейсіңдер. Әлгі яһудилерге айтқан сөзімді қазір сендерге де айтамын: Мен баратын жерге сендер жете алмайсыңдар.
34 Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді-бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер!
35 Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады.
36 Шимон Петір: — Мырзам, Сіз қайда бармақсыз? — деп сұрағанда, Иса: — Мен баратын жерге сен қазір еріп бара алмайсың, кейінірек соңымнан келесің, — деді.
37 Петір: — Мырза, Сізге қазір неліктен еріп бара алмаймын? — деп сұрады. — Сіз үшін жанымды қиюға дайынмын! —
38 Иса оған былай жауап берді: — Мен үшін жан қиямын дейсің бе? Саған шындығын айтайын: осы түні әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың!
Көңілдерің толқымасын! Құдайға сеніңдер және Маған да сеніңдер!
2 Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп. Егер солай болмаса, Мен сендерге айтқан болар едім ғой. Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын.
3 Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін.
4 Қайда бара жатқанымды да, сонда апаратын жолды да білесіңдер, — деді Иса. Ал Тома:
5 — Ием, қайда бара жатқаныңызды білмейміз. Онда біз жолды қалай білеміз? — деп сұрады.
6 Иса оған: — Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды.
7 Мені жақыннан танысаңдар, Әкемді де білер едіңдер. Оны қазірден бастап білесіңдер және көрдіңдер де, — деп түсіндірді. Філіп:
8 — Мырзам, бізге Әкені көрсетіңіз, бізге сол да жеткілікті, — деп өтінді.
9 Иса былай деп жауап берді: — Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені. Бізге Әкені көрсетіңіз деп неге айтасың?
10 Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сенбейсің бе? Сендерге айтып жүрген сөздерім Өзімдікі емес, Әкемдікі. Сол сияқты Менімен тығыз байланыстағы Әкем Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр.
11 Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сеніңдер! Әйтпесе істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер.
12 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді, себебі Мен Әкеме барамын.
13 Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын, сонда Әкенің ұлылығы Өзінің рухани Ұлы арқылы көрінеді.
14 Менің еркіме мойынсұнып бір нәрсе сұрасаңдар, Мен соны орындаймын.
15 Сендер Мені сүйсеңдер, өсиеттерімді орындаңдар!
16 Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін,
17 Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух. Осы күнәкар дүние Киелі Рухты қабылдай алмайды, себебі Оны көрмейді әрі білмейді. Ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Киелі Рух сендермен бірге тұрып, жан дүниелеріңнен орын алады.
18 Мен сендерді жетімсіретпей, өздеріңе қайтып келемін.
19 Енді аз уақыт қалды, содан кейін осы күнәкар дүние Мені көрмейді, ал сендер Мені көресіңдер. Мен қайта тірілемін, сондықтан сендер де мәңгілік өмірге ие боласыңдар.
20 Сол күні сендер Менің Әкеммен, сендердің Менімен, Менің де сендермен тығыз байланыста екенімізді түсінесіңдер.
21 Менің өсиеттерімді жүректеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді. Мен де соларды сүйіп, Өзімді оларға жақынырақ таныстырамын. —
22 Исқариоттан өзге Яһуда Исадан: — Мырзам, Сіз қалайша осы дүниеге емес, тек бізге ғана Өзіңізді таныстырмақсыз? — деп сұрады.
23 Иса былай деп жауап берді: — Кім Мені сүйсе, сол айтқан сөздерімді берік ұстанады, әрі Әкем оны сүйеді. Біз сондай адамдарға келіп, өмірлерінен орын аламыз.
24 Мені сүймегендер сөздерімді берік ұстанбайды. Сендердің естіп жүргендерің — Өзімнің емес, Мені жіберген Әкемнің сөздері.
25 Мен бұл сөздерді әлі де қастарыңда жүрген кезімде айтып тұрмын.
26 Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді.
27 Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар.
28 Менің өздеріңе былай дегенімді естігенсіңдер: Мен кетемін, кейін сендерге қайтып келемін. Егер Мені шын көңілмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетініме қуанар едіңдер; себебі Әкем Менен ұлы.
29 Сендердің осылар іске асқан кезде Менің айтқандарыма шын сенулерің үшін бұларды қазір алдын ала айтып тұрмын.
30 Енді сендермен көп сөйлесе алмаймын, өйткені осы күнәкар дүниенің әміршісі (шайтан) жақындап келе жатыр. Оның билігі Маған жүрмейді.
31 Бірақ осы дүние Менің көктегі Әкемді сүйетінімді білсін деп Әкемнің тапсырмасын орындаймын. Ал енді тұрыңдар, бұл жерден кетейік! — деп Иса сөзін аяқтады.
Мен «шынайы жүзім бұтасымын», ал көктегі Әкем «жүзім өсіруші».
2 Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр «сабақты» Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады.
3 Сол сияқты сендер де Менің өздеріңе айтқан сөздеріме сеніп, рухани таза болдыңдар.
4 Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, тек бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар.
5 Мен «бұтамын», ал сендер «сабақтарымсыңдар». Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар мол өнім бермек. Ал Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар.
6 Кім Менімен байланыста тұрмаса, сол кесіліп тасталған сабақтар іспетті «сыртқа лақтырылып, кеуіп қалады». Кепкен сабақтар кейін жиналып, отқа жағылып, жанып кетеді.
7 Ал егер сендер Менімен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрі Менің сөздерім өздеріңмен бірге болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар.
8 Егер мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар. Сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді.
9 Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер!
10 Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер.
11 Бұларды Менің көретін қуанышым сендердікі де болсын, әрі қуаныштарың мейлінше толық болсын деп өздеріңе айттым.
12 Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді Менің өздеріңді сүйгенімдей сүйіңдер!
13 Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі.
14 Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар.
15 Сендерді бұдан былай құл демеймін, құл иесінің не істеп жүргенін білмейді. Қайта, сендерді достарым деп атадым, өйткені Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім.
16 Сендер Мені таңдап алған жоқсыңдар, қайта, Мен сендерді таңдап алдым: өздерің барып, рухани жеміс берсін, сол жемістерің тұрақты болсын деп тағайындадым. Сонда Менің атымнан не сұрасаңдар, Әкем соның бәрін де береді.
17 Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді сүйіңдер!
18 Күнәкар дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын Мені жек көргенін біліңдер.
19 Егер де осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, керісінше, Мен сендерді күнәкар дүниенің ішінен таңдап, айырып алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді.
20 Мына айтқан сөзім естеріңде болсын: «қызметшінің жолы қожайынынан үлкен емес». Күнәкарлар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды. Олар Менің сөзімді ұстанды ма, жоқ, ендеше сендердің сөздеріңді де ұстанбайтын болады.
21 Осының бәрін Менің атымды мойындағандарың үшін сендерге істейді. Себебі олар Мені Жібергенді танымайды.
22 Мен дүниеге келіп, оларға сөйлемесем, онда олар айыпты болмас еді. Ал енді кінәларына еш сылтау жоқ.
23 Мені жек көргендер сол арқылы Әкемді де жек көреді.
24 Егер Мен басқа ешкім жасамаған кереметтерімді араларында жасамаған болсам, олар айыпты болмас еді. Бірақ олар кереметтерімді көргенмен, Өзімді де, Әкемді де жек көреді.
25 Алайда солар қадірлейміз дейтін Киелі жазбаларда мынадай сөздер жазылған: Олар Мені себепсіз жек көреді. Бұл сөз осылайша іске асады.
26 Мен сендерге Әкемнен бір Қамқоршыны жіберемін: сендерге шындықты білдіретін сол Киелі Рух Әкемнен келіп, Мен туралы куәлік береді.
27 Сендер де куәлік бересіңдер, себебі қызметімнің басынан бастап қасымда болып келесіңдер.
ендерге осының бәрін Маған деген сенімдеріңнен таймауларың үшін айттым.
2 Діндар яһудилер сендерді қауымдарынан шығарып жіберетін болады. Тіпті көздеріңді құртқан әркім Құдайға қызмет көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады.
3 Олар мұны не Әкені, не Мені танымағандықтан істейді.
4 Бұларды айтқандағы мақсатым — сендердің бастарыңа сондай күн туғанда Менің оны алдын ала айтып кеткенімді естеріңе алып, жігерленулерің. Мен сендерге қызметімнің басында бұларды айтқан жоқпын, себебі өздеріңмен бірге болдым ғой.
5 Енді Мен Өзімді Жібергенге қайтып кетемін. Ал бірде-біреуің Менен: «Қайда барасыз?» — деп сұрамайсыңдар.
6 Қайта, Менің айтқандарымнан көңілдерің жабырқап, мұңайып тұрсыңдар.
7 Сендерге шындығын айтайын: Менің кететінім сендер үшін жақсы! Себебі Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың (Құдай Рухы) келмейді; ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін.
8 Құдай Рухы келген соң, Ол осы дүниенің күнәсінің, Менің әділдігімнің және Құдайдың сотының қандай екендігіне адамдардың көздерін жеткізеді:
9 олардың күнәсі — Маған сенбейтіндіктері;
10 әділдігімнің дәлелі — Менің Әкеге баратыным және сендердің бұдан былай Мені көрмейтіндіктерің;
11 ал сот — осы күнәкар дүниенің әміршісінің (яғни әзәзіл шайтанның) сотталғандығы.
12 Сендерге айтарым әлі де көп, бірақ қазір оның бәрін тыңдауға төзімдерің жете қоймас.
13 Алайда шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді. Себебі Ол Өзінен шыққан сөзді емес, көктегі Әкемнен естігенін айтады және болашақта не болатынын сендерге хабарлайды.
14 Құдай Рухы Менің ұлылығымды көрсетеді, себебі Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек.
15 Әкемдегінің бәрі Менікі де. Сондықтан да «Ол Менен қабылдаған хабарларды сендерге жеткізбек» дедім.
16 — Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер, — деді Иса.
17 Сонда кейбір шәкірттері өзара сөйлесіп: — Ол бізге «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» дегенде не айтқысы келеді? Әрі «Мен Әкеме барамын» дегені нені білдіреді?
18 Және «біраз уақыт» деп нені меңзейді? Біз Оның не туралы айтып тұрғанын түсінбейміз, — десті.
19 Иса олардың осы туралы Өзінен сұрағылары келгенін біліп, былай деді: — «Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер» деп айтқаным туралы бір-біріңнен сұрасып жатырсыңдар ма?
20 Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сендер жылап, жоқтау айтатын боласыңдар, ал күнәкар дүние қуанатын болады. Сендер қайғырасыңдар, бірақ қайғыларың қуанышқа айналатын болады.
21 Әйел босанатын кезде қайғырады, себебі оның қиналатын уақыты жетті. Ал баласын туған соң, дүниеге адам келді деп қуанғанынан қиналғанын ұмытып кетеді.
22 Сендер де қазір солай қайғылысыңдар. Бірақ Мен сендерді қайта көремін, сонда қатты қуанасыңдар, қуаныштарыңды ешкім тартып ала алмайды.
23 Сол кезде Менен бір нәрсе сұрауларыңның қажеті болмайды. Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Әкеден Менің атымнан не сұрасаңдар, Ол соны береді.
24 Бұған дейін Менің атымнан еш нәрсе де сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар! Сонда шексіз қуанышқа кенелесіңдер.
25 Осыларды Мен сендерге астарлап айттым. Бұдан былай астарлап емес, Әкем туралы ашық айтатын кезім де келеді.
26 Сол уақытта Менің атымнан сұрайсыңдар; Менің сендер үшін Әкеден өтінуімнің қажеті болмайды,
27 өйткені Әкенің Өзі сендерді сүйеді. Себебі сендер Мені сүйіп, Құдайдан келгеніме сенесіңдер.
28 Мен Әкеден жерге келдім; кейін жерді тастап, Әкеге қайта ораламын. —
29 Сонда шәкірттері: — Қазір астарлап емес, ашық сөйлеп тұрсыз.
30 Енді бәрін білетініңізге көзіміз жетті, өйткені Сізге адамдардың ойларында қандай сұрағы бар екенін сұраудың керегі жоқ. Сондықтан Құдайдан келгеніңізге сенеміз, — деді.
31 Иса оларға былай деп жауап берді: — Енді сенесіңдер ме?
32 Сендердің жан-жаққа бытырап, әрқайсыңның өз үйлеріңе кететін уақыттарың келеді, ол тіпті жетіп те қалды. Сонда Мені жалғыз қалдырасыңдар. Бірақ Мен жалғыз емеспін, себебі көктегі Әкем Өзіммен бірге.
33 Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым. Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар: Мен осы дүниені жеңіп шықтым!