Skip to content
Home » «Құдайдың ұлы» деген сөзді қалай түсінеміз?

«Құдайдың ұлы» деген сөзді қалай түсінеміз?

  • by

Інжілдің басынан аяғына дейін Иса Мәсіхті (ғ.с.) қайта-қайта Құдайдың Ұлы деп атағанын көруге болады. Дәл осы сөзге байланысты көп адамдар Інжіл бізге жеткенге дейін өзгеріске түсті деп пайымдайды. Інжілдің мәтіні өзгерді ме деген сұрақ Құран негізінде осы жерде мұқият қарастырылған. Сонымен бірге біз Сунаның куәліктерін (осы жерден қара) және мәтінді сыни талдау деректерін (осы жерден қара) келтіре аламыз. Бұл сенімді дәлелдер, Інжіл әуел баста қалай жазылса, бізге дейін еш өзгеріске түспей жетті дегенді көрсетеді. Дегенмен де «Құдайдың ұлы» деген сөзбен қалай болмақ? 

Ол Ықылас сүресіндегі Құдайдың бір екеніне қарсы шыға ма? 

(Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: Ол Алла, біреу ақ. Алла мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж) Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес (Ықылас 112).

Мұса пайғамбардың (ғ.с.) Таураттағы Құдайдың жалғыз екенін айтқан мына сөздері 112-ші сүрені растап тұр: 

 Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Құдай!

Заңды қайталау 6:4

«Құдайдың ұлы» деген сөзді қалай түсінеміз?  

Егер осы сөзді естіп, оның мағынасын талқыламаса, онда теріс нәтижеге тірелуіміз мүмкін. Батыста БАҚ арқылы күнде айтылатын «жихад» сөзін естігенде оларды қорқыныш билейді. Осы сөзді естігенде адамдардың көз алдына «кінәсіз адамдарды қалай болса солай өлтіріп жатқан дінге берілгендер» елестейді. Егер сол сөзді алып, талдайтын сөздіктің көмегімен қарастырғанда, оның «күрес» немесе «тырысу» екен түсінесің. Бірақ әр түрлі күштерге, соның ішінде күнә мен азғыруға қарсы күресуге болады. Осыны көп адамдар біле ме? 

Сол сияқты «Құдайдың ұлы» деген сөзді де бір жақты қарауға болмайды. Біз осы мақалада осы сөзді шыққан жерінен бастап, жан-жақты қарастырамыз және неге ол туралы қате пікір айтатынына тоқталамыз. Мақаланың соңына дейін осы сөз тек Інжілге және фактілерге ғана сүйенеді деп үміттенеміз.    

«Құдай ұлы» деген сөз қайдан шықты?

«Құдай Ұлы» – бұл лауазым, ол алғаш рет мүлде Інжілде аталмады. Ол Ізгі хабар авторларымен қолданылған жоқ. Оны ешкім ойдан шығармады. Оның шығуы мәсіхшілікке қатысы жоқ. Себебі ол Мәсіх келмей тұрып, яғни Оның шәкірттері мен мәсіхшілерге дейін жүздеген жылдар бұрын Забур кітабында айтылды. Біз б.з.д. 1000 жыл бұрын жазылған Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) жырларынан көреміз. Осы үзіндіні оқиық:  

 Неге халықтар жатыр бас көтеріп, Ұлттар іске аспайтын жоспарлар құрып? Жаратқан мен Оның қойған патшасына Әлемнің патшалары қарсы тұрып, Әкімдер кеңесіп жатыр бірігіп: «Бізге салған шынжырларын сындырып, Бұғауларынан құтылайық лақтырып!» Көктегі тағында отырған Құдай күледі, Солардың ойларын Жаратқан келекелейді, Содан ашулана зекіп, тіл қатады, Қаһар шашып, зәрелерін ұшырады: «Киелі тауым Сионда Мен Өзім Осы патшамды тағайындаған едім!» Паш етейін Жаратқанның жарлығын: «Рухани ұлымсың, — деді Ол маған. — (Өзіңді патшалыққа тағайындап) Мен бүгінгі күні Әке болдым саған. Менен сұра, сонда иелігіңе сенің Халықтарды мәңгілікке беремін, Шартарапты қол астыңа өткіземін. Сен жауларды темір таяқпен ұрасың. Лақтырып сындырғандай қыш ыдыстарын, Талқандап құртасың өз қиқарлықтарын». Енді, патшалар, ақылға келіңдер, Әлемнің билері, шындықты түсініңдер! Жаратқан Иені терең қастерлеңдер, Қуана бой ұрып қызмет етіңдер! Һәм дірілдеп күнәдан шошыныңдар, Ұлының аяғын сүйіп бағыныңдар! Әйтпесе Ол кәрленіп, көздеріңді құртпақ, Ашуы лезде жалындай лауламақ. Ал Оған сенгендер бақытты болмақ .

Забур 2

Біз осы жерден Тәңір және Оның майланғаны арасындағы әңгімені оқимыз. 7-ші аятта Жаратқан Ие Майланғанға: «Сен Менің ұлымсың, Әке болдым Мен саған» дейді. Дәл сол сияқты 12-ші аятта да: «Ұлының аяғын сүйіп бағыныңдар!» – деп бұйырады. Осы жерде Құдай Өз аузымен «Менің Ұлым» – дейді, «Құдай Ұлы» – деген сөз осыдан бастап тарады. «Ұл» – деген лауазым кімге тағайындалмақ. Майланғанға. Басқа сөзбен айтқанда «Ұл» лауазымы Забур жырларының барлық шумақтарында «Майланған» – деген сөздің синонимі болып тұр. Онда Майланған – Мәсіх – Христос.  Осы Забур жырында бірінші рет «Мәсіх» лауазымы аталды. Басқадай айтқанда Иса Мәсіх (ғ.с.) келгенге дейін 1000 жыл бұрын, Забур жырында «Құдай Ұлы» және «Мәсіх» – деген сөз пайда болған. 

Осының бәрі айқышқа шегелер алдындағы сотта Иса Мәсіхке (ғ.с.) қандай айып таққанын түсіну үшін көмегі болады. Яһудилік көсемдер өз тергеуін қалай жүргізгенін көрсетеді. 

Исаның лауазымы: «Құдай Ұлы» есімнің  қисынды баламалары

  Таң атқанда рубасылар, басты діни қызметкерлер және дін мұғалімдері Жоғарғы кеңеске жиналды. Исаны кеңестің алдына әкелдіріп, Оған: — Сен Мәсіхсің бе? Бізге айтып бер! — деген сауал қойды. Иса оларға: — Мен айтсам да, бәрібір сенбейсіздер, сіздерге сұрақ қойсам да, бәрібір жауап бермейсіздер. Ал қазірден бастап Мен Билеуші ретінде Құдіретті Құдайдың оң жағында отыратын боламын! — деп жауап қайтарды. Олардың бәрі: — Сонда Сен Құдайдың рухани Ұлысың ба?  — деген сұрақ қойды. Иса: –  Менің Сол екенімді өздеріңіз айтып тұрсыздар, — деп жауап берді. Олар: — Бізге тағы қандай куәлік қажет? Мұны Оның өз аузынан естідік қой, — десті

Лұқа 22:66-71

 Дін басылардың бірінші сұрағы Иса өзін Мәсіх деп атай ма? (67 аят) Егер мен бір адамнан «М сен бе?» – деп сұрасам, онда мен сол М кім екенін білемін деген сөз. Мен жәй сол адам мен М арасында байланыс бар ма білу үшін осы сұрақты қойдым. Дәл сол сияқты яһуди басшылары Исадан: «Сен Мәсіхсің бе?» – деп сұрағанда, олар Мәсіхтің кім екенін нақты білді дегенді көрсетеді. Бұл жердегі сұрақ та Иса мен Мәсіх арасында қандай байланыс барын білу үшін қойылып тұр. Олар артынан: «Сен Құдайдың Ұлысың ба?» – деп сұрағанда, «Мәсіх» және «Құдай Ұлы» лауазымдары арасына теңдік белгісін қойып тұр. Олар үшін бұл атаулар орын ауыстырып қолдана беретін нәрселер екені анық. Осы екі лауазым атауы – бір медальдің екі жағы тәріздес.

(Әңгіменің ортасында Иса Өзін «Адам баласымын» деп атайды. Бұл Даниял пайғамбар (ғ.с.) кітабында айтылған тағы бір лауазым атауы. Біз әзірге оған тоқталмаймыз, өйткені қазір «Құдай Ұлы» лауазым атауын талқылап жатырмыз). Яһудилік көсемдер «Мәсіх» атауы мен «Құдай Ұлы» лауазымы бірдей екенін қайдан білді? Иса келгенге дейін 1000 жыл бұрын Құдайдың Рухымен жазылған екінші Забур жырынан біледі. Осы бір қисынды ой-жүйесі нәтижесінде, егер Иса Мәсіх болмаса, онда ол Құдай Ұлы да бола алмайды. Біз жоғарыда келтіргеніміздей, яһуди басшылары дәл осы әдісті қолданды. 

Сонымен бірге мына қорытынды шығады, Иса (ғ.с.) бір мезетте Мәсіх және Құдай Ұлы лауазымына ие. Бұны Исаның (ғ.с.) жақын шәкірттерінің бірі Петірдің сөзінен байқауға болады. Інжіл Шарифті оқиық: 

 Бірде Иса Філіп-Кесариясы қаласының маңына барып, жеткеннен кейін, шәкірттеріне: — Жұрт көктен келген Билеушіні кім деп жүр? — деген сұрақ қойды. Олар: – Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар, тағы басқалары Еремия немесе ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр, — деді. Сонда Иса: — Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады. Шимон Петір: — Сіз Мәсіхсіз, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлысыз!  — деп жауап берді. Иса оған: — Сен бақыттысың,  Жүніс ұлы Шимон: саған мұны адам баласы емес, көктегі Әкем білдірді!.

Матай 16:13-17


Петір өз жауабында «Мәсіх» және «Құдайдың Ұлы» лауазым атауларын қатар қолданды, өйткені олардың екеуі де  Забур жырларында айтылған. Және Иса (ғ.с.) осы жауапты Петірге Құдай ашып бергенін растады. Яғни Иса (ғ.с.) Мәсіх болса, онда ол бір мезетте Құдайдың Ұлы.  

Шынында да Иса (ғ.с.) Мәсіх бола тұра Құдайдың ұлы болмаса, мүлде дұрыс болмай қалады, өйткені осы екі лауазым атауы бір нәрсені көрсетеді.  Ол дегеніміз бір домалақ затты дөңгелек емес деп атағанмен бірдей. Зат төртбұрыш болуы мүмкін, бірақ онда ол не дөңгелек, не домалақ емес. Ал егер ол домалақ болса, онда ол дөңгелек күйінде қалады. «Домалақ» – дөңгелектің бөлінбес бөлігі. Домалақ затты дөңгелек емес деп түсіндіру, «домалақ» пен «дөңгелектің» мағынасын түсінбеуден шығады. «Мәсіх» пен «Құдай Ұлы» лауазым атаулары да сол сияқты. Иса (ғ.с.) – Мәсіх – Құдай Ұлы (Петірдің анықтамасы бойынша), немесе олардың еш қайсысы емес (яһуди басшыларына сәйкес). Ол басқа емес осының бірі ғана бола алады. 

«Құдай Ұлы» сөзі нені білдіреді?

Осы лауазым атауы нені білдіреді? Жаңа келісімде лайықты түсіндірмелер бар, ол Жүсіп атты шәкірті туралы әңгіме барысында көрінеді. Ол алғашқы шәкірттердің бірі (оны перғауын заманындағы Жүсіппен шатастыруға болмайды). Осы жерде «ұл…» сөзі қалай қолданып тұр. Мәтінде былай делінген: 

 Мысалы, Леуі руынан шыққан кипрлік Жүсіп есімді адам болды. Елшілер оған Барнаба — аударғанда Жігерлендіруші деген қосымша ат берген еді. Барнаба өзінің меншікті егістік жерін сатып, түскен ақшаны алып келіп, елшілердің алдына қойды .

Ел. істері 4:36-37

           Өздеріңіз көріп отырғандай Барнаба «Жігерлендірушінің ұлы» деп аталды.  «Жігерлендіруші» оның табиғи әкесі деп атауға бола ма? Әрине жоқ. Жігерлендіруші – дерексіз ұғым; оның анықтамасын табу қиын, бірақ оны бір адамға байланыстырып айтсаң бірден түсінікті болады. Жүсіп атты адамның өмірі мен мінезіне қарап, адамдар одан жігер беретін дарынды байқады және оның не екенін түсінді. Міне сондықтан да – Жүсіп Жігерлендіруші ұлы атанды. Ол сөйтіп жігер беру қабылетін өз өмірі етті.   

 «Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес» .

Жохан 1:18


Міне сондықтан бізге Құдайдың мінезі мен табиғатын түсіну қиын. Ол үшін бір адамның бейнесі арқылы Құдайды көруіміз керек – өйткені Құдай -Рухты көру мүмкін емес. Інжілде Иса Мәсіх (ғ.с.) өмірі мен жеке тұлғасы «Құдай сөзі» және «Құдай Ұлы» лауазым атауы арқылы көрсетілген.  

  Сөз адамға айналып, арамызда өмір сүрді. Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік: Ол рақымдылық пен шындыққа толы еді Құдай ата-бабаларымызға Таурат заңын Мұса пайғамбар арқылы берді, ал рақым мен шындық бізге Иса Мәсіх арқылы жетті. Оның шексіз рақымынан бәріміз молынан жарылқанып келеміз Құдайды ешкім ешқашан көзімен көрген емес. Әкесімен тығыз байланыстағы жалғыз рухани Ұлы бізге Оны жақыннан танытты.

Жохан 1:14,16-18


  Құдайдың рақымдылығы мен ақиқатын қалай тани аламыз? Біз оның екеуін де нақты бір адам – Иса Мәсіх (ғ.с.) арқылы көре аламыз. Иса (ғ.с.) қарап шәкірттері ақиқат пен Рақымдылықтың не екенін түсінді. Заң мен оның өсиеттері сондай нақты көрнекі құрал бола алмады. 

Ұл… Құдайдың Өзінен келді

Иса (ғ.с.) «Құдайдың Ұлы» деген сөзге тағы бір мысал қарастырайық. Лұқа жазған ізгі хабарда Исаның (әкесі жағынан) Адам атаға дейінгі шежіресі келтірілген.  Шежіренің соңында былай жазылған: 

 
 …Қайнан Еностан, Енос Сеттен, Сет Адам атадан тарады, ал Адам атаны Құдай жаратқан .

Лұқа 3:38

 Байқап отырғанымыздай Адам атаны «Құдайдың баласы» – деп келтірген. Неге?   Өйткені Адам Атаның жердегі әкесі болмады; оны Құдай жаратты. Сол сияқты Исаның да (ғ.с.) жердегі әкесі болмады; ол дүниеге пәк қыз арқылы келді. Жоғарыда келтірген Жохан жазған ізгі хабарда айтқанындай «Сонда біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік». 

Ұл (біреудің); Құранның мысалы

Құранда «Ұл (біреудің)» сөз тіркесі Інжілдегі сияқты қолданылған. Құрандағы келесі аятты қарастырайық: 

Олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де.

Бақара 2:215

 Осы жердегі «жолда қалғандар» сөз тіркесі араб тілінде (‘ibni sabil’,  ابن السبيل) сөзбе-сөз мағынасы бойынша «жолдың ұлдары» дегенді білдіреді. Ол неге солай аударылған? Өйткені аудармашылар бұл жерде сөзбе-сөз ұл туралы емес, жолмен тығыз байланысы бар адамдар туралы екенін түсінген. Бұл тек бейнелі тұлға туралы. 

«Құдайдың Ұлы» лауазымды қате уағыздау

Киелі кітаптағы «Құдайдың балалары» деген сөз тіркесін дәл осылай қолданады. Тауратта, Забурда және Інжілде Құдай әйелмен жыныстық қатынасқа түсіп ұл тудырды деп ешқашан айтпаған. Бұндай көзқарас көне грек политеизмдік ілімге жатады, онда құдайлар әйелдерге үйленген. Киелі кітапта осыған ұқсас еш нәрсе жоқ. Ол және мүмкін де емес, өйткені Иса (ғ.с.) пәк қыздан туды делінген, яғни еш ер адамның қатысы болмаған. 

Қорытынды

Осы жерде айтылғандай, б.з.д. 750 жыл бұрын, Ишая пайғамбар (ғ.с.) болашақта Құдайдан нышан-белгі келеді деп болжам айтқан:  

 Ендеше Тәңір Иенің Өзі сендерге осыны істейтіндігін дәлелдейтін кереметті жасайды: Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, ұл туады. Оған Имануил (яғни «Құдай бізбен бірге») деген ат қояды .

Ишая 7:14


  Егер таза қыздан ұл туылса, онда оған жердегі әкенің қатысы болмайды. Осы мақалада Жәбірейіл періште Мәриям қызға келіп ұл туатынын хабарлады: «Киелі Рух саған көленкесін түсіреді» дейді. Бұл Құдай мен Мәриям арасында жыныстық қатынас болды деген емес, мүлде олай емес, болмаса ол Құдайды қорлау болады. Ол ұл «киеліден жаралған» деп аталады. Ол жер бетінде адамның қатысы болмай, Құдайдың ғана құдіретімен келген жалғыз тұлға.  Сөз адамның аузынан шығатыны сияқты, Ол да Құдайдан келген. Сондықтан Мәсіх, бір мезетте Құдайдың Ұлы және Құдайдың Сөзі бола алады. 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *