Skip to content
Home » Таураттың аяқталуы. Бата мен Қарғыс

Таураттың аяқталуы. Бата мен Қарғыс

  • by

Соңғы мақалада біз болашаққа болжам айтқан шынайы пайғамбарларды тани алуымыз үшін, бізге берілген Алла Тағаланың нұсқаулықтарымен таныстық. Исраил халқының болашағына байланысты Құдайдан келген хабардың ақиқаты мен қалай іске асатынын, Мұса пайғамбар (ғ.с.) өзі іс жүзінде көрсетті. Сол пайғамбарлық сөз исраил халқына келетін жойқын Қарғыс пен Батадан тұрады. Бата мен Қарғыс туралы толық мәтінді осы жерден оқи аласыз. Оның негізгі тұстары төменде берілген: 

Мұса пайғамбар (ғ.с.) Батасы 

Мұса пайғамбар (ғ.с.) Өсиетті орындап жүрсе исраил халқына арналған болашақтағы тамаша Батадан бастап жазды. Ол Батаның сол екені басқа ұлттар алдында анық танылатыны былай жазылған:

 Сонда жер бетіндегі күллі халықтар Жаратқан Иенің атымен аталғандарыңды көріп, сендерді қастерлеп, сендерден қаймығатын болады.

Заңды қайталау 28:10

Егер олар Өсиетке бағынбаса онда қарғысқа ұшырайды, яғни батаның орнына қарғыс алады. Қарғыс батаға тікелей қарама-қарсы орын алған. Батаны көрген секілді қарғысты да басқа ұлт өкілдері көретін болады: 

  Жаратқан Ие сендерді бөтен халықтардың арасына айдатып жібергенде, олардың бәрі кешкен азаптарыңды көріп, шошынады. Сендерді мазаққа айналдырып, келекелейтін болады .

Заңды қайталау 28:37

Қарғыс исраил халқының өз басына орнайды: 

Осы апаттар сендерге және кейінгі ұрпақтарыңа Жаратқан Иенің қарғысы тигенінің белгісі болады .

Заңды қайталау 28:46


Қарғыстың жаман түрі басқа халықтардан келетінін Жаратқан Иенің Өзі ескертіп тұр:    

 Жаратқан Ие сендерге қарсы алыстан, тіпті жердің шетінен бір халықты төменге шүйілген бүркіттей аттандырып келтіреді. Сол халық сендер түсінбейтін бөтен тілде сөйлеп, айбарлы болып көрінеді. Олар кәріге құрмет, кішіге мейірім көрсетпейді. Сол халық сендерді құртып болғанша малдарыңның төлдерін, егістіктеріңнің өнімін жеп қояды да, астықтарыңды, жүзім шырындарың мен зәйтүн майларыңды, бұзауларың мен тоқтыларыңды түгел сендерден тартып ала береді. Осылайша сендер ойран боласыңдар. Дұшпандарың елдегі барлық қалаларыңды қоршап алып, олардағы сендер сенім артқан зәулім қамалдарыңды қиратады. Сонда жау Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе табыстаған еліндегі барлық қалаларыңды қоршап алып, сендерді қыспақтайтын болады .

Заңды қайталау 28:49-52


 Оқиға жаман және өте жаман ұлттар арқылы ары қарай дамиды: 

 Бұрын Жаратқан Ие сендерге жақсылық жасауды, сандарыңды көбейтуді қалай ұнатқан болса, енді Ол сендерді құртып, жоқ қылуды да солай ұнататын болады. Осылай сендер қазір кіріп, иемденгелі тұрған елдеріңнен түпкілікті аластатыласыңдар. Сонымен қатар, Жаратқан Ие сендерді барлық халықтардың арасына шашыратып, жер бетінің бір шетінен келесі шетіне дейін бытыратып жібереді. Сол жерлерде сендер өздерің де, ата-бабаларың да еш білмеген бөгде тәңірлерге: ағаштан, тастан жасалған тәңірсымақтарға құлшылық ететін боласыңдар. Сендерге сол халықтардың арасында да тыныштық болмайды. Аяқтарың дамыл таппай ел кезетін боласыңдар. Жаратқан Ие сендерге дірілдеп үрейленген жүрек, көз жасын төгіп, көруден қалған көз және үміті үзіліп торыққан көңіл береді.

Заңды қайталау 28:63-65

Осы Бата мен Қарғыстар Өсиетпен бекітілген: 

Сендер Құдайларың Жаратқан Иемен Келісім жасау үшін осы жерде тұрсыңдар. Жаратқан Ие оны бүгін сендермен жасап, антпен бекітеді. Өзі сендерге уәде беріп, ежелде ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа ант еткендей, сендердің (сиынатын жалғыз) Құдайларың болу үшін, Ол бүгін сендерді Өзінің меншікті халқы етіп бекітпек. Мен антпен бекітілген осы Келісімді сендер үшін ғана емес, бүгін осында бізбен бірге Құдайымыз Жаратқан Иенің алдында тұрып жатқандар әрі қазір арамызда жоқ, болашақта келер ұрпақтарың үшін де жасап отырмын .

Заңды қайталау 29:12-15


  Басқа сөзбен айтқанда осы өсиет балалар үшін яғни келер ұрпаққа міндет болып тұр. Ал негізінде бұл өсиет – исраил халқы мен бірге басқа ұлттардың болашағына да арналған:

 Осы Таурат кітабында жазылған Келісімде белгіленген барлық қарғыстарға сәйкес, Жаратқан Ие сондай күнәкарларды Исраилдің күллі руларының ішінен аластатып, апат-кеселдерді дәл солардың бастарына төгіп, құртады. Сендердің ұл-қыздарың мен олардың болашақ ұрпақтары және алыс елдерден келген жат жұрттықтар елдеріңнің қаңырап бос тұрғанын, әрі Жаратқан Иенің сендерге ауру-індет жіберіп, қалжырап болдырғандарыңды көргенде былай дейтін болады: «Жаратқан Ие Содом, Ғомора, Адма және Себоим қалаларына қаһарын төгіп, құртып жіберген кездегідей,  бүкіл елді өрт жайлап, күкірт пен тұз басады. Жерге еш нәрсе себілмейді де, еш нәрсе көктеп, өсіп шықпайды да». Соны көріп, күллі халықтар да: «Жаратқан Ие неліктен осы елге мұны істеді екен? Неден оған қаһарын соншама төкті?» — деп сұрайтын болады. Сонда оларға мына жауап беріледі: «Бұл елдің адамдары өз ата-бабалары сиынған Құдай — Жаратқан Иенің Келісімінен бас тартты. Ол өздерін Мысырдан құтқарып алып шыққан кезінде сол Келісімді олармен жасаған болатын. Алайда олар өз беттерімен кетіп, бұрын танып-білмеген және Жаратқан Ие өздеріне белгілемеген (жалған) тәңірлерге бас ұрып, құлшылық ете бастады. Сондықтан да Жаратқан Иенің қаһары осы елге қарсы лаулап, Ол Таурат кітабында жазылған қарғыстардың бәрін олардың бастарына түсірді

Заңды қайталау 29:21-27

 Мұса пайғамбар (ғ.с.) жазған Бата мен Қарғыс орындалды ма?  

Уәде етілген бата тамаша, ал қарғыс өте қатал. Дегенмен біз қоятын маңызды сұрақ: «Жазбада жазылған оқиғалар орындалды ма?»  Осыған жауап бере отырып, Мұса пайғамбар (ғ.с.) шын пайғамбар ма, жоқ па біз оны қазіргі өмірімізге қарап анықтай аламыз.  

Жауап біздің қолымызда. Көне келісімнің көп бөлігі – исраил халқының тарихымен байланысты, сондықтан біз болған оқиғаларды көре аламыз.   Сонымен бірге бізде Көне келісімнен басқа да мәлімет көздері бар, мысалы еврей тарихшысы Иосиф Флавий, грек-рим тарихшысы Публий Корнелий Тацит,  олардан бөлек көптеген археологиялық ескерткіштер де жетерлік. Осы мәлімет көздері исраил халқының тарихи жазбаларымен сәйкес келеді. Ол бізге деген тағы бір белгі. Осы жерде исраил халқы тарихына қысқаша шолу берілген, сол тарихты жақсы түсінуге көмек ретінде сызбалармен өрнектелген.  

Ол тарихтан біз не көріп отырмыз? Иә, Мұса пайғамбар жазып қалдырған қарғыс – қаншалықты қорқынышты болғанымен дәл солай орындалды және ол осының бәрін мыңдаған жылдар бұрын жазып кетті (орындалмай тұрып). 

Алайда Мұса жазған қарғыс сонымен тоқтаған жоқ. Ол жалғасып отырды. Мұса пайғамбар (ғ.с.) осы қарғыстарды былай тұжырымдады: 

  Болашақта Мен сендерге айтып берген барлық баталар мен қарғыстар бастарыңа түсіп, Құдайларың Жаратқан Ие сендерді бытыратып шашып жіберген түрлі жат халықтардың арасында тұрып жатсаңдар, осы нұсқауларымды естеріңе алыңдар! Егер сендер және балаларың Құдайларың Жаратқан Иеге қайтадан бет бұрып, мен бүгін өздеріңе тапсырып отырған өсиеттерге сай Оған шын жүректен, бүкіл жан дүниелеріңмен мойынсұнсаңдар, онда Құдай Иеміз сендерді құлдықтан қайтарып алып, аяп-мүсіркейді. Ол сендерді Өзі шашыратып жіберген халықтардың арасынан қайтадан жинап алмақ. Тіпті жердің қиыр шеттеріне аластатылған болсаңдар да, Құдай Иеміз сендерді сол жақтан да жинап, ата-бабаларың иемденген елге қайтарып алып келеді. Содан осы елге тағы да ие боласыңдар. Құдай Ие сендерді ата-бабаларыңнан да асқан дәулетті әрі сансыз көп етеді .

Заңды қайталау 30:1-5

Сол сұрақты (қайталап) қою табиғи нәрсе: ол орындалды ма?  Олардың тарихының жалғасын көру үшін осы жерді басыңыз. 

Таураттың аяқталуы – Забурды күту

Таурат осы Бата жән Қарғыспен аяқталады. Мұса пайғамбар (ғ.с.) Тауратты жазып болғаннан кейін қайтыс болды. Содан кейін исраил халқы Мұса пайғамбардың көмекшісі Ешуаның жетекшілігімен уәделі жерге енеді. Тарихта түсіндіргендей Дәуіт патша билік басына келгенге дейін исраил халқы сол жерде талай жылдар бойы астанасыз және патшасыз өмір сүрді. Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) Құранда Забур деп аталатын Таураттың келесі жаңа бөлігін бастады. Біз Забурды түсінуіміз керек, өйткені ол Тауратта бастау алған Нышан-белгілерді жалғастырады – ал олар Інжіл Шарифты түсінуімізге көмектеседі. Ары қарай Құран және Иса Мәсіх Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) мен Забур туралы не дегендерін көретін боламыз.  

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *