Мутаффифин сүресінде Құдайға жақын болғандарға жұмақта тірі су сыйға тартылады делінген.
Оны, Аллаға жақын періштелер бақылайды. Негізінен ізгілер, әрине нығмет ішінде болады. Олар дивандардың үстінде (Алланың нығметтеріне) қарайды.
Мутаффифин 83:21-23
Олар, мөрленген ішімдіктен сусындатылады. Ол бастаудан Аллаға жақын болғандар ішеді .
Мутаффифин 83:25, 28
Инсан сүресінде де көкке көтерілгендердің бәріне сыйға тартылатын жұмақтағы бастау туралы сөз болады.
Әрине жақсылар, жаннатта “Кәфұр” қосылған кеседен ішеді. Ол, Алланың құлдары ішетін, қалаған жағына ағызатын бастау .
Инсан 76:5-6
Пейіште оларға “Зәнжәбил” араластырылған ішімдік кәсемен ішкізіледі. Ол пейіште “Сәлсәбил” деп аталатын бір бастау бар
Инсан 76:17-18
Ал біздің қазіргі шөлімізбен не істеуге болады? Өзінің өткендегі күнәлі және ұят қылықтарының арқасында Аллаға жақындай алмағандармен не болады? Осыған байланысты Иса Мәсіх (ғ.с.) бүкіл ауыл болып шеттетіп тастаған самариялық әйелмен кездескен оқиғасы біздің көзімізді ашады.
Иса Мәсіхтің (ғ.с.) жауыңа қалай қарау керектігі туралы тәлімі бар. Біздің айналамыздағы әлем – толассыз жаулық әлемі; біз дүниені тозаққа ұқсатып жібердік. Иса Мәсіхтің (ғ.с.) келесі астарлы әңгімесінде адамның өз жауына қалай қарағанына байланысты бейіш бағына кіре алатыны немесе кіре алмайтыны туралы білеміз!
Әрине тәлім беру бір басқа – өз ілімің бойынша әрекет ету басқа нәрсе. Көптеген имамдар мен дін мұғалімдердің үйреткені дұрыс болса да қылықтары дұрыс болмай жатады. Иса Мәсіх (ғ.с.) өмірінен бір оқиғаны қарастырайық. Бірде Иса Мәсіх (ғ.с.) самариялық әйелмен кездесіп қалады (ол заманда самариялықтар яһудилердің қас жауы болатын). Ол туралы Інжілде былай делінген:
Құдайға сиыну туралы самариялық әйелмен әңгіме
Иса Жақиядан гөрі көбірек шәкірттер тауып, шомылдыру рәсімінен өткізіп жатыр деген хабар парызшылдарға жетті. Шынында оны істеп жүрген Исаның Өзі емес, шәкірттері еді. Сондай хабардың парызшылдарға жеткенін білген Иеміз Иса Яһудея аймағынан Ғалилеяға қайта оралды. Құдайдың еркімен Иса Самария аймағы арқылы жол жүруге тиісті болды. Осылай Ол Самариядағы Сихар қаласына келді. Бұл қала (ежелде Исраил халқының түп атасы) Жақыптың өз ұлы Жүсіпке мұра етіп қалдырған жеріне жақын орналасқан. Сол жерде «Жақыптың құдығы» бар еді. Жол жүріп шаршаған Иса құдықтың қасына отыра кетті. Түс мезгілі болатын, ал шәкірттері қалаға тамақ алуға кеткен еді. Сол кезде құдықтан су алу үшін самариялық бір әйел келді. Иса одан: Маған ішетін су берші, — деп сұрады. Самариялық әйел таңғалды. Себебі яһудилер (діни сенім бойынша арамданбау үшін) самариялықтармен араласпайды. Сондықтан әйел: – Өзің яһуди бола тұра, қалайша менен, самариялық әйелден, су сұрайсың? — деген сауал қойды. Иса: — Егер Құдайдың өзіңе не сыйлағысы келгенін және су сұраған Адамның кім екенін білсең, сен Оның Өзінен су сұрар едің. Сонда Ол саған «өмір суын» берер еді, — деп жауап қатты. Мырза, құдықтан су алатын Сіздің ыдысыңыз жоқ, ал құдық терең ғой. Онда сол өмір суын қайдан аласыз? Мына құдықты қалдырған арғы атамыз Жақыптан да ұлысыз ба? Өзі де, балалары да, малы да одан су ішкен, — деді әйел. Иса оған былай деді: — Мына судан ішкен адам тағы шөлдейді. Ал кімде-кім Мен беретін «судан» ішсе, ол мәңгі бақи шөлдемейтін болады. Мен беретін «су» оның ішінде мәңгілік өмір сыйлайтын, бұрқылдап жатқан «қайнарға» айналады. — Сонда әйел: — Мырза, бұдан былай шөлдеп, су алуға мұнда келе бермеуім үшін маған осы судан беріңізші! — деп өтінді. Иса оған: – Барып, күйеуіңді шақыр, өзің де кел! — деді. — Менің күйеуім жоқ, — деді әйел. Ал Иса оған: — Күйеуім жоқ деп шыныңды айттың. Бес рет күйеуге шыққансың, ал қазіргің күйеуің емес. Мұны дұрыс айттың, — деп жауап берді. Сонда әйел: — Мырза, Сіздің пайғамбар екеніңізге көзім жетіп тұр! Ал енді, біздің ата-бабаларымыз Тәңір Иеге мына таудың басында сиынып мінажат еткен, ал сіздер сиынатын орын Иерусалимде болуға тиіс дейсіздер, қайсысы дұрыс? — деп сұрады. Иса оған былай деді: — Айтқаныма илан: көктегі Әкеге не осы таудың басында, не Иерусалимде сиынбайтын замандарың келе жатыр. Сендер өздерің білмейтін Біреуге табынып келесіңдер, ал біз Кімге ғибадат етіп жүргенімізді білеміз, өйткені Құдай яһудилер арқылы адамзатты құтқармақ. Нағыз сиынушылардың Құдайдың Рухына кенеліп, Әкеге шындап мойынсұнып сиынатын уақыты болады, ол тіпті жетіп те қалды: Әке Өзіне осылай мойынсұнып сиынушыларды қалайды. Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар Оның Рухына кенеліп, шындықпен сиынуға тиіс. — Сонда әйел: — Мәсіх деген Құтқарушы Патшамыздың келетінін білемін. Ол келгенде бізге бәрін ашық айтып береді, — деді. Иса: — Сенімен сөйлесіп тұрған Мен Соның Өзімін, — деп әйелге жауап берді.
Пісіп тұрған егін туралы астарлы сөз
Сол арада шәкірттері қайтып келіп, Исаның бір әйелмен сөйлесіп отырғанына таңғалды. Бірақ ешқайсысы «Одан нені сұрайсыз?» немесе «Онымен неге сөйлесесіз?» деп сұраған жоқ. Әйел су алатын ыдысын қоя салып, қалаға қайта оралды да, жұртқа: «Жүріңдер, менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берген Кісіні көріңдер! Ол Құдай жіберген Мәсіх емес пе екен?» — деді. Сонда жұрт қаладан шығып, Исаға қарай бет алды. Осы екі арада шәкірттері: — Ұстаз, тамақ ішіп алыңыз, — деп өтінді. Ал Иса: — Менің сендер білмейтін «тамағым» бар, — деді. Шәкірттері: — Оған біреу тамақ әкеп берген бе? — десті. Иса оларға астарлап былай деді: — Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған «нәр» болады. Сендер «төрт айдан кейін егін орамыз» дейсіңдер. Ал Мен сендерге былай деймін: көздеріңді ашып, егіндіктерге қараңдар, олар жинауға дайын пісіп тұр. Қазір-ақ орушылар жалақыларын алып, мәңгілік өмірге арналған өнімді жинап жатыр. Осылай егінді еккен де, жинаған да бірге қуанады. «Біреу еккенді біреу орады» деген мақал осы жағдайда рас болып тұр. Мен сендерді Маған адам әкелу үшін өздерің еңбек етпеген жерге жұмсадым. Басқалар жұмыс істеді, ал олардың еңбегінің жемісін сендер көріп жатырсыңдар. Сол қаладағы самариялықтардың көпшілігі әлгі әйелдің «Ол менің құпия іс-әрекеттерімнің бәрін дәл айтып берді» деп куәлік еткен сөзі арқылы Исаға сене бастаған еді. Сондықтан олар Исаның қасына келгенде, Оның өздерімен бірге қалуын өтінді. Содан Иса екі күн осы жерде болды. Оның сөзін естігенде, тағы көбірек кісілер Исаға сенді. Олар әйелге: — Біз енді тек сенің айтқаның бойынша сеніп қоймай, Оның сөзін өзіміз естіп, шынында дүниені Құтқарушы Осы екеніне көз жеткіздік, — деді.
Жохан 4:1-42
Сол кездері яһудилер мен самариялықтар арасында дұшпандық өршіп тұрған кезде Исаның (ғ.с.) өзімен сөйлескеніне самариялық әйел қатты таң қалды. Мәсіх әйелден ішетін су сұрады. Үзіндіде ол қатты шөлдеді делінген. Бірақ ол пайғамбар ретінде самариялық әйелді басқа шөл қысып жүргенін білді. Оны өмірінің мәнді және қуанышты болу шөлі қысып жүрген еді. Ол өзінің толмай жүрген жерін басқа еркектермен қатынасы арқылы толтыруға тырысты. Ол пайғамбармен сөйлесіп тұрған кезінде, бес рет күйеуге шыққан және қазіргі тұрып жатқаны да күйеуі емес болатын. Көпшіліктің көзінде ол бұзылған әйел еді. Сондықтан да тал түскі күннің қатты ыстығы кезінде, елдің бәрі үйінде болған кезде ешкімнің көзіне түспес үшін байғұс әйел суға келетін. Оның көп еркектері болғандықтан ауылдастары онымен араласқысы келмеді.
Адамдардың жүрек шөлдері қанбағандықтан әр түрлі күнәлі істерге баратынын Забур кітаптарынан оқығанбыз. Ол шөлдің қатты қысатыны сонша қандыруды талап етеді. Осы әлемде қазіргі кезде көптеген жандар осындай шыдатпайтын шөлмен өмір сүруде; сол шөл адамдарды күнәға итереді. Ол барлық қоғамдар мен діндер де орын алған.
Бірақ Иса Мәсіх (ғ.с.) ол әйелден бас тартпады. Ол қайтып шөлдетпейтін тірі судан ішіп шөлін қандыруды ұсынды. Бұл жерде бар адамдар қайта-қайта ішсе де шөлдей беретін табиғи су емес, адамның ішкі дүниесі мен жүрегін өзгертетін рухани су туралы айтты. Забур пайғамбарлары жаңа келісім келетін күндер туралы болжам айтты. Осы келісім Иса Мәсіх (ғ.с.) арқылы біздің жүрегімізді өзгерту үшін келді. Бойымыздан мәңгі қайнап шығып жататын тірі су дегеніміз осы.
Шындықты мойындайтын сенім
Сол әйел үшін тірі су сыйлығы өміріне толық өзгеріс әкелді. Иса Мәсіх ғ.с.) әйелге күйеуіңді де шақыр деу арқылы оның өз күнәсін мойындағанын қалады. Ал әйел оны тыңдады. Әдетте адамдар қандай жағдай болса да шындықтан қашқақтап тұратыны рас. Ешкім білмей қалар деген үмітпен өз күнәлі істерімізді жасырып жүреміз. Немесе оны ақтап алуға тырысамыз. Адам ата мен Хауа ана Едем бағында дәл солай істеді, қазір де бәріміз солай істеуге тырысып жүрміз. Ал егер мәңгілік өмірге кіргіміз келіп, Құдайдың рақымдылығынан үмітіміз болса, онда күнәларымызды ашық мойындағанымыз жөн, өйткені Інжілде бізге былай уәде етілген:
Егер де күнәларымызды мойындасақ, Құдай сенімді де әділетті болғандықтан оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздігімізден тазартады.
Жоханның 1 хаты 1:9
Сондықтан Иса Мәсіх (ғ.с.) «Самариялық әйелге былай деді: Нағыз сиынушылардың Құдайдың Рухына кенеліп, Әкеге шындап мойынсұнып сиынатын уақыты болады, ол тіпті жетіп те қалды: Әке Өзіне осылай мойынсұнып сиынушыларды қалайды».
Шындап мойынсұнып деген сөздің астында өзіңе шындықпен қара, күнәні жасыруға немесе ақтауға тырыспа дегенді көрсетеді. Қандай тамаша хабар – Құдай Өзіне шындықпен мойынсұнатындарды іздейді. Ол ондай адамдардан бетін бұрмайды.
Дегенмен де әйелге күнәсін мойындау қиын болды. Бізге ұят нәрсе келерде біз әңгімені жиі басқа жаққа, мысалы жеке мәселеден діни ағымға қарай бұрып жібереміз. Қазіргі әлем діни тартысқа толы. Сол ежелгі заманда да самариялықтар мен яһудилер арасында сиынатын жер туралы діни тартыс болған. Яһудилер Иерусалимде ғибадат еткен дұрыс десе, ал самариялықтар Ғаризим тауының басында сиынған дұрыс деп тапқан. Әйел өз күнәсынан назарды басқа жаққа бұру үшін діни тартыс туралы айтып жатыр. Шындықтан діни шымылдық артына тығылып қалу оңай.
Егер біз құдайшыл болсақ осы әдіс өте оңай әрі жеңіл. Діншілдерге басқаны соттау оңай – ол немесе жақсы немесе жаман дегендей. Олар солай істегенде өз күнәларын байқамай қалады.
Иса Мәсіх (ғ.с.) осы даулы әңгімеге бармады. Ол жауап беріп адам үшін маңыздысы, сиынатын орын емес, оның өзінің және Құдайдың алдындағы адалдығы екенін айтты. Ол әйел Құдай алдына кез келген жерде келе алады, тек шындықпен келсе болды. Артынан күнәсін шындықпен мойындаған кезде ол тірі суды сыйлыққа ала алды.
Сол әйел үшін шешуші сәт туды. Ол діни дауды ары қарай жалғастыруы немесе бұрылып кетіп қалуына да болушы еді. Бірақ ол өз күнәсін мойындауға шешім шығарды. Әйелдің жасаған тәубесі іс жүзіне ұласып – ол ауылына барып, пайғамбардың өзі туралы айтқанын және оның айтқандарын мойындағанын шындықпен жасырмай айтып берді. Ең басты нәрсе сол әйел енді ешкімнен жасырынбайтын болды. Ол сенушіге айналды. Исамен кездескенге дейін ол әйел біздің көбіміз секілді діншіл ғана болатын. Ал енді ол әйел сенуші болды да ауылдастарын да сенімге келуіне ұйтқы болды.
Сенуші болу үшін, әрине ол да маңызды болғанымен дұрыс ілімді тек ақылмен қабылдау жеткіліксіз. Бізге керегі тек бар жүрегімізбен Құдайдың уәдесіне, рақымдылығына сенуіміз керек, сондықтан күнәларымызды жасырудың қажеті жоқ. Көп жылдар бұрын Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) осылай істеп, алған уәдеге нық сену арқылы әділдікке ие болды.
Өз күнәңізді жасыруға тырысасыз ба? Өзіңізді ақтайсыз ба? Мүмкін оларды әдеттегі діншілдік артына жасырып немесе діни дауға айландыруға тырысасыз ба? Немесе өз күнәңізді мойындап тәубе етесіз бе? Ұят пен күнә тудыратын жаман істеріңізді Алла Тағаланың алдына әкеліп, оларды мойындап, неге тура қазір кешірім сұрамас қа? Осылай істеу арқылы сіз қуанышқа кенелесіз, Құдай дәл осылай шындықпен келетіндерді іздейді және барлық әділетсіздіктерден тазартады.
Иса Мәсіх (ғ.с.) пен самариялық әйел арасындағы әңгімеде, әйелге Исаны (ғ.с.) Мәсіх деп тану маңызды болғаны көрінеді. Иса (ғ.с.) сол ауылда екі күн болып тәлім бергенде ауыл тұрғындары алдарында шын мәнінде әлемнің құтқарушысы тұрғанына көздері жетті. Мүмкін осы нәрселердің нені білдіретінін біз әлі толық түсіне алмайтын шығармыз. Бірақ, Жақия пайғамбардың (ғ.с.) адамдардың жүректерін Құдайдың еркіне сай дайындауға келгені, біздің Оның шексіз мейірімділігіне үміт артып, күнәларымыз үшін тәубе ету шығар. Бұл біздің тура жолымыздағы үшінші қадамымыз.
«Құдайым мендей күнәкар жанға рақымдылық ете гөр».