Skip to content
Home » Жақия пайғамбар (ғ.с.) жол дайындайды

Жақия пайғамбар (ғ.с.) жол дайындайды

  • by

Әнам сүресі бізді тәубе етуге шақырады. Онда былай делінген: 

Қашан саған аяттарымызға сенгендер келсе: «Сәламүн Ғалейкүм (Сендерге есендік болсын)» де. Раббыларың мәрхамет етуді өз үстіне алған. Шәксіз Алла, сендерден біреу, білмей бір жамандық істеп, сонан кейін тәубе қылып, өзін түзелтсе, сөз жоқ. Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді.  

Әнам 6:54

          Тәуде ету деген не? Ол сұраққа бірнеше аяттар арналған. 

Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң Оған тәубе етіңдер. Ол сендерді белгілі бір мерзімге дейін көркем түрде пайдаландырады да, әрбір мәрхамет иесіне артық сыйлық береді. Егер жалтайсаңдар, расында сендер туралы ұлы күннің азабынан қорқамын.  

Һуд 11:3

  “Әй халқым! Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонсоң Оған тәубе қылыңдар. Сендерге көктен жаңбыр жаудырып, қуаттарыңның үстіне қуат қоссын. Сондай-ақ күнәкар болып, жалтармаңдар” деді 

Һуд 11:52

 Сәмүд еліне туыстары Салих (Ғ.С.) ты жібердік: “Әй елім! Аллаға құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа ешбір тәңірлерің жоқ. Ол, сендерді жерден таратып әрі онда өмір сүргізді. Енді Одан жарылқау тілеңдер. Және Оған тәубе қылыңдар. Күдіксіз Раббым жақын тілеуді қабылдаушы” деді. 

Һуд 11:61

    “Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонсоң Оған тәубе қылыңдар. Шынында менің Раббым ерекше мейірімді, өте сүйгіш…” .  

Һуд 11:90

Тәубе ету – Құдайдың алдында күнәкар екеніңді мойындау. Жақия пайғамбар (ғ.с.) тәубе туралы көп айтты. Інжілден осыны көрсететін бірнеше аяттар оқиық. 

Забурдың «Тәңірге жол дайындайтын» біреудің келетінін алдын ала болжаған, Малахия пайғамбармен (ғ.с.) аяқталғанын білеміз (Малахия 3:1). Інжіл Шариф кітабы Жәбірейіл періште екі пайғамбар Жақия (ғ.с.) және (қыздан туатын) Иса (ғ.с.) келетінін хабарлауымен басталатынын айтқанбыз. 

Жақия пайғамбар (ғ.с.) Ілияс пайғамбар (ғ.с.) рухымен және құдіретімен келген

Інжілде Жақия (ғ.с.) туғаннан кейін ол туралы былай делінген: 

 Ал Жақия ержүрек, зейінді бала болып есейе берді. Исраил халқының алдына шыққанша, ол айдалада тұрды .

Лұқа 1:80

          Ол айдалада өмір сүрді. Інжілде былай делінген: 

          Жақия түйе жүнінен шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүретін. Жейтін азығы шегіртке және жабайы араның балы болды (Матай 3:4).
          Жақия пайғамбар (ғ.с.) рухы күшті болды – жұпыны киімдеріне ұялмады және кезіккен тамақпен қоректенді. Оның рухының күштілігі – соның жалғыз себебі емес еді. Ол пайғамбарлық нышан-белгісі болды. Забурдың соңына таман, уәде етілген хабаршы «Ілияс пайғамбар (ғ.с.) рухымен және құдіретімен» келетіні айтылған. Ілияс та Забур пайғамбары, ол да айдалада өмір сүрді, ол да даланың тағамымен қоректенді және жұпыны киінетін: 

Олар: — Ол үстіне жүн шапан киіп, қайыс белбеумен белін буып жүреді, — деді. Сонда Охозиях: — Бұл — тішбелік Ілияс! — деп, .

4-ші Патшалық 1:8


  Басқадай айтқанда, Жақия пайғмбар (ғ.с.) айдалада өмір сүріп, түйе жүнінен тоқылған киім киді, дәл соған Ілияс пайғамбардың (ғ.с) рухы мен күші беріліп, хабаршы ретінде ерекше тапсырма жүктелді. Оның киімі, азығы және өмір салты ертеде белгілі болған, Құдайдың еркін орындауға тағайындалған жан екеннің белгісі болды. 

Інжіл – тарихи шежіре

Інжілде былай делінген: 

  Рим патшасы Тіберидің билік құруының он бесінші жылы Яһудея аймағын Понти Пилат билеп, Ирод (Антипас) — Ғалилея аймағының әкімі, оның бауыры Філіп — Итурея мен Трахонит аймақтарының әкімі, Лүсани — Абілине аймағының әкімі, ал Ханна мен Қаяфа — басты діни қызметкерлер болып тұрды. Сол кезде Құдай айдалада Зәкәрия ұлы Жақияға сөзін арнап (оны пайғамбарлық міндетіне кірістірді).

Лұқа 3:1-2


          Осы тұжырымнан кейін Жақия (ғ.с.) өзінің пайғамбарлық қызметіне кірісті. Байқағаныңыздай оның пайғамбарлық қызметке кірісуі көптеген тарихи көсемдердің билік басында болған кезімен дәл келіп тұр. Осы жерде қанша билік иелері аталып тұрғанына назар аударыңыз. Осының бәрі Інжілдік жазбалардың тарихи ақиқаттығын растайды. Яһуди және зайырлы дерек көздерден біз Тиберий Цезарь, Понтий Пилат, Ирод, Філіп, Лисани, Анна және Каиафа секілді тарихи адамдар болғанын білеміз. Тіпті олардың лауазымдары да нақты тарихи деректермен дәлелденген, мысалы (Понти Пилат – әмірші, Ирод яһуди патшасы, т.с.с.) Бұл дегеніміз таза тарих жағынан келсек те біз шынайы үзінділермен айналысып жатқанымыздың дәлелі.

Тиберий Цезарь Рим патша тағына б.з. 14 жылы келгені белгілі. Егер ол кез оның билік басына келгеніне 15 жыл болса, онда Жақия пайғамбарға (ғ.с.) Құдайдың аяндары б.з. 29 жылы келе бастады дегенді көрсетеді. 

Жақия пайғамбар (ғ.с.) уағызы: тәубе етіп, күнәларыңды мойындаңдар

Бұл не туралы уағыз? Жақия пайғамбар (ғ.с.) уағызы, өзінің өмірі секілді қарапайым. Оның сөздері бір мәнді әрі сенімді. Інжілде былай делінген: 

   Сол заманда шомылдыру рәсімін орындаушы Жақия пайғамбар келіп, Яһудея аймағындағы айдалада былай деп уағыз айта бастады: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Құдай Патшалығының  жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!» .

Матай 3:1-2


   Осы уағыздың мағынасы бір фактіге назар аударатын сияқты – Құдай Патшалығы жақындады. Біз бұрында Забур пайғамбарлары Жақия (ғ.с.) келгенге дейін Құдай патшалығы келетінін болжағандарын айтқанбыз. Енді Жақия пайғамбар (ғ.с.) – Құдай патшалығы есік алдына таяп қалғанын нақты жариялады. 

Алайда, адамдар теріс жолдарынан қайтпаса, оның келуіне дайын болмай қалады. Одан да қиыны егер адамдар тәубе етпесе, оған мүлде кіре алмайды. Тәубе ету дегеніміз – теріс жолдан қайту, бұрыңғыдай емес басқаша ойлап үйрену, өз істеріңе жаңа көзбен қарау. Олар нақты қандай істерін қайтадан қарауы керек? Оны түсіну үшін біз Жақия пайғамбар (ғ.с.) уағызында екі нәрсеге назар аударуымыз қажет, сонда тәубе ету не екенін түсінеміз. Інжілде халық Жақияның (ғ.с.) уағызын қалай қабылдағаны жазылған: 

Олар күнәларын мойындаған соң, Жақия оларды Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді .

Матай 3:6

Естеріңізде болса Адам ата нышан-белгісі мақалада Адам ата мен Хауа ана тыйым салынған жемісті жеген соң: 

 Олар Оның көзінен тасаланып, бақтағы ағаштардың арасына жасырынып қалды .

Жаратылыстың басталуы 3:8

Дәл сол сәттен бастап, адамзат табиғаты ештеңе бүлдірмеген түр танытып, өз күнәларын жасырып жүруге бейім болды. Өз күнәсін шындықпен мойындап, тәубе ету өте қиын дүние.  Қыздан туған ұл мақалада біз Дәуіт (ғ.с.) және Мұхамбет (ғ.с.) секілді ұлы пайғамбарлардың өзі күнәлары үшін мінәжат етті дегенбіз. Бізге тәубе етудің қиын тиетін жері сол, ол кінәлі және ұят сезімдермен келеді. Бұдан басқа кез келген нәрсе. Ал Жақия пайғамбар (ғ.с.) дәл осы туралы – адамдар тәубе ету арқылы Құдай патшалығы келуіне өздерін дайындасын деп уағыздады. 

Жақия пайғамбар (ғ.с.) тәубе етуден бас тартқан халықтың дін көсемдеріне ескерту айтты

Кейбір діни көсемдер тәубеге келді, дегенмен әлі көптеген көсемдер шындақты мойындамады және өз күнәларына да өкінбеді. Інжілде былай делінген:

 Сол рәсімнен өту үшін көптеген парызшылдар мен саддукейлер де келді. Бірақ Жақия оларды көргенде, қатаң ескертіп былай деді: — Ей, улы жыланның тұқымдары! Келешектегі қаһарлы жазадан құтылуды сендерге кім үйретті? Егер шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, Құдай жолына түссеңдер, соған лайықты іс істеңдер! «Біздің түп атамыз — Ыбырайым» деп мақтанбаңдар! Сендерге шын айтамын: Құдай Ыбырайымға мына тастардан да ұрпақ жасап бере алады. Қазірдің өзінде-ақ ағаш түбінде балта дайын тұр! Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады!

Матай 3:7-10


   Парызшылдар мен Садукейлер Мұса пайғамбар (ғ.с.) арқылы берілген заң мұғалімдері болды. Олар Құдайшыл жандар, сондықтан Заңда (мінәжат, ораза, құрбан шалу, т.с.с.) көрсетілгеннің бәрін бұлжытпай орындауға тырысатын. Сол адамдардың Заң нүктелерін жақсы біліп, орындап жүргендіктен, әрине олар, Алла Тағаланың мейірімінде жүргеніне ешкім де күмән келтірмейтін. Бірақ Жақия пайғамбар (ғ.с.) оларды «у жыланның тұқымы» деп атады және оларды Құдайдың қаһарлы соты күтіп тұрғанын ескертті! Неге? Өйткені олар, адамдар шын мәнінде теріс жолынан қайтып, өкінгенін көрсететін, «тәубе жемісін» бере алмады. Олар өз күнәларын мойындамады; олар оны діншілдік шымылдығының артына тығып қойды. Ұлы Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) ұрпағы болу оларды тәкапарлық пен тоқмейілсуге әкеліп соқты. Сол ұрпақтан болғанның еш сөкеттігі жоқ әрине, дегенмен олар өз күнәларын көргісі және мойындағылары келмеді. 

Дәуіттің (ғ.с.) тәубеге келуі – бәрімізге мысал бола алады.

Сонымен, Жақия пайғамбардың (ғ.с.) теріс жолдан қайтып тәубе ету туралы ескертуі, біз үшін ең маңызды нәрсе болып тұр. Онсыз біз Құдай Патшалығына кіре алмаймыз. Парызшылдар мен садукейлерге арналған ескерту – өз күнәңді дін қорғанның артына тыға салу оңай екенін еске салады.  Ал оның бізге қандай қатысы бар? Осының бәрі біз тәубесіз қалпымызда қалып қоймасын деп жазылған. Соны жасамағандай көрініп, өз күнәмізді ақтаудың керегі жоқ, немесе оны өзімізден және басқа көзден жасырудың да пайдасы аз. Пайғамбар арқылы әшкереленіп, өз күнәсін мойындаған Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) үлгісін қабылдағаннан артық ештеңе жоқ:

  Шексіз сүйіспеншілігіңе бола, О, Құдай, маған рақым ете гөр, Мейіріміңнің молдығына бола Қылмыстарымды өшіріп тастай гөр. Мені әділетсіздігімнен арылтып, Күнәларымнан түгел тазарта гөр. Қылмыстарымды жақсы білемін де, Күнәларым әрдайым тұр есімде. Мен Өзіңе қарсы күнә жасадым, Сенің көз алдыңда зұлымдық істедім. Осылай әділ Сенің айтқандарың, Мүлтіксіз де маған жүргізген сотың. Мен күнәкар болып дүниеге келдім, Құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едім. Сен жүректің таза болуын қалайсың, Жан дүниеме даналық та құясың. Құрбандық қанын бүркіп, күнәмді кеше гөр, Сонда көз алдыңда пәк таза боламын, Күллі күнәмнан мені жуып-шая гөр, Сонда қардан да аппақ тазарамын. Шаттық үнін маған қайтадан естірте гөр, Сен әлсіреткен денемді қуанта гөр, Күнәларыма енді назар аудармай, Бар қылмыстарымды өшіріп тастай гөр. Уа, Құдайым, жүрегімді тазарта гөр, Рухымды берік қылып, жаңарта гөр. Қасыңнан мені қуып шыға көрме, Киелі Рухыңды менен ала көрме, Мені құтқарғаныңа қуантып тағы, Сыйлай гөр азғырылмайтын берік рухты.

Забур 50:3-14


   Тәубенің жемісі

Теріс жолдан қайтып, тәубе еткен соң жаңа өмірге үміт оянады. Адамдар Жақия пайғамбардан (ғ.с.) тәубе жемісін бере алуы үшін, не істеу керектігін сұрады. Інжілде осы туралы былай делінген: 

  Халық Жақиядан: — Енді біздің не істеуіміз керек? — деп сұрады. Жақия оларға: — Кімнің екі көйлегі болса, біреуін киімі жоққа берсін, кімнің азығы болса, ол да солай істесін! — деп жауап берді. Тіпті (әділетсіз) салық жинаушылар да өздерін шомылдыру рәсімінен өткізуге келді. Салықшылар: — Ұстаз, біздің не істеуіміз керек? — деп сұрағанда, Жақия оларға: — Белгіленген мөлшерден артық еш нәрсе талап етпеңдер! — деп тапсырды. Бірқатар жасақшылар да: — Ал біздің не істеуіміз керек? — деген сұрақ қойды. Жақия оларға: — Ешкімге зорлық жасамаңдар, жала жауып тонамаңдар! Өз жалақыларыңа қанағаттаныңдар! — деп бұйырды

Лұқа 3:10-14

Жақия (ғ.с.) Мәсіх пе?

Жақия пайғамбардың (ғ.с.) уағызының сенімділігі сондай, адамдар оны «Мәсіх осы емес пе?» деп сұрай бастады. Інжілден оқитынымыз: 

  Халық Құтқарушы Патша Мәсіхтің келуін күтіп, барлығы Жақия туралы іштей: «Бәлкім, осының өзі Мәсіх шығар?» — деп ойлады. Жақия бәріне былай деп жауап берді: — Мен сендерді суға шомылдыру рәсімінен ғана өткіземін. Ал менен құдіретті Біреу келе жатыр. Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын. Ол сендерді Құдайдың Киелі Рухына және отқа шомылдырады. Ол бидайды желпушіге ұқсайды: күрегі қолында, қырманын тазартып, «бидайын» жинап, қамбасына құяды, бірақ «қауызын» тозақтың сөнбес отына жағады! Жақия пайғамбар халыққа тағы басқа да насихат айтып, Ізгі хабарды жариялап жүрді

Лұқа 3:15-18

Қорытынды

Жақия пайғамбар (ғ.с.) Құдай Патшалығының келуіне адамдардың жүрегін дайындау үшін келді. Ол оны жаңа Заң арқылы емес, теріс жолдан қайтып, тәубеге келуге шақыру арқылы орындады. Белгіленген ережелер мен дәстүрді орындағаннан гөрі тәубе ету қиын, өйткені адам жарыққа өз ұяты мен кінәсін алып шығуы керек. Сондықтан сол замандағы дін көсемдері тәубеге келіп өз күнәларын мойындай алмады. Олар өз діндерінің артына тығылып қалды. Сондықтан Мәсіхті қабылдап, Құдай Патшалығын уағыздауға олардың жүректері дайын болмай шықты. Жақия пайғамбардың (ғ.с.) ескертуі бүгінгі күндері де өз күшінде тұр. Ол, өз күнәларымыз үшін өкінгенімізді және бізді тәубе етуге шақырады. Бірақ соған біз дайынбыз ба? 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *