Skip to content
Home » Иса Мәсіх (ғ.с.) бізге рақымдылық сыйлайды

Иса Мәсіх (ғ.с.) бізге рақымдылық сыйлайды

  • by

Шариғат заңын бір рет болсын бұзған кезіңіз болды ма? Әрине ешкім де әдейілеп күнә жасағысы келмейді, бірақ шындығымыз сол, көпшілігіміз күнәларымызды жасырамыз, өйткені оны басқалардың алдына шығарып, абыройдан айырылғымыз келмейді сондықтан өз масқарамызды жасыруға тырысамыз. Бірақ күнәміз ашылып қалса не болады? Біз неге үміт арта аламыз? 

Лұқман сүресінде былай жазылған: 

 Міне бұл, хикметті Кітаптың аяттары. Тура жол; мәрхамет, жақсылық істеушілер үшін.

Лұқман 31:2-3

          Бұл жерде «жақсылық жасаушы» рақымдылыққа үміткер делінген. Ал Хижр сүресінде мынадай маңызды сұрақ қойылады: 

(Ыбырайым Ғ.С.): “Раббының рахметінен адасушылардан басқа кім күдер үзеді?”, – деді.  

Хижр 15:56

Тура жолдан тайып кеткендер жайлы енді не дейміз? Иса Мәсіх (ғ.с.) тура жолдан адасып, тек Құдайдың ғана рақымдылығына үміт артқандарды іздеп келді. Мәсіх оны үлкен масқараға душар болған әйелдің оқиғасында бізге мысал ретінде көрсетті. 

Әңгіме Иса Мәсіх (ғ.с.) халыққа тәлім беріп тұрған жерінде оған келген жас әйел туралы болып тұр. Ол туралы Інжілде былай баяндалған: 

Неке адалдығын бұзған әйелдің оқиғасы

  Ертеңгісін Ол қалаға қайта оралып, ғибадатханаға барды. Сонда бүкіл жұрт Оның қасына жиналды. Иса отырған соң, оларға тәлім берді. Бірнеше дін мұғалімі мен парызшыл да осы жерге келді. Олар неке адалдығын бұзып жатқан жерінде ұсталған бір әйелді айдап әкеліп, ортаға тұрғызып қойды. Олар Исаға қарап: – Ұстаз, мына әйел неке адалдығын бұзған қылмысы үстінде ұсталды! Таурат заңында Мұса бізге мұндайларды тас лақтырып өлтіруді бұйырған. Сіз бұған не айтасыз? — деді. Сол діндарлар Исаны сынап, айыптайтын сылтау табу үшін осыны айтқан еді. Бірақ Ол еңкейіп, саусағымен жерге жазып, оларға көңіл бөлмеді. Әлгілер сұрай берген соң, Иса басын көтеріп: — Араларыңда кімде-кім күнәсіз болса, сол әйелге бірінші болып тас лақтырсын, — деп, тағы да еңкейіп, саусағымен жерге жазып отыра берді. Олар Оның сөзін естігеннен кейін ұялып, алдымен үлкендері, содан кейін басқалары бірінен соң бірі шығып кетті. Ал Иса ортада тұрған әйелмен оңаша қалды. Басын көтеріп, әйелден: — Әлгі айыптаушыларың қайда кетті? Саған ешкім үкім шығарған жоқ па? — деп сұрады. Ол: — Ешқайсысы да, Мырза, — деп жауап берді. Ал Иса: — Мен де саған үкім шығармаймын. Бара бер, бұдан былай күнә жасаушы болма! — деді.

Жохан 8:2-11


  Әйел неке адалдығын бұзып жатқан жерінде ұсталып, оны дін мұғалімдері Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы жазылған заң бойынша тас атып өлтіру үшін әкелді. Бірақ олар әйелге не істер екен деп алдымен Иса Мәсіхке (ғ.с.) әкелді. Ол заңға сәйкес әрекет етер ме екен деп? (Ал заңда неке адалдығын бұзған еркек те, әйел де жазалансын делінген, ал олар тек әйелді ғана әкеліп тұр). 

Құдайдың әділдігі және адамның күнәкар болмысы

Ал Иса Мәсіх (ғ.с.) өз әрекетімен заңдағы бір әріпті де бұзбады. Өйткені заң – ең жоғарғы әділдікті көрсететін, Алла Тағаланың стандарты. Бірақ ол кім күнәсіз болса сол бірінші болып тас атсын деді. Дін мұғалімдері ойланып қалды, өйткені оларға Забур шындығы ашылған еді. 

   Жаратқан Ие көктен көз салады адамзатқа: «Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға?» Деп байқайды Ол. Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға, Әбден бұзылды бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да .

Забур 13:2-3

Сонымен, тек кәпір аталып құдайсыз сенбеушілер ғана емес, сонымен бірге, Аллаға сенушілер мен  пайғамбарлар да күнәлі болғанын көреміз. Осы аятқа сәйкес Құдай жер бетіндегі адамзатқа қарағанда, бірде-бір әділ адам таба алмады.  

Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы жазылған заң, толық әділдікке сәйкес Құдайдың адамзатпен жасаған келісімі. Осы заңды бұлжытпай орындаған жан ғана әділ деп саналады. Бұл абсолютті стандарт, одан бір қадам қиыс басуға болмайды. 

Алланың рақымдылығы

Құдайдың көз алдында күллі адамзат әділетсіз болып шыққандықтан, енді жаңа келісім қажет болды. Ол жаңа келісім адамның еңбегіне негізделмейді, өйткені адам баласы келісімді өз күшімен орындай алмайды. Ол Құдайдың рақымдылығына негізделуі керек болды. Сөйтіп, Құдайдың рақымдылығы, біздің заңды орындауға жетпей жатқан жақтарымызды толтыруы тиіс болды. Дәл осы Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы жазылған заңда алдын ала айтылғандай – құтқарылу мейрамында құрбандыққа шалынған тоқтының қаны есік жақтауына жағылған отбасы өлімнен аман қалды. Сондай-ақ, Һарон пайғамбар (ғ.с.) арқылы құрбандыққа шалынған бұқаның (Құранда Бақара сүресі аталған) қаны арқылы халық ақталған. Одан бұрын – Адам ата нышан-белгісінде ұятты жерін жабу үшін мал терілері пайдаланған, Әбілдің құрбандыққа шалынған тоқтысы және Нұх пайғамбар (ғ.с.) шалған құрбандықтар да бар. Сонымен бірге Забур кітабында Құдай берген уәде:

«осы елдің күнәсін бір-ақ күнде алып тастаймын»

Зәкәрия 3:9

– деген сөзі арқылы да сол рақымдылық көрсетіліп отыр.  

Осыны басқа үміт артатын ештеңесі жоқ адамдарға Иса Мәсіх (ғ.с.) жариялады. Сол әйелді ешкім айыптай алмағандары қызық болды. Иса Мәсіх (ғ.с.) өзінің Таудағы уағызында: «Мейірімділер бақытты: Құдайдың

мейірімі соларға түседі!»

Матай 5:7

– деп үйретті.

Және былай деді:

Құдай өздеріңе үкім шығармас үшін сендер басқаларға үкім айтпаңдар! Себебі басқаларға қандай үкім айтсаңдар, өздеріңе де сондай үкім шығарылады. Сендер өзгелерге қолданған өлшем өздерің үшін де қолданылмақ .

Матай 7:1-2

Мейірімді бол сонда саған да мейірімділік көрсетіледі

Қиямет қайымдағы ұлы сотта бәрімізге Алланың рақымдылығы қажет. Иса Мәсіх (ғ.с.) Құдайдың заңын бұзып, рақымдылыққа лайықсыз боп қалған әркімге мейірімділік көрсетуге дайын. Оның бізге қояр жалғыз талабы – біздің де басқаларға да мейірімді болуымыз. Оның тәлімінде біз қай деңгейде мейірімді болсақ, бізге де дәл сол өлшем қолданады. Біздің айналамызда болып жатқан жанжалдар тамырында, біздің басқаларды күнәлары үшін айыптап сөгетініміз себепкер болып тұр. Өз жаулары мен ренжіткендерге мейірім көрсете алғандар нағыз ақылды жандар. Біз де Иса Мәсіхке (ғ.с.) ұқсап, рақымдылыққа лайықсыз жандарды кешіре алатындай болуымыз үшін Құдайдан көмек сұрайық. Сонда қиын жағдайда лайықсыз болсақ та, Алланың рақымдылығына ие болуға үміттене аламыз. Сонымен бірге Құдай ашқан Інжілдің ізгі хабарын біз жақсырақ түсінеміз. 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *