Тауратта Лұт Ыбырайым пайғамбардың (ғ.с.) немере інісі болған. Ол өмір сүру үшін күнәға батқан қаланы таңдайды. Бірақ Алла оның өміріндегі оқиға арқылы барлық халықтарға нышан-белгі қалдырды. Ол қандай нышан-белгі? Бұл сұраққа жауап беру үшін, осы оқиғаға қатысқан барлық кейіпкерлерді жақсылап зерттеу керек. Бұл оқиғаны Құран мен Таураттан оқу үшін осы жерді басыңыз.
Таурат пен Құранға сәйкес үш топтағы адамдарды және Алланың хабаршылары періштелерді бөліп қарауға болады. Осылар жайлы ой қорытайық.
Содом тұрғындары.
Онда азғындықтың жоғарғы шегіне жеткен адамдар өмір сүрді. Олар Лұттың қонақтарына (періштелерді, садумиттер оларды қарапайым адамдар деп ойлады), топтық жыныстық зорлық-зомбылық жасамақшы болды. Күнәнің айуандығы сұмдық болғаны сонша, Алла бүкіл қаланы құртуға шешім шығарды. Құдайдың қаһары бір кезде Адам атаға шығарылған үкімге ұқсас еді. Кезінде Алла Адам атаны ескертіп, күнәнің құны өлім деген. Қандай да бір басқа жаза (дүре ұру, түрмеге қамау) жеткіліксіз болған. Алла Тағала Адам атаға былай деді:
Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! Себебі одан жесең, сол күні өлесің», — деді .
Жаратылыстың басталуы 2:17
Дәл сол сияқты садумиттер де өз күнәлары үшін өлуге тиіс болды. Бүкіл қала тұрғындары аспаннан түскен отпен жойылуға кесілді. Кейін Інжіл Шарифта осы қағида былай түсіндіріледі:
Күнәнің беретіні — (мәңгілік) өлім,
Рим. 6:23
Лұттың күйеу балалары
Нұхтың оқиғасында Адам атаның нышан-белгісіне дәл сәйкестендіріп, Құдай күнәлары үшін жер бетін толық топан сумен жойғаны біздің есімізде. Тауратта және Құран кәрімде сол кездері жер беті күнәға әбден батып болды деп жазылған. Сол сияқты Содом тұрғындары да күнәнің былығына әбден батқан еді. Осы жолдарды оқып отырғанда, маған Алланың қаһарлы соты келмес, өйткені мен дәл солар сияқты ауыр күнә істемедім ғой деген шалық ойлар келуі мүмкін. Мен Аллаға сенемін көптеген қайырымды істер істеп жүрмін, сол сияқты заңсыздықтар жасамадым. Бірақ мен шынымен де қауіпсіздіктемін бе? Лұттың нышан-белгісі және оның күйеу балаларының іс-әрекеттері, мен үшін нақты ескерту сияқты. Лұттың күйеу балалары қонақтарға зорлық істегісі келгендердің арасында болмады. Алайда, олар төнген қаһарлы сотқа немқұрайлық танытты. Тауратта олар Лұттың сөздерін қалжың ретінде қабылдады деп жазылған. Сонымен не болды? Қаланың басқа тұрғындарына келген апат оларды айналып өтті ме? Жоқ. Олар да сол үкіммен жойылды. Лұттың күйеу балаларының мойынсұнмағандары, садумиттердің істерімен бірдей саналды. Бұл нышан-белгі бәрімізге арналған – біз Құдайдың ескертулеріне мән беріп қарауымыз қажет. Осы тәріздес нышан-белгілер тек заң бұзушыларға ғана арналмаған.
Лұттың әйелі
Лұттың әйелі – бізге арналған тағы бір ұлы нышан-белгі. Құран мен Таурат үзінділеріне сәйкес Лұттың әйелі басқалармен бірге жойылып кетті. Бірақ ол пайғамбардың әйелі. Қалай болғанда да оның ерекше мәртебесі және оның садумиттермен ортақ ештеңесі болмағаны да оның құрып кетуінен қорғай алмады. Періштелер оларға:
«Дереу түннің бір бөлімінде үй-ішіңмен жөнел, жұбайыңнан басқа ешкім кейін қалмасын»
Һуд 11:81
«Осы жазықтың еш жеріне аялдамастан, арттарыңа қарамай қашыңдар! .
Жар.баст. 19:17
Тауратта былай делінген:
«Ал Луттың әйелі артына қарамақ болып кері бұрылды. Сонда ол бірден тұз бағанасына айналды».
Жар. баст. 19:26
«Артына қарады» – деген сөз нақты нені түсіндіретіні айтылмаған. Мүмкін Лұттың әйелі Алланың айтқанынан сәл ғана ауытқысам жазасыз қалатын шығарман деп ойлаған шығар. Әрине, оның істегені кішкентай ғана болып көрінгенімен, басқа садумиттердің істерімен бірдей болып саналды. Мен үшін бұл маңызды сабақ, өйткені Алланың көз алдында «кішкентай» күнәнің өзі білінбей қалмайды. Лұттың әйелі – дұрыс емес ойлардан ескерту беріп тұрған, бізге арналған нышан-белгі.
Лұт, Алла Тағала және елші-періштелер
Адам ата нышан-белгісі туралы мақалада, Жаратқан Ие үкім шығарды және сонымен бірге рақымдылық та сыйлағаны айтылған. Адам атаның жағдайында Құдай теріден киім сыйлады. Нұхтың жағдайында Алла жер бетін топан сумен шайғанда, Ол рақымдылық танытып – кеме сыйлады. Осы жағдайда да Құдай жазалап жатқанның өзінде, рақымдылық танытып тұр. Тауратта былай делінген:
«Лут әлі де қобалжып тұрғанда, елшілер оны, әйелін, екі қызын қолдарынан ұстап далаға сүйрей жөнеліп, қаланың сыртына шыққанда ғана қоя берді. Себебі Жаратқан Иенің оларға рақымы түскен болатын».
Жар. басталуы. 19:16
Осы жолдардан біз нені көреміз? Алдындағы нышан-белгілер тәрізді, бұл жолы да Құдай бәріне бір ғана мүмкіндік қаладан шығару арқылы –рақымдылық сыйлап тұр. Мысалы Құдай қаланың ортасына оттан қорғай алатындай Пана тұрғызу арқылы рақымдылық көрсетпеді. Рақымдылыққа иелену үшін тек періштелерге еріп қаладан шығу керек болды. Бұл мейірімділік Лұттың отбасына ғана сыйланды, дегенмен ол Лұт күнәсіз болды дегенді білдірмейді. Таурат пен Құранда Лұт бұзықтарға өз қыздарын шығарып беруге дайын болды деп жазады, бұл сондайлық сауапты іс емес. Тауратта періштелер айтып жатса да Лұт қобалжып тұрды делінген. Дегенмен Жаратқан Ие рақымдылық көрсетіп оларды қолдарынан жетектетіп қаладан шығарып жібереді. Бұл да бізге арналаған нышан-белгі: Алла Тағала біздің лайықтылағымызға қарамастан мейірімділік танытады. Бізге тек кезінде Лұт қабылдаған секілді Оның рақымдылығын қабылдасақ болды. Лұттың күйеу балалары қаладан шығудан бас тарту арқылы өздеріне берілген рақымдылықтан да бас тартты.
Тауратта немере ағасы ұлы пайғамбар Ыбырайым (ғ.с.) өтінген соң ғана Алла Тағала Лұтқа рақымдылық танытты деп жазылған (Жаратылыстың басталуы кітаптың осы жерін оқы). Ары қарай Тауратта, Ыбырайымның нышан-белгісі, яғни Жаратқан Иенің уәдесі туралы былай делінген: «Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебі сен Менің тілімді алып жүрдің» (Жаратылыстың басталуы 22:18).
Біз қай тілде сөйлемейік, жердің қай түкпірінде өмір сүрмейік, қай дінді ұстанайық, осы уәде бәріміздің де назарымызды аударуға тұрады, өйткені біз «жер бетіндегі барлық ұлттардың» бір мүшесіміз. Егер Құдай Ыбырайымның өтініші бойынша қандай лайықсыз болса да, Лұтқа сондай рақымдылық көрсетсе, онда Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) нышан-белгісі арқылы «жер бетіндегі барлық ұлттардың» бірі болған бізге, одан артық мейірімділік танытады деген сөз. Осы ойымызды Ыбырайым пайғамбар (ғ.с.) нышан-белгісімен егжей-тегжейлі таныса отырып жалғастырайық.