Кейде маған мынадай сұрақ қояды: егер Інжіл біреу ғана болса, онда неге оның төртеу деп аталатын Ізгі хабарлары бар? Оларды адамдар жазған ба? Егер әртүрлі адамдар жазса, онда ол кітаптардың авторы Құдай емес пе? Әлде олар бір-біріне қайшы келеді ме?
Киелі кітап бұл жөнінде былай дейді:
«Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылған. Олар тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді. Осылай Құдайға бағышталған адам әрбір игі іске толықтай дайын болады»
— 2 Тімоте 3:16–17
Яғни, Киелі кітаптың айтуынша, шынайы Автор – Құдайдың Өзі. Ол адам авторларды Рухымен жетелеп жаздырған. Бұл ұстанымды Құран да растайды – мұны сіздер «Құран Киелі кітап туралы не дейді?» атты мақалада көрген боларсыздар.
Ал енді неге бір Інжілге төрт Ізгі хабар жазылғанын қалай түсінеміз? Құранда бір оқиға бірнеше жерде қайталанып берілетінін жиі байқаймыз. Бұл тәсіл – бір-бірін толықтырып, сол оқиғаның толық мазмұнын жеткізу үшін қолданылған. Мысалы, Адам атаның жұмақтағы жағдайы жайлы 7:19–26 (Ағраф сүресі) және 20:121–123 (Та Һа сүресі) аяттарында айтылады. Ағраф сүресінде Адам жай ғана қателік жасайды, ал Та Һа сүресінде ол «азғырылды» делінеді. Екі сүрені біріктіре оқығанда ғана біз оқиғаның толық мағынасын түсінеміз. Бұл тәсіл Құранда әдейі қолданылған – үзінділер бірін-бірі толықтырып тұрады.
Дәл осы сияқты, Інжілге қатысты Матай, Марк, Лұқа және Жохан жазған төрт Ізгі хабар да – бір ғана Інжіл туралы толық суретті ұсыну үшін берілген. Әрқайсысында басқаларда кездеспейтін мәліметтер бар. Бірінде келтірілген оқиға немесе уағыз екіншісінде жоқ болуы мүмкін, бірақ олар бірге оқылғанда Иса Мәсіхтің (ғ.с.) өмірі мен ілімі толық әрі терең ашылады.
Сол себепті біз Інжілді әрқашан жекеше түрде атаймыз. Ол – біреу. Мысалы, Жаңа Келісімде (New Testament) «Інжіл» нақты бір дара хабар ретінде аталады:
«Бауырлар, мен сендерге мынаны білдірейін: мен уағыздаған Ізгі хабар адамнан шыққан емес! Мен оны ешкімнен алған да, үйренген де емеспін – оны маған тікелей Иса Мәсіхтің өзі аян арқылы білдірді»
— Ғалаттықтарға 1:11–12
Құран да Інжілді жекеше түрде қолданады (Қараңыз: «Құрандағы Інжіл сөзі қандай үлгіде қолданылған?»). Бірақ егер әңгіме куәлік немесе жазба авторлары туралы болса, онда біз төртеуін – Матай, Марк, Лұқа, Жоханды – айтамыз.
Тіпті Таурат заңында бір куәлік жеткіліксіз болған. Мұса пайғамбардың (ғ.с.) заңы бойынша бір істің ақиқаттығы кем дегенде екі не үш куәгер арқылы ғана расталатын:
«Кімде-кім қандай да бір қылмыс немесе күнә жасады деп айыпталса, бір куәнің сөзі жеткіліксіз. Шындық екі не үш куәгердің сөзімен ғана дәлелденуі керек»
— Заңды қайталау 19:15
Інжілдің төрт Ізгі хабар арқылы берілгені – осы заң талабынан да асып түседі. Олар бір Інжілді түрлі қырынан көрсетіп, толық әрі үйлесімді түсінік береді.екі куәлік болу керек. Ал ізгі хабар төрт куәлікпен расталып тұр, сондықтан ол Заң талабын екі есе артық орындап отыр.