Skip to content
Home » Ішкі тазалық туралы Мәсіхтің тәлімі

Ішкі тазалық туралы Мәсіхтің тәлімі

  • by

Таза болу қаншалықты маңызды? Ниса сүресінде былай делінген:

Әй мүміндер! Сендер мас болып, не айтқандарыңды білгенге шейін намазға жақындамаңдар. Сондай-ақ жүніп күйінде шомылмайынша, (бой дәретсіз намаз оқымаңдар.) Бірақ, жол жүргенде болады. Ал егер ауыру немесе сапарда болсаңдар не сендерден біреу түзге отырып келсе, яки әйелдерге жақындассаңдар да су таба алмасаңдар, сонда таза жер жынысына (тәяммүм соғып) беттеріңді, қолдарыңды сипаңдар. Расында Алла аса кешірімді, тым жарылқаушы . 

Ниса 4:43

Ниса сүресінде намазға жығылар алдында беттеріңді, қолдарыңды су жоқ болса таза топырақпен болсын жуыңдар дейді. Сыртқы тазалық маңызды. 

Шәмс сүресінде адамның ішкі тазалығы яғни жан-дүниенің тазалығы да сондай маңызды дейді. 

Кісіге және оны толықтағанға, Сонда оған жамандық әрі тақуалық қабілеті бергенге серт. Расында нәпсісін тазартқан кісі құтылды да; Әлде кім оны кірлетсе қор болды .

Шәмс 91:7-10

 Шәмс сүресі біздің жан-дүниеміз таза болса, онда біз шынымен де тазамыз, ал егер ішкі дүниеміз арам болса, онда біз шынымен жеңіліс тапқанымыз туралы айтып тұр. Иса Мәсіх (ғ.с.) ілімінде де сыртқы және ішкі тазалықтың маңыздылығы туралы айтқандары бар. 

Иса Мәсіхтің (ғ.с.) сөзінде билік құдіреті барын көрдік, ол билікпен тәлім берді, адамдарды сауықтырды және тіпті табиғат күштерінде сөз билігімен бағындырды. Сонымен бірге, өз сырт бейнемізді қалай көре алсақ, дәл солай ішкі жан-дүниемізді көруіміз үшін, ол адамдардың жүрек түкпірін талай әшкереледі. Біз сырт тазалықтың маңыздылығын білгендіктен намаз алдында дәрет аламыз және халал тамақтар ғана тұтынамыз. Мұхамбет пайғамбар (ғ.с.) хадистеріне сәйкес, «Тазалық жартылай сенім…» . 

Муслим 1-тарау, 002-ші кітап, №0432

Иса Мәсіх (ғ.с.) медальдің екінші жағына – ішкі жан дүние тазалығына қарауды үйретті. Бұл өте маңызды – адам өзінің сыртқы тазалығын көре алады, ал Жаратқан Ие адамның жүрегі мен ішкі жан дүниесін көреді. Мысалы бір яһуди патшасы барлық сыртқы діни рәсімдерді бұлжытпай орындады, бірақ жүрегін таза сақтай алмады. Оған пайғамбар келесі хабарды жеткізді: 

 Себебі Жаратқан Ие Өзіне шын жүректен бағышталып, адал болып жүргендерді күш-қуат беріп қолдау үшін, бүкіл жер жүзін назарында ұстап отырады. Осы істегеніңіз үлкен ақылсыздық болды. Сол үшін де бұдан былай соғыстан көз ашпайтын боласыз!» .

2 шежіре 16:9

Осы хабарда айтылғандай, адамның жүрегінен шығатындар – ойлайды, сезеді, шешім шығарады, бағынады немесе бағынудан бас тартады, тілін басқарады сондықтан ішкі тазалық өте маңызды. Захария пайғамбардың айтқанына сәйкес біздің күнәміздің тамырында жүрек қалауы жатыр. Жүректің өте маңызды рөлі бар, Иса Мәсіх (ғ.с.) біздің тазалығымызға қарсы дәлел ретінде үнемі жүрек тазалығын мысал ретінде қолданды:

Ыдыстың сыртын ғана емес ішін де таза ұста

(Бұл жерде заңның көне ұстаздары – қазіргі имамдар секілді парызшылдар туралы айтылып тұр. Иса Құдайға беретін ондық жайлы еске салды. Ол қазіргі мешіттегі зекет садақа тәріздес.)

