Шура сүресінде былай делінген:
Міне Алла, иман келтіріп, түзу іс істеген құлдарын қуанышқа бөлейді. (Мұхаммед Ғ.С.): “Сендерден бұған жақындық махаббаттан басқа ешбір ақы тілемеймін” де. Кім бір жақсы табысқа ие болса, оның бұндағы жақсылығын арттыра түсеміз. Күдіксіз Алла, тым жарылқаушы, шүкірлікті бағалаушы .
Шура 42:23
Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің тілегін қабыл етіп, кеңшілігімен арттыра түседі. Ал қарсы болғандар үшін қатты азап бар.
Шура 42:26
Сондай-ақ, Қасас сүресінде былай айтады:
Ал енді кім тәубе етіп, иман келтіріп ізгі іс істесе, құтылушылардан болуы үміт етіледі.
Қасас 28:67
Ал егер біз «әділ істер» және «жақсылықтар» жасамасақ не болады? Мұса пайғамбар (ғ.с.) жазған заң бойынша, толық мойынсұну талап етіледі, ал кез келген заң бұзушылық «Шура» және «Қасас» сүрелеріне сәйкес, ауыр азапқа әкеледі. Иса Мәсіх (ғ.с.) ізгі хабары осы аяттарды бұлжытпай орындай алмай жүрген жандарға арналған. Жеткілікті түрде жақсылық жасай алып жүрсіз бе? Егер жоқ болса, онда Інжіл кітабынан Иса Мәсіх (ғ.с.) өмірінде еш жақсылық жасап көрмеген адаммен кездескен жерін оқып көр. Ол өз елінің опасыз сатқыны еді.
Елазарды өлімнен қайта тірілткен Иса Мәсіх (ғ.с.) осы әлемге келген міндетін түсіндіріп – өлімді жеңді. Енді өзінің негізгі ісін іске асыру үшін Иерусалимге өрледі. Ол жолда Иерихон (қазіргі Палестина жеріндегі Иордан өзенінің жағасында орналасқан) арқылы жүрді. Оның жасаған кереметтері мен уағыздарын естіген жұрт, оны күтіп алуға алдынан шықты. Олардың арасында елдің бәрі жек көретін Зақай есімді әділетсіз бір бай болды. Ол рим жасақшылары үшін халықтан салық жинайтын. Ол өз отандастарынан артық ақша жинап, айырмашылығын қалтасына салып жүрді. Яһудилер рим басқыншыларына қызмет көрсетіп, өз отандастары есебінен байып жүрген Зақайды өте қатты жек көрді. Олар үшін ол жесұрын адам еді.
Зақай тапал бойлы болғандықтан қаптаған халық арасынан Иса Мәсіх (ғ.с.) көрмей қалам ба деп қорықты. Сонымен бірге оны ешкім өткізе қоймайтынын да жақсы білді. Інжілде осы адамның Мәсіхпен кездескені туралы былай жазады:
Иса Иерихонға кіргеннен кейін қаланың ішімен өтіп бара жатты. Сол жерде Зақай есімді кісі бар еді. Ол салық жинаушылардың бастығы әрі бай адам болатын. Зақай Исаның қандай екенін көргісі-ақ келіп еді. Бірақ қаумалаған халық көрсетпеді, себебі ол аласа бойлы болатын. Зақай Исаны көру үшін алға жүгіріп барып, бір тұт ағашына шығып алды. Өйткені Иса сол жолмен өтуге тиіс еді. Сол жерге келгенде Иса ағашта отырған Зақайға қарап: — Зақай, тез төмен түс! Бүгін Мен сенің үйіңде болуым керек, — деді. Ол тез төмен түсіп, Исаны қуана қарсы алды. Мұны көріп тұрған жұрттың бәрі: «Мынау күнәкардың үйіне қонаққа барды!» — деп күңкілдесе бастады. Ал Зақай орнынан тұрып, Иемізге: — Мырза, мал-мүлкімнің жартысын кәріп-қасерлерге үлестіріп бермекпін. Егер біреуді алдап, ақысын жеген болсам, оны төрт есе артығымен қайтаратын боламын, — деді. Сонда Иса: — Бүгін осы үй іші құтқарылды! Бұл адам шын мәнінде Ыбырайым атаның ұрпағынан. Өйткені Мен тура жолдан адасып кеткендерді іздеп, құтқаруға келдім, — деп жауап берді .
Лұқа 19:1-10
Пайғамбардың істегені халыққа ұнамады. Ол қалай дәті барып, Зақайдың үйіне қонақ болды? Зақай өте жаман адам оны жұрттың бәрі біледі. Бірақ Зақай өзінің күнәкар екенін мойындады. Біздің көбіміз күнәларымызды жасыруға тырысамыз, немесе ол болмағандай кейіп танытамыз. Зақай олай істемеді. Ол өзінің дұрыс емес екенін мойындады. Ол өзі Исаға (ғ.с.) бір қадам жасап еді, ол сондай жылылық қабылдады, соған жұрттың бәрі таңғалды.
Иса Мәсіх (ғ.с.) Зақайдың күнәсіна өкінгенін қалады, ол сол істерінен бас тартып Мәсіхтен көмек алу үшін, өзіне бет бұрса екен деді. Зақай күнәларын мойындап еді, Мәсіх оны кешіріп «құтқарылды» деп жариялады.
Ал біз не айта аламыз? Зақайға қарағанда біз сондай ауыр күнә істемеген шығармыз. Енді «сондай жаман» болмағандықтан, Адам ата секілді Құдайдан «күнәмізді» жасырып, немесе ол сондай жаман емес қой деп жүре береміз бе? Көп жақсы істеріміз арқылы жаманды қылықтарымыз тұрған таразының басын баса алатынымзға сенеміз. Сол күні Иса Мәсіх (ғ.с.) артынан еріп келе жатқан көпшілік дәл солай ойлады. Сондықтан Иса Мәсіх (ғ.с.) солардың ешқайсысының үйіне қонақ болмады және оларды құтқарылды деп жарияламады. Сол құрметке тек Зақай ғана ие болды. Мүмкін бізге де күнәмізді жасыруға тырыспай, Құдайдың алдында ашық мойындағанымыз дұрыс шығар? Исаның (ғ.с.) рақымдылығы шексіз, біз қорқып жүрген күнәларымызды кешіріп құтқарылу сйылайды.
Сонда да қалай, Зақайдың бүкіл жаман істері ешқашан болмағандай, бір сәтте жоқ болып кетті? Ұлы сотқа дейін бар күнәсінің кешірілгеніне сол Зақайдың өзі сене ала ма? Жер бетіндегі Өз міндетін қалай орындайтынын көру үшін, Исаның (ғ.с.) артынан Иерусалимге бірге өрлейік.