  Иса сөзін аяқтағанда, бір парызшыл кісі Оны түскі тамаққа үйіне шақырды. Иса барып, дастарқан басына жайғасты. Оның тамақ ішер алдында діни қол жуу рәсімін орындамағанын көріп, парызшыл таңғалды. Алайда Иеміз оған былай деді: — Парызшылдар, сендер ыдыс-аяқтарыңа сыртқы тазарту рәсімін жасайсыңдар, бірақ ішкі дүниелерің алдамшылық пен арамдыққа толы! Ей, түйсіксіздер, сыртын Жаратқан ішін де жаратты емес пе? Ең дұрысы мынау: иеліктеріңнен мұқтаждарға қайыр беріңдер! Сонда барлық нәрселерің де адал болады. Бірақ, парызшылдар, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті (бақшадан жиналған) жалбыз, тасшөп сияқты әр түрлі майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің құнының да оннан бір бөлігін садақаға бересіңдер. Бірақ та әділдікке және Құдайға деген сүйіспеншілікке көңіл бөлмейсіңдер. Біріншісін де істеп, екіншісін де қалдырмағандарың дұрыс болар еді. Парызшылдар, сендер қасіретке қаласыңдар! Мәжілісханаларда сыйлы орында отыруды, әрі базарларда жұрттың өздеріңе сәлем беріп қошеметтеуін ұнатасыңдар. (Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер) сендер қасіретке қаласыңдар! Белгі қойылмаған молаларға ұқсайсыңдар: жұрт олардың қабір екенін білмей, үстімен жүріп арамданады

Лұқа 11:37-44

Яһуди заңы бойынша мәйітке жанасқан адам арамданады. Иса Мәсіх (ғ.с.) парызшылдарды белгі қойылмаған молаға ұқсатып отыр, ол оларға осы арқылы өздерінің ішкі жан дүниесіне мән бермейтін, тек сыртын таза ұстауға тырысатын сондықтан өздерін өздері жақсы білмейтіндер дегісі келді. Егер біз өз ішкі дүниемізді таза ұстауға тырыспасақ, күнәдан арылу бос сөз боп қалған сенбеушілерге ұқсап қаламыз. 

Барлық тазару рәсімін орындап жүрсе де таза емес жүрек адамды қорлайды

Иса Мәсіх (ғ.с.) келесі тәлімінде б.з.д. 750 жыл бұрын өмір сүрген Ишая пайғамбардың (ғ.с.) сөзін қолданды. (Осы жерден Ишая пайғамбардың (ғ.с.) өмірін оқуға болады). Содан кейін Исаға (ғ.с.) Иерусалимдегі дін мұғалімдері мен парызшылдар келіп былай деді: 

  Сол кездері Иерусалимнен бірнеше дін мұғалімдері мен парызшылдар келді. Олар Исаға мына сұрақты қойды: — Шәкірттеріңіз неге ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлерді бұзады? Олар қол жуу рәсімін орындамай-ақ тамақтана береді екен! — Исаның жауабы мынау болды: — Ал сендер неге өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың өсиеттерін бұзасыңдар?! Құдай: «Ата-анаңды сыйла!» және «Егер біреу әкесін не шешесін жамандайтын болса, ол өлтірілсін!» деп бұйырған еді ғой. Бірақ сендер адамның өз әкесіне не шешесіне: «Менен көрмек игіліктеріңізді мен Құдай жолына бағыштадым» деуіне рұқсат бересіңдер. Осылай ол әке-шешесін сыйлап, парызын орындауға міндетті емес деп үйретесіңдер. Сөйтіп сендер өз дәстүрлеріңе бола Құдайдың бұйрығын жоққа шығардыңдар! Екі жүзділер! Сендер жайында Ишая пайғамбар алдын ала дәл айтып кеткен: «Бұл халық Мені тек ауызбен ғана сыйлайды, ал жүректері Менен тым алшақ. Адам баласы шығарған ережелерді үйретіп, Мені құрметтегенсиді, бірақ солары бекершілік!» Содан Иса жиналған жұртты қасына шақырып алып, оларға былай деп ескертті: «Құлақ салып, жақсылап ұғып алыңдар: адамның аузынан енген нәрселер оны арамдай алмайды. Керісінше, аузынан шыққандары адамды арамдайды». Кейінірек шәкірттері Исаға келіп: Парызшылдардың осы айтқандарыңызға өкпелеп қалғанын байқадыңыз ба? — деп сұрады. Иса оларға: — Көктегі Әкем екпеген әр өсімдік түбірімен жұлынып тасталмақ! Оларды қойыңдар, өздері — соқырлардың соқыр жетекшілері! Ал соқырды соқыр жетелесе, екеуі де орға құлап түсер, — деді. Сонда Петір: — Алдыңғы астарлап айтқандарыңызды түсіндіріп беріңізші, — деп өтінді. — Сендер де айтқандарымды әлі түсінбей тұрсыңдар ма? — деп жауап берді Иса. — Адамның аузы арқылы енген барлық тағамдар асқазанға жетіп, кейін денеден шығып кетеді, мұны ұқпайсыңдар ма? Бірақ адамның аузынан шыққандары оның жүрегінен, яғни ішкі дүниесінен, шығады. Адамды арамдайтын, міне, осылар! Себебі жүректен шығатындар мыналар: жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтірік, жамандау. Осылар адамды арамдайды. Ал қол жуу рәсімін орындамастан тамақ ішу ешкімді арам қылмайды

Матай 15:1-20

Осы оқиғада Иса Мәсіх (ғ.с.) Құдайдың үйретуі негізінде емес, біз өзіміз адамдық дәстүрге сәйкестендіріп, діни ереже құрып алатынымызды айтып отыр. Мысалы пайғамбарлар заманында, яһуди басшылары Құдайдың заңында жазылған қарт ата-анаңды күт дегенге немқұрайлы қарап, ата-анасының мұқтажынан гөрі діни жоспарларға қаражат жұмсайтын. 

Біз бүгін де осы – ішкі жан дүниенің тазалығына мән бермеу мәселесімен кездесіп отырмыз. Жүрегіміздің қанша таза екені Құдай үшін бәрібір емес. Дер кезінде тазаламаса, ішкі арамдықтар Құдай соты алдына апарады. 

Сырты тап-таза болса да іші былыққа толы

  Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Тіпті (бақшадан жиналған) жалбыз, аскөк, зире сияқты майда-шүйде дәмдеуіш шөптердің құнының да оннан бір бөлігін садақаға бересіңдер. Бірақ та Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмей келесіңдер. Біріншісін істеп, екіншісін де қалдырмағандарың дұрыс болар еді. «Масаны сүзіп тастап, түйені жұтып қоятын» соқыр жетекшілер-ай! Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсімін орындай бересіңдер. Бірақ олардың іші алдамшылықпен әрі ашкөздікпен тартып алған тағамдарыңа толы. Соқыр парызшылдар! Сыртының да таза болуы үшін, алдымен ыдыс-аяқтың ішін тазартыңдар! Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Әктелген молаларға ұқсайсыңдар: олар сыртынан әдемі болып көрінеді, бірақ іштері өліктердің сүйектері мен түрлі шірікке толы. Солар сияқты сендер де сырттарыңнан әділ болып көрінгенмен іштерің екіжүзділік пен күнәға лық толы!

Матай 23:25-28

Біз жаңа айтқан нәрсемізді Иса Мәсіх (ғ.с.) тағы бір рет ескертіп тұр. Сенушілер – тіпті кейде діни жетекшілер де, ішкі жан-дүниелері жамандық пен ашкөздікке толы екенін ескермей, көбіне сыртқы тазалығына ғана көп мән береді. Ішкі тазалықты иелену өте маңызды, бірақ ол оңай емес. Құдай бізді ішкі дүниеміздің тазалығына сәйкес соттайтын болады. Одан мына сұрақ шығады: Қиямет күні Құдай Патшалығына кіре алуымыз үшін, жүрегімізді қалай тазартуға болады? Жауап алу үшін Інжілге жүгінейік. 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *